Жайылымды тиімді пайдалану

Қой шаруашылығына арнап жемшөп базасын жасау (бұл жайында ілгеріде айтылған болатын), өзінің маңыздылығы және мазмұн мәні жағынан, шикізат шығаратын көптеген кәсіпорындарын салу ісімен бара-бар. Кәсіпорындарының озат технология негізінде шешілетін мәселелерін, шартты түрде жайылымды тиімді пайдалану проблемасын теңестіруге болар еді. Алайда кәсіпорындарын салу және оны пайдалану ісінен жемшөп базасы мен оны пайдалану түрінің басты айырмашылығы сол, өсімдік өзінің тіршілік ету қасиетінің арқасында, қой шаруашылығының жайылымдағы шикізат базасы болады, міндетті түрде оны дұрыс пайдаланған кезде, өсімдік өзінен өзі өсіп қалпына келе берді, яғни шөп таусылмайды, сарқылмайды егерде жайылым жүйесіз, шамадан тыс пайдаланылатын болса, ал мұндай жағдай көптеген шаруашылықтарда орын алып келеді ғой, онда жайылым жыл сайын азып-тозып мүлде мал жайылудан қалады. Ондай өрісте қой басы түгел, қайта кеміп кетеді, сайып келгенде, әбден арықтап, жүдеп, өлімші халге жетуі ықтимал.

Жайылымды тиімді пайдалану – қой шаруашылығын ғылыми негізде өркендетудің әрі маңызды, әрі бұлжымайтын шарты.

Мал жайылымын пайдаланудың жаңа неғұрлым қолайлы жүйесіне көшіру жұмысын, қойды жыл маусымына қарай орналастырудың ғылыми жағынан негізделген жобасы бойынша жүзеге асырған дұрыс болады. Ондай жобаларды қазір Гипрозем институты жасай алады. Жолшыбай ескерте кететін бір жәйт, республикада жайлымды тиімді пайдаланудың жобаларын жасау ауыл шаруашылығы министрлігін демеуімен әдейі жайылымда жобалау институты құралса, ол шаруашылық есеп негізінде жұмыс жасаса пайдалы болар еді. Қой шаруашылығына арналған жайылымды тиімді пайдалану жобасында әрбір шаруашылықтың мынадай негізгі мәселелерді қарастыруына болар еді: қойдың мүмкін деген санын белгілеу, мұнда барлық жайылымдағы өсімдіктің максимум, минимум және орташа қорын есепке алу керек; жыл басына және жазда қой қоздап көбейгенде отардың құрамын белгілеу, мұнда жер отының ең бітік кезінде жайылымды барынша тиімді пайдалану ісін ескеру керек; жасы мен жынысына қарай қойды өрісте маусымына сәйкес топқа бөлу, мұнда малдың тіршілік ету ерекшеліктерін (тұқымын, жынысын, жасын) және жайылымдағы жем-шөп мөлшерін ескерген жөн; өндірістік және тұрғын үйлердің санын, олардың неғұрлым қолайлы типтерін және орналасатын жерін анықтап белгілеу; жайылым шөбін сақтау және оған мал өрістету процесінде өсімдіктің өзінен-өзі өсіп, көбею жағын қарастыру қажет.

Мал азығына жарамды өсімдіктің өзінен-өзі өсіп, көбеюі жөніндегі шараға жататындарының басты-бастысы мыналар деп есептеледі: өсіп-өнетін өсімдіктің неғұрлым көбірек болуы мақсатымен, әр участокты кеңістігіне және уақытына қарай тиімді етіп, кезегімен пайдалана білу; әрбір участокқа қойды жайғанда өсімдікті тамырымен жұлғызбай, қайта өсіп көктем шығу әрекетіне зиян келтірмеу керек, атап айтқанда, шөптің қақ жарымын түбірінде қалдыру керек; шөптің көктеп келе жатқан кезінде немесе топырағы ерекше жағдайға ұшыраған уақытында, сол сияқты өскен шөбін қалпына келтіру жағдайында (мал тым қөбірек жайылып, тапталып қалған кезде) оған мал жіберуге рұқсат етпеу керек; суат пункттерін және мал тынығатын орын (қотан) жасау керек, сонымен бірге, отты жайылымдарды малдың мүмкіндігінше азырақ таптауын көздеп, ондай жерлерге өндірістік құрылыс жүргізбеу қажет.

Жайылымды дұрыстап пайдалану негізіне алынатыны – совет ғалымдары (ВАСХНИЛ академигі И. В. Ларин, Түрікпен ССР Ғылым академигі Н. Т. Нечаева және басқалар), академик Қ. Ә. Асанов бастаған қазақстан ғалымдары ашқан өте бір қызықты құбылыс бар, ол мынау: мал өрісін тиімді етіп пайдаланған шақта оның шөбі нашарлап кетпейді, қайта табиғи жағдайдағы күймен салыстырғанда, шөп одан әлдеқайда жақсарып, өңі кіріп шығады екен. Мысалы, Н.Т Нечаеваның мәліметі бойынша, малды жайылымға ең аз (минимум) жайған кезде 1 шаршы метр жерде 204 жаңа өсімдік көктем шықса, орташа жайғанда – 264 өсімдік, өріске сыйғанынша көп (максимум) жағдайда – 128 өсімдік қана көктеп шығыпты.

Ғылым мен озат тәжірибе жайылымды тиімді пайдаланудың нақты ұсынысын жасап шығарды. Жайылымға шөбі жас тұрғанда (шоғырлану-бұтақтану кезеңінде, бірақ шөп бас салып, бұршақтанған және әр түрлі шөп аралас өсіп шыққан кешіктірмей) малды жайған дұрыс. Шөпке тым ерте жаюға да болмайды, мұндай жағдайда, әдетте, көктеген шөбі азайып кетіп, қайтадан нашар шығады. Әр түрлі жайылым телімін пайдалану мерзімін кей жылдары ауыстырып тұру керек, сөйтіп шөбінің ботаникалық құрамы кеміп кетпей, сан алуан болуын қарастырған жөн.

Шабындық аңызына және өсіп-өну дәуірі аяқталған жайылымға малды ең дұрысы суық түскен топырақтың беткі қабаты қатқан кезде жайған мақұл. Әдетте күздік және қыстық жусанды жайылымға қой жайғанда, ол өсімдікті өркендерінің бүршігімен қоса жеп құртады, сондықтан жайылым шөбін толық жеп қоймаудан сақтау керек. Бірқатар көп жылдық дәнді дақылдар жөнінде де осы айтылады.

Қой көп болса, әдетте, олар шөпті түбіне жете қырқады. Әрине, малдың қалай жайылып жүргенін төбесінен қарап бақылап ретке салу мүмкін емес. Сондықтан қой тірмеуі үшін, жайылым көлемінде мал аз-аздап жіберіліп, мал жайылатын күн саны да кемітіледі (өсімдік түбірінде шөптің шамамен қақ жарымы қалуға тиіс).

