Туристік маркетингтің қызметтері

Тақырып -1. Маркетингтің теориялық негіздері мен концепциялары

Лекцияның мақсаты: студенттерге маркетингті оқытудың маңызын түсіндіру.

Лекция сұрақтары

1.Маркетингтің пайда болуы және дамуының экономикалық алғы шарттары.

2. Маркетинг принциптері мен функциялары

3. Маркетингтің тұжырымдамалары

4. Маркетинг түрлері

Отандық туристік қызметтер нарығына жүргізілген талдау көрсеткендей, туристік қызметтер нарығының әрі қарайғы дамуы мен бәсекеқабілетті туристік өнім өндіруі үшін әртүрлі бағыттарды қолдану қажет. Осындай бағыттардың бірі – туристік агенттіктер мен турфирмалар қызметінде маркетингті қолдану болып табылады.

Маркетинг түсінігі ХІХ ғасырдың аяғында ХХ ғасыр басында өндірісті басқару әдісі ретінде қалыптасты.

«Маркетинг» ұғымы ағылшынның «market» (нарық) сөзінен шыққан, ал «инг» жалғауы нарық жасаушы немесе нарық аумағындағы қызмет дегенді сипаттайды. Маркетинг ірі ауқымды өндірістің қалыптасуы және бәсекелестіктің күрт шиеленіскен жағдайында өнімді өндіру мен өткізуді басқарудың әдісі ретінде бөлініп шықты.

Жалпы маркетингтің 2000 астам анықтамалары бар. Ол анықтамалар екі топқа бөлінеді:

1. Классикалық маркетинг

2. Қазіргі түрдегі маркетинг

 

Классикалық түрдегі маркетинг– тауардың қозғалысын зерттейтін, басқаратын өндірушіден тұтынушыға көрсететін қызметін реттеуші кәсіпкерлік іс немесе тауарға деген сұранысты болжап, кеңейте түсетін тауардың қозғалуы мен таралуын реттеп, тұтынушыны қанағаттандырып отыратын әлеуметтік процесс. Жалпы, ең басында маркетинг өткізу процесіне тең болады. Қазіргі заманда ол түсінік өзгеріп, маркетинг көп функционалды болды.

 

Қазіргі түрдегі маркетинг анықтамалары:

  1. Қазіргі кездің бизнес философиясы
  2. Нарық категориялары мен ойлау үлгісі
  3. Өндірістің нарық мүмкіндігіне қарай бейімделуі
  4. Пайда әкелудің әдістері

Филипп Котлер бойынша маркетинг – бұл айырбастау арқылы қажет еткен сұраныстың қанағаттандыруын басқаратын адам әрекетінің бір түрі. Котлер өзінің анықтамаларында келесі кілт сөздерге ерекше мән берген:

  1. Қажеттілік
  2. Тауар
  3. Нарық
  4. Тұтынушылар
  5. Айырбас
  6. Сұрау
  7. Келісім

 

Қазіргі жағдайдағы маркетингтің басты мақсаты – адам факторы, бизнес әлемінде табысты дамып келе жатқан компаниялардың басшылары оны жандандыру мәселесі – фирма мен маркетингтің мұратына жету үшін керек маңыздылардың бірі деп санайды

 

 

Маркетингтің мазмұны немесе маркетингтің кешені – 4Р моделінен тұрады:

  1. Тауар саясаты
  2. Баға саясаты
  3. Тауардың нарықтағы орны, өткізу саясаты
  4. Жылжыту саясаты (жарнама, жарнамалық қызмет, паблисити – үгіт, public reletion – қоғамдық байланыс, дербес сату, өткізуді ынталандыру)

Бұл түсінікті Мичиган университетінің профессоры Маккарти шығарған. Кей кезде маркетингтің кешенін «маркетингтік микс» деп атайды. Бұл 4Р саясаты және басқа элементтер.

Маркетингтің қағидалары.

Маркетингтің қағидалары – маркетинг дамуының тұрақты заңдылығын сипаттайтын негізгі ережелер.

Маркетингтің төмендегідей қағидаларын бар.

  1. Тұтынушылардың мінез-құлқын және талаптарын үнемі зерттеу.
  2. Сұраныс пен қажеттіліктің өзгермелі серпініне өндірістің тәуелділігі немесе өндірістің тұтынушылық сұранысқа бейімделуі.
  3. Сұранысты қалыптастыру және ынталандыру
  4. Түпкілікті нәтижеге жетуге ұмтылу.

Туристік маркетингтің қызметтері

Көптеген ғалымдар маркетинг қызметтерін талдаушы, өндірістік, өткізушілік және басқарушылық блоктарына жіктейді. Талдаушы қызметке нарықты және тауарды зерттеу, стратегиялық және оперативтік жоспарлау жатады, ал өндірістікке – тауарды өндіруді ұйымдастыру және олардың сапасын жоғарылату; өткізушілікке – өнімді жылжыту және сату қызметі жатады.

Маркетингке де жоспарлау, ұйымдастыру, үйлестіру мен бақылау сияқты басқарудың функциялары тән. Олар маркетингтің мынадай өзіндік ерекшелік функцияларымен толықтырылып, нақтыланып отырады:

· нарықты маркетингтік тұрғыдан зерттеу;

· маркетингті жоспарлау;

· кәсіпорынның маркетингтік қызметін ұйымдастыру;

· тауарлық саясаттың жүзеге асуы;

· баға саясатының қалыптасуы;

· кәсіпорынның сату саясаты;

· өнімнің жылжуы мен коммуникациясын ұйымдастыру;

· кәсіпорынның маркетингтік қызметін бақылау.