Олигополистік нарық

Олигополистік нарықта фирмалардың аз көлемі үстемдік жасайды. Олигополистік нарық стандартты және дифференциалды болады. Стандартты олигополияда ауыр өнеркәсіп өнімдері өндіріледі. Мысалы: құрыш, мыс, т.б. Дифференциалды олигополияда тұтыну тауарлары өндіріледі: автомобиль, киім, т. б. Олигополистік нарықта бірнеше фирмалардың маңызда үлесі бар. Бұл фирмалар бір-біріне тәуелді болады. Олигополиялардың болуы масштаб әсерінен. Олар ҒТП - тің және капиталды орталықтандыру нәтижесінде пайда болған. Көп фирмалар өз әрекеттерін аз ғана капиталмен бастап, басқа фирмалармен бірігіп әрекет етеді. Салаға кіру үшін бірден ірі фирма болу керек, себебі олигополистік нарықта патенттер, лицензиялар, жарнамаларды, стратегиялық тауарларды бақылауға көп шығындар кетеді. Олигополистік нарықта тек қана бағалы емес бәсеке қолданылады, өйткені баға өзгерісіне басқа фирмалар тез арада жауап бере алады. Сондықтан олар жарнамаға көп шығын жұмсай алады. Монополияның пайда болуы ғылыми техникалық прогрестің тоқтауына алып келеді. Сонымен қатар монополия өнім сапасының төмендеуіне және бәсекенің жойылуына ықпал етеді. Сондықтан да мемлекеттің басты мақсаттарының бірі ол нарықта фирманың монополизациясын жою. Сол үшін белгілі бір шаралар қолданылады. Олар әкімшілік және нормативтік реттеу. Әкімшілік реттеу ол монополияға қарсы заңдар шығарып, мемлекет тарапынан бақылау жүргізу арқылы жүргізіледі. Монополияға қарсы акт бірінші рет 1889ж. Канадада пайда болды.

 

Орытынды

Қорытындылайтын болсақ нарық ұғымы толығымен талдап қарастырылды. Жетілген және жетілмеген бәсеке жағдайына сипаттама берілді, ерекшеліктері анықталды. Монополия, монополиялық бәсеке, таза монополия және олигополиялық нарық мәндері ашылып, қарастырылды.

Дістемелік нұсқаулар

Тақырыпты қарастыру барысында жетілген және жетілмеген бәсеке нарықтарының айырмашылықтарын ажыратып, нарықтардың ерекшеліктерін анықтау. Жетілмеген бәсеке нарығына жататын монополия, олигополия, дуополия нарықтарының белгілері мен сипаттарын қарастыру.

Дебиеттер тізімі

1. Шеденов Ө.Қ, Сағындықов Е. Н, Жүнісов Б.А және т.б. Жалпы экономикалық теория. Ақтөбе «А - Полиграфия» 2004 - 453 бет

2. Ғабит Ж.Х. Экономикалық теория, Оқу-әдістемелік кешен, 2006ж.

3. Назарбаев Н.А. Послание Президента народу Казахстана. Казахстан: 2030. –Астана.- 1997.- с. 20.

Тақырып. Фирма теориясы. Кәсіпкерлікті ұйымдастыру негіздері

1. Кәсіпкерлік: экономикалық мазмұны, белгілері, түрлері

2. Кәсіпкерлікті ұйымдастырудың негізгі формалары

3. Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік: қалыптасуы және даму проблемалары

Мақсаты:Кәсіпкерліктің мазмұнын, белгілерін анықтау, кәсіпкерліктің түрлерін қарастыру, Қазақстан Республикасында кәсіпкерліктің қалыптасуы және даму проблемаларын талқылау.