Өрісте мал жаюдың неғұрлым дұрыс әдісі-малды өңір-өңірге бөліп бағу деп жүр, солай бағылса – мал жайылатын алаңның қөлемін де, оны пайдаланатын күн санын да ретке салуға болады. Бұл арада біз қой бағудың мұндай жүйесінің экономикалық зор артықшылығын әнгіме етпесек те түсінікті ғой демекпіз.

Жайылымды тиімді пайдаланып, әрі оның үстіне қойдың өнімін молайту үшін шөптің ботаникалық құрамын және жыл маусымындағы шөп шығымын дәл есепке алу керек болады. Қуаңшылық жағдайда малды жайып бағудың ерекшелігін ерте заманнан жақсы білетін қазақ шопандары қой шаруашылығын ойдағыдай өркендетудің негізгі шарты – табиғи жайылымды маусымына қарай пайдалана білу керек деп дәл айтады.

Маусымды жайылымдарды пайдаланудың шаруашылықтық және экономикалық маңыздылығы сонда, жемшөп балансында жайылым шөбінің үлес салмағы республика бойынша орта есеппен 70 пайыз, ал жеке облыстарда (мысалы, Жамбыл облысында) 95 пайызға жетеді. Толық емес мәліметке қарағанда, жазғы жайылымның көлемі (сірә, бұған өсімдіктің бүкіл өсіп-өну кезеңінде: көктемде, жазда, күзде пайдаланатын жайылым да кіретін болар) 78,5 млн. га. Барлық жайылымның шөл және шөлейт аймақтарға тиесісі, шамамен 60 процент, яғни 105 млн. гектардай болады.

Қазіргі уақытта жерді егіске арнап игеруге байланысты жайылым жерлердің көлеміне өзгеріс еніп жатқанына қарамастан, кең көлемді жеке жайылымдар мен телімдерді негізінен жыл маусымына қарай, өсіп-өну түріне және шығымдылығына сәйкес пайдалана берген жөн. Алайда кейбір маусымды жайылымдардың (мысалы, жазғы жайылымның) жетіспеуі және көп жайылымдарда судың болмауы шаруашылықтарды жайылымын маусымға қарай пайдалану тәртібін бұзуға мәжбүр етті.

Жайылымның онан әрі азып-тозуына жол бермеу, сонымен бірге оны тиімді пайдалану үшін қой өсіретін әрбір шаруашылықта жайылымды пайдаланудың жалпы (бір жылдық) және бөлшек (маусымдық, айлық) жоспары болуға тиіс, жайылым оралымен және бүкіл жайылым шаруашылығын ұйымдастырып жүргізудің жаңа системасына көшуді белгілеу керек. Мұны жайылымында малы аз шаруашылықтарда немесе жаңадан ұйымдасатын (бос жерге) шаруашылықтарда жүзеге асыру қажет және сөйтуге толық мүмкіншілік те бар. Жайылымда малы толық және оған сиыспай жатқан шаруашылықтарда жағдай қиынырақ. Мұндай ретте сусыз жайылымдарды игеру, мемлекеттік қордың бос жерлерін уақытша пайдалану т.с. есебінен, ондай шаруашылықтардың аумағынан басы артық қойды әкету шарасын көздеу керек. Сонымен қатар, бұл шаруашылықтардың бірте-бірте (жайылымның шөбі жақсаруына қарай) жаңа системаға көшу жоспары болуға тиіс. Рас, бұл істі қойды қазіргі жүйе бойынша бағып-күтудің күнделікті міндеттерімен бір уақытта шешу керек болып отыр. Ол үшін, жоғарыда атап көрсетілгендей, пайдаланылмай жатқан жайылымдарды (жаңа жоспар бойынша) тезірек игеру керек, шаруашылықтың шөбі бар деген барлық жерінің мүмкіндігін пайдалана отырып, пішен дайындап, жайылым шөбін жақсарту және қысқа арнап мол жем-шөп қорын жасау жөніндегі жұмысты барынша күшейте түсу керек.

 

 

Ой азығы

Мал керектік заттарды өсімдіктен алады. Өсімдік заттары ағзада қорытылып, әр түрлі химиялық өзгерістерден өтіп, сіңімді күйге келіп, дененің қажетіне жаратылады.

Мал азығы құрамы жағынан суға және құрғақ затқа бөлінеді. Құрғақ зат органикалық және минералдық заттардан тұрады. Азықты лаборатория жағдайында отқа жаққанда жанып кеткен бөлігін органикалық, ал жанбай қалған бөлігін минералдық заттар дейді. Минералдық заттар құрамында кальций, фосфор, күкірт, калий, натрий, темір, хлор, марганец, мыс, кобальт тағы басқа элементтер болады. Органикалық заттың құрамында азот (белок) және азотсыз қосылыстар – май, көмірсу, дәрумендер, гормондар мен ферменттер болады.

Белоктар (протеиндер). Азықтың азотты қосылыстары протейн деп аталады. Протейн екі топтан: белоктардан және қарапайым азотты заттардан (амидтерден) құралады. Малдың денесі, оның өнімдері жемшөп белогынан түзіліп құралады. Ағзадағы барлық биохимиялық құбылыстарға араласып, шешуші роль атқаратын белок және оның туындылары, сондықтан оларды негізгі тіршілік арқауы деп атайды. Энгельстің белок жоқ жерде тіршілік жоқ деуі осының дәлелі.

Құрамында белогы бар қоректік заттардың орнын белгі жоқ басқа қоректік заттар баса алмайды, өйткені ол бүкіл ағзаны құрайтын жаңа жасушалар мен ұлпалар және малдың өнімдерін құрауға жұмсалатын бірден-бір маңызды органикалық қосылыс.

Құрғақ затқа шаққанда белоктың элементтік құрамы, пайыз есебімен төмендегідей: көміртегі-50,6-54,5; оттегі-21,5-23,5; азот-6,5 7,3; сутегі-15,0-17,6; күкірт-0,3-2,5; фосфор-0,4-0,9.

Белоктар физико-химиялық қасиеттеріне, суда және басқа еріткіштерде еритініне қарай жай және күрделі белок болып екі топқа бөлінеді. Жай белоктарға: альбуминдер, глобулиндер, глютаминдер, проламиндер, гистондар, протаминдер, альбуминоидтар жатады. Күрделі белоктарға: нуклеопротеидтер, хромопротеидтер, глюкопротеидтер, липопротеидтер, фосфопротеидтер және протеидтер жатады.

Мал азықтарының құрамында жай белоктардың мөлшері басым. Ал жай белоктардың өзі амин қышқылдарынан құралады. Жемшөптің белогы мал ағзасында асқазан шырынының әсерімен өзінің алғашқы құрамына – амин қышқылдарына ажырайды. Ажыраған амин қышқылдары қан арқылы денеге тарап, мал белогын құрайды. Сондықтан азық рационын жасағанда жемшөптегі белоктың амин қышқылы құрамына баса көңіл бөлу керек.

