XIX ғ. - XX ғ. басындағы ресейлік мәдениет контекстіндегі орыс философиясы

Мақсаттары мен міндеттері:Марксизм идеяларының батыстық қоғамның саяси-әлеуметтік тұғырнамаларына әсері. Орыс философиясының мәдени және әлеуметтік бірдейлікті іздестіруіне дүниетанымдық бағдарлар.

 

Жоспар:

1. Орыс философиясының ерекше белгілері, дәстүрі, қайнар көздері.

2. Батысшылдар мен славянофильдер. Н.Бердяевтің философиялық идеялары: бостандық туралы, адам өмірінің мәні т.б.

 

Әдебиеттер тізімі:

. 1. Иманқұл Н.Н. Философия әлемінде: болмысы және тарихы. Алматы,2006ж.

2. Иманқұл Н.Н., Бөрібаев Т.Қ. Іліми философия. Астана, 2009ж

3.Философия в 2 частях. Ч. 1 История философии М., 2002

4.Хрестоматия по философии РнД., 1997

5.Спиркин А.П. Философия -М., 2002

 

Дәрістің қысқаша мазмұны:

Орыс философиясы тарихын мына кезеңдерге бөлуге болады:

v Ежелгі орыс немесе орыс философиясының славяндық кезеңі (б.з.д. V – б.з. VIII ғ.ғ.);

v Орта ғасырлық орыс философиясы (IX – XVI ғ.ғ.);

v Жаңа Заман орыс философиясы кезеңі (XVII – XVIII ғ.ғ.);

v Орыс Ренессансы дәуірінің философиясы (XIXғ. – XXғ. басы);

v Қазіргі Заман орыс философиясы (XX ғ. 20 жылдарынан)

Орыс философиясының ерекшелік сипаты:

v діни, әсіресе православие мен пұтқа табынудың ықпалы күшті болды;

v философиялық ой ерекше формада - әдеби шығармада, әдебиеттік сында, публицистикада, өнерде, «эзоптық тілде» көрініс тапты;

v еуропалық философиядағыдай жүйелілік, бірізділік болмады;

v ойшылдардың көбісі бір мәселе емес, жалпы өзекті мәселелермен айналысты;

v адам, мораль, әдептілік мәселеге көп көңіл бөлінді;

v Шығыс пен Батыс арасындағы Ресейдің тарихи даму жолын таңдауы мәселесі;

v әлеуметтік әділеттілікті, ізгі қоғамды аңсау;

v орыс космизмі.

2. Ежелгі славян халықтарының дүниеге көзқарасы политеистік сипатта болды. Олар о дүниелікке, аруақтарға, әртүрлі пұттарға, құдайларға сыйынды: Перун – найзағай құдайы, Даждьбог – Күн құдайы, Сварог – от құдайы, Ярил – табиғаттағы жанды күштерге, Велес – мал құдайы және т.т. VIII – IX ғ.ғ. славяндық жазу үлгісі – глаголица пайда болды (Кирилл, Мефодий). 988 ж. Русь христиан дінін қабылдады. Ерте орыс философиялық және діни ойлар Византиялық философияның ықпалында болып, қалыптасты. Сонымен бірге орыстың халықтық мәдениетінің де әсері болды.

Осы дәуірдің көрнекті ойшылдары мен византиялық философияның ықпалымен жазылған шығармалар:

v Иларион («Заңдар мен Ізгіліктер туралы Сөз»);

v Владимир Мономах («Өсиеттер»);

v Климент Смолятич («Пресвитер Фомаға жолдау»);

v Филипп Пустынник («Жылау»);

v «Палея түсіндірмесі», «Ара», «Диоптра» («Айна»), «Даниил Заточниктің сөзі».

XIII – XVII ғ.ғ. – Моңғол-татар «езгісінен» азат болу үшін күрес және орталық Орыс мемлекетінің (Мәскеулік Русь) қалыптасуы мен дамуы кезеңі. Осы дәуірде өмір сүрген орыс ойшылдары:

v Сергей Радонежский (XIV ғ.) – діндар-философ, христиан ілімін дәріптеген;

v Философий (XVI ғ.), христиандық Рим – Константинополь – Мәскеу («Мәскеу – Үшінші Рим») бағытында жалғастыру идеясы;

v Максимилиан Грек (1475 - 1556);

v Андрей Курбский (1528 - 1583);

v Нил Сорский, Вассиан Патрикеев – Шіркеуді реформалауға ат салысқандар;

v Аввакум – ескі әдет-ғұрыпты сақтау, ал Никон – оны реформалау, Шіркеуді жаңарту үшін күресті;

v Юрий Крижанич (XVII ғ.) – схоластикаға қарсы шықты, гносеология мәселесімен айналысты, Құдайды – себептің себепшісі деп түсінді.

