Биязы жүнді қой тұқымдары. Аскания қой тұқымы (1924-1934 ж.ж.) Украина, херсон “Аскания-Нова” табиғи қорығы шаруашылығында

Аскания қой тұқымы (1924-1934 ж.ж.) Украина, херсон “Аскания-Нова” табиғи қорығы шаруашылығында шығарылған. Сол жерде Фаль-Фейн деген помещиктің шаруашылығынан қалған меринос қойлары негіз болған. Бірақ ол қойлар уақ (40-42 кг) жүндестігі төмен (сирек және жүні жуандау), еттік қасиеттері де жеткіліксіз болатын. Жүн өнімділігі 4,0-4,5 кг, ал таза жүн шығымы 33-35% ғана болатын.

Сол қойлардан жақсы биязы жүнді, етті де жақсы беретін қой тұқымын шығару үшін М.Ф. Иванов өзі Америкаға барып таңдап жүріп Америка рамбульесін қошқарларын алып келген. Олар ірі жүндес, жүні ұзын болатын. Жаңа тұқымның еттілігін көтеру үшін –Прекос тұқымын да пайдаланған.

Өте қатаң, таңдау, бонитировкалаудың нәтижесінде жарты қанды, 1/4 және 3/4 қанды малдарды ірілігіне, жүндестігіне, өсу қарқынына қарай жұптау арқылы өте тез – он жыл ішінде шығарылған ең ірі ең таңдаулы биязы жүнді қой тұқымы болып шықты.

Оның дене бітімі мықты, сүйегі жақсы жетілген, кесек келеді. Терісінің қыртысы аз, кейбіреулерінде тіпті болмайды. Әдетте, мойнында 1-2 жақсы жетілген қатпары болады. Қошқарлары мүйізді келеді. Жүні тығыз, 64-ші сапада, жүн талшықтарының ұзындығы 7-9 см, жүнінің таза шығымдығы 38-42%, әр жүз саулықтан 125-130 қозы алынған. Қошқарының салмағы 100-110 кг, саулығы 60-65 кг тартады. Қошқарынан 10-14 кг, саулығынан 5,5-6,0 кг жүн қырқылады. Біздің Республикамызда осы кезге дейін Аскания қошқарлары биязы жүнді қой тұқымдарын жетілдіру үшін пайдаланып келді.

Кавказ қой тұқымы – 1923-1936 ж.ж. ставрополь өлкесінде шығарылған. Сларкевич В.В. мен Айва В.П., кейін К.Д.Филянский қой тұқымын бекітуге жеткізген, сол үшін мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болды. Алғашқы негіз болған қойлар – жаңа кавказ тұқымы болды. Сол қойларды Америка рамбульесімен будандастырды. Қатты талап қойып таңдау, жүндестерін, ірілерін, жүні қоюын және ұзынын алып қалып, оларды өзара будандастыру арқылы шығарылған қой тұқымы.

Аскания қойларынан аз кем кішілеу, дене бітімі шымыр, кеуделі, тұрқы біршама ұзын, сүйегі берік, аяқтары әлді келеді. Басы мен аяқтары жүндес, денесінде ұсақ қатпар, ал мойнында 1-3 ірі де терең қатпарлары болады.

Бұл қой тұқымының қошқарлары 90-100 кг, саулықтары 55-60 кг, аталықтарынан 10-12 кг, аналықтарынан 5,8-6,5 кг жүн қырқылды. Таза жүн шығымдылығы 38-43%, жүн ұзындығы 7-8 см. Жүн шайыры жеткілікті, көбінесе ашық қызғылт, жүн сапасы – 64, кейде қошқарларынікі – 58. Жүз саулықтан 130-140 қозы алынады. Саулықтары сүтті келеді.

Алтай қой тұқымы – Алтай өлкесінде 1930-1948 жылдар арасында Г.Р. Литовченконың басқаруымен жергілікті меринос қойлары Америка Рамбульесімен будандастырылып шығарылған. Бұл тұқымның қойлары ірі, сүйектері мықты, тұрқы ұзын, арқа сүйегі тегіс, құйымшағы аздап сүйірлеу, аяқтары мықты. Денелерінде ұсақ қатпар, мойнында 2-3 шеңберлі, тайыздау қатпарлары бар. Қошқарлары 90-100 кг, ал саулықтары 60-65 кг.

Қошқарларынан 9,0-11,0, ал саулықтарынан 5,5-6,5 кг жүн қырқылады. Жүн ұзындығы 7,5-10 см, сапасы – 64. Жүннің таза шығымдылығы 42-44%. Әр 100 саулықтан 125-150 қозы алуға болады.

Бұл қой тұқымы Қазақстанның Солтүстігіне, Шығысына жақсы бейімделген, өте көнбіс мал. Біздің мемлекетімізде таза тұқым ретінде де бар биязы қойларды жақсарту үшін де қолданылып келеді.

