Күн тәртібін белгілеу және саулықтарды ұрықтандыруға іріктеу

Әрбір ұрықтандыру пунктінің күн тәртібі саулық отары мен ұрық алатын қошқарларды күтіп-бағу, пункттің жұмысын жүйелі түрде ұйымдастыру секілді негізгі үш талап дәрежесінде белгіленді: ол саулықтарды ертеңгілік ұрықтандыруға іріктеп алу (сағат 5-тен 7-ге дейін), оларды екі рет шағылысқа түсіру, азықтандыру жұмыстарынан тұрады.

Ұрық алынатын қошқарларға жоғары сапалы және қоспа жемшөп беру, суару, таза ауада бой алдыру, кешкісін шөп салу, қорада емін-еркін демалуына жағдай жасау керек.

Пункт жұмысының күн тәртібі бойынша мынандай шаралар жүзеге асырылады: пунктті және құрал-жабдықтарды қой ұрықтандыру жұмысына дайындау (сағат таңғы бестен жетіге дейін), саулықтарды бірінші ұрықтандырудан өткізу (сағат жетіден тоғызға дейін). Пунктті ретке келтіру және құрал-жабдықтарды жуып-тазалау (сағат 9-дан 10-ға дейін), түскі үзіліс және саулықтарды түскі қайта ұрықтандыру (сағат 16-дан 18-ге дейін). Осы күн тәртібін қатаң сақтаған жағдайда саулықтарды ұрықтандыру жұмысы сапалы жүргізіліп, қозыны көп алуға негіз қаланады.

Ендігі кезек күттірмес негізгі міндеттің бірі - күйлеген саулықтарды ұрықтандыруға дер кезінде және дұрыс бөліп алу. Күйлеген саулықтарды іріктеу әдетте ертеңгісін күйттеуші қошқардың көмегімен жүргізіледі. Қой шаруашылығында ол саулықтардың күйлеу рефлексіне негізделген. Күйлеген саулықтарды сырттай байқау қиынға соғады, сондықтан да күйттеуші қошқарларсыз жұмыс жүргізу мүмкін емес.

Күйлеген саулықтарды іріктеудің бірнеше әдістері бар, соның бәрі қойды ұрықтандыруға дұрыс іріктеуге және қол жұмыстарын жеңілдетуге негізделген. Іріктеу жұмыстары арнайы албарларда жүргізіліп, күйттеуші қошқарлар бірнеше топқа бөлінеді. Шаршаған қошқар басқасымен алмастырылады. 80-100 саулықты іріктеу үшін бір күйттеуші қошқар жіберіледі. Күйлеген саулықтарды іріктеген кезде олардың қора бұрышында топталып тұрып қалмауына көңіл бөлу керек, өйткені күйттеуші қошқар топталып тұрған бұрыштағы қойлардың ішінен күйі келгенін таба алмауы мүмкін.

Қой ұрықтандырудың алғашқы 10-15 күндігінде күйлеген саулықтарды іріктеу жұмысын бүкіл отар бойынша жүргізбеу керек, керісінше ең көп дегенде 300 немесе 400 бастан топтастыру пайдалы. Ол үшін албарға отардағы саулықтардың жартысын кіргізіп, оған 4-5 күйттеуші қошқарды жібереді. Күйлеген қойларды іріктеп алғаннан соң, олардың орнына саулықтардың қалған бөлігі кіргізіледі, ол саулықтарға енді басқа қошқарлар қосылады.

Қоршаудағы саулықтардың сығылысып, топта­лып қалмасы үшін, оларды неғұрлым кең орналастырған жөн. Күйлеу мерзімін өткізіп алмау мақсатында күйлеген саулықтарды іріктеу жұмысын аса мұқияттылықпен жүргізу керек. Науқан кезінде отарда бірде-бір саулықтың күйлемей қалмауын қадағалаудың маңызы өте зор.

Бүкіл одақтық қой және ешкі шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты күйттеуші қошқарға вазэктомия әдісін қолдануды (ұрық жүретін түтігін кесіп тастау) ұсынады. Қошқардың кеудесіне арнайы таңбалағыш ілінеді. Күйлеген саулықтарға қолданылатын таңбалағыш тік бұрышты көлемі әр түрлі екі қорапшадан тұрады. Қошқардың төсіне байланған күйектің белдікше топсасының жоғарғы жағына екі жұп таңбалағыш тағылады.

Жыныстық қабілетін әлсіретпес үшін күйттеуші қошқарларды құнарлы азықтармен азықтандырып, мезгіл-мезгіл, кемінде әрбір он күн сайын жасанды қынапқа артылдырып тұрады.