XVIII ғ. Орыс философиясыөзінің дамуында екі негізгі кезеңді қамтыды:

v петрлік реформалар кезеңі философиясы, өкілдері – Феофан Прокопович, В.Н. Татищев, А.Д. Кантемир. Бұлар әлеуметтік-саяси, монархия құрылысы, императорлық билік, соғыс пен бейбітшілік мәселелерімен айналысты.

v XVIII ғ. ортасы мен екінші жартысындағы материалистік философия, өкілдері – М.В. Ломоносов (1711 - 1765), А.Н. Радищев (1749 - 1802).

Сонымен бірге XVIII ғ. көрнекті өкілдер – Д.И. Фонвизин (1745 - 1792), А.Я. Поленов, Д.С. Аничков, С.Е. Десницкий, Г.Сковорода.

 

3. XIX ғасырдағы орыс философиясының негізгі бағыттары:

v декабристік философия;

v славянофильшілдер мен батысшылдар философиясы;

v консервативтік діни және монархиялық философия;

v нигилизм формасындағы орыс материализмі;

v П.Я. Чаадаевтің тарихи философиясы;

v Ф.М.Достоевский мен Л.Н.Толстой шығармашылығындағы философия;

v революциялық-демократиялық философия;

v либералдық философия;

v орыс космизмі.

Декабристік философияның өкілдері – П.Пестель, Н.Муравьев, И.Якушкин, М.Лунин, И.Киреевский,В.Кюхельбеккер және т.б.

Декабристер философиясының негізгі өзегі - әлеуметті-саяси мәселелер, олардың сүйенетін идеялары:

v табиғи құқыққа басымдылық беру;

v Ресейге құқықтық қоғамның қажеттілігі;

v крепостнойлық құқықты жою және жерді иесіне беру;

v жеке адам еркіндігі;

v самодержавиені Заңмен ауыздықтау, республикамен ауыстыру.

Петр Яковлевич Чаадаев (1794 - 1856)философиясы екі бағытта өрбіді:

v адам философиясы;

v тарих философиясы.

Адам-материалдық және рухани субстанция бірлігі. Адам өмірі тек қауымдастықта, ұжымда мүмкін болады, ол қоғамда ғана тұлға болып қалыптасады. Чаадаев индивидуализмге, эгоизмге қарсы болды.

Тарихи процесснегізінде Құдайдың құдыреті жатады, ал Құдай ерігінің көрінісі – христиандық дінде, ал христиандық – тарихтың өзегі, қозғаушы күші, - дейді Чаадаев. Ресей әлемдік тарихи процестен «түсіп» қалған, сондықтан Ресей Батыстық құндылықтарды игеріп әлемдік тарихи алаңға қайтып оралуы қажет.

Ол географиялық детерминизмді қолдады, деспоттық самодержавиені сынады.

Батысшылдық(XIX ғ. 40-50 ж.ж.) – Ресейді «еуропашыландыруды» насихаттаған бағыт. Оның өкілдері – А.И. Герцен, В.Г. Белинский, Н.П. Огарев, К.Д. Кавелин, П.В. Анненков, В.П. Боткин, Т.Н. Грановский.

Славянофильшілдік(XIX ғ. 40-50 ж.ж.) – Ресей мен өзге славян елдерінің дүниедегі ерекше орнын дәріптейтін, православие мен қауымдастық өмірді аңсайтын философиялық бағыт. Оның өкілдері – А.С. Хомяков, И.В. Киреевский, Ю.Ф. Самарин, А.Н. Островский, ағайынды К.С. мен И.С. Аксаковтар.

Ортодоксалды-монархиялық философияның мақсаты – оппозицияға тойтарыс беру, өз заманындағы қоғами-саяси тәртіпті, мүддені күйіттеу. Олардың ұраны: «Православие, самодержавие, халықтық». Бұл философия негізінен діни бағытты ұстады. Өкілдері – Н.В. Федоров және К.Н. Леонтьев.

Н.В. Федоров (1828 – 1903) философиясының негізгі тақырыптары:

v дүниенің бірлігі;

v орыс космизмі;

v өмір мен өлім мәселесі;

v мораль және инабатты өмір сүрі.

