Теріні ылғалдап тұздау

Ылғалдап тұздау – теріні консервілеудің кең тараған әдісінің бірі.

Ылғалдап тұздау екі әдіс бойынша жүргізіледі: жас теріні жайып қойып, ылғалдап тұздау және теріні тұз ерітіндісіне батырып, тұздықпен консервілеу.

1. Жас теріні жайып қойып, ылғалдап тұздау.Бұл әдіс қолдануға ыңғайлы болғандықтан кең тараған. Оның мәні мынада: жаңа сойып алған жас теріні шелдеп болғаннан кейін, шел жағын бетіне қаратып, жақсылап қыртыстанған жерлерін жазып жайып, үстіне құрғақ ас тұзын себеді. Мұнан соң тұз теріге бір тегіс тиетіндей етіп қолмен жайып, қалың жерлерін ептеп ысқылап қояды. Бұл жағдайда, тұз терінің суын бойына тартып, ылғалданып ериді де тері бетінде концентрациясы күшті тұздық пайда болады. Сол кезде диффузия процесі жүре бастайды. Тұз ерітінді ретінде теріге енеді де осмостық көтерілуіне байланысты ондағы су сыртқа шығып, тұзбен араласып тұздықтың жаңа порциясы құралады. Бұл процесс терідегі барлық су тұзбен қаныққанша жүре береді. Құралған тұздықтың біразы тері бетіне сыймай жерге ағады, соның нәтижесінде терінің салмағы кемиді.

Терілерді көлемі 125*150 см ағаш стеллаждарда тұздайды. Тұздықтың теріден ағуы оңай болуы үшін стеллаждың орта шені шет жақтарына қарағанда 10-15 сантиметрдей дөңестеу болып келеді.

Теріні жерге салып тұздауға болмайды.

Терілерді тұздауға кірісер алдында стеллажды жақсылап тазалайды, оның үстіне қалыңдығы бірдей, 2,5 см етіп таза құрғақ тұз салады. Дайындалған теріні шел жағын жоғары қаратып стеллаждың үстіне жазып салады, әсіресе мойын мен аяғындағы, құйрығы мен шет-шетіндегі қыртыстанған жерлерін қолмен тегістейді. Тұз терінің шелді жағына біркелкі себіліп, ол қолмен бір мезгілде араластырылып отырады. Теріге тұзды қолмен жаймалап, әбден жағып болғаннан кейін, оның үстіне тағы да жұқалап барлық жеріне біркелкі етіп тұз себіледі. Бірінші тері осылайша тұздалып болғаннан кейін, оның үстіне шел жағын жоғары қаратып екінші теріні салып, тұздайды, оның үстіне осы әдіспен үшінші, төртінші және келесі терілер салынып, тері штабелі құралады. Тері штабелінің биіктігі бір метрден аспау керек. Ескеретін бір жай тұздау барысында үстіңгі терінің мойны, аяғы, құйрығы және басқа мүшелері астында жатқан терінің мүшелеріне сәйкес дәл келуі керек.

Қимен ластанып, нәжіс пен лай күнге кесек-кесек болып қатып қалған терілерді штабельге екі-екіден ішкі жағы беттестіріліп салынады. Бұнда да олар жақсылап тұздалып, осы екі терінің пұшпақтары дәлме-дәл келтіріліп беттестірілуі тиіс.

Осылайша терілерді текшелеп штабель жасап болғаннан кейін, ең үстіңгі тері кеуіп кетпес үшін оның үстіне қалың етіп тұз сеуіп тастайды.

Әдетте мехтық терілерді тондық және былғарылық терілерден бөлек тұздап, текшелейді.

Терілерді штабельде консервілеу 4-6 күнге созылады. Тері 3-4 күн тұздалғаннан кейін штабельдерді ашып қарайды да терінің әлі жеткіліксіз тұздалған немесе өте дымқыл және қан ұйыған жерлерін тазалап қайтадан тұз себеді. Ұйымдастыру жұмысы жақсы болса қой терісі 4 күнде тұздалып бітуі тиіс.

Өте ыстық күндері терінің өзінен-өзі қызып кетпеуі үшін штабельдің ішін ашып, бақылап отырады. Өте жоғары температурада терілерді бұрынғы мен тұзды суынан тазартып, жаңадан тұз себеді де терілерді кішірек штабельдерге жинайды.

Теріні тұздап баптау үшін техникалық ас тұзы (Мем.СТ-157-57) қолданылады. Қой терісін тұздап, консервілегенде, кесектерінің ірілігі 1,3 миллиметрден 2,5 миллиметрге дейінгі №2 тұз ұнтағын қолданған жөн. №2 тұз болмаған күнде тым майда немесе тым ірі тұзды ғана пайдалануға рұқсат етіледі, соның өзінде ірі тұз алдын ала ұсатылады және тесігінің кеңдігі 2,5 мм електен өткізіледі.

Теріні осы сипатталып отырған әдіс бойынша консервілегенде, тұздың шығымы шикізат салмағының 35-40 пайызы болады. Мәселен, терінінің салмағы 7 кг болса, оны баптау үшін 2,5 кг тұз керек. Тұздап баптау әсерін күшейте түсу үшін тұзға суда және тұздықта еритін, теріні бүлдірмейтін, адамға зияны жоқ және микроорганизмдерді өлтіретін немесе олардың тіршілік әрекетіне бөгет болатын антисептиктерді қосу ұсынылады. Антисептиктерді тұзға қосу нормасы 32-кестеде көрсетілген.