Жүн ақаулығы және оны болдырмау жолдары

Жүн сапасын кемітіп, құнын төмендететін ақаулы кемістіктерге: жүн талшығының жіңішкеруі; қылдырықтанып жүннің тікенек өсімдікпен; жемшөп қалдығымен қоқымдануы; қи, несеп, топырақ және құммен ластануы; қойды өшпейтін қара маймен немесе майлы бояулармен белгілеулері; ақ жүнге түсті қылшықтардың немесе жіп сияқты заттардың араласуы; қойды дұрыс қырықпағандықтан болатын т.б. кемшіліктер жатады.

Ақаулы және ластанған жүннің бағасы қалыпты таза жүнге қарағанда едәуір төмен болады және олардан аз мөлшерде сапасыз мата тоқылады. Орталық жүн өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының деректеріне қарағанда, ластанған жүннің иірім шығымы қалыпты таза жүнге қарағанда 77%, ал лас жүндікі 85% болған. Сондықтан жүн ақаулығын, ластануын мейілінше азайтып, оның алдын алу шараларының халық шаруашылығы үшін маңызы зор.

Жүн талшығының жіңішкеруі, қылдырықтанып, қырқылуы - қойды дұрыс азықтандырмағандықтан болатын ақау. Ағзаның басқа жасушалары сияқты жүн жасушаларының да құралып, өсіп-жетілуі үшін қоректік заттардың белгілі бір мөлшері керек. Әдетте буаздығының екінші жартысындағы саулық қойды дұрыс азықтандырмағанда, қоректік заттар жетіспей жататынының салдарынан жүннің өсуі баяулап, кейде тіпті тоқтап қалады. Мықты және сапасы жақсы жүнді көп қырқудың шарты қойды жыл бойы тиісті дәрежеде азықтандырып, бағып күту. Қойды дұрыс азықтандыру жүн сапасына, мөлшеріне және қасиетіне жақсы әсер етеді. Қой азыққа жарымаса немесе, сапасы нашар азық берілсе, одан қырқылған жүн қысқа, жіңішке, осал және бос болады. Қой жүнінің өсуі теріге қоректік заттардың жеткілікті баруына байланысты, сондықтан қойды азықтандырудағы түрлі өзгерістер жүн талшықтарына, әсіресе оның жуан-жіңішкелігіне әсер етеді. Егер қоректік заттар ұзақ уақыт жетіспесе, сол кезде өскен жүн сапасы төмен, талшығы жіңішке, буылтық келеді. Мұндай жүн фабрикада машинамен өңдеген кезде үзілгіш келеді, осының салдарынан құнсыз, қысқа талшықтар алынады, бұл талшықтардан жақсы жіп иіруге, демек, берік мата тоқуға болмайды. Тоқығанда да ондай мата тез жыртылады. Сондықтан, мұндай жүн төменгі сортқа жатады, әрі бағасы өте арзан болады. Атап айтқанда, қой шаруашылығында, әсіресе биязы, биязылау жүнді қой өсіргенде, аз ғана уақыт берілген нашар азық жыл бойғы игі еңбектің нәтижесін төмендетіп жібереді. Бұдан кейін, сол қойды қанша жақсы азықтандырғанмен, олардың жүніндегі ақаулығы түзелмейді. Сондықтан қойды қыс бойы біркелкі жақсы азықтандырған жөн. Сонда ғана жүн талшығы жіңішкеріп, нашарлауына жол бермейді, мемлекетке жоғары сапалы жүн өткізіп, шаруашылыққа мол табыс келтіруге болады.

