Яң жүнді қой тұқымдары

Жалпы Қазақстанда маңызы бар ұяң жүнді қой тұқымдары да кеңінен таралған. Ол тұқымдар мыналар, қазақтың құйрықты ұяң жүнді қой тұқымы: қарғалы типін, ақтөбе типі, байыс типі.

Ұяң жүнді қой тұқымдарын жаңадан шығару соңғы кезде қолға алынып келеді. Осыған дейін өндірістің, өнеркәсіптің ұяң жүнге сұранысын 1930 жылдарда жаппай басталған жергілікті қылшық жүнді қойларды биязы жүнді қошқарлармен будандастыру кезінде пайда болған будандардан өндіріліп келді. Бірақ ұяң жүн қылшық жүнді сұрыптағанда алынады. Ал таза ұяң жүн және сапалы жүн беретін көне заманнан келе жатқан сараджы қой тұқымы ғана болды. Оның жүні әртекті, бірақ негізгі түбіт пен аралық талшықтан тұратын. Азғантай ғана аса жуан емес (50-70 мкм) қылшығы болады.

Ұяң жүндер негізінен кілем өндіруге, сондай-ақ қолдан жасайтын мех пен көрпе жасауға пайдаланылады. Оның таңдаулы сұрыптарынан тоқыма және камзолдық мата өндіруге болады. Сондай сұраныстың көбейгенінен ұяң жүн халықаралық базарда биязы және биязылау жүндерге жақын бағамен сатылады.

Қазақтың құйрықты ұяң жүнді қой тұқымы – 1994 жылы жаңа қой тұқымы ретінде бекітілген. Көп жылдар бойы Қазақстанның әр аймағында сараджы, дегерес, тәжік, алай қойларын жергілікті қылшық жүнді қазақ қойларымен будандастырып шығарылған. Авторлары: В.А. Бальмонт, М.Ә. Ермеков, А.В. Голоднов, К. Қанапин, Г.Н. Қыдырниязов, К. Майтқановтар.

Бұл тұқымның үш аймақтық сүлелері (типтері) бар.

Қарғалы типін ертеректен, 1931 жылдан бастап В.А. Бальмонт шығара бастаған. Алғашында қылшық жүнді қойлардың ішінен таңдау, сұрыптау жүргізілсе, соңынан (1938-1939 ж.ж.) қазақ қойларын сараджы, арасында дегерес қойларымен будандастырып, ұнамды қойларды “өзара” шағылыстырылып жүргізген. 1950 жылдарда бұл қой тұқымының сүлесі қалыптасып болған кейінгі жылдарға дейін өзінше бекітілмеген қой тұқымы болып келеді. Шығарылған жері Алматы облысы, Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығы. Көбейіп өсірілген, жерсіндірілген жері орталық Қазақстанның қатаң шөлді шөлейтті аудандары. Авторлары: В.А. Бальмонт, М.А. Ермеков, К. Қанапин, С.М. Макбузов, М.А. Адекенов, К. Жұмадиллаев, К. Арыстанбеков және т.б.

Жүн мен ет өнімі де өте жақсы. Қошқарлары 100-110 кг, саулықтары 55-60 кг. Қошқарларынан 6,0 кг, саулықтарынан 4-4,5 кг жүн қырқылады. Жүн шығымы 60-65%. Қозылары тез өседі. 3,5-4,0 айлығында 35-38 кг-ға жетеді. Бұл қойлар Қазақстанның қай жерінде де өсе береді, қазір көп өсірілетін аймағы Қарағанды облысы.

Ақтөбе типіжергілікті қойларды сараджы қойының қошқарларымен будандастырып, іріктеу-сұрыптау жұмыстарының көп жылғы нәтижесі ақ, ақбоз ұяң жүн беретін жоғары етті түрі. Жүнді, өнімді қой типін дүниеге алып келді. Бұл типтің жүнінің ұзындығы 20-24 см, түбіті 9-10 см. Қошқарлары 90 кг, саулықтары 60 кг тартады. Қошқарлары 3,8-4,0 кг, саулығы 2,5-3,0 кг жүн береді. Төрт айлығында қозысы 30-32 кг-ға жетеді.

Типтің авторлары: А.В. Голоднов, К. Қанапин, К.З. Алишев, К. Есенғалиев, А.А. Лошаков, О. Наурызбаев, У. Жұмағалиев.

Байыс типі Шығыс Қазақстан облысы Семей өңірінде Тәжік қойын жергілікті қылшық жүнді құйрықты қойлармен будандастырылып шығарылған. Қошқарларының салмағы 100-110 кг, аналықтары 60-65 кг, қошқарлары 3,7-3,8 кг, аналықтары 2,5-2,6 кг жүн береді. Таза жүн шығымы 65-70%. Жүн ұзындығы 14-24 см, түбіті 8-10 см. Еттілік қасиеті жақсы. 4 айлығында 34-38 кг-ға жетеді, одан 16-18 кг таза ет алынады. Қой жайылымға өте жақсы жетілген. Батыс типінің авторлары: Г.Н. Қыдырниязов, Н.М. Майтқанов, З.К. Тоқаев, Б.Б. Нұрғалиев, М. Жандильдинов, М.М. Бокаев.

34-Сурет. Қарғалы қой тұқымының қошқары № 87413, т.с. 117 кг, ж.ш. 5,1 кг

35-Сурет. Қарғалы қой тұқымының саулығы № 90042, т.с. 78 кг, ж.ш. 4,0 кг

 
 

 

36-Сурет. «Ақтөбе» типінің жартылай қылшықты қазақтың құйрықты қой тұқымының қошқары т.с. 108 кг, ж.ш. 4,9 кг