Жүннің, физико – химиялық, механикалық және технологиялық қасиеті

Жүннің химиялық құрамы мен қасиеті. Жүн талшықтары тұтасынан кератин тобынан тұрады, сондықтан онда басқа белокты заттарға қарағанда, күкірт едәуір көп. Жүннің құрамында шамамен: көміртегі – 50, оттегі 21-24, азот –15-21, сутегі 6-7, күкірт 2-ден 5% - ға дейін химиялық зат бар. Ал күлді зат 1-3 % қана бар.

Әр түрлі жүн талшықтарында жеке амин қышқылдарының мөлшері бірдей емес, бір типті талшықтардың гистологиялық әр қабатының өзінде түрліше. Мысалы, ортаңғы қабат пен өзектің кератинінде тирозин болады ал, қабыршақты қабаттың кератинінде болмайды. Жеке жүн талшықтары күкірттің мөлшері жағынан бір-бірінен өзгеше келеді. Басқа қабаттарға қарағанда өзекте күкірт аз. Осыған байланысты түбітте, ірі қылшық пен өлі қылшыққа қарағанда күкірт көп. Құрғақ биязы жүнде шамамен 4 % күкірт болса, қылшық жүнде-3,3 %. Жүндегі күкірт мөлшері көбейген сайын, жүннің иірілу қасиеті жақсара түседі.

Сілтілер мен қышқылдар жүн құрамындағы заттармен бірге химиялық қосындылар құрап, жүннің физикалық қасиетін, кейде құрылымын өзгертеді. Күйдіргіш сілтілердің жүнге тигізетін әсері қышқылдарға қарағанда анағұрлым жоғары. Жүннен бұйым жасап шығаратын кәсіп орындардың деректеріне қарағанда, күші шамалы (0,01%) күйдіргіш натридың ертіндісінің өзі 600 С температурада жүн беріктігін 45 %-ға кемітіп жіберген. Ал жүнді күйдіргіш натрийдің 0,05 проценттік ертіндісімен өңдегенде, ол одан әрі пайдалануға жарамсыз күйге келген. Күйдіргіш натридің немесе калидің 3 %-дық ертіндісін қайнатып, оған жүн тастағанда 2-3 минуттың ішінде еріп кетеді. Ал енді күкірт қышқылының 1 %-дық ертіндісі жүннің беріктігіне әсер етпейді. 10 %-дық ертіндісі жүннің беріктігін 30% шамасына кемітеді. Жүнді өсімдік қалдықтарынан химиялық жолмен тазарту үшін қолданылатын 7 %-дық күкірт қышқылы жүн талшығының сапасына онша әсер етпейді. Суық су, сондай-ақ 100-1050 С шамасындағы ыстық суда жүн беріктігіне, созылғыштығына және ажарына кері әсерін тигізбейді. Ал 1200 С тан жоғары температура жүн сапасын бір шама кемітіп жібереді.

Жабағы жүн және оның элементтері мен құрылымы. Зоотехникалық түсінікте жабағы деп жүн талшықтары топтарынан құралған, бір-бірімен өзара тығыз байланысқан бір қойдың тұтас жүнін айтады. Тауарлық түсінікте жабағы жүн дегеніміз қойдан көктемде қырқылып алынған, төменгі сорттары бөлінбеген біртұтас жамылғы жүн. Жүннің төменгі сорттарына – ластанған, былғанып бүлінген және қысқа жүн топтары мен жабағы шетінен бөлініп түскен бөлшек жүндер жатады.

Қой жабағысы құрамындағы талшығының түрі мен олардың ара - қатынасына қарай біркелкі және әртекті жүн болып екіге бөлінеді.

Біртекті жүн - жіңішкелігі, ұзындығы, бұйралығы, жұмсақтығы, серпімділігі жағынан біркелкі жүн талшықтарынан тұрады. Біртекті жүн тек биязы және биязылау жүнді қой тұқымдарынан алынады.

Біртекті биязы жүннің бір ерекшелігі - қойдың жабағысы (тұтас жүні) штапель тәрізденіп келген бөлшектерден құралады. Штапель екі түрге бөлінеді: сыртқы, көрінетін жағы және ішкі көрінбейтін немесе қолмен ажыратып, ашып көруге болатын жағы. Штапельді сыртқы көрінісі, яғни формасы жағынан екі топқа бөлуге болады: ашық және жабық. Штапельдің ашық, бір-бірінен алшақ болып келуі, жүннің сиректігін және талшықтарының бір - бірімен нашар байланысқандығын көрсетеді. Әдетте, мұндай жабағыға сырттан бөтен заттар (құм, топырақ, т.б.) оңай енеді де, жүн сапасын едәуір төмендетеді.

Штапельдің жабық түрі тығыз жүнді жабағыға тән, ондағы жүн талшықтары бір-бірімен тығыз байланысқан, сондықтан мұндай түрлі жабағының ішіне бөтен заттар кіре алмайды да, жүн сапасын, технологиялық қасиетін жақсы сақтайды.

Штапельдегі жүннің тығыз болып келуі қой тұқымына байланысты. Терінің бір шаршы милиметріндегі жүн талшықтарының саны әртүрлі қойда шамамен: тығыз жүнді мериноста - 73-тен 190-ға дейін; жүнді-етті меринос тұқымында – 46-дан 87-ге дейін; қысқа жүнді, етті қойда (жүнді біртекті жартылай биязы) – 16-дан 38-ге дейін; қылшық жүнді қойда – 7-8.