Жүннің тікенек өсімдікпен, жемшөп қалдығымен ластануы қойды дұрыс жайып, азықтандырмағандықтан болады. Оны болдырмау үшін қойды жазда, әсіресе жаздың екінші жартысынан бастап қурайлы және бұтасы бар зиянды өсімдіктер қылқан боз, ақселеу, көкнар, шалқан, ошаған, тағы басқа жабысқақ, тікенекті өсімдіктер өсетін жайылымдарға шығармау қажет. Осы өсімдіктердің ұрығы, қылтаны араласқан жүнді лас, шөңгелі жүн деп атайды. Бұл шөптердің бүршіктері қой жүнінің арасына шырмалып, ұйысып қалады және оны машинамен тазарту қиынға түседі. Тікенекті шөптен тазартқан кезде жүн талшықтарының бірқатары үзіледі, ұзындығы кемиді, жарамды жүн сапасы бұзылады, оның үстіне тікенекпен бірге біраз жүн шығын болады. Тікенек шөптерге шырмалып ұйысып, жүнді фабрикаларда химиялық әдіспен күшті қылшық ертіндісімен тазартады, сонда өсімдік бүршіктері түгелдей еріп кетеді. Бірақ жүннің беріктігі кемиді, одан тек бағасы арзан мата ғана тоқылады. Тікенек шөп ұрықтары араласқан жүн өткізген шаруашылық көп зиян шегеді, ал фабрика болса, одан сапалы мата дайындай алмайды.

Түрлеріне қарай тікенек өсімдіктің кейбіреуі ерте көктемде, жаз басында, жаз ортасында және күзде өсіп жетіледі. Сондықтан жүннің былғануына жол бермеу үшін шопандар өздерінің шаруашылығындағы жайылымдық жерді есепке алып, оның жалпы азық қорын айырып, өсімдіктің ботаникалық құрамын зерттеп, шығымдылығы қай айда қандай мөлшерде болатынын анықтап, жайылымды өріс-өріске бөліп, ауыспалы жайылым тәртібін енгізулері керек. Әдетте тікенек өсімдік ұрығы пісіп жетілген кезде қауіпті, ал өсіп келе жатқанда оны қой жақсы жейді. Сондықтан мұндай өсімдікті ерте пайдаланған дұрыс, ал уақытында пайдаланылмаған өсімдік ұрығы жетіліп, піскен тікенек өсімдіктері бар өріске айналуы керек.

Қойды өріске бөліп бағу, біріншіден, үнемді пайдалануға, екіншіден, қойдың жүнін тікенек шөптерден таза сақтауға мүмкіндік береді. Тікенек шөптерге қарсы күресудің бір жолы оларды жаңа көктеген кезінде пішенге арнап шабу. Түйеошаған және бір жылдық тікенек шөптерге қарсы күресудің тағы бір тиімді жолы жайылымды жыртып, оған көп жылдық шөп тұқымын себу. Көп жылдық екпе шөптер, тікенек шөптерді ығыстырып, 2-3 жыл ішінде оларды мүлде құртады және жайылым шөбінің шығымын арттырады. Шөлейтті және шөлді далалы аймақтарда түсімі мол көп жылдық өсімдіктерге еркек шөп, беде, эспарцет, изен және т.б. жатады.

Қойға ірі азықты (шөп, сабан, топан және т.б.) қыста қолда қорада баққанда дұрыс азықтандырмағандықтан жүн, жем-шөп қалдықтарымен былғанады. Бірқатар шаруашылықтарда қойға шөп беретін отық пайдаланылмайды, шопандар ірі азықтарды жерге шашып береді. Мұндай жағдайда малдың үсті шөп-шаламмен былғанады. Сонымен бірге қой астына төсеніш ретінде ірі азық қалдықтары, сабан пайдаланылады, соның салдарынан қой жүні қоқымданады. Жүнге жабысқан жемшөп қалдықтарын, тікенек өсімдіктерге қарағанда оңай ажыратуға болады, бірақ мұның өзі де жүн өңдеу процесін едәуір қиындатады.

