Бұйраның негізгі қасиеттері

Қаракөл бұйрасы жоғарыда атап көрсеткендей, көптеген белгілерімен сипатталады. Бұлардың әрқайсысына тоқтала отырып, бұйраны бағалау туралы тарихи мәселелерді қозғап, олардың жалпы қабылдаған қазіргі жіктеулерін баяндаймыз.

Форма және тип.Қаракөл қойын өсірушілердің көптен бері байқағаны – терісіндегі бұйралар алуан түрлі болып келеді де, соған сәйкес түрліше бағаланады. Асыл тұқымды материалды сатып алған кезде міндетті түрде қаракөл елтірісі көрмеге қойылып, ондағы бұйраның формасы мен типіне үйлестіретін түс ерекшеліктерінің сипаттамасына, жүн талшығының жұмсақтығына, жібектілігіне және жылтырлығына көңіл бөледі. Онсыз бұл тұқымның шығуын, ондағы бағалы бұйраның пайда болуын көзге елестету мүмкін емес. Өйткені, биязы жүнді қойлары нәсілдік қасиеттерін бірінші ұрпаққа тұрақты береді. Сол себептен де қаракөл бұйрасын бірыңғай жіктеу әрекеті көнеден қалған.

Көне дәуірдің өзінде – ақ қаракөл бұйрасын жіктеуге талпыныс болған (Бұхар әмірінің ІХ ғасырындағы «Күшбет» жазбасынан) – қаламгүл, елгүл, лундагүл, арагүл, пармагүл, халқа, джам, патақ, лесида.

Орыс әдебиетінде қаракөл бұйрасын алғашқы жіктеуді И. В. Синициннің (1990) Өзбекстанда жинаған материалдарынан кездестіреміз. Ол бұйраның мынадай типтерін сипаттады: толқынды немесе хвыляста (хвыля – толқын), бұршақ тәрізді, баданалы, сақиналы, ұйпа – тұйпа (сабалақтанған).

1914 жылы М.Ф. Иванов бұйраны мынадай типтерге бөлді: - толқынды (толқын – хвыляста);

- баданалы немесе бұршақгүл;

- сақиналы және моншақгүл;

- әлжуаз (ұйпа – тұйпа).

1932 жылы М.Ф. Иванов пен В.М. Юдин қаракөл бұйрасының зоотехникалық жіктелуін едәуір ұлғайтып, тереңдете түсті, әрі олардың морфологиялық құрылысына алғаш рет сипаттама берді. Бұл жіктеу бойынша қаракөл бұйрасы мынадай типтерге бөлінеді:

Бағалысы: толқын бұйра (биік, жартылай шеңберлі, жазық) және бұршақгүл – қысқа толқын (биік, жартылай шеңберлі және жазық);

Бағасы шамалылауы: жал (биік, жазық);

Бағасы төмені: сақиналы, жартылай шиыршық, бұранда, ұлу, бұршақ;

Жарамсызы: шиыршық, жартылай шиыршық, бұранда, ұлу, бұршақ.

Мұндай жіктеу бүгінге дейін өз мәнін жойған жоқ, қаракөлді бағалаған кезде осыны пайдаланады.

Қазіргі бұйра формасын былайша бөлу қабылдаған:

Бағалысы: толқын және бұршақгүл;

Бағасы шамалылауы: жал толқын (қысқа және орташа);

Бағасы төмені: енді жал толқын, жартылай шеңберлі және шеңберлі толқын;

Жарамсызы: шиыршық, жартылай шиыршық, бұранда, ұлу, бұрщақ.

И. И. Дьячков пен Р. Т. Письменный толқындау бұйраның жіктелуін біршама ұлғайтып, оны ирек толқын, ойыс толқын, жал тәрізді толқын және шуда толқын деп бөлді. Н. С. Гигинейшвили жылан толқын дегенді қосты.

Толқын, немесе толқындау бұйра – қаракөл елтірісінің иректі түгінің ең бағалысы. Академик В. М. Юдиннің пікірінше, толқындау бұйра мен бұршақгүл бұйра қаракөл елтірісіне әлемдік жоғары баға береді.