Жоғарыда амин қышқылдарының ішінде алмастыруға болатын және алмастыруға болмайтындары кездесетінін айтқанбыз. Құрамында алмастыруға болмайтын аминқышқылдары жеткілікті мөлшерде болатын белокты құнарлы деп, ал құрамында бұлардың кейбіреуі жоқ болса, ондай белокты құнарсыз белок дейді.

Жемшөптің немесе рацион белогының биологиялық құнарлылығы деп малдың белокқа деген қажетін толық өтеу қасиетін айтады. Толық құнды белоктар өсіп келе жатқан, буаз және қозы емізетін саулықтар үшін өте қажет, өйткені бұл кезде белоктың қажеттілігі өте жоғары.

Қой шаруашылығында пайдаланатын негізгі азықтардың құрамында протейннің мөлшері аз. Мәселен, бір азық өлшеміне шаққанда қорытылатын протейн мөлшері: қысқы жайылым шөбінде 60-65 г, пішенде 70-80 г, жүгері сүрлемінде 67-70 г, сұлы дәнінде 85-87 г, арпа дәнінде 67-70 г, сабанда 50-60 г. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, осы азықтардан құралатын қойдың қысқы рационында қажетті қорытылатын протейн 25-30 пайыз жетіспейді. Ғылыми тұрғыдан алып қарағанда, рационда бір пайыз протейн жетіспесе, бір өнім өлшеміне жұмсалатын азық шығыны екі пайызға жоғарылайды. Ал мұның өзі қой өнімінің өзіндік құнын қымбаттатады.

Малды дұрыс азықтандыру үшін әр азық өлшемінде орта есеппен 100-110 г қорытылатын протейн болуы керек. Протейнге бай азықтар: беде, эспарцет, жоңышқа, бұршақ тұқымдардың дәндері, кұнжара, шрот және жануар тектес азықтар. Бұл азықтар шаруашылықтарда қажетінше бола бермейді. Сондықтан азық рационындағы протейннің жетіспейтінін толықтыру үшін жасанды амидтерді пайдалануға болады.

Амидтер – таза белокқа жататын, бірақ құрамында азоты бар заттар. Осы азотты күйіс қайыратын малдың үлкен қарнындағы микроорганизмдерді пайдаланып, мал денесінің белогына айналдырады, бұдан соң олар азықпен бірге ішекке жылжып, сол жерде қорытылып денеге толықтай сіңеді. Мұндай әдіс-тәсіл қазіргі кезде күйіс қайыратын малдардың (қой, сиыр, ешкі, түйе) рационындағы протейннің жетіспеуін толықтыру үшін амид-карбамид тағы басқа да аммоний қосындыларын қолданады. Қалай қолданудың технологиясы жасалған.

Көмірсулар.Бұл көміртегі, сутегі және оттегі атомдарынан тұратын органикалық заттар. Көмірсулар тобына: крахмал, қант, клетчатка және басқа да қосылыстар кіреді.

Мал азығының бәрінде де көмірсу көп. Өсімдік тектес азықтарда жалпы құрғақ заттың 80 процентіне дейін көмірсулардан тұрады.

Қойдың негізгі азығы болып саналатын ірі азықтарда клетчатка көп: шөпте 20-35, сабанда 40-45 процент. Осы ірі азықтарды қой жақсы пайдалану үшін үлкен қарындағы микроорганизмдердің өсіп-жетілуіне жағдай жасау қажет. Ол үшін рационды жеңіл қорытылатын көмірсумен толықтыру керек. Әдетте, рациондағы шөптің, сүрлемнің әрбір килограмына 70-80 г есептеп жем қосылса жеткілікті болады.

Майлы заттар. Мал организмінде майлардың энергетикалық үлкен маңызы бар. Белок пен көмірсулардың бір граммы ыдырағанда 4,1 килокалория жылу берсе, 1 г май ыдырағанда 9,3 килокалория жылу береді. Соның сыртында май дененің жылуын реттеуге қатысады.

Майдың азық құрамында жетіспеуі орталық нерв жүйесі мен жыныс жүйесінің ағзаларының қызметін бұзады, дененің әр түрлі ауруға қарсы тұру қабілетін төмендетеді.

Қой көп мөлшерде май қорын жинайды, олар денеге қорек жетіспеген кезде жұмсалады, бұл пайдалы қасиеттер малды бордақылағанда барынша пайдаланылады.

Минералдық заттар. Жалпы мал организмінің бірқалыпты өмір сүруі үшін органикалық заттармен қатар минералдық заттар да қажет. Олар мал денесінің сүйегін құрайды, зат алмасу барысында түрлі құбылысқа қатысады, организмдегі осмостық қысымды реттейді, жүрек пен нерв жүйелерінің дұрыс жұмыс істеуіне себін тигізеді, қанның қызыл түйіршігінің гемоглобинінің түзілуіне, қарын сөлінің тұз қышқылын түзуге және басқа да қызметтер атқарады.

Ағзадағы барлық минералдық элементтердің 65-70 пайызы және малдың тірілей салмағының 2 пайызы кальций мен фосфор. Олар ең алдымен малдың сүйегі мен тісінің өсіп-жетілуіне керек. Азық рационында және суда кальций мен фосфор жеткіліксіз болса, мал организмінің тіршілік әрекеті бұзылып, оның қоңы нашарлайды. Рахит, остеомоляция, остеопороз басқа да ауруларға шалдығады. Рационда көбінесе фосфор жетіспейді, оны фосфаттар қосу арқылы толықтыруға болады.

Магнийдің ағзада алмасуы кальциймен және фосформен тығыз байланысты. Ол осы элементтердің алмасуын реттейді. Натрий, хлор, калий де қажетінше ағзада болуы тиіс.

Қой үшін күкірттің орны ерекше, себебі жүнінде 2,4-5 пайыз күкірт болады. Берілетін азықтарда күкірт қойдың қажетінен әлдеқайда төмендеу. Сондықтан күкірт қышқылды натрий мен хлорлы кобальтты араластырып, оны жемге беру тиімді болады.

Дәрумендер мал ағзасы үшін құрылыс материалы да, энергетикалық материал да емес. Бірақ, олардың маңызы өте зор, олар ағзада биохимиялық өзгерістерді жылдамдату үшін қызмет атқарады. Сондықтан азықта дәрумен жетіспесе оларды қосымша қорек ретінде рационды байыту керек.

Малды дұрыс өсіру, мол өнім алу және онан әрі өркендету үшін оны бүкіл қажетті қоректік заттармен қамтамасыз ететін берік жемшөп базасы болуы шарт. Жемшөп базасының негізін құрайтын мал азықтық дақылдардан мол өнім алмайынша қой шаруашылығын интенсивті өркендету мүмкін емес, осыған орай, қой дақыл өсіру шаруашылық жағдайына қолайлы екенін де есептеген жөн. Табиғи жайылымдарда қандай шөптер өседі, олар қандай өнім береді, шөп дайындауға қандай мүмкіндіктер бар, қолдан қандай дақылдар өсіру керек, олардан қандай азық дайындау керек деген сияқты көп деген нақты сұрақтар қойып оған негізделген жауап беру керек болады.