Қойды қыста қорада баққанда, оның жүнін жемшөп қалдықтарымен ластамау үшін:

- ірі азықтарды жерге шашпай, арнаулы оттықтарға немесе торлы қабырғалы науаларға салып беру және жүнге шөп араластырмай, оттықтарға шөпті қой жоқта салып, алдын-ала дайындау қажет;

- қойды үюлі тұрған маяларға, шөмелелерге, шөп тиеулі тұрған арбаларға жібермеу керек;

- қойдың төсеніші ретінде ірі қалдық пен топанды пайдаланбай, ұзын сабақты бидай сабанын қолдану керек;

- қой үстін шөп-шаламнан әрдайым тазалап тұру және қырқуға жақындағанда мұқият тазалау сияқты шараларды қолдану керек.

Жүннің топырақпен және құммен ластануы. Топырақ пен құм жүнге араласып, жүннің арасына кіріп, талшығының сыртын қажап бүлдіреді, соның салдарынан олардың беріктігі, серпімділігі және тағы басқа пайдалы қасиеттері төмендейді. Мұндай қолайсыз жағдайларды болдырмау үшін, қойды күндіз және түнде тынықтырғанда (жусатқанда) көк орайлы, қыртысы қатты жерлерді таңдап алу керек, қатты жел тұрған кезде қойды ықтасын жерде ұстау керек, сонымен қатар жайылымның шаңын шығармай, жер қыртысын қатайтатын көп жылдық шөптерді өсіру пайдалы және жайылымды тоздырмау үшін жыл сайын екі өрісті мал жаймай қалдырып отыру керек. Қойды шаңды жолмен айдамаған жөн.

Жүннің базданып жидуі көбінесе қой қорасының тарлығынан және онда желдеткіштің жоқтығынан болады. Тар қорада қойдың тыныс алуынан ауа температурасы мен ылғалдылығы жоғарлайды.

Ұзақ уақыт осындай қорада қамалған, астында төсенішсіз сызда жатқан қой жүні ылғал тартып жидиді де тұлымданып түсе бастайды. Жүні түсіп жалаңаштаған жеріне қайтадан жүн шығады, бірақ жаңа жүн қой қырқу қарсаңында өсіп жетілмей қысқа болып қалады да жүн өнеркәсіп үшін құнсыз болып есептеледі. Осындай қолайсыз жағдайды болдырмау үшін, әр шаруашылықта көлемі кең, ауасы таза, желдеткіш орнатылған қой қоралары жеткілікті және жаңбырдың астында қалып, үсті су қойдың жүнін кептірмей қораға кіргізбеу қажет. Қамаған жағдайда қора желдеткішін іске қосқан жөн.

Жүннің табиғи, байырғы түсінің өзгеруі несеппен және қимен былғанудан болады. Мұндай жүннің түсі сарғыштанады. Ал сарғыш жүн сол қалпында бір түсті ақшыл мата тоқуға жарамсыз келеді. Мұндай жүнді фабрикада алдын ала химикаттармен тазартып, ағарту қажет. Химикаттар жүннің физикалық, технологиялық қасиеттерін едәуір кемітіп жібереді, сондықтан мұндай жүннен тоқылған кездеме сапалы болып шықпайды. Несеппен, қимен былғанған сарғыш тартқан жүнді класқа бөлген кезде төменгі сортқа жатқызылады және оның бағасы ақ түсті жүнге қарағанда 2-3 есе арзан келеді. Жүннің былғануы қойдың әсіресе қыста дұрыс бағып күтілмегендігінен, сыз, лас жерге жатқандығынан болады. Мұндай жағдайды болдырмау үшін озат шопандар мынадай шараларды қолданады:

- базға, әсіресе қораға қойды ауа райы қолайсыз болған күндері ғана қамау керек. Қалған уақытта қойды жайылымда немесе таза, ашық алаңда түнеткен дұрыс;

- қыс кезінде қораның іші су, ылғалды болмауын қадағалайды. Қораны су кірмеуі үшін дөңестеу жерге салу керек және оны айналдыра су ағатын шағын арық қазған жөн;