Оның негізгі шығармасы: «Жалпы іс философиясы» («Философия общего дела»). Н.Ф. Федоров орыс космизмін, яғни келе жатқан хаосты, ғарышты адам құтқаруы керектігі идеясын қарастырды. Ғарыш – адам ақылына, парасатына мұқтаж.

К.Н. Леонтьев (1831 – 1891)– діни философияның өкілі. Ол орыс өмірінің негативтік құбылыстарын, әсіресе капитализмді сынады. Ол Еуропадан оқшауланып православиелік-христиандық орталық құру керектігін айтты. Леонтьев тарихи процесті адам өмірімен салыстырды.

Федор Михайлович Достоевский (1821 – 1881)Ресейдің болашағын капитализмнен де, социализмнен де іздемей, орыстың "ұлттық тамырынан" -әдет-ғұрпы, дәстүрінен, дінінен іздеді. Достоевский адам өмірі жолының екі нұсқасын көрсетті:

v адамиқұдаи жол,адамның абсолюттік еркіндік жолы. Адам ешкімді менсінбей Құдай болғысы келеді, бірақ бұл қауіпті жол.

v Құдаиадами жол, бұл Құдай жолына түсу. Адам жан-тәнімен Құдайға ұмтылады, Құдайға құлшылық – адам мен адамзатты құтқару жолы.

Лев Николаевич Толстой (1828 - 1910)– орыстың ұлы жазушысы, ойшылы. Ол ерекше діни-философиялық доктрина – толстойлықты (толстовство) дүниеге әкелді:

v көптеген діни догмаларды, сонымен бірге салтанатты церемониаларды, діни ғибадаттарды, иерархияны сынады, оларды жою керек деді;

v дін халық үшін түсінікті, қарапайым болу керек;

v Құдай, дін – бұл игілік, махаббат, парасат пен ұждан;

v өмір мәні - өзіндік жетілу, өз-өзіңді тану;

v Жер бетіндегі ең басты зұлымдық - өлім мен зорлық-зомбылық;

v зорлық-зомбылық, біреуді қанаудан бас тарту керек;

v адам өмір қалыбында зұлымдыққа зорлықпен қарсыласпау керек;

v мемлекет – күні біткен институт, өйткені ол – зорлық-зомбылық құралы;

v мемлекеттілікке қарсы болу, саяси өмірге араласпау.

Өзінің діни-философиялық көзқарастары үшін 1901 ж. Л.Н. Толстой анафемаға (қарғысқа) ұшырап, Шіркеуден қуылды.

Орыс позитивистері – П.Л. Лавров, Н.К. Михайловский, М.М. Троицкий.

Ақын-символшы философтар – Андрей Белый, В.И. Иванов, Д.С. Мережковский.

Василий Васильевич Розанов(1856 – 1919), шығармалары: «Оңашалану», «Түскен жапырақтар», «Ай сәулесіндегі адамдар», «Біздің заман Апокалипсисі» және т.б.

Нигилизм формасындағы орыс материализмі – қоғамда қалыптасқан құндылықтар, мұраттар және нормаларды сынап, терістейтін ағым. Бұл ағым И.С. Тургеневтің «Әкелер мен балаларындағы» Е.Базаровтың бейнесінен туындаған.

XIX ғасырдағы орыс философиясының революциялық-демократиялықбағытының өкілдері:

v Н.Г. Чернышевский;

v халықшылдар – Н.К. Михайловский, М.А. Бакунин, П.Л. Лавров, П.Н. Ткачев;

v анархист П.Кропоткин;

v марксист Г.В. Плеханов.

Орыс философиясының либералдық бағытының көрнекті өкілі – Владимир Сергеевич Соловьев (1853 - 1900) –орыстың діни, христиандық философы, ақын, бүткілбірлік ілімі мен біртұтастық білімнің негізін салушы. Негізгі шығармалары: «Батыс философиясының дағдарысы», «Біртұтастық білімнің философиялық бастамалары», «Құдаиадамилық туралы оқулар», «Тиянақсыздық бастауларды сынау», «Ізгілікті ақтау», «Үш әңгіме».

