аратаев Бақытжан Бейсәліұлы

 

& Мәтінді оқыңыз.

 

Қаратаев Бақытжан Бейсәліұлы 1860 жылы 10 мамырда Қаратөбе ауданы Ақбақай ауылында дүниеге келген. Қазақстанның ірі тарихи тұлғаларының бірі, алғашқы қазақ заңгері, көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы – демократ. Сұлтан тұқымы әулетінен тарайды. Кіші жүздің ханы Әбілхайыр Бақытжанның арғы атасы болып келеді. Білімге деген ынтасын байқаған әкесі оны Орынбор қаласының гимназиясына оқуға береді. Оқуды “өте жақсы” деген дәрежемен бітіріп шығады.Орынбор гимназиясын бітіргеннен кейін Санкт – Петербург университетінің заң факультетіне түсіп, 1890 ж. оны үздік бітіреді.

Петербургта, Кутаисида, Орынборда тергеуші болып істейді. 1897 жылдан Оралда, Қаратөбеде, Жымпитыда адвокат болады. 1907 жылы екінші Мемлекеттік Думаға Орал өңірінен депутат болып қатысып, жер-су мәселесі бойынша қазақ халқының мүддесін қорғап сөз сөйлеген. 1907 – 1916 жылдары ағартушылық жұмыстарымен айналысып, «Қазақстан» газетін, «Айқап» журналын шығаруға көмектеседі. 1917 жылы большевиктер партиясының қатарына өтеді. 1918 ж. облыстық атқару комитетінің мүшелігіне сайланды. 1918 ж. наурызда «әскери үкімет» бүлік ұйымдастырып, обл. кеңес мүшелерін, (ішінде Қаратаев та бар) тұтқынға алады. 1919 ж. 24 қаңтарда Чапаев дивизиясы босатып, кейін ол Орал облыстық ревкомның құрамында ұлттар коллегиясын басқарады. 1919 ж. 24 шілдеде ол Қазәскер ревкомның мүшелігіне тағайындалады. 1920ж. 4 -12 қазанда Орынборда өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық 1-съезіне делегат болып, Қазақ республикасы еңбекшілерінің құқығы туралы декларацияның жобасын дайындауға қатысқан. Қазақ АКСР – інің заң комиссары болды. Кеңестерінің 2 – Бүкіл қазақстандық съезіне де делегат болып қатысты.

Езілген халықтың құқығын қорғауда көп еңбек сіңірген заңгер. Бақытжан Қаратаев большевиктердің қазақ халқына қарсы ұйымдастырған нәубетіне, аштан қырылуына қарсы батыл үн көтерген қайраткер.

 

1-тапсырма. Мәтін мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беріңіздер.

- Қаратаев Бақытжан қай жылы дүниеге келген?

- Оның арғы атасы кім еді?

- Ол қандай оқу орындарын бітірді?

- Қандай қызметтер атқарды?

- Б. Қаратаев қандай қоғам қайраткері деп бағалар едіңіз?

- Сіз белгі заңгердің қандай қасиеттерін өзіңізге алар едіңіз?

 

2-тапсырма. Берілген мәтінді оқып, сөйлемдегі етістіктерді табыңыздар.

 

Б.Қаратаев Кеңестердің Бүкілқазақстандық ІІ съезіне де делегат болып қатынасады. Құрметті демалысқа шыққаннан соң ол Ақтөбедегі туысқандарына көшеді. 1922-1925 жылдарда Ақтөбе губерниялық сот коллегиясының мүшесі болып қызмет істейді. Өмірінің соңғы жылдарында Батыс Қазақстандағы азамат соғысының тарихын жазумен шұғылданған. 1934 жылы тамыз айының аяқ кезінде Б.Қаратаев Ақтөбеде ұзақ науқастан кейін қайтыс болды.

Өз халқына осыншама еңбегі сіңген абзал ұлдары жөнінде бар дауыспен еркін айтуға тоталитаризм жылдарында мүмкіндіктер болмады. Енді бұл қате көзқарас түзетілуі тиіс. Қазақстанның азаттығы мен Тәуелсіздігі үшін ақылын, ерік-жігерін аямай, бар өмірін сарп еткен мемлекет қайраткерлерінің алдыңғы сапында әрқашанда Бақытжан Бисалыұлы Қаратаевтың есімі аталып, оның жарқын бейнесі халықтың есінде сақталмақ.