Жас көк өсімдікте протейн, май, күл көп болады. Өсімдік өскен сайын қатайып, құрамындағы клетчатка көбейе түседі. Жайылым шөбінің қоректілігі көктемде күшті, протейні көп болады. Жазда және күзде жайылым шөбі сарғайып, негізгі қоректік заттары кемиді. Құрамындағы клетчатканың үлесі арта түседі. Мәселен, мамыр айында шабылған шөптің 100 кг құрғақ затында 13 кг қорытылатын протейн мен 95,3 кг азық өлшемі болса, тамыз айында дайындалған осындай шөпте 7,3 кг қорытылатын протейн, 41,9 кг азық өлшемі қалады, яғни қоректік заттардың мөлшері екі есе азаяды. Сондықтан шөп дайындау кезеңін дұрыс анықтап, жайылым қоректілігін біліп, есте сақтау шаруашылық үшін өте керек.

Қой жейтін азықтың түрлері. Қойдың биологиялық және тіршілік ерекшеліктері жайылымның шөбін барынша толық пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл жөнінде қой басқа түліктердің қайсысынан болса да асып түседі. Ал жайылымсыз қой малын өсіру қиын да қымбат. Жоғарыда айтылғандай, еліміздің ауыл шаруашылық жерінің басты ерекшелігі – табиғи жайылым көп. Атап айтқанда 180 млн. гектар, оның ішінде 80 млн. шөлді, 36 млн. шөлейт аймақтарда, ал 60 млн. жуығы сортаң топырақты жерлерде. Осыған орай жайылымның азық өнімділігі де өте төмен деп айтуға болады. Орта есеппен әр гектардан алынатын өнім (құрғақ салмақпен) 1,5-3 центнер шамасында.

Республикадағы барлық жайылымның 100 млн. гектарының суы бар болып есептеледі, қалғаны суландырылмаған, болмаса құдықтары көміліп қалған. Осыған орай жайылымның азық өнімділігін толық пайдалану үшін жайылымдарды суландыруды онан әрі жақсарту қажет.

Жайылымдардың шөбін жақсарту және оны пайдалану жүйесін тиімді өзгерту үшін көптеген қаржы жұмсап, қажырлы еңбек ету керек. Жыртуға жарамды жайылымдардың едәуір бөлігін көпжылдық шөптер мен жабайы шөптер өсетін жағдай жасау керек. Ол үшін ғалымдардың ұсыныстарына сәйкес тиісті агромелиорациялық шараларды жүйелі жүргізу керек болады. Жайылымдарды қоршап, қорғап, ұдайы жақсартып отыру әрбір қой шаруашылығы үшін мызғымайтын ереже болуға тиіс.

Қой өсіретін көптеген шаруашылықтар жайылымдарды өзіндік ерекшеліктеріне, жергілікті ауа райы жағдайына, өсімдіктің өсу кезеңінің сәйкестігіне қарай маусымды пайдаланады. Облыстардың көпшілігінде қой жыл бойы жайылымда бағылады, жайылым үнемі ауыстырылып отырылады. Ежелден халқымызға белгілі, қалыптасқан көктеу, жайлау, күздеу, қыстау деген түсінікті сөздер жылдың уақыт кезеңі ғана емес ол нақты жайылымдарға берілген атаулар. Көп жылдық тәжірибенің нәтижесінде жайылымның қандай шөптер өсетінін, оларды қай кезде малға жегізген тиімді екенін тұжырымдап барып, оларды қажетті уақытында пайдаланады. Жайылымды маусымда пайдаланудың дәстүрлі жүйелері бар. Ол жер қыртысына, ауа райына, аумақ мүмкіндігіне қарай әр жерде әр түрлі. Мәселен, Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс облыстарда (Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан) қой малы көп жерлерде құмда қыстатылып, төл алу, қой қырқу науқандарын далалық жайылымда өткізіп, жаз жайлауға тауға шығарылады. Күзде шағылыс науқанын қайтадан далалық жайылымдарда өткізіп, қыста қайтадан құмға кіргізіп қыстатады. Ал Батыс Қазақстанда қойды қыста құмда, көктем, жаз, күз қырлық жайылымдарда ұстайды. Бірақ әлсін-әлсін жайылымдарын ауыстырып, көшіп-қонып тұрады. Сол сияқты Орталық Қазақстанда да қалыптасқан жүйелер баршылық. Жайылымды былай жүйелі пайдалану біріншіден арзан, екіншіден қойдың үйренген биологиялық ырғағына сәйкес, сайып келгенде табиғат аясын тиімді пайдаланып экологиялық таза, сапалы өнім өндіруге мүмкіндіктер жолы ашылады.

Жайылымның игерудегі маңызды жұмыс жайылымды суландыру. Бұл жұмысты алдын-ала ойластырып, арнаулы ғылыми-техникалық жоба жасау жолымен жүргізу керек. Бұл жобада, алдымен, қойларды суаратын ашық немесе механикаландырылған суаттар салу, жайылымдардың шөбін ретімен тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін жайылым айналасын жасау, нақтылы жағдайларға байланысты суландырудың өте тиімді үлгісін (бұлақты қаптаждау, бөгеттер салу, каналдар қазу, артезиан немесе кәдімгі түтікті, болмаса жегенді құдықтар қазу, суды құбыр арқылы жүргізу т.б.) жасау, суару пункттерін дұрыс пайдалану, оларды техникалық күту шараларының жүйесін белгілеу мәселелері қарастырылуы тиіс.

Жайылымдық жерлерді тиімді игеру, олардың құнарлылығын арттыру, яғни жайылымда бағылатын мал шаруашылығының жемшөп қорын нығайту арқылы өнімділігін арттыру шаруашылықтың басты жұмысының бірі болуы керек. Қазіргі жер меншігі жүзеге асырылып жатқан кезде әрбір фермер, шаруашылық басшысы өз жерін, соның ішінде жайылымға да өте жауаптылықпен қарауы тиіс. Қойды көп және өте пайдалы өсіретін Жаңа Зеландия, Австралия фермерлері еріккеннен емес, қажеттіліктен қоршаған. Оларды бөліп-бөліп ішіне жүйелі түрде су жеткізіп қойған. Соның нәтижесінде ол фермерлер қазір еңбекті аз жұмсайды, қойының жайылымы жеткілікті, суы бар, өзінен-өзі бағылып жатыр, керегінде жүнін қырқып алады, төлін санап, бөліп алады. Жұмыс істесек бізде де осылай болады.

Жайылымдағы өсімдіктерді сақтап қалу және көбейту үшін өсімдіктердің өсуіне мүмкіндік беру керек. Ол үшін жайылымдықты бөлшектеп, оларды кезектеп пайдалану, малға отап жегізбей, жайылым шөбінің жартысын тамырында қалдыру, қажет болса жыл бойы мал жаймау керек.