Совет мериносы – жергілікті Мазаев, Жаңа Кавкааз мериностарын рамбульесімен будандастырып шығарылған Кеңес одағында ең көп тараған биязы жүнді қой тұқымы. Бұл тұқымның қойлары ірі, сүйек бітімі мықты, аяқ басулары дұрыс, кеуделі денелерінде ептеген, ал мойнында 1-2 көлденең тартылған қатпарлары бар. Жүні тығыз, басы, аяғы, бауыры жүндес келеді. Жүні 60-64 сапада, өте әдемі көрінеді, иректері анық. Жүн шайыры сары не сарғыш, таза жүн шығымы 38-42%. Қошқарлары 70-80 кг, саулықтары 45-55 кг тартады. Қошқарларынан 10-12 кг жүн қырқылады. Жүн ұзындығы 7,5-10 см. Әр 100 саулықтан 120-130 қозы береді. Саулықтары сүтті, екі қозыны жарытады.

Кеңес мериносы Қазақстанның солтүстігінде биязы қой тұқымын шығаруға көп үлес қосқан қой тұқымы.

Ставрополь қой тұқымы – 1923-1930 жылдары шығарылған. Авторлары В.В. Сладкевич, С.Ф. Пастухов, В.В. Снеговой, М.З. Донцов. Ставрополь қойының дене бітімі орташа. Терілері денелеріне кең, тері қыртыстары мол, мойнында 2-3 қатпарлы әукелері болады. Жүні тығыз, иректігі бірқалыпты, анық көрінеді. Жүн сапасы 64 кейде 70. Жүн шайыры ашық қызғылт, бауыры, бас, аяқтары жүндес, тығыз жүнді. Жалпы бұл тұқымының жүн ұзындығы жақсы 10-11см, таңдаулы қойларда 12-14 см болады.

Қошқарлары 110-115 кг, саулықтары 50-60 кг тартады. Қошқарларынан 16-19 кг, саулықтарынан 6,5-7,5 кг жүн қырқылады. Таза жүн шығымдылығы 40-42%. Әр 100 саулықтан 130-140 қозы өсіріледі. Саулықтары сүтті келеді.

Ставрополь қой тұқымы басқа биязы және биязылау жүнді қой тұқымдарын жетілдіру үшін кейінен қолданылады. Қазақстанда кейіннен пайдаланылған.

Сальск қой тұқымы – 1922-1950 жылдары Ростов облысында шығарылған. Авторлары В.П. Башкатов, П.Ф. Карпов, М.И. Чумаков. Сальск қойы ірі, сүйектері мықты, жергілікті жердің қатаң жағдайына, алысқа айдауға әбден көнбіс, шөлейт жерлердің жайылымдарына жақсы бейімделген. Терілері кең, мойындарында 1-2 шеңберлі қатпарлы бар. Кеудесі кең, арқа сүйегі тегіс, тұрқы ұзындау болып келеді. Жүндес, жүні 64 сапада. Бауыр жүні жақсы дамыған, тығыз. Жалпы жүнінің таза шығымы 40-42%. Қошқарларының тірі салмағы 90-107 кг, саулықтары 55 кг тартады. Қошқарларынан 10,6-11,7 кг, саулықтарынан 5,8-6,9 кг жүн қырқылады. Жүн ұзындығы 12-13 см, жүз саулыққа 110-120 қозы береді.

Сальск қой тұқымы Қазақстанда биязы жүнді қойларды шығаруға пайдаланылған.

Грозный қой тұқымы – ТМД елдеріндегі ең таңдаулы, аса бағалы биязы жүн беретін қой тұқымы. Дағыстан республикасының “Червленые буруны” кеңшарында 1929-1950 жылдарда А.А. Дылкин, А.В. Панков т.б. селекционердің басшылығымен шығарылған. Австралиядан 1929 жылы әкелінген 5000 бас мериностар бұл тұқымның шығарылуына негіз болды.

Австралия мериностары электораль қойын Америка және Француз рамбульелерімен будандастыру нәтижесінде шығарылған. Олар басқа мериностардан ұсақ, тірілей салмағы төмен (40-45 кг) болады. Бірақ жүнінің ерекше қасиеттері бар: жүні аппақ болып жылтырап тұрады, жұмсақ, сапалы, ұзындығы 8-9 см болады.

Жүнінің таза түсімі басқа мериностардан жоғары (48-55%), жүн сапасы өте жоғары біркелкі болып келеді.

Австралия мериносы Кеңес одағына ең алғаш 1928 жылы әкелінген. Ол жылы әкелінген 7000 бас қой еді. Мақсат – біріншіден, таза қалпында өсіру болса, екіншіден, жергілікті биязы жүнді қой тұқымдарының жүн сапасын, өнімділігін жақсарту болды. Австралия мериносы Ресейдің Дағыстан Республикасында және Ставрополь өлкесінде өсірілді. Дағыстанның “Червленые буруны” кеңшарында австралия мериносын басқа жаңа кавказ және мазаев қойларының үлкен тобы өсірілетін. Сол тұқымдардың аналықтары австралия мериносының қошқарларымен ұрықтандырылып ол будандарды өсіре будандастыру, іріктеу, сұрыптау арқылы жұмыс жүргізілді.