Толқын бұйра бетінде түзу, әрі паралелль орналасады. Жүн талшығы толқынның өзіндік құрылысы, түкті ирегі болады да, жартылай шеңбер немесе шеңбер түзеді, ал оның осы тері бетіне перпендикуляр орналасады. Толқын бұйраны қарағанда, талшық ұшы көрінбейді, ал толқын аралығында жіктер тері тканіне паралелль жатқан жылтыр қылшықтармен көмкерілген.

Толқын бұйраның формасы тұйық шеңбер түзеді. Оны жабатын талшықты бүркеме бөлігі деп атайды. Олар толқын түзуге қатысатын талшық санының шамамен 55 – 60 %-ы құрайды да, мұның өзі бұйраның жоғары сапалылығын қамтамсыз етеді. Бір түзулікте орналасқан жабын талшықтары сыртқы сақина тәрізді цилиндрлі иректің тегіс қабатын құрайды. Мұндайда жабын талшықтар ұзындығы мен жіңішкелігі жағынан неғұрлым біркелкі болса, бұйра ирегі де соғұрлым көрікті, әдемі бола түседі.

Бұйра ішіндегі жүн талшықтары орақ тәрізді формада болады. Олар бұйра құрылысының дұрыс құрылуын қамтамасыз етіп, бұйра тығыздығы көбінесе соған байланысты болады.

Жартылай шеңберлі толқын.Бұл бұйрадағы талшықтың сапасы жақсы болады: жібектілігі, жылтырлығы, пигментінің қоюлығы, талшығының ұзындығы – 8,7 мм. Бұйра мөлшері: биіктігі – 4,8 мм, ені – 5,5 мм, ұзындығы – 29,7 мм, жік ені – 2,8 мм. Құрылысының формасы бойынша толқын бұйраның мынадай түрлері болады: жартылай шеңберлі ирек, енді, биік, аласа, ершік тәрізді, құйын тәрізді.

Бір елтірідегі жартылай шеңберлі толқын бұйраның мұндай алуан түрлі формасы, бұйраның басқа түрлерімен қоса (қабырға толқын, жазық толқын) оның өрнегін әдемілендіре түседі.

Қабырғалы толқын.Дәлме-дәл жарты шеңбер құрамайды, бұйра талшықтары біркелкі шиыршықталмаған, аздап бұрыш жасап тұрады, ал толқынның көлденең қимасы малдың қабырғасын еске алады.

Қабырғалы толқынның орташа мөлшері: талшығының ұзындығы – 8,2 мм, бұйрасының биіктігі – 5,6, ені – 7,7, ұзындығы – 42,6, жік ені – 2,6мм.

Талшық әуелі тік өсіп, содан кейін иіліп, алғашқы бұрыш (бүгіліс) құрады, содан кейін тері бетінде тік бұрышты параллель бағытта өскен талшық ұштары екінші бұрыш түзеді, содан кейін тері бетіне қарай ойысады, бірақ бұйралар тұйықталмайды. Иілімнің осы екі бұрышы толқынға қабырғалық тип береді. Жабын талшықтары бұйра түзуге қатысатын барлық талшықтың 63-75% -ы құрайды.

Жүн талшықтарында орақ тәрізді иілім болмайды, олар сәл бүгіліп, біразы тік талшықтан тұрады. Жік арасының кендігі елтірі өрнегіне айқындық береді.

Қабырғалы толқын жартылай шеңберлі толқынмен немесе қысқа жал аралас жазық толқынмен бірге кездеседі. Мұндай елтірілер талшық сипатына қарай қалыпты, жібектілігі мен реңділігі (пигменттеуі) бойынша – жылтыр болады. Оларда бұйраның ашық жағы басқа қарай бағытталған. Алайда, қабырғалы толқын да көбінесе жал толқын кездеседі. Мұндайда елтірінің жібектілігі жеткіліксіз, реңі мен жылтыры солғын келеді. Қабырғалы толқын енді жал толқынмен үйлескенде талшығы іріленгендігі, оның құрғақтағы және жылтырының шыны тәрізді болатындығы байқалады.

Иректіктің классикалық формасының бұзылуы, жартылай шеңберлі орамның, сақинаның жоқтығы, бұйраның сүйірленуі ақаулы деп есептеледі.