Әртекті жүн жабағысының сырт көрінісі тұлымданып, бұрымданып келеді. Тұлымданып келген жүн құрылысы ондағы әр түрлі жүн талшықтарының ара-қатынасы мен жіңішкелігіне тікелей байланысты. Әдетте жіңішке жүн талшықтары (түбіт) қылшықты талшықтарға қарағанда қысқа болып келеді де, төменгі (теріге жақын) жақта орналасады. Сол себепті, жүн талшықтарының қысқа және ұзын болып келуіне байланысты тұлымдардың сырт көрінісі конус тәрізді болады.

Жуылмаған кір жүн және оның құрамы.Табиғи жағдайда өсіп, қалыптасқан қой жүнін кір жүн деп атайды. Меринос қойдың кір жүнінің құрамы 14-кестеде берілген.

 

14 – кесте. Меринос қойының кір жүнінің 100 бөлігінің құрамы, %

Көрсеткішітер Мәліметтер
Академик М.Ф.Ивановтікі Хев релді кі
Меринос қойының таза жүні 31,0 31,23
Суық суда еритін шайыр мөлшері (тер мен байланысты қосындылары басым) 32,7 32,74
Суық суда ерімейтін шайыр мөлшері (маймен байланысты қосындылар басым )   8,6   8,57
Бөтен қосындылар (минералды заттар) 27,7 27,46

Жүнді жуғанда бөлінетін заттардың басым көпшілігі май мен тер үлесіне жатады.

Жүннің шайыры. Жоғарыда айтылғандай, теріде май мен тер бездері болады. Осы май мен тер бездерінің шырындары тері үстінде бір-бірімен араласып жүн шайырын құрайды. Шайыр жүн талшықтарын тығыз шүйкелендіріп, жабыстырып тұрады, тері мен жүнді сыртқы орта әсерінен қорғайды. Шайыры жоқ немесе аз жүн қатайып, ажары солғын тартады ондай жүнді құрғақ жүн деп атайды. Құрғақ жүн көбінесе қойдың арқасында болады. Жүн шайырының аз- көптігі қой тұқымына, жынысына, жеке ерекшелігіне байланысты. Мысалы, шайыр биязы және биязылау жүнді қойда көп, ал қылшық жүнді қойда аз кездеседі. Сол сияқты қошқар жүнінің шайыры да, сол тұқымның саулығымен салыстырғанда 3-5 % көп болады. Шайырдың тым көп болуы қолайсыз, себебі, біріншіден, жүннің таза түсімі кемиді, екіншіден, ондай қой конституциясы мен еттілігі жағынан тиісті талапқа сай келмейді. Ондай қой нәзік, сүйегі де жақсы жетілмейді, ет өнімі төмен болады, ауруға шалдыққыш, азықты да көп керек етеді. Оның аз-көптігін практикада жүнді бұрап, қысу арқылы, ал зертханада Сокслет аппаратының көмегімен анықтайды. Шайырдың аз-көптігінде ғана емес, оның түсі мен сапасының да маңызы бар: ақ немесе бозғылт қоңыр болғаны өте жақсы, ал жасыл немесе сарғыш түсті болғаны қолайлы емес. Шайырдың химиялық құрамы мен физикалық қасиеті әр малда әр түрлі және бір малдың өзінде де организмнің күйі мен азықтандырылу жағдайына байланысты бір қалыпты болмайды. Практикада шайыр түрлері сабын суға еру жылдамдығына қарай тез және ұзақ еритін болып екіге бөлінеді. Түсі ақ немесе бозғылт қоңыр шайырлы жүн сабынды сумен жуғанда қосымша заттардың көмегінсіз тез ашылады және сапасын жоғалтпайды. Сарғыш түсті ұзақ еритін шайырды жүннен кетіру үшін түрлі еріткіш заттар (сода т.б.) пайдаланады, мұның өзі жүн жууды қымбаттатып, кейде жүн талшықтарының сапасын да төмендетіп жіберуі мүмкін. Сондықтан жүн өңдейтін өнеркәсіп тез еритін шайырлы жүнді артық санайды. Ал қой өсірушілер болса, қойды жыл бойы жайылымда, далада жайған уақытта қой жүнінің өте шайырлы болуын тілейді, себебі көпке дейін ол жаңбыр, қар суымен шайылып, еріп, желмен құрғап кетпейді. Дегенмен, ескере келетін бір жайт, шайыр неғұрлым көп бөлінген сайын, соғұрлым оның құралуы үшін азықтың қоректік заттары көп жұмсалады. Сондықтан шайырды тым асыра бағалап, оны шектен тыс көбейтуге ұмтылмаған жөн. Әдетте шайырдың құрамында жүннің өз ішінен пайда болатын май мен тер бездерінің шырындарынан басқа сырттан жабысқан шаң-тозаң, құм, қоқым, шөп-шалаң, т.б. болады. Бұндай қоспалардың аз көп болуы қойды бағып күту жағдайына және жайылым күйіне байланысты. Егер қой шаң-тозаңды жайылымда жайылса, онда таза жүн аз алынады. Қойды бағып-күту жұмысының жолға қойылуына қарай, жүнін таза сақтауға да, сол жүнді топыраққа, шаңға, құмға, өсімдік бүршіктеріне, көңге т.б. былғап, бүкіл жүнді бүлдіріп алуға да болады. Бұл шопанның тәжірибелілігіне, ұқыптылығына байланысты.