Суландыру құрылыстары, қой қоралары, ұрықтану пункттері маңынан қоршалған мәдени жайылымдар жасап, оларға көп жылдық өсімдіктер егуге баса назар аударған жөн.

Міне, осы жоғарыда айтылған жайылым шаруашылығын түбірінен қайта құру жөніндегі жұмысты өрістетіп, оған мемлекеттік дәрежеде мән берген кезде қой санының өсуіне және оның өнімдерін арттыруға берік азық базасын жасауға болады.

Қойдың дұрыстап өнім беруі үшін және оның организмінің қалыпты өсуі үшін жылына 5-5,5 центнер азық өлшемі, соған тиісінше сіңімді протейн қажет. Қой қажетінің 60-70 % жайылымнан өзі тауып жейді. Бірақ ол үшін жайылым құнарлы, жеткілікті болуы тиіс. Байқап отырсаңыз бұл өте үлкен олжа ғой. Қолдан дайындап беретін азық 30-40-ақ %, немесе бір қойға 1,7-2,5 центнер азық өлшемін дайындап беру керек. Шын мәнінде көптеген шаруашылықтар осы азықты дайындап бере алмайды, сондықтан қойдың өнімділігі де төмен. Көп жылғы статистика мәліметі бойынша қолдан дайындап беретін азықтың көлемі Қазақстанда орта есеппен 1,4 центнер ғана. Бұл, әрине, жеткіліксіз.

Қойдың жайылымнан өзі тауып жейтін және қолдан дайындап беретін өсімдік тектес азықтың түрлеріне қысқаша сипаттама берейік.

Жусанең кең таралған, ең ащы өсімдік болғандықтан, оны қойдан басқа мал түліктері сүйсіне жемейді. Ал қой болса күзде, ерте көктемде, қыста жайылымда жусанды, әсіресе боз жусанды қорек етеді. Жусан көп жылдық өсімдік және оның бірнеше түрі болады. Жусан Қазақстанның барлық аймақтарында өседі, ерте көктемде биіктігі 30-60 см аралығында болады, құрғақшылыққа төзімді және күтім талғамайды. Құрамында глюкозидтер, С дәрумені, эфир майы болады. Сондықтан қойдың жусан жегенде тәбеті ашылып, асқазаны жақсы істейді. Жусанға жайылған қой жылдам семіреді. Жусанның бір түрін дермене деп атайды. Ол өзінің дәрілік қасиетімен кеңінен белгілі. Оңтүстік Қазақстанда кезінде әдейі дермене өсіретін кеңшарлар болған. Олар дерменені әдейі егіп, өсіріп дайындап, дәрі әзірлейтін зауыттарға жіберетін өте құнды құрт ауруларын емдейтін дәрілер шығаратын. Дермене жабайы күйінде де өседі. Қой оны өте жақсы жейді және азықтық құнарлылығы да жоғары.

Изенқуаңшылыққа, суыққа төзімді көп жылдық өсімдік. Биіктігі 30-40 см, ал тамыры өте тереңге кетеді, 2 метрге дейін. Қазіргі уақытта изен шөбі терең зерттелген, азықтық қасиеті жоғары болғандықтан изеннің тұқымын өндіру үшін әдейі шаруашылықтар құрылған, изен шөбін кеңінен өндіруге әдейі негіз жасалған.

Изенді күз бен қыста қой, ешкі, түйе сүйсініп жейді. Егіп өсірген кезде гектарына 10 ц пішен, 20 ц жайылым шөбін береді. Табиғи күйінде қуаң далалық, шөлейт, шөл аймақтарда және тау етегінің құм-құмдақ, қызыл-қоңыр құмайт, сортаң жерлерде өседі, өмірінің ұзақтығы 10 жыл. Басқа шөптерге қарағанда өзінің азықтық қоректілігінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Жайылымда қой оны қысы-жазы жей береді. Ерте көктемде және күзде тұщы және жұмсақ болғандықтан қой изен болса жусанға қарамайды. Изеннің протейндік құндылығы еркек шөптен жоғары. Орта есеппен 100 кг изенде 26 азық өлшемі мен 4,2 кг қорытылған протейн болады.

Еркек шөп жақсы жапырақтанатын, сабақ-бұтақшалары көп, көпжылдық өсімдік. Қуаңшылыққа, суыққа өте төзімді. Шөл және шөлейт аймақтарда өсе береді. Қаптатылған жайылым суға 15-20 күн шыдайды. Ерте көктеп шығады, биіктігі 90 см дейін. Еркек шөптің үш экологиялық түрі бар.

Еркек шөптің өсіп-жетілуінің басында қоректілік қасиеттері де өте жоғары болады: 27,1% протейн, 20% клетчатка бар, гүлдену кезеңінде протейн 10,5%, клетчаткасы 30%, ал масақтану кезеңінде протейні 16,1%, клетчаткасы 24,8% болады. Еркек шөптің дәнін бастырып алғаннан кейінгі сабанының қоректілік сапасы орташа пішенмен тең түседі. Ондағы протейн 8,1%, клетчатка 29,2% шамасында. Масақтану кезеңінде еркекшөптің қорытылу мөлшері: протейн 66,5, май 42,3, клетчатка 49,7, және азотсыз экстрактивті заттар 59,8 пайыз. Орта есеппен 100 кг еркек шөпте 35 кг азық өлшемі, 31 кг қорытылатын протейн болады.

Еркек шөпті пішен күйінде және жайылымда масақтануына дейін малдың барлық түлігі сүйсініп жейді. Сондықтан еркек шөп жайылымдар мен шабындықтар жасау үшін пайдаланылады. Көбінесе өзге өсімдіктерді ығыстыра отырып, шөбі ұзақ бойы сақталып, өсіп тұрады. Пішен өнімі гектарынан 15-20 центнерден айналады. Құмда өсетін еркек шөпті құмеркек деп атайды. Ол қой үшін қысқы жайылымда негізгі азықтардың бірі болып саналады.

Тарлау Қазақстанның сортаңданған саздық шөл далалары үшін келешегі зор жайылымдық және шабындық дақыл. Қазір ол 10 мың га жерде өсіріледі. Гектарынан 15-20 центнерге дейін құрғақ жайылым шөбі алынады. Оны көк күйінде, гүлдегенше малдың барлық түрі сүйсініп жейді. Құрғақ затқа есептегенде тарлаудың құрамында көк күйінде 18-25% протейн, 26-29% клетчатка, гүлдеген кезінде 17,7% протейн, 28,6% клетчатка, толық піскенде 12% протейн, 34% клетчатка болады. Жас тарлаудың қорытылу коэффициенті: протейн-82%, клетчатка-66,5%, азотсыз экстрактивті заттар-84,5%, май-73,4%. Тарлаудың 100 кг шөбінде 33кг азық өлшемі, 5,2 кг қорытылатын протейн бар.

