ХҮ апта. 1кредит-сағат

Дәріс тезисі:Қ. Ысқақовтың шығармашылық жолы 1957 жылдан басталады. 1961 жылы алғашқы әңгімелері «Жол басшы» жинағында жарияланады. 1962 жылы «Қоңыр күз еді» повесі жарық көрді. 1963 жылы «Дос хикаясы» жинағы; 1965 жылы «Менің ағаларым» жинағы;1970 жылы «Тұйық» романы;

1975 жылы «Апа- апатай» пьесасы;1976 жылы «Жәке- жәкетай» пьесасы;1977 жылы «Кемпір іздеп жүр едік» пьесасы;

1978 жылы «Өмірбаян», «Таңғы жаңғырық», «Көктемнің салқын кезі еді» пьесалары;1979 жылы «Қараша қаздар қайтқанда» пьесасы;1980 жылы «Сары бәйбіше, кепкен шал және саяқтар» пьесасы;1981 жылы «Қоңыр күз еді» жинағы; 1981 жылы «Қараорман» романы, алайда бұл туынды араға жылдар салып, көп өзгерістерге, жөндеулерге түсіп, 1989 жылы «Ақсу – жер жаннаты» атты роман болып;1984 жылы «Ерліктің екі сағаты», «Революция сарбазы» пьесалары;1986 жылы «Ақнар» пьесасы;1997 жылы Екі томдық таңдамалысы жарық көрген.

2003 жылы жазған «Қазақтар» атты пьесасы үшін Қалихан Ысқақов «Астана-бәйтерек» байқауының жүлдегері болды.

Қ. Ысқақов шығармашылығы кино өнерімен де тығыз байланысты. Оның сценариі бойынша белгілі революционер Әліби Жангелдин туралы «Ұшы қиырсыз жол» атты фильм түсіріліп, 1969 жылы Бүкілодақтық экранға ІІ категориямен, «Саршатамыз» фильмі 1968 жылы ІІІ категориямен қабылданды. Сондай-ақ Бейімбет Майлиннің шығармалары бойынша түсірілген «Охрана бастығы», «Қараша қаздар қайтқанда» атты фильмдер көрермендер тарапынан жылы қабылданды.

Сонымен қатар, он бес кітаптың, жиырмадан астам драмалық шығармалардың, бес толықметражды фильмдердің авторы.

1. Әңгімелері: «Сыбаға», «Жесір», «Бөде (реквием)», «Ақтоқым», «Жанжігіттің жеті саптыаяғы», «Қарапамның қатыны», т.б.

2. Пьесалары: «Мазар», «Қыл көпір», «Қараша қаздар қайтқанда», «Сайқынның ұрпақтары», «Өмірбаян», «Көктемнің салқын кезі еді», «Сары бәйбіше, кепкен шал және саяқтар», «Ерліктің екі сағаты», «Революция сарбазы», «Ақнар», «Қазақтар», сондай-ақ бірігіп жазған пьесалары: Ә. Таразимен «Апа – апатай», «Жәке – жәкетай», «Кемпір іздеп жүрміз», Ш. Құсайыновпен «Даладағы екеу» драмасы. Сонымен қатар, «Төліңді сатып, төріңді жатқа берме» (Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романы негізінде жазылған), «Таңғы жаңғырық» (М. Әуезотің «Қараш-қараш» повесі оқиғасының сарыны бойынша) және «Алату сынды алыбым» (Ж. Жабаевтің өмірінің соңғы күндері іспетті), т.б.

3. Повестері: «Қоңыр күз еді», «Ағайындар», «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны», «Дос хикаясы», «Сыр», т.б.

4. Романдары: «Тұйық», «Қараорман», «Ақсу – жер жаннаты».

Айрықша эпикалық романтикасымен соңғы ширек ғасырдай уақыт қазақ әдебиетіне келісті рең берген, өзіндік қолтаңбасы бар өр Алтайдың тұмса таланты Қалихан Ысқақ туған өлкесінің табиғатын, шулаған қара орманы мен Бұқтырманың булыққан сарынын көркем прозасында шебер бейнелейді. Алғашқы шығармаларының өзінде-ақ көркем прозаның қыры мен сырын жете меңгерген,лирик суреткер болып көрінеді. «Қоңыр күз еді» - Қалихан Ысқақовтың әдебиет үйінің есігін еркін ашып кіруіне кепілдік бола алатын, оның жас та болса, өнер адамы ретіндегі табиғатын, қабілет-күшін танытатын тұрлаулы туынды», - деп З. Қабдолов өз мақаласында қорытынды бағасын берген болатын Табиғат пен рухтың ұлылығын, уақыт пен кеңістіктің, табиғат заңдылықтарының мәңгілігін танытуда қаламгердің көркемдік әлемі мен дүниетанымының біртұтастыққа ие болуының көрінісін осы «Ақсу – жер жаннатынан» анық байқаймыз. «Ақсу – жер жаннаты» романында баса айтатын нәрсе – мұнда басты әрі негізгі кейіпкерлердің жоқтығы. Ал есесіне жоғарыдағы кейіпкерлердің басым көпшілігі өздеріне лайық бітіммен мейлінше дараланып шыққан бейнелер. Ең бастысы, өмірдің өзіне жүгініп, өмірдегі адамдарды сол тіршілігімен, сол қалпымен қоспасыз жеткізуге ерекше күш салған.

