Х.Дулатидің «Тарихи Рашиди» шығармасының тарихи, әдеби мәні

“Тарих-и Рашиди” – тарихи шығарма, ғылыми тұрпатта жазылған ғұмырнамалық баян. “Тарих-и Рашиди” шығармасының жанры туралы сөз болғанда ежелгі әдебиет тарихының маманы профессор Н.Келімбетовтың: “Жанрлық тұрғыдан келгенде, “Тарих-и Рашидиді” ғылыми еңбек әрі түркі тілдес халықтардың шынайы шежіресі, сондай-ақ, тарихи тақырыпқа жазылған көркем туынды”– деген пікірлерінің жаны бар.“Тарих-и Рашиди” авторының идеясы – өзі айтқандай, Сұлтан Саид хан мен оның ізбасары Әбдірашид ханды ұлықтап, есімдерін мәңгілікке қалдыру, сондай-ақ, Исламды тұңғыш қабылдаған монғол ханы Тоғлық Темірді мадақтау һәм тоқтаусыз соғыстардан саны азайып кеткен моғол халқына да, ескерткіш ретінде «сөзден сарай тұрғызу» болған. Дегенмен, бұл айтылғандар бар болғаны – “тақырыптық идея”. Шығарманы тұтастай оқып қарағанда, Мырза Хайдардың бұл кітабының ішкі мазмұндық, сюжеттік, қала берді дидактикалық, философиялық, т.б. көптеген мәнді идеялары бар екендігіне көз жеткіземіз.

Мырза Хайдар шығармасы негізінен Орта ғасыр әдебиетінде, әсіресе, ақсүйектер мен хан сарайы жанында ғұмыр кешкен оқыған, зиялы қаламгерлерге тән. Біздіңше, хандық билік, мемлекеттік идея, ұлттық және діни бірлік, моғол-түрік әскерінің жеңімпаз рухымен қоса әміршілер сарайының салтанатын ұлықтай отырып, Мырза Хайдар өз дәуірінде белең алған классикалық үрдістің ықпалында болғаны даусыз. Сонау Алып Тоңға (Афрасияб), одан берідегі Шыңғыс ханнан тараған Барша хан әулетінің белгілі өкілдерін, олардың мұрагерлері мен түркі әмірлерінің билеген хандықтарын және Әмір Темір, Хорезм шаһ, Жәнібек, Қасымхан, Ахмет хан, Сұлтан Саид хан, Шейбани хан, Ұлықбек, Бабыр шаһ сияқты жаһангер ақсүйектердің жеңімпаздық жорықтарын сұлу да сырлы сөзбен көркемдей отырып, автор әміршілер әлеміндегі тақталастар мен бақталастар арасындағы бітіспес қайшылықтарды шынайы бейнелейді.

Автор оқиғаларды баяндау барысында, өз кейіпкерлерінің образын тереңірек ашу мақсатымен өлең жолдарын да пайдаланып отырған. Мәселен, қаламгер Сайд ханның, мырза Әбу Бәкірдің, әкесі мырза Мұхаммед Хұсейіннің, Әбдірашид ханның образдарын кейіптеуде белгілі шығыс шайырлары Фирдаусидің, Сағдидің, Әнуаридің, Жәмидің, Бабырдың, Науаидың туындыларымен қоса, өзі біраз бәйіт, рубаилар шығарып, пайдаланған. Шығарманың басты ерекшелігінің бірі – Мырза Хайдардың исламдық дүниетанымында жатыр. Екіншіден, Мырза Хайдар өз кейіпкерлерінің қадір-қасиетін, ішкі психологиялық ахуалын бейнелеуде, тарихи оқиғалар мен саяси жағдайларға байланысты өз көзқарастарын танытар тұста Құран аяттарын басты өлшем ретінде алады. Исламдық тұрғыдан баға береді. Бұл жалпы шығыс әдебиеті стиліне тән ерекшеліктің бірі.

Мырза Хайдар шығыс әдебиетінің дәстүрлі тәсілдерінің бірі - «тәзминді» (қазақшалап айтқанда «кепіл сөз» деп аталады) пайдаланған. Бұл тәсілде автор басқа бір ақынның өлең жолдарын, мақал-мәтел немесе ел ішіне кеңінен тараған қанатты сөздерді өз ойын айқындауға, әсерлілігін арттыруға әңгіме арасында келтіріп отырады.

