Т. Айбергенов- лирик ақын

Төлеген Айбергенов өз шығармаларында өмір шындығына терең зер сала отырып, содан өз өлеңдеріне өзек боларлық сыршыл сезім, туған жерге деген сүйіспеншілік, заман тынысы, махаббат иірімдерін көңіліне тоқып, ақындық шабытпен жырлап, терең өрнектей білді. Сондықтан да ақын лирикасы өмір шындығын нақты бейнелейтін көркем туындыға айналып, оқырман жүрегіне жол таба алды.


О, адамдар, біргемін мен сендермен,
Ықыласыңа ешнәрсені теңгермен.
Сендер менің бақытымның бұлағы
Сендер менің дарыныма жел берген,-

деп өзі жырлағандай, туған халқының шаттығы мен қасіретін, өз замандастарының ұлылығы мен кішілігін, асыл арманы мен таза махаббатын, күш-жігері мен ерен еңбектерін ғана жырлауды мақсат еткен, соны өзіне бақыт санаған гуманист, нәзік жанды сыршыл ақын екендігін оның кез келген өлеңдерінен көруімізге болады. Ақын отыз жыл ғұмыр кешіп, том-том етіп өлеңдер жазған жоқ, оның бар өлеңін жинағанда бір кітаптан аспайды. Дегенмен оның әрбір өлеңі бір томға татиды. Себебі оның әрбір өлеңінен оқырман қауым өз сырын, өз сөзін, өз сезімін, тебіренісін, өмірге деген құштарлығын сезінеді.
Төлеген Айбергенов лирикасы — өмір шындығын сол бір табиғи қалпында бейнелейтін көркем шежіре. Оның өлеңдері өмірдің өзінен алынған көркем туындылар деп қарау әбден орынды болар еді. Төлеген Айбергенов — өзін толғандырған тақырыбының ішіне бойлай еніп, оны ұтымды, жаңа бейнелеулер арқылы әсерлі етіп, шеберлікпен бейнелей беретін сезімтал ақын. Оның лирикасының басты тақырыптары — өз заманының әуендері, халқымыздың ерлік істері мен еңбек адамдарының сыр-сипаты, туған жерге деген сағыныш, сүйіспеншілік, халықтар достығы, махаббат, ана тақырыбы, ұлы тұлғалар жайлы толғаныстар.
Ақын қай тақырыпқа барса да, салғырт қарамаған, бар жан-тәнімен ақтарыла айтқан. Кішігірім дүниенің өзінен үлкен-үлкен ойлар түйіп, оны шын ақындық шеберлікпен, бейнелі тілмен, сезімтал жүрекпен бейнелей берген. Оның өлеңдерінің қайсысын алып қарасақ та, өмірдің алуан-алуан сырларымен қабысып жатқан нәзік лирика басым түсіп жатады. Өлеңдерінде өз басының тіршілігімен, өзі арқылы бүкіл елдің, халқының өмірімен, сол сияқты бүкіл адамзаттың арман-мүддесімен біте қайнасып жатады. Ақын бойындағы бар қасиеттер, қуаныш, сағыныш, махаббат, достық, мұң, өмірге деген құштарлық, бәрі де ақынның жеке басын күйттеуден тумайды, бүгінгі дәуірдегі жалпы адамға, адамзатқа тән шындықтан туады. Осылардың бәрін өлеңіне сыйғыза отырып, ақын заман үнін, жырын бүгінге арнайды, келешек ұрпаққа жеткізеді. Туған ел мен жерге деген сүйіспеншілік — Төлеген Айбергенов лирикасының өн бойында жалғасып отыратын үзілмейтін желі. Ақынның шоқтығын биік көтеретін келелі де келісті арна — туған жер, туған ел, туған халқы алдындағы үлкен жауапкершілік, ар-ұждан, перзенттік парыз. Ақын туған елден жырақта жүріп, туған өлкені, оның әрбір тау-тасын, қаласын да, даласын да аңсаумен, кеудесінде шемен боп қатқан сағыныш толқындарын тебірене төгеді. Төлеген Айбергеновтің туған жер тақырыбындағы өлеңдерінің идеялық қуаты күшті, сыршылдығы мол, патриоттық сезімге толы. «Туған жер», «Түркістан дәптерінен», «Қаратау», «Аттану», «Қазақстан көктемдері», «Ақ ерке — Ақ Жайық», «Маңғыстау саздары», «Семей», т.б. өлеңдеріндегі туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі оқушыға жан толқытарлықтай әсер етеді. Ақынның тағы бір топ өлеңдері — халықтар достығы тақырыбы. Бұл тақырып ақын өлеңдерінде көрнекті орын алады және көркемдік шешімін тапқан. Ақын өзге елдерде жүріп, талай адамдармен, талай ұлт өкілдерімен араласып, дәмдес болып, достасып, солардан алған әсерлерін жыр қылып ақ қағазға өрнектеп түсіріп отырған. Атап айтатын болсақ, «Россия», «Ей, менің ақын бауырым», «Кегейлі дәптерінен», «Әму жағасында», «Мәрияш қарындасқа», т. б. Әртүрлі гүлзарлармен, даланың самалымен, жусанның иісі, таудың бұлағымен — өзі мен өзі тыныш жатқан поэзиясының қалғымалы тірлігіне кенет көтерілген мұхиттың жал-жал толқындарындай асау ағысты екпінімен әсер еткен Айбергенов поэзиясы қазақ өлеңінің өресін биікке көтерді, — деп еске алады Фариза Оңғарсынова. Жазушы Әбіш Кекілбаев «Төлеген, сөз жоқ, талант. Дара талант, сара талант… Т. Айбергенов шығармашылығы — өлімді жеңіп шыққан өмір шаттығының жыры» дейді.
Осындай замандастарының естеліктеріне қарап отырып, ақынның туа бітті табиғатынан елгезек, елпілдек, сергек те сезімтал, ақылды да адал, қарапайым да кішіпейіл, мейірімді жан екенін білеміз. Осы қасиеттердің бәрі де ақынның өлеңдерінде көрініс береді. Оның лирикасы шыншыл, сол шыншылдығымен сыршыл. Ол нені жырласа да азаматтық ар тұрғысынан жырлайды. Сондықтан да оның жырлары соншалықты өтімді, әсерлі болып, жалпы оқушы қауымға етене жақын, ыстық боп көрінеді. Ақын лирикасының басты көркемдік ерекшеліктерінің бірі осы өлеңдерінің өмірмен өзектестігінде. Төлеген Айбергенов лирикасы — адамды бей-жай қалдырмайтын, қайта ойландыратын, толғандыратын, жүрегіне қозғау сап, әсерлендіретін отты лирика.