Күйреуік қой мен түйе үшін күз және қыс айларында пайдаланылатын құнды азық шөбі. Оның құрғақ 100 кг күзде 44, қыста 35кг азық өлшемі болады, бір гектардан 4,6 – 8,9 ц құрғақ жайылым шөбі алынады.

Бидайық (атқонақ) жақсы жапырақтанатын көпжылдық өсімдік. Биіктігі бір метрге дейін болады. Су және шөл бидайық түрлері болады. Су бидайық ылғалды, қаптатылып суарылған жерде жақсы өседі, суыққа, тұзды жерге шыдамды. Көктемде ерте көктейді, шауып алған жерде ылғал болса, қайта көктейді. Малдың қай түлігі де сүйсініп жейді, ал пішен күйінде қой мен ешкі өте жарытып жемейді. Гектарына 25-50 ц өнім береді. Шөл бидайық қуаңшылыққа, суыққа төзімді, сортаң жерге көнбіс, қаптатып суарған суда көп тұруды жаратпайды, шықпай қалады. Пішен күйінде және жайылымда малдың барлық түрін ұнатып жейді. Бір орымда гектарына 8-15 ц өнім береді.

Арпабасқуаңшылыққа мейілінше төзімділігімен көзге түседі, қаптатылған жайылма суға 30-45 күн шыдайды, пішен күйінде және жайылым ретінде малдың барлық түлігі сүйсініп жейді, көктемде өте ерте көктейді, көк шөбі мол, көп жылдық, тамырлы өсімдік. Биіктігі 80-120 см, суыққа төзімді.

Арпабас барлық жерде, өзен алқаптарында, сай-салада, аймақ-жалғандарда, батпағы құрғатылған жерлерде, екпе шабындықтар мен жайылымдар жасау, сондай-ақ эрозияға душар болған топырақты бекіту үшін пайдаланылады. Пішен өнімі қуаңшылық аудандарда гектарына 10-12 ц, өзен алқаптары мен шалғындарда 50 ц болады.

Бетеге көп жылдық қалың түпті, астық тұқымдас өсімдік. Жапырақтары жерге жайылып кетеді, биіктігі 20-40 см. Көктемде ерте көктейді. Гүлденген шағында қысқа бұтақшалар өседі.

Табиғи жағдайда бетеге кең тараған. Ол даланың тың және тыңайған жерлерінде, қара, қоңыр топырақты жерлерде, аласа таулар мен беткейлерде барлық аймақта кездеседі. Мамырда гүлдеп, жеміс салады, маусымда тұқым піседі. Суыққа төзімді. Қаптатылған суға 10-15 күн-ақ шыдайды, қуаңшылыққа мейілінше төзімді. Пішен, жайылым күйінде малдың барлық түлігі сүйсініп жейді. Мал жаюға төзімді. Оны орманды, таулы-далалық жерлерде жайылым, пішен үшін таза немесе бұршақ тұқымдарымен араластырып егеді. Аралас еккенде гектарынан 30-50 ц өнім алуға болады.

Қияқ шөп қуаңшылыққа, қысқа төзімді, өте ерте өсе бастайды. Мал жайғанда, бір-екі рет қайта көктейді. Малдың жайылуына өте төзімді. Масақтануына дейін малдың барлық түлігі сүйсініп жейді. Қыста мал жаюға өте қолайлы. Шөбі он жылға дейін шыға береді. Әр гектарынан 17 ц жуық пішен алынады, қолайлы жылдары 30-40 ц дейін өнім береді. Қияқ шөп топырақ таңдамайды, барлық жерлерде өсе береді.

Қылқан селеу қысқа, қуаңшылыққа төзімді, шамадан тыс ылғалды ұнатпайды, қаптатылған жайылымда суға 30 күнге дейін шыдайды. Қайта көктегіш келеді. Жайылымда гүлдегенше барлық мал түлігі жейді. Қылқан селеу бірнеше түрге бөлінеді. Қой шаруашылығына қауіптісі садақ көде. Себебі піскен кезде қылқаны қойдың жүніне кіріп, қойдың терісіне қадалып мазалайды, жүннің сапасын төмендетеді, қойдың өзін ауыртады, терісін жарақаттайды. Сондықтан дәні қылқанша шыққан кезде қойды жайылымға жақындатуға болмайды. Ондай жайылымды жыртып, басқа дақыл егу керек, болмаса тастұрып гүлдеген кезде, сиыр малын жаю керек, немесе өрт бастау керек.

Шишөл далаларда өсетін, өте мықты көгалды төмпешіктер түрінде кездесетін, тал-шілікті көпжылдық өсімдік. Ірі төмпешіктерде 300-500 дейін тал-тармақтар болады.Тармақтарының биіктігі 150 см, жапырақтары сыпырғыш тәріздес 15-50 см аралығында. Ши өскен жерлердің жер асты суы жақын болып есептелінеді. Шөлді жайылымдарда азық ретінде ши ерте көктемде пайдаланылады. Жазда қой оны жемейді. Гектарына 10 ц дейін пішен береді.

Құрақ шөп ылғалы мол жерде, көлдің жағаларында өсетін, тамыры өте күшті дамыған көпжылдық өсімдік. Оны қой сүйсініп жемейді. Құрақ шөпті масақтанбай тұрғанда пішенге шауып алған дұрыс, гектарынан 35-40 центнер пішен дайындалады. Ескіртіп шапқанда оның құны төмендеп, қоректілігі нашарлап, қамысқа жақындайды. Дайындалған құрақтың көк шөбін уақтап-талқандап беруге, немесе брикет-түйіршікке қосып қой азығына жаратуға болады.

Теріскен көп жерлерде табиғи жағдайда кездесетін көпжылдық жартылай бұталы өсімдік. Биіктігі 70-110 см. Көбінесе құмды жерлерде өседі. Жайылымдарда, әсіресе күзде және қыс қарсаңында теріскенді қой өте сүйсініп жейді.

Теріскен өзінің құрғақшылыққа төзімділігімен ерекшеленеді, тамыры 3 м тереңдікке дейін енеді. Құрғақ кезінде 100 килограммында 47,4 азық өлшемі, 3,3 кг қорытылатын протейн болады, әрбір гектардың шөп өнімділігі 4,9-7,8 ц аралығында.

Ебелек шөл және шөлейт жерлерде өсетін қалың бұтақтарымен шар тәрізденіп келетін бір жылдық өсімдік. Биіктігі 5-30 см аралығында. Қой өте сүйсініп жейді, ерте көктейді.

Мортық (арпаған) шөлді және шөлейт аймақтарда өсетін құбылмалы бір жылдық жайылымдық өсімдік. Биіктігі 15-20 см. Қой өте сүйсініп жейді, көктемде ерте көктеп, жылдам өседі. 30-40 күн ішінде барлық өсу-дамуы бітеді. Арпағанның жерге түскен масақтарын қой іздеп жүріп тауып жейді. Бір гектар жайылымнан көк шөбінің орташа түсімі 5-7 центнер. Бірақ өте құнарлы мал азығы.