№ 30 дәріс тақырыбы: Әкім Таразидің шығармашылығы

Шығармалары: Әнім сен едің»,«Қыз Жібек»,«Қарабай»,«Күміс қанат»,«Келін»,«Ауыл шетіндегі үй»,«Жабы сәйгүлік»,«Сауал»,«Ай астында айдала»,«Хош, көлеңке!»,«Көпесбай»,«Қара таңба»,«Жайдақжал»,«Штык пен жүрек»,«Өлім»,«Тәж»,«Аран»,«Отличник»,«Сұқ саусақ»,«Жаңбырлы түндер» (Ұстазы Мира Александровна Глазманға),«Бураштың белестері»,«Дүниенің шеті»,«Шұнақ құлақ»,«Батыр болмақ ойдан-ды»,«Сарманқұл». Романдары:«Тасжарған»,«Мұстафа Шоқай»,«Қиянат»,«Қорқау жұлдыз»,«Шер» Хикаяттары: «Сәнжан мен Перизат»,«Мирас пен Люба», «Қодар мен Әсемгүл», «Аспанбай мен Райгүл», «Аяз бен Бибі», «Сарманқұл мен Айнаш», «Қосан мен Гүлғайша,«Нұрлы дүние».

Әкім Тарази - қазақ әдебиетіне жаңа леп әкеліп, өзіндік қолтаңбасымен келген жазушының бірі. Алғашқы романы «Тасжарған» туындысымен-ақ халықтың зор ықыласына бөленіп, өзіндік қолтаңбасымен дараланды. Алпысыншы жылдары жарық көрген «Құйрықты жұлдыз» хикаятында ол өз құрдастарының арасынан алғашқылардың бірі болып жаңа заман характерлерін жасауға кірісті. Бұдан кейін жарық көрген көптеген әңгіме, хикаяттарында заман кейіпкерінің бейнесін шебер суреттей біліп, «Кен», «Жаза» Бұлтқа салған ұя», «Жаңбырлы түндер» т. б романдарымен, «Жолы болғыш Бекен», «Жәке-Жәкетай», «Жақсы кісі» басқа да пьесаларымен, «Соқ, барабан», «Көкжиекке кеткен із», «Қараш-қараш оқиғасы». Бүгінгі таңда «Мұстафа Шоқай» туралы фильмі көпшіліктің көңілінен шыққан .Ел ішінде кездесіп жататын жалқаулық, рухани тайыздық, талғамсыздық, білімге деген құлықсыздық сияқты кесірлі құбылыстар мен типтік шындықтар ұлт дамуындағы кері процестер – жазушының сатиралық жинақтаулар жасауына түрткі болған жайлар. Әңгімедегі Ештен, Пікән, Ипатша, Әбдеш, Нәлетайлар сатиралық образ жасаудың эрониялық тәсілі арқылы мүсінделеді. Сатиралық кейіпкер жасаудағы мұндай қадамдар Ә. Таразидің «Келін», «Кәке» әңгімелеріндед де молынан ұшырасады. Жазушылардың стильдік бағытындағы сатираны әсіресе, осы әңгіме жанрындағы туындыларында айрықша көрінуі әлеуметтік маңызды проблемелар көтерудегі белсенділігін, уақыт ағымына ілесе отырып, өз дәуірінің көптеген кереғарлықтарын танытуға қолданған бірден-бір ұрымтал, ыңғайлы көркемдік тәсіл болғандығын көрсетеді. Замандастар бойындағы адамгершілік сапа, ар-ұждан деңгей жайлы толғану, қоғамның моральдық тұрпатын зерделеу Ә.Тарази творчествосының басты ерекшелігі ретінде бой көрсетеді. Әдебиеттің қай жанрында қалам тербемесін, жазушы бұл тақырыпқа мейлінше адал. Әкім Тарази творчествосының мол мүмкіндігінен хабар беріп, өзіндік стилін қалыптастыруда, көркемдік жетілуінде айрықша орны бар. «Аяз бен Бибі», «Қос шынар» повестерінде негізгі тартыс та осы мәселеге құрылған. Бұл шығармалардағы кейіпкерлердің адамгершілік тұрқын бейнелеу арқылы автор қоғамдық мәні бар шындықты ашуды көздейді. Достық пен арамзалық, өрлік пен бейшаралық, адалдық пен қараулық сияқты бір-біріне қарама-қарсы категорияларды өзінің эстетикалық талғамы биігінен екшеп, әлеуметтік ортасының қадау-қадау мәселелерін қозғайды.

Жазушы дүниетанымы мен эстетикалық мұратынан шығатын шығарма проблематикасы көркем әдебиеттің негізгі мәселелерінің бірі. Бұл туындысында ғалым Р.Бердібаев: «Замана жайлы терең үңіліп, жаңадан туындап жатқан қалың құбылыстар ішінен ең өміршең, өскелең, ділгір мәселелерді екшеп алу қаламгердің белсенділігіне, халық тағдырына, өмір сауалдарына қаншалық зерек, елгезек қарайтынына сын» деп айтқан болатын. Сол сияқты Ә.Тарази де күн тәртібіне адамгершілік мәселесін өткір қою арқылы шығарманың әлеуметтік сұранысы мен қажеттілігін, оның өнегелік салмағын арттыра түседі. Сол себептен де қаламгердің бұл повестері тарихи дәуір шындығынан жырақтап кетпейді. Мұндағы қаһармандар – өз заманының перзенттері, олардың әрқайсысы өз уақытының мәселелерін арқалап жүреді.