Жаңа тұқым қалыптастырудың селекциялық әдісі мына төмендегіше болды:

а) жергілікті меринос саулықтарды Австралия мериносының қошқарларымен будандастыру;

б) будандардың ішінен ұнамдыларын өзара өсіру;

в) аталықтарды өте қатаң талаптармен таңдап алу;

г) жас малды жақсы азықтандырып өсіру, тұсақтарды 2,5 жаста ғана ұрықтандыруға жіберу.

Осылай көп жылдық қатаң тәртіппен өсірудің нәтижесінде Австралия мериносының өзгертілген түрі Грозный қой тұқымы дүниеге келді. Бұл қой австралия мериносының жүн өнімділігі қасиеттерінің көбін бойына сіңірген, бірақ одан ірі әрі мықты болды.

Қазіргі кезде бұл қойлар аса сапалы да құнды биязы жүн беретін бірден бір тұқым.

Грозный қойының сырт бейнесі австралия биязы жүнді қойларына ұқсаса, бірақ одан гөрі ірі. Мойындарында 2-3 шеңберлі ірі қатпарларыда бар. Мұндай қатпарлар кейбір қойлардың санында, қабырғаларының үстінде де кездеседі. Денелері ықшам, сүйектері бірқалыпты мықты, арқасы тегіс, кеудесі кең болады. Қошқарлары мүйізді, саулықтары тоқал. Жүндері өте тығыз, жүн талшықтары ұзын, жұмсақтығы жібектей.

Жүнінің иректігі анық біркелкі. Жүнінің шайыры ақ, ақсары, өте тұрақты, суық суға ерімейтін, ыстық суға тез жуылатын сапалы болып келеді. Таза жүн шығымы 45-50%. Қошқарларының салмағы 70-90 кг, саулықтарының 43-50 кг. Қошқарлары 9-14,4 кг, саулықтары 5,5-7,0 кг жүн береді. Жүн ұзындығы 8-10 см. Әр 100 саулықтан 120-140 қозы алынады.

Грозный қойын көп жерлерде (Қазақстанда да) биязы жүнді қой тұқымдарының жүндестігін жақсарту үшін пайдаланады. Жүн сапасы 70-64.

ГПЗ Червленые буруны, Дағыстан, Шешен-Ингуш, Қара-Қалпак Республикасы кеңінен өсіреді.

Прекос қой тұқымы – ІX ғасырдың ортасында, Еуропадағы қалалардың халқы күрт көбейген кезде, етке деген сұраныстың өсуіне байланысты Франция мериностарын, әсіресе рамбулье саулықтарын Англияның ұзын жүнді, етті лейстер қойымен будандастыру арқылы шығарылған. “Прекос” деген аттың өзі “Precoses” деген француз сөзінен алынған. Ол сөздің мағынасы “тез жетілгіш”, “тез өскіш” деген ұғымды білдіреді. Шынында да бұл тұқымның малы тез өседі, тез жетіледі. 6-7 айында тірі салмағы 35-40 кг жетіп 16-18 кг таза ет береді.

Прекостың рамбульеден сырт пішіні жағынан айырмасы-тұлғасы дөңгеленіп келеді, еттілік қасиеттері көзге айқын көрініп тұрады, кеудесі кең, жалпақ, белі жазық болады, терісі қатпарсыз, бас аяқтарында басқа мериностарға қарағанда, жабағы жүні аздау өседі, бірақ етінің сапасы жақсы, дәмді келеді. Прекосты етті жүнді меринос деп те атайды. Қошқарының көбі, саулығы түгелдей мүйізсіз болады.

Қазіргі кездегі ТМД елдерінде және Қазақстанда өсірілетін прекос қой тұқымы – биязы жүнді, тез жетілгіш, өте етті қой тұқымы. Қойдың сырты түрі мериностарға ұқсайды, биязы жүн береді. Бірақ қатпарлы теріде мүлдем жоқ, қошқарлары мүйізсіз болады. Денелері жақсы жетілген, кеуделі, арқасы тегіс, жалпақ, сан еттері толық, аяқтары жақсы қойылған және өздері ірі болады. Жүн жіңішкелігінің сапасы 60-64, шайыры ашық, қызғылт, жүн иректігі біркелкі және анық.

Қошқарының салмағы 80-100 кг, саулығы 60-65 кг тартады, жүндестігі тиісініше 5,5-13,2 кг және 3,5-11,0 кг. Жүнінің ұзындығы 7-8 см, кейде 12 см дейін. Жүнінің таза шығымы 48-50%. Жүз саулықтан 130-140 қозы береді.

Прекос қойы Қазақстанда таза да өсіріген және көптеген биязы жүнді, биязылау жүнді қой тұқымдарының шығаруға қатынасқан.

Қазақтың ең алғашқы биязы жүнді қой тұқымын шығаруда басты өзгертуші тұқым осы прекос қой тұқымы.

 

42-Сурет. Алтай қой тұқымының қошқары

 

 

43-Сурет. Грозный қой тұқымының қошқары

 

 

 

44-Сурет. Ставрополь қойының қошқары