Ойды жайып семірту және өнеркәсіптік негізінде бордақылау

Қойды өнеркәсіптік негізінде бордақылау. Ет өндіруді арттырып, оның сапасын жақсартудың елеулі резерві қой санын толықтырудан артылған қозыларды, жедел бордақылау және оларды туған жылы өткізу. Республикамыздың қой өсіретін озат шаруашалықтарының практикасына қарағанда, былайша бордақылау:

а) қой етін көп өндіріп, дайындалатын еттің биологиялық құндылығын арттыруға;

б) саулықтарының ара-салмағын арттырып, қой отарларының ұдайы өсуін жеделдетуде;

в) қой санын толықтырудан артылған қозыларды бордақылау алдында қырыққанда алынатын жүннің есебімен жүн өндіруді арттыруға;

г) еңбек өнімділігін арттыруға және орташа тәуліктік қосымша салмақты көбірек алу, жемшөпті қосымша салмақпен көтеріңкі күйде өтеу есебімен ет пен жүн өндірудің өзіндік құнын төмендетуге себін тигізеді.

Көпшілікке мәлім, қой етін өндіруді арттыру үшін аса маңызды шарт қой басын үздіксіз өсіру, отардың құрылымын дұрыс ұйымдастыру, мал бордақылаудың және жайып семіртудің қазіргі кездегі тәсілін енгізу.

Жедел бордақылау үшін, әдетте ажыратылған қозылар алынады, себебі жас мал дұрыс азықтандырған жағдайда, тез өсіп жетіледі, әрі етінің сапасы жақсы болып, өзіндік құны едәуір төмендейді. 1 кг салмақ қосу үшін қозы 5,5-7,0 %, ал ересек қойлар 9-14% азық өлшемін жұмсайды. Сонымен қатар, қозыларды туған жылы бордақылап етке өткізу табындағы саулықтың үлес салмағын өсіруге септігін тигізеді: бұл жағдайда олардың үлес салмағын биязы жүнді қой шаруашылығында 55-60%, биязылау жүнді бағыттағы қой отарында 60-65%, құйрықты, қылшық жүнді қой отарында 70-75 % дейін көтеруге мүмкіндік туады. Бұның өзі бір қойдан 25-40 кг-ға дейін ет өндіруге және жүн өнімділігін едәуір өсіруге ықпал етеді.

Енесінен ажыратылған шақта қозыларды іріктеп, тұқымға қалдыратыннан басқаларын етке өткізу жағын қарастыру керек. Етті -майлы бағыттағы қойлардың тірі салмағы 30 кг және етті – жүнді бағыттағы қойлардың тірі салмағы 28 кг асқан қозыларын етке өткізуге болады, ал салмағы төмендерін жайып семіртіп немесе жедел түрде бордақылау қажет. Бұл қозылардыың жүнін міндетті түрде қырқу керек, бірақ еске сақтайтын бір жай, етке өткізер алдында олардың терісіндегі жүннің ұзындығы, қылшық жүнді қозыларда 2,5 см, биязы және биязылау жүнді қозыларда 1,1-2,1см-ден кем болмауы тиіс.