Негізгі түсініктер мен терминдер

Кәсіпкерлік субъектісі, объектісі, өндірістік кәсіпкерлік, коммерциялық кәсіпкерлік, делдалдық кәсіпкерлік, қаржылық кәсіпкерлік, сақтандыру кәсіпкерлік, акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік

Дәріс мәтіні

1.Қазақстан заңында кәсіпкерлік азаматтар мен бірлестіктердің пайда алуға бағытталған және олардың тәуекел етуімен, сондай-ақ мүліктік жауапкершілігі негізінде жүзеге асырылатын қызметі. Тәуекелмен, ынтамен, іскерлікпен, дербестікпен, жауапкершілікпен және белсенді ізденумен байланысты шаруашылық қызметті кәсіпкерлік қызмет деп санауға болады. Олардың бәрі кәсіпкерліктің белгілері болып табылады.

Кәсіпкерліктің субъектілері жеке тұлғалар, әртүрлі ассоциациялар, акционерлік қоғамдар, кооперативтер және мемлекет. Кәсіпкерлік объектілеріне шаруашылық қызметтің кез-келген түрі, коммерциялық, делдалдық, сату-сатып алу, инновациялық, кеңес беру қызметтері, бағалы қағаздармен жүргізілетін операциялар жатады.

Қызмет мазмұнына қарай кәсіпкерлік мынадай түрлерге бөлінеді:

1. Өндірістік кәсіпкерлік – тауарлар мен қызметтер, ақпараттар, рухани құндылықтар өндіретін кәсіпкерлік. Бұл кәсіпкерліктің негізін өндіріс процесі құрайды.

2. Коммерциялық кәсіпкерлік – тауарлар мен қызметтерді сатып алу – сатумен айналысатын қызмет түрі. Өнім өндірісімен айналыспайды. Кәсіпкер пайдасы тауарды сатып алу бағасынан жоғары бағаға сату арқылы жасалады. Егер бұл операциялар заң шеңберінде болса алыпсатарлыққа жатпайды.

3. Қаржылық кәсіпкерлік – сатып алу- сату обьектісі ақша, бағалы қағаздар, валюта болып табылатын коммерциялық кәсіпкерліктің бір түрі.

4. Делдалдық кәсіпкерлік – бір келісімге өзара мүдделі жақтардың басын қосатын қызмет. Осындай қызмет көрсеткені үшін кәсіпкер табыс алады.

5. Сақтандыру кәсіпкерлігі – сақтандырған оқиға болған кезде ғана қайтарылатын сақтандыру жарнасын алып отыратын ұаржы кәсіпкерлігінің ерекше формасы.

Кәсіпкерліктің барлық түрі табыс алуға бағытталған. Кәсіпкерлік қызмет тек бір ғана меншік формасымен байланысты емес. Оның әртүрлі варианттары мен үйлесімдері болуы мүмкін. Бұл кәсіпкерлікпен шұғылдану үшін қолданылатын капиталдың толық меншікті болуы міндет емес деген сөз. Қарыз капиталын да қолдануға болады. Алайда қарыз капиталы пайданың белгілі бір бөлігімен бірге қайтарылады. Сондықтан оны пайдалану кезінде кәсіпкердің экономикалық тәуекел дәрежесі өседі. Ал тәуекел дегеніміз жоспар немесе болжауды қарастырылған вариантпен салыстырғанда табыс алмаудың немесе зиян шегудің ықтималдығы.

Кәсіпкерлік қызмет әрқашан да жаңалықты іздеу, игерумен тығыз байланыста болуы қажет. Осыған байланысты кәсіпкерліктің екі моделін қарастырады: классикалық және инновациялық. Біріншісінің мәні бизнесмен өз қызметін қарамағындағы бар ресурстардан максимальды қайтарым алу есебімен ұйымдастыруға ұмтылады. Екінші модель өзінде бар ресурстарын ғана емес, сондай-ақ сыртқы ресурстарды тарту және пайдалану мүмкіндігіне бағытталады. Өзінің және сыртқы ресурстарды пайдалана отырып, кәсіпкер өз бизнесі дамуының тиімді варианттарымен шұғылданады.

2.Кәсіпкерлік әртүрлі формада болады. Оларды топтастыру негізінде екі белгі жатыр: меншік формасы және фирма көлемі. Меншік формасына байланысты кәсіпкерлік мемлекеттік және жеке болып бөлінеді.