В.С. Соловьев философиясының негізгі идеялары:

v Бүткілбірлік- әлемнің, барлық тіршіліктің бірлігі, болмысты ұйымдастырудың принципі; барлық заттар мен дүние құбылыстарының өзара шарттасуы, байланысы, өзара жіктелуі. Онтологияда бүткілбірлік: игілік – ақиқат – сұлулық (добро – истина – красота), ал гносеологияда – біртұтастық білім жүйесі;

v Біртұтастық (цельное) білім– ғылым, философия және діни сезімнің бірлігі, синтезі;

v сұлулық– сезім, ақиқат – ойлау, игілік – ерік арқылы танылады;

v бүткілбірлік жүйесінде адам Абсолюттік мәнділік, яғни Құдай мен адамның арасындағы сарапшы;

v Құдаиадамилық идеясы – бүкіл адамзат тарихы дегеніміз адамның Құдайға өрлеуі, ұмтылысы. Ол Құдайға, игілік пен әдептілікке негізделген;

v адам өмірінің ең басты құндылығы-әдептілік идеясы (әдептіліктің төменгі деңгейі – құқық, ал жоғары деңгейі - махаббат);

v бәрінің қайта тірілу идеясы, тірілердің (рухани) және өлілердің (тәнирухани), яғни адамзаттың басты мақсаты;

v София идеясы - әмбебап Құдаи даналық;

v орыс идеясы, үш идеядан тұрады: «Қасиетті Русь» (Мәскеу – Үшінші Рим), «Ұлы Русь» (I Петр реформалары) және «Азат Русь» (Декабристер рухы мен Пушкин).

ҚАЗІРГІ ЗАМАН ОРЫС ФИЛОСОФИЯСЫ.

XIX ғ. аяғы мен XX ғ. орыс философиясының негізгі бағыттары:

v «алтын ғасыр» философиясы (діни философия, космизм);

v жаратылыстану – ғылыми философия;

v шетел орыс философиясы;

v кеңестік (совет) философия.

XIX ғ. 90 жылдары- XX ғ. бас кезі Ресейдің рухани өмірінің «алтын ғасыры» деп аталады. Осы кезеңде орыс әдебиеті, өнері, мәдениеті, философиясы жаңа дәуірлеу (ренессанс) үрдісінен өтті.

Осы кезеңнің діни бағыттағы философияның көрнекті өкілдері:

v Сергей Николаевич Булгаков (1871 – 1944)– орыс діни философы, діндар, әрі экономист. Ол барлық христиандық шіркеулердің бірігіп, бірыңғай христиандық «экумендік» Шіркеу құру идеясын таратты.

v Павел Александрович Флоренский (1882 – 1937/1943)– діни философ, энциклопедист ғалым, орыстың «Ленардо да Винчиі». Ол діни сана шеңберіндегі философияны дамытты.П. А. Флоренский шығармалары: «Сенім қазығы және ақиқат тұжырымы», «Идеализм мағынасы», «Есімдер», «Иконотас», «Православиялық теодиция тәжірибесі» және т.б.

Біртұтастық білім, болмыстың бірлігі мен гармониясын, бүткілбірлік метафизикасын зерделеп софиологияны оның бір тармағы ретінде қарастырды.

v Ағайынды Трубецкойлар: Сергей Николаевич (1862 – 1905), Евгений Николаевич (1863 – 1920); Николай Сергеевич (1890 – 1938);

v С.Л Франк және т.б.

Космизм философиясы – ғарышты, қоршаған дүние (табиғат) мен адамды бірегей, бірліктегі өзара байланысқан біртұтастық деп ұғыну. Космизм философиясының өкілдері:

v В.И. Вернадский (1863 – 1945) – орыс, кеңес ғалымы, философ – космист. Ноосфера – сана сферасы теориясын әрі қарай дамытқан.

v К.Э. Циолковский (1857 – 1935) – мәңгілік идеясы, материяның мәңгілігі, атом материяның ең майда бөлшегі, әлемдегі саналы өркениеттер шексіз деген идеялар айтты.

v Н.В. Бугаев (1837 – 1902)– ғарыштық монадалар философиялық жүйесін құрды;

v А.Л. Чижевский (1897 – 1964) – ғарыштық биология философиялық жүйесін жасады.

Ол биосфера тіршілігінде Күннің рөлін ерекше атап өтті. А.Л. Чижевскийдің «күнге табынушылық» философиясы КСРО-да қуғынға ұшырады.

Жаратылыстану – ғылыми философияМ. Сеченов, Д.И. Менделеев, М.М. Ковалевский, К.А. Тимирязев және т.б. шығармашылығында орын тапты.

1. Кеңестік философия.

XX ғ. 20 ж.ж. – 90 ж. басында легалдық орыс философиясы (КСРО-ның өзге халықтары философиясы сияқты) кеңестік философиятүрінде дамыды.