Жалпақ жал толқында талшығы құрғақ, жылтырлы, шыны тәрізді болатындықтан, бұйралықтың бұл формасы жакеттік топқа қарағанда қарама-қарсы деп қарастырылады, демек, мұны болдырмас үшін дұрыс селекциялық жұмыстар қажет.

Жазық толқынсақина тәрізді бүгілісі жойылған біркелкі жабын талшықтарынан (90-94%) түзіледі.

Жазық толқынның орташа мөлшері: талшығының ұзындығы – 7,7 мм, бұйрасының биіктігі – 1,3 мм. Талшықтар тері бетінен қылтиып шығысымен доға тәрізді бүгіліп, тері жабынына параллель орналасады. Бүркеме талшықтардың ұшы осінен иіліп, келесі бұйраның бетіне тіреледі. Сондықтан да бұйра аралығындағы жік білінбейді. Жазық толқынның сәл ойыс болуы бұйраның сиректігіне және тым жұмсақтығына (жібектілігіне) байланысты.

Жазық толқын, әдетте, жартылай шеңберлі немесе қабырғалы толқындармен қоса және таза күйінде өте сирек кездеседі. Жазық толқын қысқа жазық жалмен және лассамен үйлескенде елтіріні әдемілендіре түседі.

Жазық толқын, сондай-ақ қабырғалы толқын жартылай шеңберлі толқынның классикалық формасының ауытқуы болып саналады. Алайда, оның талшығы өте жұмсақ (жібектілік), жылтыры күшті, пигменті көп болатындықтан ұнамды типке жатқызады.

Ирек толқын.Құрылысының формасы бойынша жартылай шеңберлі толқынға жатады, тек айырмашылығы – бүкіл ұзындығы бойына ені біркелкі емес.

Ирек толқынның орташа мөлшері: талшығының ұзындығы- 8,4 мм, биіктігі – 4,5, ені 6,5 – 10, ұзындығы – 46,7, жігінің ені – 2,6 мм.

Қаракөл елтерісінде бұл бұйралар барлық ұзындығында сынық иректі өрнек түзеді. Бұйра енінің әркелкі таралуы мен ұлғаюы, басқа да, бұйралармен қосыла отырып теріге әдемі түрмен өң береді. Ирек толқын жүн талшығының сапасы өте жоғары әрі жұмсақ, жылтыр, пигментті болғанда түзеледі. Олар жартылай шеңберлі толқынмен, бұршақгүлмен, жалды жакетпен, москвалық жакетпен, қалың жакетпен және кирпукпен бірге кездеседі.

Ұшы сүйір толқынныңқұрылысы жартылай шеңберлі толқынмен бірдей; айырмашылығы – оның бұйрасының биіктігі (14,9 мм) енінен (3,4 мм) үлкенірек және де ұшы сәл сүйірлеу. Бұйрасының ұзындығы – 32,3 мм, жігінің ені 2,5 мм.

Ұшы сүйір толқын (кейде биік немесе тарылған деп атайды) ирек және жал тәрізді толқындармен, сирегірек – жартылай шеңберлі, сүйір жалды толқындармен бірге үйлеседі.

Ұшы сүйір толқын жүн талшығының сапасы жақсы болғанда түзіледі. Кирпук және қабырғалы І сорттарында бұйраның ашық жағында тік көлбеулікте орналасатын толық емес иректер болады.

Жал тәрізді толқынонша жетілмеген жартылай шеңберлі толқынға немесе бір жағына қайырылған жалға ұқсайды; түрі жал тәрізді. Жал тәрізді бұйраны түзетін жабын талшығын бұйра осіне перпендикуляр иілмейді, бұйра бойына қиғаштала иіледі. Талшықтарының ұштары бұйра төбесіне қарай ойысып, оның екінші жағына түседі. Талшығында біршама қырлы иректер болады да, олар биік ораммен аяқталады. Кейде талшық ұштары сорайып, ептеп ұйпаланып тұрады.

Орташа мөлшері: талшығының ұзындығы – 7,5 мм, бұйрасының биіктігі – 5,4, ені – 4,3, ұзындығы – 36,6, жік ені – 2,5 мм.