Мемлекеттік кәсіпкерлік -әдетте тұрақты және капитал сыйымдылығы жоғары, үкіметтің қаржылық және ұйымдастырушылық жағынан қамқорлығында болатын кәсіпкерліктің түрі. Жеке кәсіпкерлік- бір ғана адам айналысатын бизнес. Жеке сектор мемлекетікке қарағанда бірқатар артықшылықтарға ие:

- қызмет сферасын таңдау еркіндігі;

- бизнес көлемінің шектелмеуі;

- қатаң бағамен шектелмеуі.

Әр меншік иесі өз пайдасына өзі ие, кез-келген өндірісті өзі жасай алады. Ол тек табыс салығын төлейді және корпорация үшін бекітілген салықтан босатылған. Бірақ кемшілігі капиталдың аздығы мен жауапкершіліктің шектелмеуінде жатыр.

Экономиканың жеке меншік секторындағы кәсіпорындар кәсіпорын иелері бір немесе бірнеше адам болып келулеріне, кәсіпорын жұмысы үшін жауапкершіліктеріне, кәсіпорынның жалпы капиталына жеке капиталдарды қосу тәсіліне байланысты бөлінеді.

Серіктестік – екі немесе одан да көп адам бірлесіп айналысатын бизнес. Серіктестіктің бірнеше түрлері бар. Енді олардың әрқайсысына тоқталайық.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік – кәсіпорынға өз қаражатын қосқан адам кәсіпорынның міндеттемелері бойынша өзі қосқан қаражат мөлшерінде ғана жауапкершілік көтереді.

Жауапкершілігі шектеусіз серіктестік – кәсіпорынға өз қаражатын қосқан адам кәсіпорынның міндеттемелері бойынша өзінің барлық мүліктерімен ортақ жауапкершілікте болады.

Толық серіктестік – мүшелердің үлестік (пай) меншіктігіне негізделген. Серіктестіктің барлық мүшелері шаруашылық қызметтің нәтижесі бойынша өздерінің жеке мүліктерімен толық жауапкершілікті көтереді. Қаржылы жылдың қорытындысы бойынша серіктестік тапқан таза табыс қатысушылар арасында олардың жарғылық капиталға қосқан үлесіне сәйкес бөлінеді.

Артықшылығы: айтарлықтай қаражатты салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде жинақтауға болады; қаражат салу бағытында жұмыла кірісіп кете алады, экономиканың әртүрлі салаларына қаражат салуда әртүрлілікті қолдана алады.

Кемшілігі: таза табысты бөлу кезінде серіктестікке қатысушылар арасында қиындық туады; салық салуда жеңілдік жоқ.

Командитті серіктестік – үлестік меншікке негізделген. Командитті серіктестік өзінің салымы мөлшерінде жауапкершілік көтеретін, салымшы мүшелерді (коммандистер) және міндеттеме бойынша толық ортақ жауап беретін толық жолдастарды (өзінің мүлкімен жауап беретін жауапты серіктестерді) қамтиды.

Артықшылығы: басқаруға қатысы жоқ, бірақ өз капиталы болғанды қалайтындарды серіктестікке тартуға болады.

Өндірістік кооператив - өндіріс, қайта өңдеу, өткізу, сауда, тұрмыстық қызмет көрсету саласында бірігіп шаруашылық жүргізу үшін азаматтардың ерікті бірлестігі.

Акционерлік қоғамдар – бірге кәсіпкерлік қызмет істеу үшін бірлескен тұлғалар жиынтығы. Корпорация меншігіне құқық акциялар бойынша бөлінген, сондықтан корпорация иелері акция ұстаушылар, ал корпорация акционерлік қоғам деп аталады. Акционерлік қоғамдар ашық және жабық болып бөлінеді.

Ашық акционерлік қоғам – бұл акция шығарып және оны сату арқылы көптеген қатысушылардың қаражаттарын біріктіру жолымен ақшалай қаржысы құралған кәсіпорын.