 

Тілеу КӨЛБАЕВ, ҚР ҰҒА-ның академигі

 

3-тапсырма. Б.Қататаевтың хатын оқып, өз пікіріңізді білдіріңіз.

 

«Руссия халқына ашық хат»

 

«Руссия граждандары! Біз қазақтар үкіметтен «біздің жерімізге Руссия ішіндегі крестьяндарды көшіріп талауда… Бұл үшін бізге зорлық болған секілді бүтін Руссия халықтарына бек зарарлы» деп өтініп қарадық. Біздің ыхтиярымызға үкімет бір де ілтифат етпеді. Үкімет біздің надандылық пен оқымағандығымызды пайдаланып, бүтін облыстардағы жақсы жерлерімізді талап алып, көшіп келген адамдарға беріп жатыр. Бізге құмнан әм шағыр, әрім өсетін жерлерден басқа бір нәрсе де қалмады».

Бақытжан Қаратаев

Бұл – қазақтан шыққан тұңғыш заңгер Бақытжан Қаратаевтың 1907 жылы «Орал» газетіне жазған «Руссия халқына ашық хат» атты мақаласынан алынған үзінді. Патша үкіметі Бақытжан Қаратаевты Санкт Петербургтен алыс аймақ – Грузияның Кутаиси қаласына тергеу жүргізу қызметіне ығыстырып тастайды. Жеті жылдан соң барып елге оралған Бақытжан халықтың жанына қатты батқан жер мәселесіне ерекше көңіл бөледі. 1905 жылы шілде айында қазақ жерін талан-таражға салу әрекеттерін тоқтату мақсатында Санкт-Петербургке барады. Делегацияны патша қабылдамай жібереді. Бұл оқиға Қаратаевтың монархиялық режимге деген наразылығын одан сайын арттырады. 1907 жылы «Орал» газетіне осы жоғарыдағы мақаланы жазуға мәжбүр болады.

4-тапсырма. Мәтінді оқып, ойларыңызды ортаға салыңыздар.

Бақытжан Қаратаевтың 1907 жылы ІІ Думада сөйлеген сөзі

Депутат мырзалар!

Қырғыз-қайсақ халқының атынан бұл мінбеден ешкім сөйлеген жоқ: соған қа-рамастан, мемлекетіміздегі шиеленісіп отырған аграрлық мәселені шаруаларды Далалық облыстар территориясына, Семей және Жетісу облыстарының территориясына қоныс аудару арқылы шешкісі келетіндер бар. Жергілікті халықтың мүдделерімен есептеспей келген қоныстандыру қалай дегенмен де әділетсіздік болып табылуға тиіс.

Біздің шаруа бауырларымыздың жерге мұқтаждығын жақсы сеземіз, егер басы артық жеріміз болса, оларға біз ризашылығымызбен ығысып орын беруге әзірміз. Осынау отырықшы қырғыздар үшін егін егу - тұрмыс түзеудің ең негізгі көзі, ал олар мал өсірумен де айналысады десек, ол тұрмыс түзеудің қосымша көзі болып табылады. Далалық облыстарға қоныс аудара отырып, іс жүзінде осы қырғыздарды өздері мекендеген жақсы жерлерінен, жылы ұяларынан қуып шығумен айналысуда.

 

5-тапсырма. Бақытжан Қаратаев туралы ақпарат жинаңыз

2-сабақ

Салық Зиманов

 

& Мәтінді оқыңыз.

Салық Зиманов мемлекет және қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі. 1921 жылы Атырау қаласында дүниеге келген.Бүкілодақтық заң институтын аяқтаған (1948 ж.).1952—1954жж. – Атматы заң институтының директоры.1955—1956жж.– ҚазМУ –дің Заң факультеті деканы.1958—1969 жж. – ҚазССР ҒА Философия және құқық институтының директоры.

