Мамандықты таңдау – болашақты таңдау

Биыл елімізде 165 мыңға жуық жеткіншек білім ошағын тамамдап, үлкен өмірге қанат қақты. Олардың үш мыңнан астамы ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинап, «Алтын белгіге» лайық екендіктерін дәлелдеп шықты. Сонымен қатар 11 жыл бойы «инемен құдық қазғандай» жинаған білімдерін сындарлы сағатта дәлелдей алмай, опық жеген бітірушілер де аз емес. Десек те, мектеп бітірген әр түлектің алдында тағы бір маңызды қадам күтіп тұр. Ол – мамандық таңдау.

Қазіргі уақытта қаладағы қай ЖОО-ның маңайына көз сүзсең де, ығы-жығы халықты көресің. Дені – жастар. Нақтырақ айтсақ, тесттің теперішінен өтіп, болашағына бағдар болатын мамандық таңдауға келген жеткіншектер. Ал олардың бірі – қалаған мамандығына құжатын тапсырып қойғанымен, түсер-түспесін білмей дал болса, енді бірі – әлі күнге дейін қандай мамандық таңдарын білмей шарқ ұрып жүр. Себебі бірі – ҰБТ-дан жинаған балына қарап, бірі – бөлінген грант санына қарап тосылады. Ал қалтасында қаржысы барлар оған бас ауыртып жатпайды. Бірақ ешкім «бүгінгі күнде қай мамандыққа сұраныс жоғары», «қазаққа қажет қарекет қайсысы» деген сауалдарға ойланбайды.

 

Қазаққа қажет мамандық


Сарапшы мамандардың пікірінше бүгінгі күнде маркетолог, web-дизайнер, химик, ақпараттық технолог, өнеркәсіп саласы мамандары жетіспейді. Ал астрофизик, астроном сынды ғарыш саласы мамандары мен механик, картогроф, геодезист мамандығына еліміз аса зәру. Бұл мамандықты таңдаушылар қатары жоқтың қасы болса, қажеттілік жылдан-жылға артып келеді. Күннен-күнге заманауи технологиялардың сан түрі шығарылып жатыр. Адамзат жеті қат көкті де, жерді де зерттеп-зерделеді. Ғаламат ғарышқа да табан тіреді. Яғни төрткүл әлем техникаға телмірген заман болды. Осыған орай еліміз де ел экономикасының басты бағдары болып отырған мұнай-газ және энергетикалық салаға баса назар аударып отыр. Бірақ бір «әттеген-айы» бұл мамандыққа деген сұраныстың артуы жоғары болғанымен, оған жастардың қызығушылығы төмен. Әдебиет пен тарих сынды гуманитарлық пәндерден алдына жан салмайтын оқушылардың көпшілігі физика мен химияға кел­генде амалсыз тосылып қалады. Оған ұлттық бірыңғай тест барысындағы көрсеткіштер куә бола алады.

Достық деген не?

Қазақта: «Көзден таса – көңілден болады ұмыт» деген нақыл сөз бар. Әрине, бұл досқа арналмаған, айналадағы алыс-жақын таныстарға арналған мәтел. Адал дос досын ғана ойында сақтайды. Досты дос қарама-қарсы отырғанда, жақында жүргенде есте сақтайды. Қиыр шет, қиын алыста жүргенде де көкейінде ұстайды. Кейбір адамдар, тіпті қайтыс болған достарын да ұмытпайды.

Көп жұрт дос болғаннан кейін достың үйіне қайта-қайта барып, ішіп-жеу керек деп ойлайды. Достың дастарқаны әрқашан да қайысып тұруы тиіс деп ойлайды. Дос келгенде дос, қарызданып-қауғаланып болса да, дастарқан жаюға міндетті деп есептейді. Осыдан кейін «Досыңның асын дұшпаныңдай же» деген бар емес пе дегенді және желеу етеді. Бұл дұрыс емес. Өйткені жан қияр дос досынан ешқашанда ас аямайды. Сондықтан сен оның табағына емес, қабағына қара. Дастарқанында барын місе тұт, жоғына өзің көмектес. Досыңның көңілінде кірбіңі болса, соны кетіруге асық. Ол бақытсыздыққа ұшыраса – барыңмен бөліс. Ауруға шалдықса – көңіліңмен демеу бол. Ауырып жатқан достың маңдайын алақаныңмен бір сипағанның өзінде қанша қуат бар екенін ескер. Ол ашулы отырса, ақылыңды айтып, алдын теже. Адал достың бір-бірімен қарым-қатынасы тек қана осылай болуы абзал. Ал қарын тойдыру қиын емес. Ол үшін асхана бар, мейрамхана бар. Досты қинағаның - өзіңді қинағаның, оны сыйлағаның - өзіңді сыйлағаның.

Адал дос аңқау болады. Оны ақылсыздығы емес, сеніскен достықтың күші аңқау етеді. Ендеше ешқашанда адал досты алдама. Алдаған дос аяусыз үкім шығарады. Данышпан Абайдың: «Досыңа достық – қарыз іс» деген сөзі бар. Бұл сөздің мәнісі адам досына достық көрсетіп, бір-біріне қызмет қылуға міндетті дегенді білдіреді. Егер сен досым маған қызмет етсін деп шіреніп жатып алсаң, онда достық бұзылады. Себебі шын дос адамдар бір-біріне жалшыдай қызмет етеді: айтқызбай жақсылық жасайды, айтқанының бәрін де орындайды. Бірақ бұған ешқайсысы бір-бірінен ақы дәме етпейді. Өйткені достықты міндет қылған адам – дос бола алмайды.