АҚШ-тың қазіргі геосаясатын талдаңыз

Алдымен «геосаясат» терминін айқындап алғанымыз жөн. Геосаясат деп белгілі бір елге тиесілі жер аймағының сақталуы және жер дауы болған кезде қолданылатын ортақ қағидалардың жинағын айтады. Қоғамдық-географиялық ғылым саласы болғанымен, бұны саяси географиямен шатастырудың қажеті жоқ.

Әрбір ел өз территориясына байланысты геосаяси тәртіп ұстануға құқылы. АҚШ-тың геосаяси жағдайы, ұстанған саяси бағыты, ең алдымен, оның дүние жүзіндегі айрықша орнымен анықталады. АҚШ XX ғасырдың басында бейтарап саясат ұстанатынын жариялағанымен, дүние жүзінің саяси картасын түбегейлі өзгерткен аса маңызды саяси оқиғалар, бұл мәлімдеменің іс жүзінде жүзеге асуына мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде АҚШ екі дүниежүзілік соғысқа да араласып, әлемдегі басқа ірі мемлекеттермен бірге өзінің ықпал ету аймақтарын бөлісті. Атап айтқанда, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жағдайды бақылауда ұстауға КСРО, Еуропа және АҚШ өз мойындарына алады. Одан кейін қазіргі Германия жерін бөліске салады. ХХ ғасырда әлем елдері қарулану бойынша бір-бірінен кем түспеудің амалын қарастырумен болды. Өткен ғасырда халықаралық аренада пайда болған әлеуеті зор жаңа ел — Кеңес Одағы ендігі жерде АҚШ-тың барлық саладағы, ең бастысы, қарулану ісіндегі негізгі бәсекелесіне айналды. Әлемдік саясаттанушылар «қырғи-қабақ соғыс» деп атаған текетірес 1990 жылдары Кеңес Одағының ыдырауына байланысты аяқталды. 1945 жылы тамыз айында ‘АҚШ Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына атом бомбаларын тастады. Ал, 1964—1975 жылдары Въетнам жерінде соғыс қимылдарын жүргізді. Осы кезеңде бұл шағын елдегі АҚШ-тың тұрақты армиясында 500 мыңдай әскер болған. Барлық бейбітшілік сүйгіш халықаралық қауымдастық осы кезге дейін аза тұтып, еске алатын бұл қайғылы оқиғалар АҚШ-тық «бейбітшілік сүйгіш» саясатына күмән келтіруге себепші болды.

Әлемнің алып державалары еш осалдық танытпауға тырысып бағады. Бірақ уақыты келіп Кеңес Одағының ыдырауы, Еуропа мен Азиядағы социалистік елдердің даму бағыттарының қайта құрылуы бұл елдерге қатысты АҚШ-тың сыртқы саясатының да өзгеруіне әкеп соқты. АҚШ үкіметі жаңадан пайда болған орасан зор ықпал ету аймағына қатысты өзіндік жаңа геосаяси бағдар алды. Тәуелсіздік алған жас мемлекеттер көп жағдайда сыртқы саясатын өзін «демократия қамалы» деп санайтын АҚШ тұрғысында айқындай бастады. Демократия шарттары мен адам кұқығы туралы қағидаларды алға ұстанған АҚШ XX ғасырдың соңына қарай Таяу Шығыс пен Югославия жеріндегі соғыс оқиғаларына белсене кірісті. Нью-Йорк қаласында 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған аса ірі террорлық әрекетке байланысты АҚШ мемлекетінің Азия аймағына қатысты ұстанған саясаты дүние жүзіндегі саяси күштердің арасалмағын елеулі түрде өзгертті. Сонымен күллі әлем санасатын, 200 жылдан артық тарихы бар бұл аса ірі мемлекеттің геосаясаты «Қай жағдайда да, ең басты орында АҚШ мүддесі» деген ұранға тәуелді болады. Аса күшті дамыған, ядролық қаруға ие жетекші мемлекет ретінде АҚШ өзінің аумағында ғана емес, шекарасынан тыс жерлерде орналасқан иеліктері мен ықпал ету аймақтарында да бұл шарттың мүлтіксіз орындалуын айрықша назарында ұстайды.

АҚШ ғаламшарымздағы бірден – бір негізгі геосаяси күштердің орталығы екені белгілі, оған келесі сипатты белгілер тән: біріншіден, әскери, экономикалық, технологиялық, ақпараттық қатынастарда және мәдени ойын – сауық салаларында әлемдегі ең қуатты держава. Сонымен бірге АҚШ – тың бас болу жағдайы оның халықаралық институттарда ( ХВҚ, БСҰ, Бүкілдүниежүзілік Банк, Қайта құру және даму банкі), НАТО және т.б. басымдығымен түсіндіріледі. Екіншіден, әлемдегі жаһандану және жаңару үрдістері АҚШ – тың бақылауында. Үшіншіден, ол әлемде бірполярлы конструкция құруға тырысуда. АҚШ–тың геосаяси ұмтылысы өзінің аумағын қорғаумен бітпейді, оны басқа мемлекеттердің аумақтарына таратады, ол жерлерде Америка азаматтарының, америка капиталының, американың сыртқы саяси курсының және жалпы батыс өркениетінің мүдделері қорғалады; төртіншіден, өзінің мақсаттарына жетуде күш көрсету саясатына тірек жасайды, ондағы басты құралы – НАТО – батыс мемлекеттерінің әскери – саяси блогы, мұнда да АҚШ бағыттаушы ел болып қалады. Олар НАТО- ны демократия мен тұрақтылықтың зонасы ретінде қарап, оны кеңейту тұжырымдамасын белсенді пайдаланады, осылайша өзінің геосаяси алаңын кеңейтеді. Бесіншіден, АҚШ – тың сыртқы саясатына тән белгілердің бірі - мессианизм, бұл дегеніміз бүкіл әлемге өзінің либеральді – демократиялық құндылықтарын тарату арқылы әлемді американдық етіп құруға тырысушылық. Американың жаппай ықпал ету мақсаттарына жету үшін АҚШ Еуропадағы одақтастары мен Жапонияға және қалған өзге де елдерге қатысты «Бағдарламалы көшбасшы тұжырымдамасын» қолданатынын айтуымыз керек. Бұл тұжырымдаманы 1993- 2000 жж. Клинтон әкімшілігі жасады. Тұжырымдаманың мәні – АҚШ саясатының шеңберінде одақтастарға белгілі бір әрекеттерге бағыттарын таңу. Дегенмен соңғы уақыттарда Құрама Штаттар әлемдік аренадағы бәсекелестіктен қауіптенеді. Жаһандық көшбасшылық үшін күресте – Қытай, Үндістан, Еуроодақ оның басты бәсекелестері болып отыр. АҚШ–ты ең алдымен Қытайдың экономикалық және әскери әлеуетінің шапшаң артуы алаңдатады. АҚШ пен Жапония арасында қарама – қайшылық бар, дәлірек айтқанда, Америка–Жапон экономикалық қарсыластығы шиеленісуде. Экономикалық бәсекелестікке төтеп бере алмағандықтан, АҚШ Жапонияның үкіметіне қысым көрсетеді. Ресейге қатысты АҚШ бұрынғысынша Ресейді АТА нарығынан оқшаулауды тереңдету, оның ғылыми – техникалық және технологиялық әлеуетін, қорғаныс – өнеркәсіп кешенін және экономиканың басқа да жоғары технологиялық салаларын әлсірету сияқты стратегиялық ниетін сақтап отыр.