Жабық акционерлік қоғам – акцияларды тек оның құрылтайшылары арасында немесе алдын-ала белгіленген адамдар арасында ғана бөледі.

Корпорацияның артықшылықтарына мыналар жатады:

-акциялар және облигациялар сату арқасында ақша капиталын тартуда шектелмейтін мүмкіндіктер;

-басқару функцияларын орындау үшін кәсіби мамандарды тарту;

-корпорация қызметінің тұрақтылығы, өйткені акционерлердің біреуінің қоғамнан шығып кетуі фирманың жабылуына ықпал етпейді.

Кемшіліктері: корпорация табысының акция ұстаушыларға дивидент түрінде төленетін бөлігіне екі жақты салық салу: бірінші рет корпорация пайдасының бір бөлігі ретінде, ал екінші рет акция иесінің жеке табысының бөлігі ретінде. Кіші корпорациялардың иелері үшін екі жақты салық салудың ауыртпалығы елеулі. Сондықтан АҚШ-та бұндай фирмаларға S корпорациялары (small business corporation) статусын алуға болады. Бұл кезде корпорация табысы олардың иелерінің табысы болып саналады және тек табыс салығы алынады.

Кәсіпкерлік көлеміне қарай шағын, орта, ірі болып бөлінеді. Шетелдік тәжірибені ескере отырып, Қазақстан жағдайында шағын бизнеске мынадай анықтама беруге болады: шағын бизнес бір немесе бірнеше инвестормен құрылатын географиялық шектеулі аймақта қызмет ететін нарықтың шектеулі үлесіне ие, басқару сипаты икемділікпен ерекшеленетін кәсіпорындар. Шағын бизнестің ерекшеліктеріне оның икемділігін, өндірілетін өнім мен қызмет түрін тез өзгертуге қабілетті, технология және басқа да қызмет сфераларында жаңалықты ендіруге икемділігін жатқызуға болады. Сонымен қатар жұмысшылардың басқару, табысты бөлуге қатысуға тікелей мүмкіндігі бар. Ірі фирмаларда құрылтайшылар кәсіпорынды басқаруға кәсіпқой менеджерлерді тартады, бұл өз кезегінде екі жақ мүдделерінің келіспеушілігін туғызады, нәтижесінде басқару тиімділігі төмендейді. Шағын және орта кәсіпорындарда мұндай келіспеушілік жоқ, өйткені кәсіпорынның негізін қалаушы мен менеджер бір адам болып табылады. Шағын кәсіпорынды құрудың бірнеше формасы бар: жаңа кәсіпорынды бастау, бизнесті сатып алу, франчайзинг және жанұялық бизнес. Батыс елдерінде шағын бизнес шаруашылықтың елеулі бөлігін құрайды. Мұнда бизнестің франчайзингтік және венчурлық формалары кең тараған. Біздің республика үшін шағын бизнес формаларына франчайзинг пен жанұялық бизнесті жатқызуға болады.

Франчайзинг- ірі фирманың фабрикалық маркасын пайдалануға құқық алу үшін және белгілі бір сферада, белгілі бір территорияда өз қызметін жасау үшін келісім шарт жасайтын ұсақ жеке фирмалар жүйесі. Олардың бағаны төмендету, тауарды жеткізу, құрал-жабдықтар сатып алуға, несие алуға көмек түрінде жеңілдіктері бар. Франчайзингтік қатынастардың 3 типі бар:

1. Франчайзер - өнім шығарушы немесе қызмет көрсетуші фирма өзінің өнімін өндіру немесе қызмет көрсетуге франчайзи құқығын береді.

2. Франчайзер - өнімді негізгі өндіруші өзінің өнімін көтерме саудамен сату бойынша франчайзи құқығын береді.

3. Франчайзер- көтерме саудагер, фрачайзи фирмаға бөлшек сауда бойынша құқық береді.