Күйек алу науқаны басталғаннан кейін 12 күн өтісімен ұрықтандырылған саулықтардың арасына күйттеуші қошқарлар жіберіліп, қайталап күйлеген саулықтар іріктеп алынады. Ұрықтандыру процесін күшейтіп, егіз санын көбейту мақсатымен күйлеуі тоқтамаған саулықтарды бір жолғы күйті кезінде арасына 10-12 сағат салып екінші рет ұрықтандырған жөн.

Күйттеуші қошқарларды вазэктомиялауды қой ұрықтандыру науқанына екі-үш жеті қалғанда аяқтау керек. Вазэктомиялау үшін асыл тұқымды қошқарлардың ішіндегі екі-үш жасар шамасындағы жарамсыздыққа шығарылған қошқарларды да пайдалануға болады. Бірақ олардың күйлілігіне ерекше назар аудару керек. Себебі, күйі келген саулықтарды іріктеп алу олардың күйлілігіне тікелей байланысты.

Күйекке түсетін қошқарлар 2-3 апта бұрын дайындалып, тағайындалады. Бұл олардың жыныс функциясын жетілдіріп, саулықтардың жаппай күйті келуіне жағдай жасайды.

Күйттеуші қошқарларды вазэктомиялау (ұрық түтігін кесіп тастау) үшін оған операция жасау кезінде шабақтау столына қошқарды шалқасынан немесе жантайта жатқызады. Шабақтау алаңы қошқар ұмасына жақындауға ыңғайлы болуы ке­рек. Ұманың түп жағынан ұстап тұрып, алақанды алдыңғы жағына жіберіп, бас бармақпен арт жағынан қыса ұстайды. Ұманың терісін тілмес бұрын ұрық түтігін жайлап тартып, енін төмен жіберіп, сөйтіп барып оны сәл ішке қарай бұрады.

Ұма терісін етінен жоғары 1-2 елі 3-4 санти­метр жерден ұманың қосылған тұсынан параллель етіп тіледі. Осыдан соң қынап қабығын аршып ұрық түтігін тауып алады да 2-3 сантиметр мөлшерінде кеседі. Операция кезінде қан тамырларына және нерв талшықтарына зақым келтіруден сақ болу керек, әйтпесе қошқар ендері ерте солып-семіп кетуі мүмкін. Ұрық түтіктерін жіппен байлап тастауға да болмайды, ол да ендерді толық атрофия процесіне ұшыратуы мүмкін.

Екінші ұрық түтігін кесу де осы әдіспен жүзеге асырылады. Кейбір жағдайда бастапқы тілінген тесік арқылы да жасаудың мүмкіншілігі бар. Ол үшін екінші ен тамырын тауып, ұрық түтігін жекелеп аршиды да, жоғарғыда айтылған көлемде кесіп тастайды. Жараның ішіне мол етіп антисептикалык ұнтақтар (ақ стрептоцид, пенициллин, спермосан т. б.) себеді де, ұма терісін жібек жіппен тігіп тастап, сыртынан коллодий желімін жағады. Тігу жібін 7-8 күннен кейін алады.

Вазэктомияның қаншалықты дұрыс жасалғаны қошқарлардан алынған ұрық мөлшерімен тексеріледі. Алынған ұрық плазмасында ешқандай спер­матозоид болмауы керек. Осындай жағдайдан кейін ғана қошқарларды қой күйттеуге пайдалануға болады.

Вазэктомиялаудан кейін қошқардың мүйізіне немесе басқа да көзге тез түсетін жеріне ерекше таңба салу керек. Өйткені келесі жылдары осы күйттеуші қошқарды пайдаланар кезде оны оңай тауып алуға болады.

Ақсеңгір тәжірибе шаруашылығы мен «Кызыл-жиде» шаруашылығында қошқардың жыныс бездерін клиникалық және анатомиялық жағынан жан-жақты зерттеудің барысында вазэктомиялаудан өткен соң тіпті екі-үш жылдан кейін аталық жыныс клеткасы белсенділігінің жоғары болғандығы және өзінің құрылымын сақтап қалғандығы анықталды. Сөйтіп, қошқардың аталық безіндегі жыныстық белсенділіктің сақталуы үш және одан да көп жылға созылады екен.

Әрбір отарға шаққанда 10-12-ден вазэктомияланған күйттеуші қошқар бекітіліп беріледі. Отардағы саулықтарға күнделікті 4-5 күйттеуші-таңба салғыш қошқар жіберіліп отырады. Бұл қошқалар күйі келген саулықтарға артылып, мойнына ілінген ыдыстағы бояудың көмегімен қойды таңбалайды.

