Кәмелетке толмаған жасөспірімдер қылмыстары туралы істерді жүргізудің ерекшеліктері

Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бойынша iс жүргiзу тәртiбi:
1) осы адамның бiрнеше қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бiр iс жүргiзуге бiрiктiрiліп, олардың бiр бөлiгi он сегiз жасқа толғаннан кейiн жасалған болса;
2) күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам сот iсiн жүргiзу кезiнде кәмелетке толған жағдайларда қолданылмайды.

Кәмелетке толмағандардың iстерi бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауын жүргiзу кезiнде дәлелденуге жататын мән-жайлардан басқа:
1) кәмелетке толмаған адамның жасы (туған күнi, айы, жылы);
2) кәмелетке толмаған адамның өмір сүру және тәрбиелену жағдайлары;
3) зияткерлік, ерiк-жiгерінің және психикалық даму дәрежесi, мiнезi мен темпераментінің ерекшелiктерi, қажеттіліктері мен мүдделерi;
4) кәмелетке толмаған адамға ересек адамдар мен басқа да кәмелетке толмағандардың ықпалы анықталуға жатады.

Кәмелетке толмаған күдiктiнің, айыпталушының, сотталушының құпиялыққа құқығы қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң барлық кезеңдерiнде сақталуға тиiс. Ересектермен бiрге қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысқан кәмелетке толмаған адамға қатысты iс сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында жеке iс жүргiзуге бөлiп шығарылады. Кәмелетке толмаған күдiктi, айыпталушы, сотталушы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға немесе сотқа – өзінің ата-анасы немесе басқа заңды да өкiлдерi арқылы, олар болмаған кезде қорғаншы және қамқоршы органдар арқылы шақырылады. Бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйымда не күзетпен ұсталатын кәмелетке толмаған адам өзі ұсталатын орынның әкiмшiлiгi арқылы шақырылады. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бойынша қорғаушының қатысуы мiндеттi. Он алты жасқа толмаған, сондай-ақ осы жасқа толған, бiрақ психикалық дамуында артта қалу белгiлерi бар кәмелетке толмаған күдiктiнiң, айыпталушының, сотталушының қатысуымен процестік әрекеттер жүргізілген кезде педагогтің немесе психологтің қатысуы мiндеттi. Он алты жасқа толған кәмелетке толмағандар туралы iстер бойынша педагог немесе психолог тергеушiнiң немесе соттың қалауы бойынша не қорғаушының, заңды өкiлдiң өтiнiшхаты бойынша iске қатысуға жiберiледi. Кәмелетке толмаған адам осы Кодексте көзделген тәртіппен ұстап алынуы және оған бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін. Қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасауда күдік келтірілетін, айыпталатын кәмелетке толмағандарға күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасы қолданылмайды.

Кәмелетке толмағандарға қатысты істерді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар қарайды. Осы Кодексте көзделген жағдайларда істі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот не гарнизонның әскери соты немесе мамандандырылған ауданаралық әскери сот қарайды. Кәмелетке толмаған күдіктінің, айыпталушының өтінішхаты бойынша істі алқабилер қатысатын сот қарауы мүмкін.Кәмелетке толмағандардың істері бойынша сот талқылауы осы Кодексте көзделген жалпы қағидалар бойынша жүргізіледі, онда мынадай ерекшеліктер сақталады:
1) істі талқылау жариялылықты шектеу жағдайларында жүргізіледі;
2) істі қарауға бүкіл сот талқылауы бойында қатысатын, өздеріне тиесілі барлық құқықтарды пайдаланатын кәмелетке толмаған сотталушының заңды өкілдері қатысады және олардан өздерінің келісімі бойынша кәмелетке толмаған адамның өмір сүру және тәрбиелену салтының мән-жайлары туралы куәлар ретінде жауап алынуы мүмкін; іске қатысатын заңды өкілдің келуі мүмкін болмаған жағдайда, ол басқасымен алмастырылуы мүмкін;
3) сот отырысына қорғаушының қатысуы міндетті, сот кәмелетке толмаған сотталушының қорғаушыдан бас тартуын қабылдай алмайды;
4) осы Кодексте көзделген жағдайларда сот отырысына педагог, психолог, ал қажет болған жағдайларда психиатр, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының өкілдері, кәмелетке толмаған адам оқыған немесе жұмыс істеген ұжымдардан өкілдер қатысады.
5. Қылмыстық істегі қорғаушының міндетті түрде қатыстырылатын істері және оның құқықтарын