Рақ шөлді және шөлейт аймақтарда өседі. Өте ерте көктейді. Қой өте сүйсініп жейді. Тамыры жайылмалы, тармақтары ұзын, биіктігі 10-40 см аралығында, көп жылдық өсімдік. Ерте көктемде негізгі қой азығы болып саналады.

Қаңбақ құмайт-шөлейт жерлерде өседі, құрғақшылыққа өте төзімді. Сабақтары жапыраққа бай, топтанып, бір-бірімен шабысып, дөңгелектеніп келеді. Биіктігі 15-60 см аралығында, бір жылдық өсімдік. Көк кезінде қой жейді, көбіне егін орылып болған соң егіндікке шығады.

Сексеуіл биіктігі 6-8 метрге дейін жететін, бұтақтары жақсы дамыған, құмда өсетін көпжылдық бұталы өсімдік. Оның жас бұтақтары мен тұқымы күз және қыс айларында қой, түйе қажеттілігін қанағаттырарлықтай азық бола алады. Сексеуіл ақ және қара болып екі түрге бөлінеді.

Ақ сексеуіл бағалы азықтық дақылдар қатарына жатады. Оны түйе жыл бойы, қой күз, қыс бойы жақсы жеп қоректенеді. Бір гектарынан 3-5 ц азықтық өнім алынады. 100 кг құрғақ затында 37-46 азық өлшемі болады. Бір гектарында 4-18 центнерге дейін мал жеуге жарамды құрғақ азық болады.

Сексеуіл жайылымдарды қоршау үшін, олардың шығымдылығын арттыру үшін, келешекте отын өсіру үшін, жалпы табиғаттың шөлейт-құмды жерлерде экологиясын жақсарту үшін де қолданылады. Жайылымда қыста қар тоқтатып ылғал жинап сақтайды, желді эрозиядан ықтасын ретінде қорғайды. Бұл шөл-шөлейт, құмайт жерлер үшін өте қажет өсімдік.

Беде суыққа, қуаңшылыққа төзімді көпжылдық бұршақты өсімдік. Биіктігі 45-55 см. Мал жайғанда, онша тапталмайды, барлық түлік жейді. Сарбас және көкгүлді болып беде екіге бөлінеді. Екі түрі де жылдам, қайта көктегіш келеді. Жер таңдамайды, саздақ, құмдақ жерлер аса қолайлы болады. Беденің азықтық сапасы жоғары. Гүлдеу кезінде орылған көк беденің 100 килограмында 21 кг азық өлшемі, 4,8 кг қорытылатын протейн және 6 грамм каротин болады. Гектарына 10-100 центнер аралығында пішен шөп береді, көп жылдық мәдени жайылым жасауға өте қолайлы дақыл. Тың жерге егілген беде мол өнім береді. Шөлейт аймақтағы тың жерге егілген беденің өнімділігі 1,5-2 есе артық болады.

Жоңышқаның ақбас, қызылбас және басқа да түрлері болады. Биіктігі 50-70 см. Ылғалды топырақты ұнатады, қайта көктегіш. Пішен түрінде және жайылымда малдың барлық түлігі жақсы жейді. Жемшөптік ауыспалы егістерде екпе шабындықтар мен жайылым жасау үшін пайдаланылады. Пішен өнімі 40-60 ц дейін жетеді. Қуаңшылыққа және сортаң топырақты жерлерге төзімді шіркелі жоңышқаны түйе жоңышқа деп атайды. Бұл өсімдікте кулариннің өткір иісі шығып тұрады, дәмі де ащылау. Мал дағдыланып үйренгенше нашарлау жейді, кейін үйреніп кетеді. Сортаң жерден жоғары өнім алуға пайдалы. Бір гектардан 50-60 ц шөп өнімін береді.

Жабайы түрде өсетін жоңышқаның табиғи шөбін шытыр шөп дейді. Шытырдың өспейтін жері жоқ деуге болады, ол өте кең тараған. Сортаң, сор, құмды, қара топырақты жерлердің бәрінде де өседі. Әсіресе жаңбырдан кейін шытыр өте дәмді болғандықтан, қой оны басқа шөптерден гөрі сүйсініп жейді. Кейде осының салдарынан қойдың іші кеуіп ауруға тап болып, шұғыл шара қолданбаса қой өліп кетеді. Сондықтан шытыр қатты, қалың өскен жерде қойды өте сақ жаю керек. Алдымен шытырлы жерге жаймай, басқа жайылымға тояттатып келіп жайған дұрыс. Таңертең шық кеппей қойды шытырлы жерге жаюға да болмайды.

Жоңышқаның барлық түрлерін қой жақсы жейді, және оның құндылығы да жоғары болғандықтан, тез оңала бастайды.

Пішен қой үшін ірі азықтардың ішіндегі ең құндысы. Оны табиғи және екпе шабыңдықтарда, көп жылдық және бір жылдық шөптер егілген егістіктерде өсіріп дайындайды. Пішен мал азық рациондарында маңызды орын алады. Қыс мезгілінде малдың протейнге, витаминге және минералдық заттарға қажеттілігі негізінен сапалы пішен арқылы қамтамасыз етіледі. Өсімдіктердің құрамына, сапасына байланысты пішен екі класқа бөлінеді. Бірінші класқа құрамындағы негізгі шөп түрінің мөлшері 60 пайыздан кем емес, мал жемейтін шөп қоспалары 5 пайыздан аспайтын пішен жатады. Екінші класқа-құрамындағы негізгі шөп түрінің мөлшері 45 пайыздан кем емес, мал жемейтін шөп қоспалары 10 пайыздан аспайтын пішен жатады.

Мал жемейтін қоспаларға өсімдіктердің қатып кеткен бөлектері, бұзылған пішен мен арам шөптер жатады. Стандартқа жататын пішенге зиянды, және улы шөптер, оның жалпы салмағының бір пайыздан аспауы тиіс. Стандартқа жататын пішеннің түсі жасыл, иісі жас шөптікіндей, ылғалдылығы 17 пайыз болуы тиіс.

Пішеннің сапасы шабылған шөптің химиялық құрамына, дайындау уақытына және технологиясына байланысты болады. Пішенге өсімдіктердің гүлдеу алдында, бірінші жетілген көк кезінде шауып алу дұрыс. Кешіккен сайын пішеннің сапасы төмендей береді. Тәжірибе көрсеткендей, қыркүйек айында дайындалған пішеннің маусым айында дайындалған пішенге қарағанда азық өлшемі екі есе төмен болады.

Шөл-шөлейт шабындықтардың сараң, өзен, ебелек пішендерінің азықты заттары көп. Бұл пішеннің 10 килограмында 3,6-4,1 азық өлшемі және 640-910г қорытылатын протейн болады.