Қойды (қозыны) өнеркәсіптік негізде бордақылайтын фермалардың арнайы жасалған немесе жабық алаңдары болады. Жабық бордақылау құрылысының еденін саңылаулы етіп жасаған дұрыс. Еден тақтайларының бір-бірінен қашықтығы 22—25 мм аспауы керек, саңылау одан көп болса, үстіндегі қойдың тұяғы кіріп кетіп, аяғын сындыруы ықтимал, аз болса қой құмалағымен бітеліп жиі-жиі тазалауға тура келеді. Бордақылау кезінде бұндай еденнің әр шаршы метріне үш қозыдан ұстауға болады. Бір-біріне жақындастырыла төселген тақтай төсемнен тұратын еденнің асты канал тәрізді болып қалады. Қой құмалағы едендегі саңылаулар арқылы осы орға түсіп жиналады. Оны бульдозермен немесе сумен жуу арқылы сыртқа шығарып жинақтауға болады. Еденнің бұндай жобасы қол еңбегін мүлдем керек етпейді. Қой бордақылау процесін индустриялық әдіске көшіруде бар азықты тиімді пайдаланып, малды азықтандыруды дұрыс ұйымдастыру негізгі мәселе болып саналады. Әдетте бордақылаудағы қойдың рационы физикалық формасы әр түрлі болып келген азықтардан жем, пішен, сүрлем, пішендеме, сабан, қызылша және т.б. құралады. Біріншіден, бұл азықтар байырғы табиғи қалпында толық желінбей, қалдық көп қалып, ысырап болады. Екіншіден, әр түрлі жемшөптен құралған рацион азық үлестіруді механикаландыру жұмысын қиындатады. Міне, сондықтан да көптеген мал бордақылайтын шаруашылықтарда әлі бұрынғыдай әр азық жеке-жеке тасылып беріледі, қол күші көп жұмсалып жүр, әрбір операцияны қайталай бергендіктен еңбектің өнімділігі де төмен. Сайып келгенде, азық үлестірудің бұндай технологиясы қойды өнеркәсіптік негізінде бордақылау жұмысының талабына сай келмейді. Сондықтан да ғылыми-зерттеулердің нәтижесінде әр азықты ұнтақтап, бір-бірімен араластырып, түйіршіктеп беру әдісі ұсынылады. Соның арқасында рациондағы әр түрлі азықтарды бір азықпен алмастыруға, жемшөп үлестіру процесін механикаландыруға мүмкіндік туды. Тіпті бұндай толық рационды түйіршіктелген азықты күнде үлестіріп бермей-ақ алты-жеті күндік мөлшерін арнайы (өздігінен желінетін) астауға салып қоюға да болады. Қой керек уақытында қалағанынша жеп, күйіс қайтарып жата береді. Мұндай жағдайда азықтандыру ауқымы әр қойға есептелгенде 4 см дейін қысқарады, яғни ұзындығы 1метр 25 қой қоректене алады деген сөз. Бұл үлкен үнем.

Қозыларды түйіршіктеніп дайындалған қоспамен бордақылағанда қандай нормамен азықтандыру қажет, түйіршіктердің құрамындағы қоректік заттардың арақатынасы қандай болмақ ?

Арнайы жүргізілген тәжірибе нәтижесінде төмендегідей қорытынды шығарылды.

1. Қозыларды өнеркәсіптік негізінде бордақылағанда, толық рационды түйіршіктелген қоспаны қозыларға жегенінше (тойғанынша) беру қажет; бұл жағдайда нормамен салыстырғанда азық 10—12 % артық жұмсалады, бірақ ол қосымша алынған табыс арқылы толығымен өтеледі. Әрі түйіршіктерді күнде үлестірмей, 5 – 7 күндік мөлшерін астауларға салып қойғандықтан еңбек өнімділігі көп жоғарылайды.

2. Тірідей салмағы 25 – 30 кг, 4 – 5 айлық қозыларды бордақылағанда түйіршіктің бір азық өлшемінде 85 – 90 г қорытылатын протеин жеткілікті.

3. Құрамында 30 – 40% жем қосылған толық рационды түйіршіктелген қойдың кальций мен фосфорға деген қажетін толық өтейді. Сондықтан бұл элементтердің тұздарын көп пайдаланбаған жөн.

4. Оңтүстік шығыс Қазақстандағы шаруашылықтардың қозыларына берілетін түйіршіктердің бір тоннасына 1,0 – 1,5 г хлорлы кобальт, 6 - 8 г күкірт қышқылды мыс және 0,2 – 0,4 мг йодты калий қосса жеткілікті.