Жалпы алғанда кеңестік философия жауынгер материалистік сипатта болды және қатаң маркстік философия (диалектикалық және тарихи материализм) аясында дамып, біршама догматикалық реңк алды.

Кеңестік философиясы дамуын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады:

v 1917 – 30 ж.ж. ресми марксизм-ленинизм философиясының күшті қысымы тұрғысындағы дискуссия өткізу кезеңі;

v 30 – 50 ж.ж. – философия ресми билікке қызмет етті, философияның жаппай идеологияға көшуі кезеңі; көптеген философиялық мәселелерге тікелей И.В. Сталиннің көзқарасының ықпал етуі;

v 50 – 80 ж.ж. - кеңестік философияның өзіндік бітімін айқындау кезеңі.

XX ғ. 60 – 80 ж.ж. кеңес философиясының айналысқан негізгі мәселелері:

v диалектикалық логика, диалектика теориясы;

v гносеология мәселесі;

v сана мәселесі;

v марксизм-ленинизмді жаңаша түсіндіру, «ақиқи Маркс», «ақиқи Ленинге» қайта оралу;

v құндылықтар мәселесі;

v идеалдық мәселесі;

v мәдениет мәселесі;

v философиялық методтар мәселесі.

Кеңестік философияның қарқынды дамуына үлес қосқан философтар:

v Владимир Ильич Ленин (Ульянов) (1870 – 1924), философиялық шығармалары: «Философиялық дәптерлер», «Материализм және эмпириокритицизм»;

v Иосиф Виссарионович Сталин (Джугашвили) – диамат пен истмат;

v Н.И. Бухарин (сана, психика мәселелері);

v А.Богданов («тектология» - жүйелер теориясы);

v А.Ф. Лосев (адам, тарих мәселелері);

v А.М. Деборин (материализмді жасампаздық тұрғыда ұғыну);

v Л.Н. Гумилев (тарих, этногенез мәселелері);

v М.Мамардашвили (адам, мораль, әдептілік, мәселелері);

v В.Ф. Асмус (философия тарихы, логика және т.б.);

v Э.В. Ильенков (диалектикалық логика, таным);

v Ж.М. Әбділдин (диалектикалық логика, таным).

2. Шетелдік орыс философиясы.

Эмиграцияға байланысты көптеген орыс философтары шетелде өмір сүріп, шығармашылықпен айналысуға мәжбүр болды. Оның өкілдері:

v П.С. Мережковский (1864 – 1941) адам мен Құдай қатынасы мәселесін қарастырды.

Оның пікірінше, адам өз өмірінде үш кезеңнен өтеді:

v пұттық;

v христиандық дінге келу;

v ішкі гармония және христиандықпен үйлесу.

v Лев Шестов –Лев Исаакович Шварцман (1866 – 1936) – орыс философ – экзистенциалисті, әдебиетші, иррационалист. Атақты кітабі: «Тірексіздікті мадақтау».

v Питирим Сорокин (1889 – 1968)философияның өзегі – адам мен қоғам мәселесі. Ол әлеуметтік философияда мына теорияларды ашты:

-стратификация –қоғамды көптеген топтарға (кіріс деңгейі, кәсібі, ұлты, ықпалы бойынша) – страттарға бөлу;

-әлеуметтік мобильдік – демократиялық пен тұрақтылықтың маңызды шарты болатын қоғамда тұрғындардың бір страттан екінші стратқа өту мүмкіндігінің болуы.

Тарих – құндылықтардың ауысу процесі. Ғылым мен техниканың шексіз дамуы адамзатқа қауіпті, бейруханияттылыққа әкеледі.

3. Николай Бердяев философиясы.

Николай Александрович Бердяев (1874 – 1948) – орыс философы, экзистенциалист, оны орыстың Гегелі деп те атайды. Негізгі шығармалары: «Өзіндіктаным», «Шығармашылық мағынасы», «Еркін рух философиясы», «Адам тағлымы туралы», «Ресей тағдыры», «Теңсіздік философиясы», «Тарих мағынасы», «Орыс коммунизмнің шығу тегі мен мәні», «Мен және объектілер әлемі» және т.б.

Н.Бердяевтің дүниеге көзқарасының негізгі идеялары:

v Жаратылмаған еркіндік туралы;

v Адам шығармашылығындағы Құдайға мұқтаждық туралы;

v Объективтену туралы;

v Тұлғаның озықтылығы және оның дүниемен аянышты бітпес дауы;

v «соборлық» - рух пен ерік бірлігі – адам тіршілігінің негізі;

v «орыс идеясы».