Жусан пішені химиялық құрамы жағынан астық тұқымдастарға жақын, бірақ азықты заттар мен жасуша ішінде нашар қорытылатындығынан, оларға қарағаңда жалпы қоректілігі төмен, 10 кг пішен 3,4 – 4,1 азық өлшемі ғана болады. Ерте орылған екпе шөп (бұршақ және астық тұқымдас) пішеннің қоректілігі тым жоғары, 10 кг-да-5,3-5,7 азық өлшемі бар. Беде пішені жалпы қоректілігі жағынан астық тұқымдастардан төмен, ал қырытылатын протеин мөлшері едәуір көп. Орта есеппен алынған бір кг бұл пішеннің 0,46, ал астық тұқымды шөп пішенінде 0,52 азық өлшемі бар.

Жоғары сапалы пішен дайындау үшін астық тұқымдас шөпті масақтану алдында, және масақтану кезінде, ал бұршақ тұқымдастарды жанақтану, гүл бүрлену кезеңінде орып жинау тиімді. Пішенді қысқа мерзім ішінде дайындау керек. Шөп шабу мен оны жинаудың арасында алшақтыққа жол бермеу дұрыс. Шөпті жақсы, дер кезінде шауып оны тез жинамай жатып қалса, сапасы өте төмендеп кетеді.

Шөп жинаудың түрлі технологиясы бар: маялап жинау, тайлап жинау, қолдан желдетіп кептіру. Қайсысын қолданғанда да сапалы пішен жинап оны бұзылмайтын етіп сақтау керек.

Сабан - дәнді дақылдарды бастырғанда түседі. Оның қоректілігі дақылдардың түріне, сортына, ору мерзіміне, топырақ сапасына байланысты болады. Орта есеппен сабанның ылғалдылығы 12-16%,протеин 2-6%, май 1-2%,клетчатка 21-45%,азотсыз экстративтік заттар 30-40%, бір килограмында 0,2-0,4 азық өлшемі болады. Күздік дақылдардың сабанынан гөріжаздың дақылдардың сабаны анағұрлым қоректірек болады және оларды мал сүйсініп жейді.

Топан. Бұнда дән қауызы, масақтың бөлігі, жапырақ, сабақ, ұзақ және жарылған дән болады. Қоректілігі сабаннан анағұрлым жоғары және мал жақсы сүйсініп жейді. Күріш пен арпаның толғанын малға құрғақ күйінде беруге болмайды, өйткені өте қатты, қылқан көп, малдың аузының ішін, асқазаның, ішкі қабаттарын жарақаттайды. Топанды малға берер алдында булап жұмсартып, сумен шылап оған шырынды азық (мелясса) қосып берген дұрыс.

Сүрлем– мал үшін өте бағалы, неше түрлі қоректері бар азық болып саналады. Сапалы сүрлем малдың асқазан қызметін, организмде зат алмасуын жақсартады. Дұрыс дайындалған сүрлем көк азықтың бағалы қасиеттерінің көбін сақтайды, азықтың дәмін кіргізеді, ондағы қоректік заттардың жақсы қорытылуына көмектеседі.

Сүрлемнің сапасын оның иісіне, түсіне және қышқылдығына қарай бағалайды. Жақсы сүрлемнің иісі сүйкімді, тұздаған алманың иісіне ұқсайды, түсі жасыл болып жапырақ құрылысы сақталады. Сапасы нашар сүрлемді малға беруге болмайды.

Пішендемекөк балауса шөптерді консервілеудің биологиялық әдістерінің бірі. Шөптің ылғалдығы 45-55 пайызға дейін кептіріліп, ұсақталып, ауа кірмейтін етіп дайындаған мал азығы. Пішендеме дайындағанда көк шөп сүрлемдегідей қышқылдардың әсерімен емес өзінің ауасыз сақталуымен бағалы. Онда қышқыл болмайды, қанты да өз күйінде сақталады. Дұрыс дайындалған пішендеменің жапырақтары, сабағы бір-бірімен жабыспайды, дара-дара жатады.

Пішендемені шөптің барлық түрінен де даярлауға болады, дегенмен ол үшін ең құнарлы шөптерді – бедені, жоңышқаны, сиыр жоңышқаны, сұлының қоспасын пайдаланған дұрыс.

Пішендеме салудың технологиясы, қысқаша, мынадай: 1) шөпті шабу; 2) шөпті қажетті ылғалдылыққа (45-55%) дейін тобарсыту; 3) шөпті бөкестен жинап ұсақтау; 4) тобарсыған ұсақталған шөпті қоймаға немесе траншеяға салып тығыздап таптау; 5) қойманы ауа кірмейтін етіп бітеу. Еуропа елдерінде, АҚШ-та пішендемені құп-құрғақ етіп ұсақтаған соң полиэтилен пленкаларына салып сақтайды, сапасы өте жоғары болады. Ол үшін әдейі машиналар кешені бар. Сол кешенді техникалармен пішендеме әзірлеу өте қолайлы, арзан және сапалы.

Орта есеппен жоңышқадан дайындалған сапалы пішендеменің бір килограммында 0,4 азық өлшемі, 55 г қорытылатын протейн, 40 мг каротин болады.

Пішендемені пайдалану қойды азықтандырудың жаңа, еңбек аз жұмсалатын технологиясын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Пішендеме азықтың қорытылуына, қоректік заттардың пайдалы жұмсалуына көмектеседі.

Шөп ұнысабанды және басқа да ірі азықтарды түйіршіктеу және брикеттеу үшін өте құнды қоспа болыптабылады. Бір килограмм шөп ұнының құрамында 120-130 мг каротин бар. Қоректілігі мен құрамындағы протейннің мөлшері бойынша шөп ұны дәнді дақылдардан жасалған жемшөптен кем түспейді, каротин мөлшері бойынша шөп ұнынан жемшөптен асып түседі. Жоңышқадан алынған 1 кг ұнда 0,5 азық өлшемі, 180-200 г қорытылатын протейн болады.

Қой сүйсініп жемейтін сабан, қамыс, басқа да ірі азықтар шөп ұнымен бірге түйіршіктеліп не брикеттеліп толығынан қойға жегізіледі. Желінгеннен кейін ол азықтар да қорытылып пайда береді.

Жем мен құрама жем азықтарқой бордақылағанда, қой қоздату науқанында, әлсіреген, ауру қойларды көтеру үшін негізгі азық болып саналады. Дәнді дақылдардың ішінде қойға жағымдысы: жүгері, сұлы және арпа.

Құрама жем азықтар түрлі дәнді дақылдардан және өнеркәсіп қалдықтарынан арнаулы зауыттарда дайындалады. Оның құрамында мал ағзасына өте қажетті минералды макро-микроэлементтер болады. Құрама жем әр малға арналып, әдейі рецепттер бойынша әзірленеді. Оның зауыттық төлқұжаты болуы тиіс. Онда құрама жемнің құрамы, сапасы бәрі жазылады. Жемді қолдан, шаруашылықта әзірлеуге де болады.