1976—1977 жж. – – ҚазССР ҒА Президиумының бас ғылыми хатшысы, ХҒА (ҰҒА), 1950 жылдан – осы институттың мемлекет және құқық теориясы мен тарихы бөлімінің жетекшісі, 1991 жылдан – оның құрметті директоры.1992—1994 жж. – ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты.

С. Зиманов «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» тарихи конститутциялық заңды әзірлеу жөніндегі комиссияның мүшесі болды. Қазақстанның 1993 жылғы Ата Заңы жобасы жөніндегі сараптық комиссияны басқарды. 1995 — 2005 жылдар аралығында –әріптестерімен бірлесе құрған «Парасат» мемлекеттік емес Академиялық құқықтық институтын құрды. сосын Қазақ академиялық университетінің ректоры. Зимановтың ғылыми жұмыстарының дені саяси және құқықтық жүйенің теориясы мен тарихына, федеративтік мемлекетке, конститутциялық құқық, мемлекеттік құқық пен саясаттануға бағытталған. 200-ден астам ғылыми еңбектердің авторы, оның 12-сі монография, «Мемлекет тарихы және Кеңестік Қазақстан» үш томдық кітабын дайындаушы автор әрі оның жетекшісі. Оның саяси тарих, СССР федеративтік құрылымы мен Қазақстан халықтарының саяси-құқықтық ойлары мен зерттеулері мәселелері бойынша және Орталық Азияның өзге республикаларының ғылымға қосқан қомақты үлесі зор.

Бейбітшілік пен рухани келісім Президенттік сыйлығының лауреаты (1993 ж.). Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2001 ж.). Қазақ ССР ғылымының қоғам қайраткері (1970 ж.). Ш. Уәлиханов атындағы академиялық сыйлықтың (1982ж.), СССР Ғылым академиясының СССР ХШЖК сыйлығының лауреаты (1965ж.). І-інші дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл жұлдыз» ордендерімен бағаланған.2011 жылдың 4 қарашасында өмірден озды.

 

1-тапсырма. Мәтін мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беріңіз.

1. Салық Зиманов қай жылы, қайда дүниеге келген?

2. Қай оқу орнын аяқтаған?

3. Қандай қызметтер атқарған?

4. Қай жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды?

5. Ата Заңы жобасында қандай қызмет атқарды?

6. Қанша еңбегі бар?

7. Қандай атақтары бар?

 

2-тапсырма. Мәтінді оқып, қандай тұжырым жасай аласыз?

 

Ол Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның жобасын дайындау комиссиясына жетекшілік етті. Оның тікелей қатысуымен маңызды саяси құжат - «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң дайындалды. Ол мемлекеттің жаңа Конституциясының жобасын дайындауда сарапшылар тобын басқарды.

 

3-тапсырма. Салық Зимановты сипаттайтын сөздерді тауып, оның мағынасын талдаңыз.

Биылғы мамырда жасөспірім жігіт кезінде алғаш рет қызметін бастаған Ақкетік (Форт-Шевченко) қаласындағы орта мектепке бардық. Қайтадан қалпына келтірілген мектептің осы заманша жабдықталған оқу залдары мен кабинеттерін аралап көрдік. Сүйсіндік. Әсіресе, Сәкең қайта-қайта шұқшия үңіліп, қадала сұрады. Естігендерінің бәрі көңілінен шықты. Анталаса жаутаңдасқан бүлдіршіндермен отыра қалып, сұхбат құрды. Отызға толмай жатып, зеңбірекшілер дивизиясын, бригадасын басқарған ержүрек офицерден қараны қандырып, төрені төндірген, білмейтіні жоқ ұлық Ұстазға, Қазақ ғылымының тірі Патриархына айналғанға дейінгі қызық өмір жолынан сыр шертті. Сол әңгімесін тыңдап отырған балаларда небір тәтті қиялдар мен асыл армандар оянғаны анық.

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ

4-тапсырма. Мәтінді оқып, болған оқиға бойынша пікірталас ұйымдастырыңыздар!

Өз ұрысын ақтап шығарды

Өмірімде қызықты сәттер көп болды. Көптеген адамдар, қызықты кездесулер болды. Қаншама адамға көмегім тиді! Маған көп адамдар хат жазатын! Алтынбек Сәрсенбаев та көзі тірісінде алғыс айтқан болатын.