5. Қозыларды толық рационды түйіршіктелген азықпен бордақылағанда, олардың ас тұзына деген қажетті едәуір артады. Сондықтан ас тұзы жөніндегі нормасын 15-20 пайызға жоғарылатуға болады.

6. Түйіршіктелген азық құрамында 15-20 пайыз шөп ұны болған жағдайда қозылардың каротинге деген талабы толық, тіпті артығымен қамтамасыз етіледі.

7. Қозылардың толық рационды түйіршіктермен бордақылағанда, олар суды 1,5-2,0 есе көп ішеді, сондықтан суды үзбей, суарғыштарды пайдалану қажет.

Түйіршіктелген азық рецептін жасағанда жергілікті жердің жемшөбінің химиялық құрамы мен қоректілігін анықтап ескерген жөн. Сол жерде көп өндірілетін өндірістің жанама өнімдері мен қалдықтарын түйіршіктердің құрамына мейлінше көбірек енгізуге тырысу керек.

Енесінен айырылғаннан кейін қозыларды жедел бордақылау үшін түйірленген азықтың мынандай рецептін ұсынылады (салмағынан алғанда , пайызбен).

Бұл рецепт республикамыздың қызылша егетін аудандарының шаруашылықтарына ұсынылады, ал сірә болмайтын солтүстік облыстарында арпа жармасының орнына бидай қалдықтарын пайдалануға болады, бұларда бидайдың уызы байланыстырғыш зат болып табылады.

Мұндай түйіршіктелген азықтың бір тоннасының құны шамамен 40-45 мың теңге, бір қозыны 60 күн ішінде бордақылау үшін 120-130 кг азық керек. Қозылардың орташа күн тәуліктің қосатын салмағы мынадай: таза тұқымды биязы жүнді еркек қозыларды бордақылауда 160-190 г, будан қозыларды бордақылағанда 200-250 грамм.

Түйіршіктелген азықты өндіруге және пайдалануға байланысты шығындар толық өтеледі, бір қозыдан алынатын таза табыс 4,5-7,0 мың тенге.

Түйіршіктелген азық мол болған жерде қозыларды (тоқтыларды) бір жасына дейін бордақылап, етке өткізген пайдалы. Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибелерінде қыркүйек айында бордақылауға қойылған қозылар келесі жылдың мамыр айына дейін (яғни бір жасқа толғанша) толық рационды түйіршіктелген азықпен қоректендірілген.

Соның нәтижесінде әр тоқтының салмағы 62кг жетіп, әр қайсысынан 5,9 кг-нан жүн қырқылған. Әрқайсысынан түскен таза табыс 7-10 мың теңге болған.

Қойды ірі комплекстерде көптен шоғырландырып, ауыр жұмыстарды механикаландырудың және өнеркәсіптік негізде бордақылаудың төмендегідей артықшылықтары бар:

- біріншіден, ескі технология бойынша бір адамға бекітілген қой 250-270-тен аспайтын, қазір бір адам 2000-2500, тіпті одан да көп қойды жалғыз өзі күтіп-бағуына мүмкіндік туады;

- екіншіден, бұрын бір центнер салмақ алу үшін 25-40 адам-сағат жұмсалған болса, қазір небәрі 4,5-5,0 адам-сағат жұмсалады.

- үшіншіден, бір кг салмақ алуға жұмсалған азық шығыны 30-35 пайызға кемиді. Түйіншіктелген күйінде берілгендіктен азық ысырап болмай үнемі жұмсалып, әрі жұғымдылығы артып, қоректік заттары жақсы сақталады;

- төртіншіден, бір центнер салмақтың өзіндік құны 26,0-26,5 мың тенгеден 23,3-23,7 мың теңгеге дейін азаяды, рентабельділігі 30-35 тен 75 пайызға дейін жоғарылайды;

- бесіншіден, бордақылау кешендерінде жұмыс процесінің бәрі техникамен атқарылады.