Жал тәрізді бұйра жұмсақ, қалыпты жылтырлықты және пигментті талшықта, толқындау және жал бұйралармен үйлесе отырып түзіледі. Бұл бұйралар көбінесе қозының жамбас тұсында орналасады. Кирпук, І жұқа және ІІ жакет сорттарында кездеседі.

Толқын – жал– бұл жартылай шеңберлі иректі толқындау бұйра, олардың екі жақ ұшы жалданып аяқталады. Ондағы жабын талшықтары 1/3 айналым ирек түзеді, әрі қарай, толқын ұзындығының бағыты бойынша жан – жағына жайылып, жалды елестетеді. Мұндай бұйраның бағасы шамалы болады. Оның орташа мөлшері: талшығының ұзындығы – 7,7 мм; бұйрасының биіктігі – 3,8 мм, ені – 5,0, ұзындығы – 26,1, жік ені – 2,6 мм.

Талшығының сапасы нашарлау, біршама қылшықтау, пигменті мен жылтыры әлсіз. Тауарлы топтағы қабырғалы бұйрада кездеседі.

Сақиналы толқынсұр қаракөлде кездеседі. Біршама жуандаған, ұзарған және сирек талшықтарда түзіледі. Ирегінің сақина тәрізді доғасы болады. Біршама ірі, жалпақ, жапырылған толқындар бір – біріне қатарласа орналасқан сақиналы бұйрадан тұрады. Бағасы шамалы. Қара елтіріде мүлде дерлік кездеспейді.

Бұйрасының мөлшері: бұйрасының биіктігі – 6 мм, ені – 8,7, ұзындығы – 21, жігі – жалпақ, талшығының ұзындығы – 10 мм.

Ұзын және ұзындығы орташа толқындау бұйра жанбас пен арқада, аздап бүйірі мен жотасында кездеседі, ал құрсағында, жауырында және мойнында толқындау бұйра қысқа, әрі бұршақгүл мен жал аралас болады.

Бұршақгүлтолқын бұйрадан кейінгі бағалы типтердің біріне жатады. Өзінің морфологиялық құрылысы жағынан жартылай шеңберлі толқыннан ешқандай өзгешелігі жоқ, оның ұзындығы еніне жуықтау. Көп жағдайда бұршақ тәрізді бұйраның жекеленген жабын талшықтары толық доғалы бүгіліс жасамайды да, олар барлық бағытта бүгілетін сияқты болып көрінеді. Жабын талшықтары бұйрадағы барлық талшықтардың 50 – 55 % - ын құрайды. Бұршақгүл көбінесе толқындау бұйрамен бірге кездеседі.

Жал толқыныбағасын шамалы топтарға жатады. Әдетте жалдың формасы орта сызықтан екі жаққа қарай кетіп жататын қыр формасындай немесе мұқалып, ұшы екі жаққа ажыраған, талшығы тарақ түріндей, кейде аздап шыршаға ұқсайды. Жал сызығының ортасында біршама ойыс формасы болады.

Жал формасы бұйраның пайда болу сатысында тоқтағандықтан аңғартады. Егер бұйра толқын бұйраға жуықтау сатыда тоқтаған болса, онда жал биік, ал эмбриондық сатысында тоқтаса – шырша тәрізді болады.

Жал ені бойынша енсіз, қысқа, жалпақ, ал ұзындығы бойынша – ұзын, орташа және қысқа болып бөлінеді.

Енсіз жал – осы типтегі бұйраның ең бағалы бөлігі, өйткені ол толқындау бұйралардан айырмашылығы – тек құрылысында ғана емес, сірә, шығу тегіне де байланысты болуы мүмкін. Біркелкі шағын ені (3 – 4 мм), енсіз жал бұйрасы, ал ұзындығы біршама үлкен (30 – 60 мм) болған жағдайда енсіз толқындау бұйрамен және басқа да бұйралармен жақсы үйлесіп, кирпук, І жакет, І қабырғалы, І жұқа қабырғалы, І жұқа жазық сорттармен жақсы үйлеседі.

Көп жағдайда енсіз жал бұйралар шырша түрінде екі жағына, кейде – бір жағына тарамдалады, кейбіреуі жетілмеген толқын түріне ұқсайды.