Басқа да оқиға болған. Үйіме терезеден ұры кіріп, заттарымды ұрлап кетті. Мен ол кезде саяжайда тұратынмын. 600 теңге ақшаны да алып кеткен! Бір айдан кейін ол адам табылды. Ол кезде жасы 24-те болған. Жеті рет ұрлық үшін сотталған.

Оны көргім келді, бұл оқиға мені қатты ренжітті, ол ұрының қандай адам екенін көргім келді. Оған түрмеге бардым, түрме бастығы мені көргенде қатты таң қалды. Ал түрмеде отырғандар одан бетер таң қалды: ұрыдан зардап шеккен адамның өзі ұрыға түрмеге келген, ондай бұрын болмаған!

Мен онымен ұзақ әңгімелестім. Өте ақылды жігіт болып шықты. Оның айтуынша, 8 жасынан ұрлықпен айналысады екен, өйткені анасы оны 8 жасында тастап кеткен. Әкесі - бұрынғы құрылысшы, бір көзі жоқ мүгедек. Бұл жігіт ұрлық жасағаны үшін жеті рет түрмеге түсіп, үнемі жақсы тәртібі үшін мерзімінен бұрын бостандыққа шығып отырған. Қамауда жақсы жұмыс істеген, түрменің бастығы да оған жақсы мінездеме берді.

Жағдайын сұрадым. Жаман екенін айттып, бес адамға арналған камерада 12 адам тұрады екен. Темекі бермейді. Мен күзетшіні шақырып, ақша бердім де, бәріне темекі сатып алуды тапсырдым. Сот болғанда, өзім барып, оны адвокат сияқты қорғай бастадым. Оны қамаудан шыққанына үш ай өтпей жатып, ұрлық жасағаны үшін сегіз немесе он жылға соттайтын еді.

Ол сотта мені неге қорғайсыз, бәрібір пайдасы жоқ, түрмеден шыққанда жұмысқа ешкім алмайтынын айтты. Бір құжаттары жетпейтіндіктен, төлқұжаты да жоқ екен. Ұрлық жасау ғана қалады. Оның қолынан көп нәрсе келеді, былғарыдан неше түрлі заттар тігеді. Мен сотта сөз сөйледім, ол туралы бәрін айттым, оған ренішім жоқ екенін айттым. Судьялармен сөйлестіп, олар оның рецидивист екенін, түрмеден жаңа ғана шыққанын, 600 теңге айғақ бар екенін айтты. Мен қалалық соттың төрағасымен сөйлестім. Ол кезде оған сегіз жылдың орнына үш жыл берді. Үш жылдан кейін маған келді. Мен оны жұмысқа орналастырдым. Кейін маған келіп, алғысын айтты.

Әріптестерім Салық Зиманұлы өз ұрысын ақтап шығарды деп күлетін! Мен естелік болсын деп, оның сот ісін сақтап қойдым.

 

5-тапсырма. Салық Зиманұлы туралы ақпарат жинаңыз.

7-апта

 

1. Тіл ұстарту, қайталау.

2. Аралық бақылау

 

Грамматикалық тақырып: Құрмалас сөйлем жүйесіндегі орын тәртібі, олардың семантикалық функционалдық ерекшеліктері

 

Мақсаты: тақырып бойынша өтілген жаңа лексика мен грамматикалық бірліктерді меңгеру, оларды пайдалана отырып, жазбаша, ауысша әңгімелеуге, сұхбаттасуға машықтандыру.

 

Айтылым бойынша: жаңа сөздерді, сөз тіркестерін дұрыс айту, тақырып бойынша сұрақ қоя алуға, қойылған сұрақтарға жауап бере алуға, ойын ауызша жеткізе алуға, мәтіннің мазмұнын айта алуға үйрету.

Жазылым бойынша: жазбаша ойын жеткізе алу, сұхбат, шағын мәтіндер құрастыра алуға төселдіру.

Оқылым бойынша: тақырып бойынша оқығандарын еркін түсінуге машықтандыру.

Тыңдалым бойынша: тыңдаған сұхбаттарын түсініп, өзіне керекті мәліметті ала білуге үйрету.