Соның нәтижесінде шопан еңбегі өзінің басқы мағынасын өзгертіп, оператор сияқты жаңа маманға ие болады. Енді шопан трактор жүргізіп, механикаландырылған бордақылау комплекстерін басқарады. Таяудағы жылдары оның еңбегі тек механизатор емес, зоотехник, мал дәрігерлерінің еңбектерімен ұштастырылып, нағыз творчествалық жұмысқа айналып, ғылыми мазмұны толығады.

Қойды жайып семірту. Биязы жүнді қой тұқымының етке тапсырылатынын ісектерін жаз шығысымен, ал жаз ортасы ауып, қозылар енесінен бөлінгенде бракқа шығарылған саулықтар мен етке өткізілетін қозыларды жайылымда семірту жұмысы ұйымдастырылады. Қойды жайып семірту жұмысы жыл сайын жасалып отыратын жоспарға сәйкес жүргізіледі. Бұл жоспарды жасағанда, бірқатар шаралар комплексіне назар аудырылады, атап айтқанда:

-жайып семіртілетін малды бағатын тұрақты бригадалар ұйымдастыру және оларды зоотехникалық тұрғыдан дайындау;

- жайып семіртілетін малды жайылымға шығарар алдында мал дәрігерлері арнаулы байқау жүргізіп, ауру және әлжуаз малды бөліп қалдырады;

-жайып семіртудің барысын бақылап отыру үшін малды жайылымға шығарар алдында таразыдан өткізіп, арнаулы журналға жазып қояды да, ай сайын салмағын өлшеп тұрады;

-жайып семіртуге арналған малды жынысына, жасына, тірілей салмағы мен қоңдылығына қарай отарларға бөледі, нөмірлейді. Шамамен ісек отары 1000-1400, саулық 800-1200, енесінен бөлінген қозылар 800-1000 бастан тұрады;

-қойды ойдағыдай жайып семірту үшін жайылымды пайдалану жоспары жасалып, оларды әр отарға бөліп бекітеді. Жайылымды дұрыс пайдалану үшін, қойды әуелі шөбі сұйылған жерге жайып, содан кейін бірте-бірте жаңа өріске көшіріп отырған жөн. Қойды жайып семіртуде әр түрлі дақылдарды жинап алғанда қалған аңыздық учаскелердің айрықша маңызы бар. Жайылым жетіспеген жағдайда әр отарға қосымша жем мен минерал азықтарын беру көзделеді. Жемді жайып семіртудің аяқ кезінде міндетті түрде беру керек, сонда мал еті молайып сапасы жақсара түседі;

-қойды жайып семіртудің күнделік жұмыс тәртібін белгілеу: мұнда оның тәулігіне 12-14 сағат бойына жайылуын көздеу керек. Малды күннің ыстық кезінде тынықтырып, салқын кезде, әсіресе түнде жайған тиімді;

-қойдың салмақ қосуы тек азықтандыру жағдайына ғана емес, сондай-ақ жұмыс күнінің тәртібіне де тікелей байланысты. Мәселен, қойды ыстық күндері өргізгенде немесе өрістен қотанға айдап әкелерде бұрын мал жайып жүріп кеткен жермен, шаңды жолмен немесе ақтаңдақ, сортаң жермен жүргізбеген жөн. Қойды біресе суатқа, біресе өріске немесе қонысқа айдап, ретсіз сергелдеңге салуға болмайды. Керісінше, жайып болған соң демалдырып, әбден тынықтыру керек. Уақытында суарып, мүндетті түрде тұз беру қажет.

Жаздыгүні қойды жиі-жиі тоғытып, бойын сергітіп, үстін тазалап тұру керек, сонда тез еттейеді.

Қойды жазда жайып семіртуге ерекше көңіл бөлген жөн, өйткені еңбек шығыны аз жұмсалады, әрі мал азықты өз аяғынан жүріп тауып жейді. Демек, ет пен жүн арзанға түседі де деген сөз.