Қорғаушы – қорғалуға құқығы бар куәның, күдіктiнің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның құқықтары мен мүдделерiн заңда белгiленген тәртiппен қорғауды жүзеге асыратын және оларға қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде заң көмегiн көрсететiн адам. Адвокат қорғаушы ретiнде қатысады. Адвокат қылмыстық процеске қорғаушы ретінде қатысқан кезде қорғалуға құқығы бар куәның, күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның жазбаша арызы бойынша оларды адвокатпен қатар қорғауды мына адамдардың біреуі: жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы, қорғаншысы, қамқоршысы не қорғалатын адамды қорғаншылыққа немесе асырауына алған ұйымның өкілі жүзеге асыра алады. Шетелдiк адвокаттардың iске қорғаушылар ретiнде қатысуына, егер бұл Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекетпен жасасқан халықаралық шартында өзара түсіністік негiзде көзделсе, заңнамада белгiленген тәртiппен жол берiледi.Адамның қорғалуға құқығы бар куә, күдіктi, айыпталушы мәртебесін алған кезінен бастап, сондай-ақ қылмыстық процестің кез келген келесі кезінде қорғаушы қылмыстық процеске қатысуға құқылы.Егер қорғалуға құқығы бар куәлардың, күдіктiлердiң, айыпталушылардың, сотталушылардың бiреуiнiң мүддесi екiншiсiнiң мүддесiне қайшы келетiн болса, бiр сол адам олардың екеуiне бiрдей қорғаушы бола алмайды. Адвокаттың өзi мойнына алған қорғалуға құқығы бар куәны, күдіктiні немесе айыпталушыны, сотталушыны, сотталған адамды, ақталған адамды қорғаудан бас тартуға құқығы жоқ.

Қорғаушының мiндеттi қатысуы егер:
1) бұл туралы күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам өтiнiшхат берсе;
2) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам кәмелеттік жасқа толмаса;
3) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам дене немесе психикалық кемiстiгi салдарынан өзiнiң қорғалу құқығын өз бетiнше жүзеге асыра алмаса;
4) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлмесе;
5) адамға жазалау шарасы ретiнде он жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру, өмiр бойына бас бостандығынан айыру не өлiм жазасы тағайындалуы мүмкiн болатын қылмыс жасады деп күдік келтірілсе, айып тағылса;
6) күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылса немесе олар стационарлық сот-психиатриялық сараптамаға мәжбүрлеп жiберiлсе;
7) күдіктiлердің, айыпталушылардың, сотталушылардың, сотталғандардың, ақталғандардың мүдделерi арасында қайшылықтар болып, олардың бiреуiнiң қорғаушысы болса;
8) қылмыстық процеске жәбiрленушiнiң (жекеше айыптаушының) немесе азаматтық талапкердің өкiлi қатысса;
9) iс сотта қаралған кезде оған мемлекеттік айыптауды қолдайтын прокурор (мемлекеттік айыптаушы) қатысса;
10) күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болса және қылмыстық қудалау органдарына немесе сотқа келуден жалтарса;
11) процестік келісім және оны жасасу туралы өтінішхат мәлімделсе, міндетті.

Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мән-жайлар болған кезде қорғаушыны күдiктiнің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның өзi, олардың заңды өкiлдерi, сондай-ақ олардың тапсыруы бойынша басқа да тұлғалар шақырмаса, қылмыстық процестi жүргізетін орган процестiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi, бұл туралы ол адвокаттардың кәсiби ұйымы үшiн мiндеттi қаулы шығарады.

Сот сараптамасының түсінігі мен тағайындау тәртібі. Сараптама міндетті түрде тағайындалатын жағдайларды негіздей отырып көрсетіңіз.

Iс үшiн маңызы бар мән-жайлар сарапшының материалдарды арнайы ғылыми бiлiмдер негiзiнде жүргiзетiн зерттеуінің нәтижесiнде алынуы мүмкiн жағдайларда сараптама тағайындалады. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын өзге адамдардың мұндай бiлiмiнiң болуы қылмыстық iстi жүргізетін адамды тиiстi жағдайларда сараптама тағайындау қажеттiгiнен босатпайды.

