Азаматтық құқықтың түсінігі

Азаматтық құқық дегеніміз - заңды тұлғалар арасындағы, заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар арасындағы, жеке тұлғалар арасындағы теңдік, еріктілік, мүліктік дербестік және дербес бастамашылдық қағидалары негізінде орын алатын мүліктік және оған байланысты мүліктік емес қатынастарды реттейтін құқық нормаларының жиынтығы. Азаматтық құқықтың пәнін тауар-ақша қатынастары және қатысушылардың теңдігіне негізделген өзге де мүліктік қатынастар, сондай-ақ мүліктік қатынастарға байланысты мүліктік емес қатынастар мен мүліктік қатынастарға байланысы жоқ мүліктік емес қатынастар құрайды.

Азаматтық құқықтың нормаларының талаптарына сәйкес туындайтын және сол нормаларға тәуелді болатын тараптар арасындағы қатынастар азаматтық құқықтық қатынастар деп аталады. Азаматтық құқықтық қатынастардың құрамына келесідей элементтер кіреді: субъектілер, мазмұны және объектілер. Азаматтық құқықтық қатынас субъектілері болып жеке тұлға, заңды тұлға, әкімшілік-аумақтық бөліністер және мемлекет танылады. Азаматтық құқықтық қатынас мазмұнын сол қатынасқа түсуші тараптардың құқықтары мен міндеттері құрайды. Ал, қатынастар неге бағытталса, сол нәрсе оның объектісі болып танылады.

Азаматтық құқықта жеке тұлғаның құқық қабілеттілігі туғаннан басталады және адамның өлімімен аяқталады. Әрекет қабілеттілігі он сегіз жастан пайда болады. Ішінара әрекет қабілеттілігі он төрт пен он сегіз жас аралығында туындайды. Бұл жас аралығында кәмелетке толмағандар өз әрекетінің кейбірін өз бетімен, ата-анасының, асырап алушылар мен қамқоршылардың келісімінсіз жасайды, кейбірін аталмыш тұлғалардың рұқсат берген жазбаша хаты негізінде жасайды. Қорғаншы өзінің әрекеттерімен қорғауындағыға құқық және міндет еншілей отырып, әрекет қабілеттігі жоқ адамның орнына өзі әрекет жасайды. Қорғаншы сотпен әрекет қабілеттігі жоқ деп танылған адамдарға және он төртке толмаған жасөспірімдерге тағайындалады. Қамқоршы ішінара әрекет қабілеттілігі бар адамдарға өздерінің міндеттерін орындағанда көмектесіп, бақылауына алады, сонымен қатар, оларды үшінші жақтардан болатын қиянаттардан қорғап жүреді. Қамқоршы сотпен мүгедек адамдарға, он төрт пен он сегіз жас аралығындағы кәмелетке толмағандарға, сот әрекет қабілеттігін шектеген адамдарға тағайындалады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, жеке тұлға 18 жасқа толуымен, үйлену не тұрмысқа шығуына байланысты 18 жасқа дейін не эмансипация арқылы әрекет қабілеттілігіне ие болуы мүмкін. Сонымен бірге толық әрекет қабілетті болуға тек жас мөлшері ғана емес, тұлғаның психикалық хал-ахуалы да ықпал етеді. Сондықтан тұлға жүйке ауруы немесе ақыл-есінің кемдігі салдарынан өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмайтын немесе не істегенін білмейтін болса, онда сот оны әрекет қабілеттілігі жоқ деп тануы мүмкін. Әрекет қабілеттілігі жоқ деп тану тәртібі Азаматтық іс жүргізу кодексімен реттелген. Азаматтың әрекет қабілеттілігі жоқтығы туралы шешім шығару барысында сот екі негізді басшылыққа алады.

1. Медициналық - жүйке ауруының не ақыл-есінің кемдігінің болуы;

2. Психологиялық - өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмайтын немесе не істегенін білмейтін болуы.

Жүйке ауруы не ақыл-есінің кемдігі сот-психиатриялық сараптамасы мен дәлелденуі тиіс. Әрекетке қабілетсіз деп танылған азамат келтірген зиянды оның қорғаншысы өтейді. Егер, қорғаншысы қайтыс болса не оның зиянды өтеу үшін жеткілікті қаражаты болмаса, ал зиян келтірушінің өзінде мұндай қаражат болса, сот зиян келтірушінің мүлкі есебінен толық немесе ішінара өтеу туралы шешім қабылдауға құқылы (Азаматтық кодекстің 928 баб). Әрекет қабілеттілігі жоқ деп танылған азамат ешбір мәміле жасай алмайды. Оның атынан мәмілені қорғаншысы жасай алады. Тұлғаны әрекет қабілеттілігі жоқ деп тану түпкілікті, өзгертуге жатпайтын шешім емес. Егер адам сауықса не денсаулығы едәуір жақсарып кетсе, онда сот тұлғаны әрекетке қабілетті деп танып, қорғанғаншылықты алып тастайды.

Спирт ішімдіктеріне не есірткі заттарына салыну салдарынан, өзінің отбасын материалдық жағынан ауыр жағдайға ұшыратқан азаматтың әрекет қабілеттілігін сот азаматтық іс жүргізу кодексінде бекітілген тәртіп бойынша шектеулі деп тануы мүмкін. Әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану үшін екі негіз қажет:

1) спирт ішімдіктеріне не есірткі заттарына салынуы;

2) осының салдарынан отбасын ауыр материалдық жағдайда қалдыру.

Егер, тұлға жалғыз өзі тұратын болса және тек өзін ғана ауыр материалдық жағдайға әкелетін болса, онда ол адамды әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тани алмаймыз. Әрекет қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматқа қамқоршылық тағайындалады. Мұндай шара қолданудағы көзделетін мақсат тұлғаның өзінің және оның жанұясының мүліктік құқықтарын қорғау болып табылады.

Меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкі бар және сол мүлікпен өз міндеттемелері бойынша жауап беретін, өз атынан мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтарға ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады. Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуы тиіс, сонымен қатар, оның өз атауы жазылған мөрі болады. Заңды тұлғалар коммерциялық және коммерциялық емес болып екіге бөлінеді. Қызметінің басты мақсаты пайда табу болатын ұйымды коммерциялық заңды тұлға деп атаймыз. Коммерциялық емес заңды тұлға - мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативі, қор, діни бірлестік, қауымдастық нысанында құрылып, өзінің басты мақсаты ретінде пайда табу емес, өзге қоғамға пайдалы қызмет түрлерімен айналысуды көздейтін ұйым.