Артықшылығы: оқыту мен дайындау, қаржылық көмек, маркетингтік көмек, басқару көмегі, бизнесті тез бастау, қауіп-қатер деңгейінің төмендігі.

Кемшілігі: франчайзингтік төлем, өсу шектеулілігі, тәуелсіздіктің шектеулілігі, келісім-шарт мерзімі мен іс-қимылдың шектеулілігі, тек бір ғана франчайзермен жұмыс жасау мүмкіндігі.

Шағын бизнестің қалыптасуының келесі жолы – бір жанұя мүшелерінің күшімен құрылған және қызмет істейтін жанұялық бизнес. Жанұялық бизнестің басты артықшылығы бизнесті жүргізуге көмектесетін туысқандық байланыстардың болуы. Тағы бір артықшылығы ірі корпорациялармен салыстырғанда жұмысшылардың жағдайына жоғарғы дәрежеде көңіл бөлінеді. Жанұялық бизнес кәсіпорындары кәсіпорын мөлшері, өнім мен қызмет түрі бойынша әртүрлі ерекшеленеді.

Венчурлық фирма – ғылыми зерттеулерді жасаумен шұғылданатын коммерциялық ұйымдар. Олар жаңалықтармен бизнес жасайды.

Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет формалары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен анықталған. Соған сәйкес барлық ұйымдар (заңды тұлғалар) коммерциялық және коммерциялық емес болып бөлінеді. Коммерциялық фирмалар шаруашылық серіктестіктер, өндірістік кооперативтер, акционерлік қоғамдар, мемлекеттік және жергілікті унитарлық кәсіпорындар формасында құрыла алады. Коммерциялық емес фирмалар тұтыну кооперативтері, қоғамдық және діни ұйымдар, қайырымдылық қорлар формасында құрылады.

3.Нарықтық қатынастарға өту кезінде экономикалық реформаны сәтті жүзеге асыру кәсіпкерлікті жан-жақты дамытуды ұйғарады, ол Қазақстанның 2030 стратегиясынан шығатын әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде басты роль ойнайды. Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік алғашқы рет шағын кәсіпорындар түрінде 1992 жылы пайда болды. Ол кезде олар 34506 бірлікті құрады. Олардың үлесіне республикадағы жұмыспен қамтылған жалпы жұмысшылар санының 6%-і және ЖІӨ-нің 7%-і тиді. 1992 жылы шілде айында "Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы" жаңа Заң қабылданды. Осы заңда жеке кәсіпкерлікті қорғау мен қолдаудың негізгі түрлері мен әдістері бекітіліп, мемлекеттің жеке кәсіпкерлікке тікелей араласуына тыйым салатын құқықтық нормалар қамтылды. 1994 жылы жеке кәсіпорындардың саны 15,7 мыңға жетіп, осы кәсіпорындарда жалпы 164 мың адам жұмыс істеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар Жарлықтары шығады, оларда негізгі құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кәсіпкерлік қызметпен айналысушыларға қызметтерінде еркіндікті қамтамасыз ететін кепілдемелер көрсетілген. Жеке кәсіпкерлікті, оның ішінде бизнесті қолдау және дамыту саясатын жүзеге асыру үшін бірқатар қаулылар қабылданды. 1997 жылы шағын кәсіпорындар саны 123 мың бірлікті құрады. Заңды және шағын кәсіпкерлік тұлғаларының тез көбеюіне 1997 жылы шыққан ҚР Президентінің Жарлығы үлкен ықпал жасады: "Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мен дамуын белсендіру шаралары туралы", "ҚР-да аймақтық шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсету мен дамыту бағдарламалары және басымдықтар туралы" және шағын бизнестің өзекті мәселелерін іс жүзінде шешу үшін қабылданған бірқатар заң және нормативті актілер

