Көтерілістің басталуы

Көтеріліс Кенесарының патша үкіметінің саясатын жарамсақтана қолдаған жексұрын сұлтандар мен билердің ауылдарын шауып алудан басталды. Ол шекара шебіндегі бекіністерге де, патша үкіметінің әскери жасақтарына да жиі-жиі шабуыл жасап тұрды. Мәселен, 1837 жылдың аяқ кезінде Кенесары хорунжий Рытовтың отрядын тас-талқан етіп жеңіп шықты. Ол отрядтың құрамында 6 урядник және 48 сібір қазағы болатын. Олар Петропавлдан Ташкентке бара жатқан сауда керуенін күзетіп бара жатқан еді.

Кенесары 1838 жылы өзінің адамдарын Батыс Сібір генерал-губернаторына жіберіп, оған арнайы хат жолдады. Хатында Ақтау бекінісі мен Ақмола приказын жоюды, Омбыда тұтқында отырған өз адамдарын түгел босатуды талап етті. Генерал-губернатор Кенесарының адамдарының барлығын да саптағы мың солдаттың арасынан өткізіп, дүре соқтырды. Олардың әскерге жарайтындары тұрақты армия қатарына алынып, қалғандары Шығыс Сібірге жер аударылды. Генерал-губернатордың бұл қылығы Кенесары сұлтанның ашу-ызасын келтіріп, көтерілісті бастап жіберуін тездетті. Ол старшина Симоновтың әскери жасақтарына өлтіре соққы беріп, көптеген қару-жарағы мен оқ-дәрісін тартып алды. 1838 жылы Кенесарының сарбаздары Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының ауылдарына шабуыл жасады, оның 12 мыңға жуық жылқысын айдап әкетті. Ақмола төңірегіндегі бекіністер тұрғындарының 2,5 мың малы қоса кетті. Сұлтан Кенесарының туған қарындасы Бопай бастаған сарбаздар Көкшетау округының ауылдарына шабуыл жасады.

Кенесары жасақтарының белсенді әскери іс-қимылы 1838 жылдың тамыз айында басталды. Ол Ақмола бекінісіне таяу ірі елді мекенді алты күн бойы қоршауда ұстап, өртеп жіберді. Ақмола бекінісі мықты қорғалатын. Бекіністің төңірегіне терең ор қазылып, оған жете беріс жерлерге күшті кедергі-тосқауылдар қойылған болатын. Ақмола бекінісін аға сұлтан Қ. Құдаймендіұлы мен әскери старшина Карбышев бастаған отряд қорғады. Кенесары шабуылды 1838 жылдың 7 тамызында таң саз бере бастады. Оның сарбаздары бекіністі өрт шығаратын жебелермен атқылады. Бекініс өртке оралды. Кенесарының даңқты батырларының бірі Басықара бекіністің ішкі жағасынa баса-көктеп кіріп барып, сұрапыл ұрыс салды. Ол осы шайқаста ерлікпен қаза тапты. Бекініске Ағыбай, Иман, Бұқарбай батырлардың сарбаздары басып кірді.

 

12) 1931—1933 жылдардағы Қазақстандағы аштық

Қазақстан тарихында екі алапат ашаршылық халық жадында қатты сақталған. Олардың алғашқысы — 1921/22 жылы болған ашаршылық Оның басты-басты екі себебі бар: алғашқысы — Ресейдегі Азамат соғысының кесірінен Қазақ даласындағы шаруашылықтардың күйзеліске ұрынуы (қ. Азық-түлік отрядтары, Азық-түлік салғырты), екіншісі — табиғи апат, қолайсыз ауа райы салдарынан орын алған жұт.. Санақ материалдары 1921 — 1922 шаруашылық жылында Батыс Қазақстандағы шаруалар шаруашылықтарының 1920 жылмен салыстырғанда 23,8 процентке қысқарғанын, Ақтөбе, Торғай аймақтарында шаруашылықтардың үштен бірінің жойылып кеткенін көрсетеді. 1921 жылғы ашаршылық Батыс Қазақстан халқының 31,4 процентін алып кетті. Санақ материалдарының толық болмауы осы ашаршылық жылдарында қанша адамның қырылғанын нақты айтуға әлі де мүмкіндік бермей отыр. Екінші ашаршылық 1930 — 33 жылы болды. Оның себебі — Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа, содан туындаған шаруалардың жекеменшігін тәркілеу мен жою, бас көтертпес ет, астық т.б. ауыл шаруашылығы өнімдері салықтары, көшпелі және жартылай көшпелі Қазақ шаруаларын жаппай және күшпен отырықшыландыру науқандары болып табылады. 1937 жылғы Бүкілодақтық халық санағының алғашқы мәліметтеріне сүйенген ресми дерегі бар. Осы деректер бойынша Қазақстанның ауыл халқы 1930 жылдың 1 маусымынан 1933 жылдың 1 маусымына дейін 3 млн. 379,5 мың адамға кеміп кеткен. Егер бұл кемуден 1 млн-нан астам босқындарды шығарып тастасақ, 1930 — 33 жылдардағы аштық құрбандарының 2 млн. 200 мың адамнан асып түсетінін аңғарамыз. Ашаршылықтан Қазақстанда қазақтардың үштен бірі ғана қалды. Негізінен жас балалар мен Әйелдер қырылғандықтан оның демогр. зардабы ауыр болды. Қазақтардың сан жағынан өсуін қатты тежеді. Кейіннен асыра сілтеушіліктің шын мәні саяси бүркемеленгенімен бұл А. “қызыл қырғын”, “голощекиндік геноцид” деген тарихи атқа ие болды. Голощекиндік геноцидтің Қазақ халқына алып келген шығыны әлем тарихында (процент есебімен) гитлершілдердің Еуропадағы еврейлерге жасаған сойқанымен пара-пар келген. 1932 жылы болған бұл зұлмат 20-ғасырдағы адамзат баласына қарсы жасалған ең өрескел қылмыстардың бірі болып саналады. Әр жылдың 31 мамыры күні Қазақстан халқы осы “қызыл қырғын” құрбандарын еске алады