Енсіз жал толқын сапасы жақсы талшықта түзіледі. Ол жанбаста, қыр арқада, бүйірінде, шоқтығында орналасады.

Қысқа жал – мөлшері орташа, оның ұзындығы 10 – 20 мм – ден аспайды, әдетте, олардың ені біркелкі емес: енді бөлігінде – 8 – 9 мм, енсіз бөлігінде – 6 – 7 мм. Қысқа жалдар көбінесе талшық сапасы жақсы, жұмсақтығы, жылтырлығы мен пигменті жеткілікті болғанда түзіледі. Қысқа жал қысқа толқынды және бұршақ бұйралармен, кейде қалың жакетпен, мәскеулік жакетпен, жиірек І және ІІ жұқа қабырғалы, І және ІІ қалың қабырғалы, І және ІІ жазық толқындармен бірге кездеседі.

Жалпақ жал – осы типтегі бұйраның құны шамалылау бөлігі. Оның ені ұзына бойына біркелкі емес (30 – 40 мм), түбі жалпақ (9 – 12 мм), ұшы сүйір (5 – 7 мм), әрі сына тәрізді формаға ұқсайды. Біршама жуандаған, іріленген, әрі құрғақ талшықтардан тұрады. Қозының құрсағында, кеудесінде, кейде қыр арқасында орналасады. Көбінесе ірі бұйралы, І және ІІ қалың қабырғалы, метис қаракөл сорттарында, сирегірек – І және ІІ қалың қабырғалы бұйраларда кездеседі. Жалпақ жал қолайсыз бұйра деп есептеледі.

Сақиналы бұйрабағасы төмен бұйра тобына жатады. Талшықтары тұлымшасына шоғырланып, толық тұйықталмаған сақинаға ұқсайды. Талшық ұзындығы 16,5 мм, яғни бағалы бұйра қалыптасатын деңгейден сорайып шығып тұрады. Сақиналы бұйраның ирегі екі доға түзеді де, оның астындағысы тері бетіне тік, ал үстіңгісі – көлденең орналасады. Талшықтары тым ұзын болатындықтан, одан пайда болған сақиналы бұйралар көбінесе ұйпаланып, өрнегін жоғалтады.

Жартылай сақина – құрылысы жағынан бұл типтегі бұйра сақиналы бұйраға ұқсас, тек айырмашылығы – доғасында ирегі болады.

Бадана – ақаулы бұйра формасы. Көбінесе әркелкі, жіңішкерген, ұзындығы 16 мм – ден астам жүн талшықтарынан түзіледі де, тұлымшағы жиналып, ұшы ширатылып, тері беті тіке бағытталған көп доғалы ирек береді. Жоғарғы доғасында бұл ирек жабық түйін түзеді де, формасы баданаға ұқсайды. Бадана бұйраның 2 – ден 4 – ке дейін ирегі болады да, біршама моншақгүлге ұқсайды.

Моншақгүл бұйрада ақаулы бұйраға жатады. Формасы бойынша бадана бұйраға ұқсас, бірақ көбінесе жуандаған немесе жіңішкелігі орташа ұзын талшықтардан (16 мм – ден астам) түзіледі. Олар тұлымшаға жиналып, орам ирек түзеді де, моншаққа ұқсайды. Бұйраның барлығы тері бетіне паралелль орналасады.

Ұлу тәрізді бұйраақаулы типке жатады. Тұлымша түзетін жіңішкелігі мен ұзындығы әркелкі жүн талшықтарынан қалыптасады. Бұйраның түбі ұлғайып ұшы таралады да, конус немесе ұлу тәрізді болады. Мұндай бұйра қара елтіріде мұлде кездеспейді: сұр және ашық сұр қаракөлде, әсіресе сақиналы және моншақгүл бұйрада кездеседі.

Тықыр –бұл терінің бұйрасы жоқ, тегіс немесе аздап қана бұйраланған түк шығып, тері бетіне белгілі бір бұрыш жасай орналасқан жерлері. Тықыр бұйраның екі түрі бар: биік және аласа.

