Ой төлін азықтандыру

Жас қозыға енесінің уызын берген өте тиімді, ол қозының ішін тазалайды, ауруға шалдықпауына себін тигізеді. Уызға тойған қозы 1-2 сағаттан кейін буыны қатып ширай бастайды. Қозыны алғашқы ауыздандырғанда енесінің желініндегі 4-5 тамшы сүтін жерге сауып тастау керек, өйткені емшектің үрпіне шаң-тозаң кіреді. Қозыларды туғаннан кейін 20-30 минут ішінде ауыздандыру керек, одан кейін әрбір 2-3 сағаттан соң емізіп тұрған жөн. Егер жас тұсақ немесе саулық қозысынан жеріп, емізбесе, оларды бойы үйреніп, бауыр басу үшін қозысымен бірге бірнеше күн жеке үйшіктерде ұстау керек. Күн ашық кезде жаңа туған қозыларды 4-5 күннен кейін-ақ енесімен бірге серуенге шығаруға болады, тек қана олардың сызды жерде ұзақ жатып қалмауын қадағалау керек.

Жеке үйшіктегі қозылы саулықтар, қозысымен үйреніскеннен кейін жас сақмандар тобына қосылады. Бұл кезде оларды қозылары енесін өзі тауып еме алатын болады. Қозыны жақсы күтіп, дұрыс жетілдіру үшін сақмандардың неғұрлым шағын болғаны жөн. Сонда ғана қозылар енесімен оңай табысады, уақытымен емеді. Сонымен қатар әлжуаз қозыларға дер кезінде көмектесуге мүмкіндік туады. Жетім қалып, жастайынан енесінің сүтін ембеген қозы жақсы күткенмен де дұрыс жетілмейді. Енесі сүтке жарытпаған қозылар сүтті саулықтарға телінеді. Кейбір шаруашылықтарда жетім қозыларға кейде сиыр сүтін береді.

Нашар қозыларға екі аптадан бастап жем бере бастауға болады. Әуелі күніне қозыға 30-50 г шамасы жарма ұны беріледі. Екі айға жуықтаған қозыларға берілетін жемнің мөлшері 200 грамға жеткізіледі. Сұлымен бірге күнжара бере бастауға да болады.

Енесі өлген жас қозыларға жасанды уыз беруге болады, ол былай дайындалады; сиыр сүтінің әрбір литріне 40-50г жаңадан шайқалған сары май және тауықтың 3-4 жас жұмыртқасын қосады, бұдан соң мұқият араластырып, 37-38 градусқа дейін ысытады. Жасанды уызды басқа да рецептермен дайындауға болады.

Қозылардың тез өсіп-жетілуі үшін жастайынан жайылым шөбіне үйретудің үлкен маңызы бар. Сондықтан туғанына 25-30 күн толғаннан кейін, оларды жылы күндері енесімен бірге жайылымға шығаруға болады. Бұл кезде қозылар ширап қалады, ауа райының аздап бұзылғанын онша елемей, жайылым шөбін пайдалана алады. Жайылым кезінде енесінің сүтінде минерал заттары жетіспесе, қозылар топырақ жалап, енесінің кір жүнін жұлып жейді, бұл қозыны ауруға шалдықтыруы мүмкін.

Жас төлдің өнімін жоғарылата түсу үшін биогендік стимуляторлар қолданған жөн. Ол қозының тез өсіп-жетілуіне және организмі әртүрлі ауруға қарсы тұра алатындай, төзімді болуына әсер етеді. Денедегі зат алмасу процесін жақсартады, азықтың бойға тарауына және денеге түскен жарақаттардың тез бітуіне көмек етеді. Сонымен бірге жас төлдің организмін әртүрлі зиянды аурулардан сақтайды.

Қозыларды енесінен бөлек бағу.Қой шаруашылығы технологиясы ғылыми-зерттеу институтының мәліметтеріне қарағанда, қозыны енесімен бірге жайғанда, олар көк шөпке кеш үйренеді және аз жейді. Сондықтан да 4 айлығында енесінен айырған кезде арықтап, салмағын жоғалтады. Ал оларды бөлек жайғанда, саулықтар емін-еркін алаңсыз жайылып, сүті көбейе түседі. Бөлек бағылған қозылар да жайылымға ерте үйреніп, көк шөпті керегінше жейтін болады. Олардың асқазаны да енесімен бірге бағылатын қозыларға қарағанда жетілген, жайылым шөбін қорытуға жақсы бейімделген болып келеді.

Туғаннан кейін 20-22 күннен бастап қозыларды енесінен бөлек баққан тиімді. Алғашқы 30-35 күнде қозылыр түске дейін енесіз бағылады; түсте қойларды айдап әкеліп жамыратады; одан соң қозыларын бөліп, саулықтарды өріске шығарады. Бұл жолы қой өрістен кешке біржола қайтады. Ал қозылар енелерімен бірге түнейді. Сонымен саулық күніне екі рет өріске шығарылып, 15-16 сағат шамасында жайылады. 40-45-ші күннен бастап қозылар күні бойы енесін көрмейді, бөлек бағылады. Мұнда қозыларға жақсы жайылым, жеткілікті мөлшерде су, минерал заттары және ысыған кезде тынықтыратын лапас керек. Осылай бағылған тәжірибе тобындағы қозылардың салмағы бақылау тобындағы енесімен бірге жайылған қозыларға қарағанда, енесінен ажыратқан кезінде 3 кг, ал 7 айлығында - 5,4 кг артық болған.

Кейбір шаруашылықтар қозыны енесінен бөлек бағу әдісін күн жылынғанша ғана емес, тіпті оны енесінен айырғанға дейін қолданады. Мұнда енесінен айырғаннан кейінгі алғашқы күндердің өзінде қозылар тыныш жайылады. Енесінен айырылған қозыларды тұщы сулы құдығы бар ең жақсы жайылымдарда бағу керек. Әбден жетілмеген қозы қысты көтере алмайды, көбінесе ауруға шалдығып, көпшілігі өлім-жітімге ұшырайды, сондықтан да шаруашылықтың жағдайы мен мүмкіндігіне қарай бұл қозыларды қысқа әзірлеу үшін қосымша жем, сапалы пішен беру керек.