Рық сақтау, сұйылту және тасымалдау әдістері

Әдетте сперматозоидтардың сыртқы жағдайға өте сезімтал келетіні белгілі. Сондықтан да жаңадан алынған ұрықпен 18-25 градус температурада жұмыс істейді. Температураның жоғары немесе төмен болуы ұрыққа зиянды. Мәселен, бөлмедегі температура малдың дене қызуына сәйкес болса, сперматозоидтардың қозғалысы сақталады, бірақ олар көп ұзамай-ақ бәсеңдейді. Өйткені қатты қозғалыс кезінде ұрықтың құрамындағы фруктоза тез таусылады, сонымен сүт қышқылы фруктозаның ажырауынан бөлінген зат сперматозоидтардың айналасына жиналып, оларды өлтіреді.

Жаңа алынған ұрықты ашық күйінде ұзақ уақыт сақтауға болмайды. Ол үшін оны тоңазыту әдісімен сақтау керек.

Қошқар ұрығын сақтауға қойғанда төмендегі шамамен алсақ, нөл градустық температурада сперматозоидтардыц қозғалысы бәсеңдеп, зат алмасу процесі азаяды. Сол себептен де олар ұзақ уақыт сақтауда бұзылмайды.

Сперматозоидтарды нөл градустан төмен тем­пературада тоңазыту әдісін дұрыс жүргізгенде ғана олар өмір сүруін тоқтатпайды. Ұрықты бірден тоңазытқан жағдайда да сперматозоидтар жедел салқындауға шыдамай өліп қалуы мүмкін. Сондықтан ұрықты сақтауға қоярда оны бірте-бірте тоңазыту қажет.

Әдетте ұрықты сақтауға қоярда оны арнайы әзірленген, немесе жұмыртқаның сары уызы қосылған затпен сұйылтып, 2-2,5 сағат бойы 96 градусқа дейін тоңазытады.

Ұрық сұйылтқыштың құрамында 50 миллилитр тазартылған су, 1,4 грамм лимон қышқылды нат­рий, 0,4 грамм мөлшерінде медициналық глюкоза болады.

Ұрықты тасымалдаудың да әдісін білудің маңызы зор. Оны басқа жерге тасу үшін кәдімгі ас құятын қос қабырғалы вакуум термосты қолдануға болады. Бұл мақсат үшін кейде пенопласт термос­тары да пайдаланылады.

Қой ұрықтандыру науқаны кезінде шаруашылықтар мен пункттердің жағдайына байланысты ұрықты тасымалдауға және пайдалануға жұмсалатын уақыт оны алған кезден бастап есептегенде 2-3 сағаттан аспаса, онда ұрықты 2-4, тіпті 0 градусқа дейін тоңазытпай, сұйытылған күйінде бөлме температурасында (17-18°С) ұстаған дұрыс.

Қазіргі уақытқа дейін Қазақ қой шаруашылығы технологиясы ғылыми-зерттеу институтының мамандары көптеген жылдар бойы қошқарлардың ұрығын сұйық азотта сақтаудың тәсілін қолдану жөнінде зерттеулер жүргізді. Осы ізденістердің нәтижесінде аталған институт ғалымдары қошқар ұрығын сұйық азотта тоңазыту үшін синтетикалық ерітіндінің өте қолайлы болатынын тәжірибе жүзінде анықтады.

Бұл ортаны әзірлеу үшін температурасы 38-40 градусқа дейін жылытылған суға 4 грамм глюкозаны ерітеді де, оған 2 миллилитр динамикалық глицеринді, содан соң құрамында 10 проценттік токоферилацатит бар Е витаминінің 1 миллилитр майлы ерітіндісін қосады. Осыдан кейін барып, ортаға жаңа туған тауық жұмыртқасының 10 мил­лилитр сары уызын қосады. Ортаның жалпы мөлшері 63 миллилитр, оның ішінде 79,3 пайыз су, 3,1 пайыз глицерин, 1,6 пайыз дәрумен ерітіндісі, 16 пайыз тауық жұмыртқасының сары уызы бо­лады.

Мұндай ортаны пайдалану мерзімі оны әзірлегенуақыттан бастап есептегенде 1-2 сағаттан аспағаны жөн. Сұйытылған ұрықты 1:1 және 1:2 қатынасында сыйымдылығы 1,5-2,0 миллилитрлік пробиркаға құяды. Ондай ұрықты әуелі 15-20 минут бойы бөлме температурасында салқындатып тұрып, содан кейін тиісті дәрежеге түсіру үшін температурасы 0-2 градус тоңазытқышта 4-5 сағат ұстайды, сөйтіп жедел әдіспен тоңазытады. Бұл үшін ұрық құйылған шыны құтыны металл торға орналастырады да, 5-7 секунд сұйық азоттың үстіне 1-2 минут тоңазытып алады. Осыдан соң шыны құтыны шұнғыманың көмегімен дәкеден жасалған қалтаға салып, сақтап қою үшін сұйық азотқа батырады. Әрбір партиядан бір түйіршік ерітеді де, қозғалысын тексереді. Сақтауға белсенділігі төрт балдан кем емес ұрық қалдырылады.

Зерттеулер нәтижесі мынаны көрсетті: әбден тоңазытылған ұрықтың өсіп-жетілу қабілеті орта есеппен 51,3 пайыз болады да, қошқарлардың тұқымы мен тегіне байланысты ауытқып отырады. Институт мамандары ұзақ жылдық зерттеулер барысында мынаны анықтады: тоңазытылған және ерітілген ұрықтың белсенділігі қазақтың биязы жүнді қошқарында 4,18+0,96 балл, австралиялық меринос қошқарларында 4,5+0,26 балл және корридель қошқарларында 4,60+0,15 балл болды. Ерітілген ұрық белсенділігінің өзгергіштік коэффи­циенті 18,5-тен 27,8 процентке дейін ауытқығанын байқауға болады.

Ұрықты ұзақ сақтаудың әсіресе қошқарларды қой ұрықтандыру науқанына әзірлеу кезіндегі маңызы зор. Ұрықтың қозғалысын сұйылтқаннан кейін де 72 сағат уақытқа дейін байқауға болады. Сапасы жақсы ұрықтың қозғалысы осы уақыт ішінде 7 балдан кем болмауы керек.

Ұрығының сапасы төмендеген жағдайда қошқарларды пайдалану зиянды. Жүргізілген тәжірибелер көрсетіп отырғандай ұрығының сапасына қарай таңдаулы деп бағаланған қошқарлардың шәуетін тиімді пайдалану үшін оны ұзақ мерзімге сақтаудың да маңызы зор.