Кәсіпкерлік қызметтің табысты болуының критерийі бұл кәсіпорынның тек өз шығындарын жауып ғана қоймай, сондай-ақ өндірісті кеңейтуге мүмкіндік беретіндей жеткілікті түрде пайда мен табысқа қол жеткізу қабілеттілігі болып табылады. Қарама-қарсы жағдайда ол банкротқа ұшырауы мүмкін. Фирма қызметінің тиімділігін бағалаудың басты критерийлерінің бірі- оның нарықтағы орнының болуы. Нарықта тұтынушылардың қажеттіліктері сапалы деңгейде қанағаттандырылатын кәсіпорын ғана тиімді болып саналады. Нарық құрылымы нарықтағы фирмалардың саны, өнім өндіру мен қызмет көрсету көлемі, жұмыстар мен қызметтердің әртүрлі деңгейі, нарыққа кіру шарты, тұтынушылардың саны, еңбек ақы төлеу шарты, өнімге сұраныстың ауытқуы және оның бағаға ықпалы сияқты элементтерден тұрады. Жаңадан ашылып келе жатқан нарықтар үлкен артықшылыққа ие, өйткені мұнда бәсеке деңгейі жоғары дәрежеге жетпейді. Өсу стадиясында болатын салалар да тартымды, өйткені мұнда да нарықта кәсіпорын өз орнын таба алады. Екінші жағынан бизнес сферасына енгенде өнімдер мен қызмет көрсету үшін қатаң бәсекелік күрес жүріп жатқан кәсіпорындар жоғарғы шоғырланған аймақтарды, сондай-ақ дағдарыс стадиясында тұрған салалар бар аймақтарды тартудың қажеті жоқ. Бизнесті ұйымдастыру үшін ең дұрысы сыйымды және тез өсіп келе жатқан нарықтарды іздеу керек. Мұндай нарықтарды иемдену өндіріс көлемінің жыл сайынғы өсімін қамтамасыз етеді. Екінші маңызды мәселе – нарық потенциалы, яғни саладағы фирмалардың, тұтынушылардың өспелі қажеттіліктерін қанағаттандыру. Бұл жағдайда бастысы уақыт факторы болып табылады. Егер фирмалар толық қуаттылықпен жұмыс істейтін болса, онда мұндай нарық тартымды болып келеді.

Қызмет көрсету нарығының да үлесі маңызды мәнге ие. Шетелдік тәжірибеде нарықтағы үлесі 20 және одан да көп пайызды құрайтын кәсіпорындар тиімді саналады. Тауарлар мен қызметтер нарығының жоғарғы үлесі тек ғана өндіріс көлемінің өсімін қамтамасыз етпейді, сондай-ақ шамасы фирманың меншікті капиталынан асатын кәсіпорынның бағалық құнын әсіреді. Егер фирманың потенциалы 5 пайыздан кем нарық мөлшерімен бағаланатын болса, бұл нарықтың аз ғана үлесін білдіреді, сәйкесінше мұндай фирмалар шағын болып есептеледі.

Бәсеке деңгейін көрсететін көрсеткіштерге бағаға бақылау, шығындар мен өткізу каналдарын бақылау, салаға енудегі кедергілер жатады. Баға мен өзіндік құн, өткізу каналдарын бақылау дәрежесі көп жағдайда бәсекелік күрес сипатымен анықталады. Негізгі бәсекелес 40-50 %, тіпті 60% ие қызмет нарығы салаға жаңа фирмалардың енуі үшін кедергі болып табылады. Бизнес тиімді жағдайда болады, егер ол қазіргі заманғы технология, прогрессивті материалдар мен конструкцияларды пайдаланатын болса, сондай-ақ онда патенттік құқық, лицензиялық артықшылық немесе жұмыстар мен қызметтер орындауға құқық алу мүмкіндігі болса. Мұндай артықшылықтардың болуы өте маңызды, өйткені олар салаға басқа бәсекелестердің енуі үшін кедергілерді тудырады.

Орытынды

Осы тақырып бойынша қорыта айтатынымыз: кәсіпорын, оның түрлері, қызметтері, кәсіпкерлікті ұйымдастырудың негізгі формалары мен Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік: қалыптасуы және даму проблемалары қарастырылды.