Биік тықыр – бағасын төмендеткенімен, ол жазық толқынды, жақсы жұмсақ талшықты толқынмен, әсіресе қаракөлше тобымен үйлескенде – жоғары бағалы муар түрін түзеді.

Мұндай бұйра жал бұйрамен, сирегірек – толқын бұйрамен қоса қаракөлше елтірінің бүйірінде, жауырынында, шоқтығында және жамбасында, І жұқа жазық қаракөлде кездеседі. Осындай үйлесімде елтіріге өте әдемі түр береді.

Аласа тықыр – бұйрада жүн талшығы жуандаған, әрі қысқа, құрғақ болады да, ақаулы топқа жатады. Бұйрасы пішінсіз қозылардың пайда болуы қаракөл қойларында асылдандыру жұмыстарының дұрыс жолға қойылмағандығын аңғартады.

Пішінсіз бұйраақаулы бұйраға жатады. Мұндай бұйраның айқын формасы болмайды. Формасы бұзылған бұйралардың мынадай түрлері болады: киіз тәрізді, айдарланған, жапырылған, тықырланған.

Бұйра мөлшері.Қаракөл қозысының елтірісіндегі бұйра мөлшері селекциялық асылдандыру жұмыстарындағы және елтіріні бағалаудағы маңызды көрсеткіштердің бірі.

Көптеген зерттеушілер қаракөл қозысындағы бұйра мөлшері іштегі төлдің даму жағдайына, қозының конституциясына, олардың туғандағы салмағына, бір құрсақтан туатын қозы санына, қозының енесіндегі бұйра мөлшеріне, ата-енелерінің жүндестік-конституциялық типіне және басқа да көрсеткіштеріне тікелей байланысты екендігін анықтады. Дұрыстап жұптаған жағдайда бұл белгілер тұқым қуалайды. Демек, селекционерлердің тек бұйрасы әдемі қозы ғана емес, бұйрасының мөлшері біркелкі келетін елтірі алуға да толық мүмкіндігі бар.

Бұйра мөлшері – бұл биіктігі мен ені, ал толқын және жал бұйраларда ұзындығы.

Бұйра енін штангельциркульмен, лупамен, цейсамен, миллиметрлік лупамен немесе миллиметрлік бөлігі бар қарапайым әйнек сызғышпен өлшеуге болады. Бұйра биіктігін миллиметрлік сызғышпен, ал ұзындығын циркульмен және сантиметрлік сызғышпен өлшейді.

Бұйраның биіктігі мен ені ара қатынасына қарай былайша бөлінеді: биік толқын, оның биіктігі енінен үлкен (6-да 4 мм); жартылай шеңберлі толқын – биіктігі енімен бірдей (6-8 мм, 5-8 мм); енді (жазық немесе жапырылған), толқын – биіктігі енінен қысқа (3-4 мм, 8-12 мм).

Бұйраның ұзындығы елтірінің әдемілігі мен бағалығын айқындайтын басты белгілерінің бірі.

Формасы мен типіне қарай толқындау бұйраның мөлшері түрліше болып келеді.

Бұйралардың аттас типтері талшықтың ұзындығына және елтірінің сортына қарай мөлшері бойынша айырмашылығы болады.

Бұйралардың аттас формалары мен типтері әртүрлі елтірі сорттарында түрліше параметрде болады.

Қалың жакеттің, I жакеттің, немесе мәскеулік жакеттің кездесуіне қарай жартылай шеңберлі толқындау бұйраның әр түрлі мөлшері болады. Биік толқындау бұйра мен қабырғалы бұйрада да дәл осындай болады.

Бұршақгүл бұйраның ені біршама үлкен болады, бірақ олар да мөлшері бойынша бөлінеді. Сондықтан оларды былайша бөледі: ұсақ- ені 8 мм-ден кем, орташа – 8-10 мм және ірі - 10 мм-ден астам.

Жал бұйра да мөлшеріне қарай бөлінеді: қысқа – бұйра ені 3-4 мм, орташа 5-7 мм және ені – 8-15 мм.

Ұзындығы бойынша толқындау бұйра мен жал бұйра былайша бөлінеді: қысқа – 12-ден 20 мм-ге дейін, орташа – 20-дан 40 мм-ге дейін және ұзын – 40 мм-ден астам.