Вазэктомияланған қошқарлармен жүргізілген тәжірибелер көрсеткендей (Р. А. Васильев пен Е. П. Шекатин, 1982 ж.), олар күйек тағылған вазэктомияланбаған күйттеуші қошқарларға карағанда күйлеген саулықтарды 6,4 процент артық таба алады екен. Оның басты себебі күйттеуші қошқарға байланған алжапқыш күнделікті пайдалану кезінде көнтеріленіп, ластанады. Осыдан соң қошқардың жыныс мүшесін тітіркендіріп, оның қозыну белсенділігін тежейді. Бастапқы кезде вазэктомияланған және күйттеуші, алжапқыш тағылған қошқардың күйлеген саулықтарды табуы бірдей болғанмен, науқанның екінші кезеңінде, яғни 6-8 күн өткеннен кейін кейінгісінің қабілеті біршама төмендеді.

Сөйтіп, вазэктомияланған күйттеуші қошқарларды пайдалану саулықтарды дер кезінде анықтауға және сапалы ұрықтандыруға мүмкіндік тудырады. О. А. Дупенко, Н. В. Сабанова және В. Г. Попов (1979) 0°-тан 15°С аралығында қойларға таңба салуға қолайлы бояудың рецептісін ұсынады.

Бояуды мынадай әдіспен әзірлейді. Ең әуелі стеарин, маргарин және өсімдік майын араластырып, су ваннасында 2-2,5 сағаттай қыздырып, сонан кейін майлы қоспаға асбест пен бояу қосылады да, мұқият араластырады. Қоймалжың массаны бөлме температурасында салқындатып барып, банкіге құйып, бетін жауып қою керек.

Мастика толтырылған таңбалаушы кошқардың кеудесіне тағылып, саулықтардың арасына жіберіледі.

Теңіз деңгейінен 4 немесе 2 мың метр биіктікте орналасқан жайылымдардағы саулықтарды тамыз-қыркүйек айында ұрықтандыру кезінде күйттеуші қошқарларға таңбалаушы тағып та неме­се тақпай-ақ пайдаланады.

63-Кесте. Қойды таңбалайтын бояудың құрамы(%)

Бояудың құрамы Үлесі, % Ауа температурасы
Стеарин 5-15 0-5
Маргарин
Өсімдік майы 40-8 50-5
Асбест №7 (ұнтақ) қабырғаны әктеуге арналған
Әк (ұнтақ)

 

Тәжірибе жүргізу кезінде ауа-райы күрт өзгеріп, күн бірден салқын тартады. Жиі-жиі жаңбыр жауып, ауаның температурасы бірде суытып, енді бірде жылынған сыңай танытты. Ауа-райы құбылмалы кезде бақылау тобындағы күйлеген саулықтарды іріктеу таңғы сағат алтыдан сегізге дейін алжапқыш байланған күйттеуші қошқарлардың көмегімен жүргізілді. Тәжірибедегі топта бұл үшін күйек және таңбалағыш байланған күйттеуші қошқарларды пайдаланды. Оларды отарға кешкісін қосып, таңғы сағат 6-да бөліп алады. Ертеңгісін отарды қаша арқылы өткізіп, таңбаланған саулықтары ұрықтандыруға іріктеп алып қалдырылды. Бұл жұмысты орындауға небары 15-30 минуттай ғана уақыт кетті.

Күйектің алғашқы онкүндігінде тәжірибе тобындағы күйлеген саулықтар бақылау тобындағыларға қарағанда 5,1-16,3 пайыз аралығында көп іріктелді. Сол себептен де, алғашқы әдіс бойынша саулықтарды ұрықтандыруға іріктеуге күніне не­бары 15-30 минут жұмсалса, екінші жағдайда 1-2 сағат қажет болды.

В. П. Фамилеев (1983) ұрықтандырылатын саулықтарды іріктеу мен белгілеу жұмысын жеңілдету үшін арнайы станок пен албардың жобасын жасаған. Саулықтар тұратын албардың ортасына көлемі 9-10 шаршы метрлік шағын қоршау орнатылды. Оның төңірегіне бір-бірінен 1-1,5 м қашықтықта тағы да бір қақпалы қоршау жасалған. Орталық шағын қоршау ішінде 5-6 күйттеуші қошқар қалдырылып, қақпаны түнде ашып қояды. Күйлеген саулықтар қошқарлардың төңірегіне өздері жақындап, жиналады. Ертеңгілікте шопан қа­шаны жауып тастайды. Осы жұмыс аяқталған соң күйттеуші қошқарларды негізгі отарғa жібереді.