- жылына 2-3 рет қора қиын ойып тазартып, аптасына бір рет сабаннан төсеніш салып тұру қажет;

- жиналып қалған қи мен несеп қойдың жүнін ластамау үшін, жайылым уақытында бір қорада 4-5 күннен артық қамамау керек;

- қыс бойы қойдың дұрыс азықтандырылуын қадағалап, қойға азықты бірден көп беріп, оның ас қорыту жүйесі жұмысының бұзылуына әкеліп соқтырмау керек;

- қойдың іші өтіп, жүні былғанып, сапасын төмендетпеу үшін оны бір азықтан екінші азық түріне бірте-бірте көшіру керек;

- жүннің мұндай ластануын болдырмау үшін озат шаруашылықтарда, қой қоздар алдында оның желінін балақ және құйрық маңайындағы сабалақ жүндерін қырқып алу қажет;

- жүн аз былғану үшін сабау құйрықты қозылардың құйрығын кесіп тастаған жөн.

Қойды денеден кетпейтін бояумен белгілемеу. Шопанның күнделікті жұмысында отардағы кейбір қойды белгілеуге тура келеді. Мұндай жағдайда қойдың жүнін былғап, зиян келтірмеу жағын көздеу керек. Кейбір шопандар қойдың денесінен кетпейтін майлы бояулармен қалай болса солай белгілей салады. Мұндай бояумен белгіленген жүн бракқа шығарылады. Фабрикада әр қойдан алынған тұтас жүнді тексеріп, одан әлгі бояумен белгіленген жүнді алып тастауға тура келеді. Ондай жүн бөлек өңделеді және төменгі сортқа жатқызылады. Егер қолда басқа бояу болмай, қойды майлы бояумен белгілеуге тура келсе, оның жүнін бүлдірмей, басынан, құлағынан, аяғынан белгілеуге тырысу керек. Қазіргі уақытта қой белгілеуге арналған арнаулы бояулар бар. Солардың бірі МГ-50. Бұл бояу ланоли деп аталады. Ланолин майлы зат, ол жүн шайырынан дайындалады, сондықтан қойды МГ-50 бояуымен белгілегенде, жүн бүлінбей, жақсы сақталады, жуғанда тез кетеді.

Қойды дұрыс қырықпағандықтан болатын ақау.Қой қырқу өте жауапты кезең, шопандар қауымының бір жылғы еңбегіне баға беру кезеңі. Осы кезеңде қойды дұрыс қырықпағандықтан жүнді ұқыпты жинамағандықтан жүн сапасы төмендеп кетуі мүмкін. Әдетте, дұрыс қырқылмаған жүннің ақауы болады, соның бірі қиқымдап қырқу. Қиқым деп қысқа жүнді айтамыз, ол қырықтықшының тәжірибесіздігінен, алғашқы рет жүнді жоғарырақ қырқып, соңынан тазалап, тықырлап екінші рет қырққаннан пайда болады. Қиқымдап қырқу, біріншіден, жүн ұзындығын қысқартса, екіншіден, қысқа жүн жалпы жүнге араласып, жүнді ластайды. Фабрикадағы тарағыш машиналар қиқымданған жүнді түгелімен тазарта алмайды. Жүнде қалып қойған қиқым салдарынан, одан иірілген жіп бір тегіс болмайды, кейде ондай жіптен тоқылған мата бракқа шығарылуы да мүмкін. Сөйтіп, қой жүнін қиқымдап қырыққан қырықтықшылар шопанның бір жылғы еңбегін жоққа шығаруы ықтимал. Сондықтан, қой қырқу жұмысын тәжірибелі қырықтықшылардың атқарғаны жөн.