Егер iс бойынша:
1) өлiмнiң себептерiн;
2) денсаулыққа келтiрiлген зиянның сипаты мен ауырлық дәрежесiн;
3) iс үшiн маңызды болып, бірақ жасы туралы құжаттар болмаған немесе күмән туғызған жағдайларда, күдіктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң жасын;
4) күдіктiнiң, айыпталушының есiнiң дұрыстығы немесе қылмыстық процесте өзінің құқықтары мен заңды мүдделерiн өзі қорғау қабiлетi күмән туғызғанда, олардың психикалық немесе физикалық жай-күйiн;
5) жәбiрленушiнiң, куәнiң iс үшiн маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдау және олар туралы айғақтар беру қабiлетi күмән туғызған жағдайларда, олардың психикалық немесе физикалық жай-күйiн;
6) iстiң басқа дәлелдемелерімен анық белгіленбейтін өзге мән-жайларын анықтау қажет болғанда, сараптаманы тағайындау және жүргiзу мiндеттi.
Егер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде өлiм жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген қылмысты жасады деп күдік келтірілетін, айыпталатын адамның психикалық жай-күйiне күмән туындаса, сот-психиатриялық сараптаманы тағайындау мен жүргiзу міндетті.

Қылмыстық процесті жүргізетін орган, тергеу судьясы сараптама тағайындау қажет деп тауып, бұл туралы қаулы шығарады, онда: сараптаманы тағайындаған органның атауы, сараптаманы тағайындау уақыты, орны; сараптаманың түрі; сараптаманы тағайындау үшін негіздер; сараптамаға жіберілетін объектілер және олардың шығу тегі туралы ақпарат, сондай-ақ зерттеу барысында көрсетілген объектілерді ықтимал толық немесе ішінара жоюға, олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге рұқсат; сот сараптамасы органының атауы және (немесе) сот сараптамасын жүргізу тапсырылған адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) көрсетіледі.
Қылмыстық процесті жүргізетін органның, тергеу судьясының сараптама тағайындау туралы қаулысы ол жіберілген және бұл өздерінің өз құзыретіне кіретін органдардың немесе адамдардың орындауы үшін міндетті.

Сараптаманы тағайындаған адам сот сараптамасының тағайындалғаны туралы қаулымен күдіктіні, айыпталушыны, оның қорғаушысын, жәбірленушіні, оның өкілін, сондай-ақ сараптамаға ұшырайтын куәны, оның заңды өкілін таныстырады және оларға құқықтарын түсіндіреді. Бұл туралы сараптама тағайындаған адам және қаулымен таныстырылған адамдар қол қоятын хаттама жасалады.
Сараптама өздерінің құқықтары мен мүдделерін немесе өздері өкілдік ететін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын процеске қатысушылардың бастамасы бойынша тағайындалуы мүмкін. Өздерінің құқықтары мен мүдделерін немесе өздері өкілдік ететін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын процеске қатысушылар қылмыстық процесті жүргізетін органға өздерінің пікірі бойынша сарапшының қорытындысы берілуге тиіс мәселелерді жазбаша түрде ұсынады, зерттеу объектілерін көрсетеді, сондай-ақ сарапшы ретінде шақырылуы мүмкін адамды атайды. Шешу үшін ұсынылған мәселелер қылмыстық іске немесе сот сараптамасының нысанасына жатпайтын жағдайларды қоспағанда, қылмыстық процесті жүргізетін органның сараптама тағайындаудан бас тартуға құқығы жоқ. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам өтінішхат келіп түскен кезден бастап үш тәулік ішінде өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады.Тергеу судьясы сараптама тағайындаған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам өзінің іс жүргізуінде жатқан қажетті нәрселерді, материалдарды сарапшының билігіне береді.Өзінің бастамасы бойынша сараптама тағайындалған процеске қатысушы сарапшылық зерттеу объектілері ретінде нәрселерді, құжаттарды ұсынуы мүмкін.Қылмыстық процесті жүргізетін орган ұсынылған сұрақтарды қарап, олардың қылмыстық іске немесе сот сараптамасының нысанасына қатысы жоқтарын алып тастайды, сарапшыға қарсылық білдіру негіздерінің бар-жоғын анықтайды, содан кейін сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады.