Балуан Шолақ - әнші-ақын

Балуан Шолақ (шын аты — Нұрмағамбет) Көкшетау облысы, Еңбекші ауданында 1864 жылы дүниеге келген. Баймырзаұлы Балуан Шолақ қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпазы, күш өнерін көрсеткен спортшысы, жауырыны жерге тимеген балуаны. Оның есімін де халық осы соңғы өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты «Балуан Шолақ» деп атаған, әйтпесе өзінің азан шақырылып қойылған шын аты — Нұрмағанбет. Шыққан тегі — Ұлы жүздің Дулат тайпасының Сәмбет руынан. Бірақ аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударғандықтан, оның бар өмірі Көкшетау өңірінде, атығай, қарауыл руларының арасында өскен. Әкесі Баймырза ағаш шебері болған. Әкесіне қарағанда, шешесі Қалампыр қарулы кісі болған дейді. «Алып — анадан» деген ғой, Балуан Шолақ та осы анасына тартып, теңдессіз алып күштің иесі болған. 14 жасынан бастап күреске түсіп, ат құғында ойнаған спортшы болған, шауып келе жатқан ат үстінде әр түрлі күрделі жаттығуларды шебер орындаған. Мысалы: жүйткіп келе жатқан ат үстінде түрегеліп, не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, бір аяғын үзеңгіге қыстырып, шалқалап жатып шабуы бойындағы жойқын күшті, ептілікті шебер игере алатындығын, қазақтың далалық цирк өнерінің іргетасын қалағандығын айғақтайды. Көкшетау қаласындағы үлкен жиындарда 51 пұт (830кг-дай) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таң қалдырған. 1899 ж. Орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырғанда Балуан Шолақ 35-те еді.

Мұның үстіне Балуан Шолақ ән-күйге жасынан құмар болады. Бертін келе, жігіт шағында Балуан Шолақ осы екі өнерді қатар дамытады. Әке-шешесі қайтыс болған соң, Ғаникей деген қызға үйленген Балуан Шолақ ел аралап, салдық құрады және жалғыз-жарым жүрмей, маңына әнші-күйші, палуан, өнерлі жастарды жинайды. Топ құрып, «ансамбль» болып сауық құру Балуан Шолақтың дәстүріне айналған. Өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы әрі насихатшысы болады. Олардың әнші-композиторлық дәстүрін берік ұстанып, кейін өзі де ән шығарады. Бұл тұрғыдан алғанда, Балуан Шолақ қазақтың әншілік өнерін өрістетуге үлкен үлес қосқан композитор. Көкшетау, Қарқаралы, Қараөткел, Сарысу бойындағы елдерді түгел аралаған. Балуан Шолақ Баян-ауыл, Семейде болады, Арқаның әндерін Жетісуға жеткізеді. Осы сапарында Кенен Әзірбаев Балуан Шолақтың көптеген әндерін үйреніп, халыққа таратады.

Бір өлеңінде: Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ, Оң колым отка күйіп болдым олақ, — дейді, сөйтіп Шолақ атанып кетеді. Ал "Балуан" деген сөз Шолақтың күшіне байланысты халықтың өзі қосқаны. Балуан Шолақ Біржан бастаған әнші-ақыңдар дәстүрін ұстап, әннің әуенін де, сөзін де қатар шығарған жөне оны өзі орындаған. Ол өзінің бір өлеңінде:

Бұл күнде отыз бесте менің жасым,

Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын.

Кешегі сентябрьдің базарында,

Көтердім елу бір пұт кірдің тасын, — дейді. Бұл өн халық арасына "Сентябрь" деген атпен тарайды. Ән көңілді, алапат күш иесінің аузынан шыққанын бірден байқауға болады.

Балуан Шолақтың өмірінде үлкен орын алған адамның бірі —Ғалия. Шолақ пен Ғалияның аты қосарлана аталады. ...Үш жүзге атым шыққан алуан Шолақ, Денеме тегіс біткен күш пенен бақ. Көргенде сұлу әйел есім қалмас, Жігіттің бойындағы күнәм сол-ақ, — деп өзі өлеңге қосқандай, Ғалияның орны ерекше екенін танимыз. Оған арнап бірнеше өлендер шығарған. Елдің көп болатын жері Ақмолада Ғалия қымыз сататын әйелдің қолында жүргенде Шолақпен кездеседі. Екеуі бір-бірін қанша ұнатқанмен, Ғалияны алып кетуге Балуан Шолақ дайын емес еді. Оның үстіне, өтірік жалаға тап болған әнші түрмеге түседі. Балуан Шолақ Ғалияны сағынып бірнеше әндер шығарады.

Ол халық арасына тез тарайды.

Айым да — сен,

Ғалия, күнім де — сен,

Оң қабағым тартады күлімдесең.

Менің көңілім Ғалия дуалансын,

Ауған түйе секілді бейімдесең.

Қара өткелде Ғалия сен емес пе ең,

Бүл Арканың шортаны мен емес пе ем.

Сүмбіл шаш, құралай көз,Ғалияжан.

Ынтығымды құрытқан сен емес пе ең? — деп түрлендіре түседі. Ән шұбатылмай, динамикалық жағдайда айтылады. Ән басталғанан-ақ ыстық сезім ынтығы сезіледі, ғашықтық оты іште лаулап жатканын анық дәлелдей түседі. Қайырмасын тыңдағанда, Балуан Шолаққа еркелеп, назданып отырған сұлу Ғалия бейнесі көз алдымызға келеді. Түрмеде отырған кезінде Ғалиядан хабар ала алмай қатты қиналады. Сүйген адамынан күдер үзбейді.

Мысалы:

Мынау дүние, қай дүние, күлкі дүние,

Таудан қашқан сыландай түлкі дүние.

Сексен сұлу сылаңдап жүрседағы,

Ғалияның алмаймын кірпігіне, — деп, үздіккен ақын Ғалияның басқа салған тағдырға көніп, басқа адамға тұрмысқа шыққанын естігенде қатты налып, ұмыта алмай тағы да өлең жолдарын арнайды.

«Ғалия» нәзік сезім дүниесін, мөлдір махаббатты шеберлікпен сыршыл әуенде жырлаған ғашықтық лирикасы болса, Балуан Шолақтың әндерін шебер орындаушылар Ж.Елебеков, М.Көшкімбаев, М.Тырбаев, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, т.б. болды. Белгілі музыка зерттеушісі А. В. Затаевич ел арасынан Балуан Шолақтың бірнеше әндерін жазып алып, оны «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинақтарына енгізеді.Сан өнерімен халқын риза етіп, Сарыарқасын сазды әуенімен тербеткен, заманының айтулы сал-серісінің бірі болған Балуан Шолақ Баймырзаұлы 1916 жылы өзінің өскен өңірі Өзектісайда қайтыс болады.