Шығарманы баяндаудың тағы бір стильдік ерекшелігі – «Тәлмиһ», қазақша айтқанда, ишаралау тәсілін пайдаланғанымен айшықталады. Негізінде «Тәлмиһ» көзбен ишаралау деген мағынаны білдіреді. Көркем шығарма ілімінде ақын, айтушы яки жазушы өзінің сөзінде не баяндауында бір хикаяға немесе Құран Кәрім аяттарына, хадиске яки халық арасында танымал болған өлең жолдарына сілтеме жасап, өз ойын қуаттай түседі. Автор «Тарих-и Рашидидің басталуы» атты бірінші тарауында Тоғылық Темір ханның ататегінің шежіресін тізбелеп келе, оның атасын Аланқуа деп атайды. Аланқуа Көріктің ұлы. Көрік пәк әйел болған. «Оның ішіне нұр сәулесі еніп, жүкті болатыны» туралы аңызды «Зафарнамеден» келтіреді. Көріктің күйеусіз жүкті болғанын Мариям ұлы Исаның күйеусіз-ақ дүниеге келгенін салыстыра мысалдап, сол оқиғаға ишаралайды. Онда: «дәл осылай Жебрейілдің дәнекерлігімен Имранқызы Мәриям да күйеусіз жүкті болған еді.Екі оқиға да Алланың құдіретімен болған жай» деп түйіндейді. Осы тәріздес әдеби тәсілдер шығыс әдебиетінде «тәлмиһ» (ишаралау) деп аталады.

Мырза Хайдар өз еңбегінде Моғолстан хандары мен сұлтандарының билік үшін тынымсыз таласын баяндап қана қойған жоқ, сонымен бірге барлық ұлы ғалымдар сияқты өзі зерттеген тақырыпта жақсылық пен жамандықтың, білім меннадандықтың өзара мәңгі үзілмес егесін де баяндады.

Мырза Хайдар «Тарих-и Рашидиде» өз дәуірінің бірталай белгілі шайырларына тоқталып, олардың әрқайсысының ақындық машығы мен шығармашылық ерекшеліктеріне соғып өткен. Ол әсіресе, Әбдірахман Жәми, Әлішер Науаи, Шейх Ахмед Сухали, Хұсейін Әлі Жалайри, Хилали, Бинаи, Сейфи, Мұхаммед Бахши, Мәулана Камал т.б. ақындардың есімдерін құрметпен еске алады. «Тарих-и Рашиди» жанры жағынан ғұмырнамалық, тарихи мемуарлық шығарма болғандықтан, оның сюжеттік құрылымы жөнінен парсының белгілі тарихшысы Шарафуддин Әли Издидің әйгілі «Зафар-намасына» көбірек ден қойғанын байқау қиын емес.

Тарихи оқиғаларды баяндау барысында өзінің не болмаса, өзге бір шайрдың өлеңдерінен үзінді келтіріп отыру – «Бабырнамаға» да тән. Әдетте бұл тектес қысқа бәйіт не ғазалдың мағынасы суреттеліп отырған оқиға мазмұнымен үндес, астарлап келеді.

Көркем деталь

Деталь - көркем шығармада белгілі бір мағыналық, идеялық-эмоциялық жүк көтеріп тұрған көркемдегіш құрал. Ол бірер сопы сөз, сурет-деректеме арқылы берілуі мүмкін. Детальда аз ғана сөз суретке айналып, оқырманды әсерлі сезімге белейді, шындықтық ой-қырын ашады, яғни шындыққа жанасымды келеді. Мысалы, эпопеяда келіні Қамқа қайтыс болған күйеуінің түсіне кіргенін айтып толқығанды, атасы Қодар: «Түс шіркін жұбаныш па, тәңір-ай» деп қысқа қайырады. Бірақ бұл жай ғана айтылған сөз емес, қыр елінің қатыгез тұрмысынан хабар бөретін деталь Мұның соңы Қамқа мен Қодардың ажалымен бітеді («Қайтқанда»).

Сөз өнеріндегі сұлу нәрсе- қайталанбайтын нәрсе. Суреттіліктің сұлулығы да суреттің сонылығында, жаңалығында жатар болар. Мұндай сұлулыққа деталь арқылы жету керек. Әдебиеттегі деталь- жазушының сирек ұшырасатын сәтті табысы. Мұнда аз ғана сөз айқын суретке айналады да, ұшан-теңіз шындықты танытады, көл-көсір мағынаға ие болады. Шынын айтқанда көркем шығарма атаулының бәрі детальдан құралады. Детальсыз жалпы әдеби туынды болуы мүмкін емес. Ғ.Мүсіреповтың «Ананың анасы» атты әңгімесіндегі шілденің суреті- «Жалпақ жаз. Сай-салада сағым ойнаған саршаның тамызы. Саясыз жайлаудың жан-жануары көлге тығылып қана сая табады. Күннің көзінің өзі де күн ұзын көлге шомылып жанын сақтайтындай. ...» демек, шебер қолдан сұлу құрастырылған детальдар шығармадағы бүкіл ұлттық бояуды да әскм танытып тұр. Міне, деталь дегеніңіз. Детальдың басты бағалығы дәлдігінде. Дәлдік- шындыққа жанасымдылық..

Мысал келтіре кетсек: «Аулына келген кісіге баласынан бұрын итін мақтайтын Абыралы әулетінің ежелгі бір әдеті еді». Бір-ақ сөйлем. Осы сөйлемге бүтін бір рулы бай ауылдың қашаннан келе жатқан парықсыз, дарылдақ, даңғаза мінезі сиыа кеткен. Бұл мінезді түрліше деректермен дәлелдеп, он үш бетке шұбата созуға да болар еді, бірақ Нүрпейісов олай етпей, он үш сөзбен тұжырған да, нақты ұғымды затты детальға айналдырған.