Бердяевтің пікірінше, жалғыздық тақырыбы – философияның негізгі тақырыбы, оның астарында қауышу тақырыбы жатыр. Жатсыну мен қауымдасу – адам тіршілігінің, оның бүткіл діни өмірінің өзегі.

Бердяев аңсау, үрей және зерігу категорияларын ажырата білді. Аңсау бізден алыс, жоғары дүниеге бағышталған және бізге жақын пендешілік дүниенің мардымсыздығы, бекершілігі, тиянақсыздығы сезімімен қатарласа жүреді. Үрей мен зерігу алыстағы, жоғарғы дүниеге емес, төменгі дүниеге бағышталған. Үрей маған осы төменгі, қалыпты дүниеден төнетін қауіпті сездіреді. Зерігу осы төменгі дүниенің мардымсыздығын және пасықтылығын білдіреді.

Н.А. Бердяевті еркіндік философы деп те атайды. Ол еркіндікті болмыстан жоғары, бұрын санайды. Еркіндікте дүниенің тылсым табиғаты жатыр. Құдай еркіндікті қалайды, сондықтан дүние трагедияға толы. Дүниенің басталуы да, аяқталуы да еркіндікте. Еркіндік қажеттіліктен(Спиноза, Гегель) туындамайды, керісінше қажеттілік еркіндіктен туындайды.

Философиялық танымның шығу тегі – рухтың біртұтастық өмірінен, рухани тәжірибесінен туындайды. Одан өзгенің бәрі екінші қатардағы ұсақ-түйектер. Күйіну, қуаныш, трагикалық шиеленістер – танымның қайнар бұлақтары. Құпиялық әрқашан сақталады, ол тек таным арқылы тереңдей түседі. Құдай дегеніміз құпиялық, сондықтан Құдайды тану дегеніміз құпиялыққа шексіз жақындау. Адам Құдайда түбегейленген, сол сияқты Құдай да адамда түбегейленеді. Рухани тәжірибесі бай адамдар Құдайдың бар не жоқ екенін рационалдық дәлелдеуге мұқтаж емес. Өзінің тылсым, құпиялық мәнінде Құдай иррационалды және асарационалды: Құдайды ұғым арқылы тануға тырысу сөзсіз антиномияға ұшыратады.

Бердяев экзистенциалдық философия ең алдымен танымдағы субъектің өзінің экзистенциалдығымен анықталады, - дейді. Экзистенциалдық түрдегі философ таным процесінде объективтенбейді, объектті субъектте қарсы қоймайды. Оның философиясы тіршіліктің құпиясына шомған субъекттің өзінің экспрессивтілігі (тиянақтылығы). Объектті экзистенциялы тануға болмайды. Объект дегеніміз экзистенциялықтың жоғала бастауы, жойылуы. Объект дегеніміз субъекттің ойдан шығарғаны. Тек ғана субъект экзистенциялды, тек субъектте шындықтық танылады. Бұл әдеттегі субъективтік идеализм емес, бұл еркіндік идеализмі.

Н.Бердяевті кейде тарих тағлымшылы (историософ) деп те атайды. Тарихтың өз мағынасы одан тысқары жатыр және оның соңы болуы керек. Тарихтың соңы болғандықтан, ол мағынаға ие, соңы жоқ тарих – мағынасыздық. Шексіз прогрестің де мағынасы жоқ. Мен микрокосм, барлық дүние жүзілік тарих менде өтеді. Сондықтан мен тарихты қосмағыналықта сезінемін – тарих маған жат және дұшпан, сонымен бірге тарих дегеніміз менің тарихым, менде болатын тарих. Бұл дегеніміз эсхатологиялық қосмағыналық. Сөйтіп, тарих дегеніміз экстериориялану, рухтың объективтенуі және тарих дегеніміз рухтың ішкі тағдырының моменті.

Философияның негізгі мәселесі адам мәселесі болып табылады. Болмыс адамда және адам арқылы ашылады. Адам дегеніміз микрокосм және микротеос. Ол Құдай бейнесінде және оған ұқсас жаратылған. Бірақ, сонымен бірге адам табиғи, шектеулі пенде. Адамның жаратылысының өзі қосмәнділік: адам екі дүниенің тоғысу нүктеі, ол өзінде жоғарғы дүние мен төменгі дүниені бейнелейді.

 

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар:орыс ренессаесы, батысшылдық, славянофильдер, орыс космизмі, бүкілбірлік идеясы т.б.

 

Дәріс №9.