Ж.Баласағұн «Құдатғу білік»: құрылымы, мазмұны, ерекшелігі

“Құтты білік” дастаны орта ғасырларда бүкіл түркі әлеміне түсінікті болған Қарахан әулеті мемлекеті түріктерінің тілінде жазылған. Жүсіп Баласағұн «Құтты білікті» 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған. Оны Қ.Каримов өзбек тіліне (1971), Н.Гребнев (1971) пен С.Иванов орыс тіліне (1983).

А.Егеубаев қазақ тіліне (1986), бір топ аудармашылар ұйғыр тіліне (Пекин, 1984) тәржіма жасады. Қарахан әулеті билік жүргізген дәуірде ұлан-ғайыр өлкені алып жатқан осы мемлекеттің басқару тәртібін белгілейтін ережелер, сондай-ақ, қоғам мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін айқындайтын тиісті заңдар жоқ еді. Міне, елдегі осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен Жүсіп Баласағүниөзінің “Құтты білік” дастанын жазды. Демек, дастан белгілі бір мағынада елдегі Ата заң (Конституция) қызметін атқарған. Жүсіп Баласағүни дастанда патшалар мен уәзірлердің, хан сарайы қызметкерлері мен елшілердің, әскербасылар мен нөкерлердің, тәуіптер мен аспаздардың, диқандар мен малшылардың, т.б. қоғам мүшелерінің мінез-құлқы, білім дәрежесі, ақыл-парасаты, құқықтары мен міндеттері қандай болу керектігін жеке-жеке баяндап шығады. Ақын мәселені әмірші-патшаның өзінен бастайды. Ел-жұртты басқаратын адам – ақыл-парасаты ұшан-теңіз, ниеті түзу, сөзі шырын, білім мен өнерге жетік, қолы ашық, пейілі кең, жүзі жарқын, ешкімге кек сақтамайтын жан болуы шарт екенін айтады. Ел басқарған әкімдерді күншілдік, ашкөздік, сауық-сайранға құштарлық, қатыгездік, кекшілдік сияқты жаман қылықтардан сақтандырады. Бұдан кейін ақын патшаның көрер көзі, естір құлағы “хас хажиб”, яғни бас уәзір міндеттерін тізбектеп, зор білгірлікпен айтып шығады. Бас уәзір халықтың талап-тілектерін патшаға, ал патшаның айтар ой-пікірін, жарлықтарын халыққа жеткізіп отыруы тиіс. “Құтты білікте” елшіге қойылатын талаптар егжей-тегжейлі сипатталып жазылған. Елші ерекше зерек, өзі көрікті, көп тіл білетін, шешен,жақсы аңшы, құсбегі, жұлдызшы (астролог), түс жори білетін, музыкант сияқты көптеген қасиеттерге ие жан болуы қажет. Ақын сөзімен айтқанда, “елші ердің төрт құбыласы тең болсын, елде – кісі, сыртта – бүтін ел болсын!” – дейді. Дастанда осылайша елдегі барлық лауазым, кәсіп иелеріне қойылатын моральдік-этик. талаптар сипатталып көрсетілген. Кезінде “Құтты білік” дастаны Шығыстың әр елінде әр түрлі аталып кеткен. Бір елде – “Айнак ул-мамлакат” (“Мемлекет тәртібі”), екіншісінде – “Панунаман мулук” (“Әкімдерге насихат”), үшіншісінде – “Адаб ул-мулук” (“Әкімдердің әдептілігі”) деген атпен мәлім. Бұл атаулардың бәрі – “Құтты білік” дастаны, негізінен, мемлекетті басқару мәселесіне арналған шығарма екенін растай түседі. Дастанның басты идеясы төрт принципке негізделген. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Автор әділдіктің символдық бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді. Екіншісі, бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бақ-дәулет мәселесі патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған. Үшіншісі, ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық-әлеум. рөлі уәзірдің баласы Ұғдүлміш бейнесінде жырланады. Төртіншісі, қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Ордгүрміш бейнесі арқылы әңгіме болады. Ортағасырлық Шығыс ойшылдарына тән үйлесім – танымды көркем және ғылыми әдістермен ұштастыра қолдану Жүсіп Баласағүни ғибратында суреткерлік, ойшылдық, ғұламалық, философтық қасиеттердің үйлесім табуынан, ғылым даналығының біртұтастығынан көрінеді. Түркі мәдениетінің нәрлі бұлағынан сусындап, мұсылман өркениетінің қуатты ықпалымен толысқан ойшыл өз шығарм-ғында адамның қоғамдағы орны мен қызметін түсінуге ұмтылып, мінсіз қоғам жайындағы өзінің биік филос. мұраттарын баяндайды.