Ақ биязы жүн сапасын оған араласып кеткен қара немесе басқа түсті қылшықтар кемітіп жібереді, себебі жүнді класқа бөліп сорттағанда, оларға араласқан бөтен қылшықтарды тазалап алып тастау көбінесе мүмкін емес. Қылшық жүннің бұлай араласып кетуі түрлі тұқымды (биязы, биязылау, қылшық жүнді) және түрлі-түсті қой бір жерде қырқылғандықтан, қой қырқылған қораны мұқият тазаламағандықтан және бұрын қылшық жүн салынған қапқа, кейіннен тазаламаған биязы жүн салудан және т.б. болады. Ақ жүнге басқа тұтас қылшықтардың араласуы үлкен кемшілік, ондай жүн 15%-ға кем бағаланады. Озат шаруашылықтар жүннің осы ақауын болдырмай, жүннен түсетін табысты толығымен алу үшін қой қырқу жұмысын дұрыс ұйымдастырып, қылшық жүнді қойды биязы, биязылау жүнді қой қырқылып болғаннан кейін ғана қырқады.

Жүн сапасын оған араласып кеткен шүберек, кендір қиқымы мен жіп үзінділері де төмендетіп жібереді. Фабрикаларда бұл қосындыларды қолмен тазалауға тура келеді, ал мұның өзі жүнді өңдеу, мата тоқу процесін қиындатып, қымбаттата түседі. Кейде мұндай қоспалардан жүнді бүтіндей тазарту мүмкін де емес, сондықтан ондай жүн бракқа шығарылады. Жүнге осы айтылған заттар араласпауы үшін, қойды қырқар алдында қарап, жүнге жабысып қалған бөгде заттарды алып тастап, қой қырқатын орынды, жүнді класқа айырып, сұрыптайтын жерді таза ұстау қажет.

Қойды дұрыс қырықпағандықтан болатын тағы бір кемшілік- жүнді тұтасымен қырықпай, бөліп-бөліп, тұлымшалап тасталуы. Тұлымшаланған тұтас жүнді сорттап, класқа дұрыс ажырату қиын, сондықтан кейде жақсы жүннің өзі төменгі класқа ауысып құны төмендеуі мүмкін. Жүнді сорттау көп еңбекті, ұқыптылықты керек етеді, сондықтан мұндай жұмысты тез және дұрыс атқару үшін тарамдалмай тұтасымен түскені, сол күйінде буып-түйілгені дұрыс.

Биязы және биязылау жүнді қойдың көктемде туған қозыларын тамыз, қыркүйек айларында қырқу да жүн сапасын төмендетуге әкеліп соқтырады. Ондай қозылардың жүні ол кезде әлі де болса қажетті ұзындыққа жетпейді, оның үстіне бұл уақытта қырқылған қозы жүні көктемгі қырықтықта әлі қысқа болады, сондықтан төменгі класқа жатқызылады, яғни құны төмендейді.

Қойдың қотыр жүні. Мұндай жүннің ерекше бір өзгешелігі, онда қабыршақтанып келген терінің кепкен ұсақ бөліктері болады. Қотырлы қойды қырыққан жүнді жуғанда осы қабыршақтар жөнді кетпейді, оны кетіруге қолданылған химикаттардың әсерінен жүн сапасы төмендейді. Әдетте қотыр қойдың жүні қысқа келеді, беріктігі нашар болады. Ондағы шайыр сапасы да төмен, сондықтан жүн өзінің табиғи қасиетінен айырылады. Қойдың қотырынан шаруашылыққа көп зиян келеді. Қотырдың зардабынан әсіресе қыста, көктемде қойдың жүні түсіп, ысырапқа ұшырайды. Соның салдарынан әр қойдан қырқылатын жүн кеміп, көптеген шаруашылықтар жүн тапсыру жоспарын орындай алмай қалады, қораның тығыз, іші ылғалды, лас болуы қотырдың таралуына себеп болады. Сондықтан қойды қотырдан аман сақтау үшін, қораны (ауланы) кең, зоогигиеналық нормаға сәйкес салып, таза ұстау керек және қойды көктемде және күзде, жылына екі рет міндетті түрде кролин қосылған суға тоғытып немесе әдейі дәрілеп тұру керек.