Орта ғасыр жазба әдебиетінің айқын көрінісі Жетісулық Жүсүп Баласағұнның «Құтадғу білік» атты кітабы. 1911 жылы Қазан қаласында басылып шыққан Құрманғали Халидовтың «Тауарих Хамса» атты кітабында осы «Баласағұн», «Құтадғу білік» деген сөздердің мағынасына түсініктер беріледі. Халидовтың айтуынша: «Бала»- көрікті қашалған тас, «сағұн»- қала деген монғол сөздері. Көрікті тас қала деген ұғым береді- дейді. Жүсүп Баласағұнның толық аты Жүсүф Хас-хожиб. Өз дастанын елу жасқа келген шақта жазған. Ал жазу, іздену жұмысымен отыз жыл бойы айналысқан. Бірақ ол дастанын 18 айда жазып шықтым деп ескерткен. Хиджраның 462 жылы немесе 1069 жылы аяқтаған. «Құтадғу білік»- барлық түркі халықтарына ортақ орта ғасырлық зор туынды. Оның жалпы көлемі13 мың жол. дастанның алдында қара сөзбен және өлеңмен жазылған түсінік, кіріспе сөзі бар. Онда Жүсіп өз дастанының мазмұны мен мәнін, қалай жазылғанын түсіндіреді. «Құтадғу біліктің» мазмұны ақылға парасатқа толы, оның әрбір жолы Қытайдың данышпан ақындарының өлеңдерімен, үндінің нақылдарымен безендірілген. «Құтадғу білік»- әңгіме-аңыз ретінде баяндалатын даналық сөз, өсиет, ғибрат. Дастан оқиғасы XI ғасырда Ыстықкөл, Жетісу және Қашқар өлкесінде болған шындыққа байланысты өрістейді. Жүсүптің дастаны саяси және ғибрат-өсиет-ақыл айту түріндегі трактат, адамгершілікке үндейтін, тәлім-тәрбие берерлік дидактикалық туынды. Онда жеке адамның өзін қоғамда, үй-ішінде қалай ұстай білуі керектігінен бастап, хандар мен бектердің өз қарамағындағы әрбір қоғамдық топтарға қалай қарауға тиіс екендігі жөніндегі көптеген мәселелер қамтылған. өзінің идеясы жағынан бұл дастан – жалпы адамгершілік гуманизм рухында жазылған дидактикалық шығарма. Бірақ автордың негізгі мақсаты қарахандықтар мемлекетін нығайту, оның даңқын зорайту еді. өзінің этикалық принциптері жағынан ол Орта Азиялық әдет нормаларын негізге алады. Дастанның мазмұны түсінікті құрылысы қарапайым. Дастан оқиғасына аз ғана адам қатысады. Шығарма сюжеті осы адамдардың өзара әңгімілесуі, кеңесуі арқылы дамиды. Данышпан Одгурмыштың Элик бекке айтатын ақылдары әділет ырыс иелері араларындағы кеңес сөздер ретінде келеді. Поэманың құрылысындағы бір ерекшелік оның диалогқа құрылуы. Сонымен өзінің стилі жағынан «Құтадғу білікте» кітаби дәстүр мен ауыз әдебиеті ұштастырылған. Онан Орта Азия түрғындары мәдениеті мен көшпелі тайпалардың мінез-құлқы көркемдік талғамы байқалады. Ақын-жырауға сипаттама беретін тарау өте маңызды. Автор ақындық өнерді жоғары бағалайды, ақын тілін өткір қылышқа теңейді. «Құтадғу біліктің» тіл көркемдігін арнайы зерттеген А.Валитова дастан стилінің біркелкі емес екенін, оның әрбір бөлімі өзінің көркемдігі жағынан әр алуан деп танып көрсетеді. Ең ескі нұсқасы Каирдағы жазба. Бограханға арналып айтылған мақтаулар бар. Шығыс зерттеушісі В.В.Бартольд те дастанға көңіл бөліп оның маңызын ерекше атаған.