Лексика. Сөз және мағына. Сөздің көп мағыналылығы

 

Лексика көне гректің lexikos (сөздік) деген сөзі, Лексика деген сөз - дүние жүзінде халықтарына ортақ термин. Бұл термин – бір тілдегі барлық сөздердің жиынтығы деген ұғымды білдіреді, оны тілдегі барлық сөздердің жиынтығы деген ұғымды білдіреді, оны сөздік құрам деп те атайды. Кейде бұл термин жазушының немес жеке шығарманың тілі дегенді де білдіреді. Мәселен, Сәбит Мұқановтың лексикасы, Абай шығармаларының т.б. Сондай-ақ тілге шебер, тілі орамды адамдарды да «лексикасы бай адам» екен деушілік бар.

Лексиканы, сөз байлығын тексеретін ғылымды – лексикология, сөз мағынасын тексеретін ғылымды семасиология, ал сөздердің шығуын тексеретін ғылымды этимология дейді. Сөйтіп лексикология ғылыми семасиология, этимология, фразеология, лексикография деген салаларға бөлінеді. Қазақ тілінің сөз байлығындағы негізгі сөздік қор: ай, күн, жер, су, ақ, қара, сары, бес, бару сияқты сөздер. Сөздік қор негізінде жасалған: бір, бірлік, бірегей, бірыңғай, бірдей, бір-бірінен, бірқыдыру; кірме сөздер: ферма, комсомол, роман, совет, колхоз, звено, поэма, көнерген сөздер: хат, патша, қазы, би, төре, сұлтан, бек, молда, садақ, қылыш; жаңа сөздер: химия,, биология, физика, тіл білімі, жаҺандану, баяндауыш; диалектизм; әйдік, әтешкір, кереует, тонау, пән, пәс, пысқан, т.б. сөздер сөздік құрамға жатады. Сөйтіп, барлық сөздердің ұйтқысы болатын түбір сөздер сөздік қорға жатады. Мәселен, адам, ай, күн, жер, аспан, су, тау, тас, ек, мен, сен, он, жер, тон, жүру, көру, т.б. Бұлар – сөздік құрамның ішіндегі ең тұрақты элементтері.

Негізгі сөздік қордың басты белгілері мыналар:

1.Негізгі сөздік қор талай ғасырды басынан кешірген тұрақты сөздер болуы керек.

2. Негізгі сөздік қор сол тілдің ішінде сөз жасауға негіз болуы шарт.

3. Негізгі сөздік қор жалпы халыққа ортақ, түсініктіболуы керек.

Негізгі сөздік қор сонау ерте заманнан бері қарай келе жатқан тұрақты сөздер тобы екендігін дәлелдейтін фактілер мыналар:

1. V ғасырға жататын Талас өзенінің бойынан табылған ескерткіштердегі жазуда а, ер, сіз, тұл, отыз сөздерінің кездесуі;

2. VІІ- VІІІ ғасырға жататын Орхон-Енисей жазуларындағы сөздерде кіші, сіз, ол, ілгері, тысқары, көк, боз, сары, алты, он, отыз т.б. сөздердің болуы.

3. Сондай-ақ, «Құдатқу біліг» «Диуани луғат-ат түрік» және «Кодекс Куманикус» шығармаларында кездесетін сөздердің күні бігінге дейін азғантай ғана өзгеріспен қолданылуы.

 

Сөз мағынасы

(семасиология)

 

Әрбір сөз белгілі бір ұғымды білдіреді. Сөз бен ұғым тығыз байланысты, бірақ сөз бен ұғым бір-бірімен теп-тең емес, өйткені сөз – тілдік категория, ал ұғым – ойлаудың формасы. Тілсіз ойлау мүмкін емес. Сондықтан да тіл мен ойлау тығыз байланысты.

Сөз атаулы, белгілі бір ұғымды білдіреді: жер, су, темір, шөп, қағаз, ет, сүт, май, көз, қол, мұрын, аяқ т.б. Бұл сөздердің мағынасы сөйлем ішінде айқындалады. Сөз мағынасының қыры-сыры мол. Мысалы, қара сөзінің бірнеше мағынасы бар: 1. қара – белгілі бір түстің түрі; 2. Мал ұғымын білдіреді; 3. Алыстан көрінген бір зат; 4. Қара – суық, қара жел деген тіркестерде қатты деген мәндес болып келеді. 5. Қара таныған деген тіркесте хат таныған деген мәнде қолданылады.

Сөздің бұл қасиеті көп мағыналылық деп аталады. Сөздің қосымша мағынасы негізгі мағыналардан дамиды, өніп өрбиді. Жоғарыда келтірілген қара деген сөздің негізгі мағынасы сапаны, сындық белгі-түсті көрсетеді. Кейінгілердің бәрі негізгі сын мағынасынан дамыған. Сондай-ақ тамақ сөзінің үш түрлі мағынасы бар. 1. Анатомиялық атау; 2. Ас мәнінде қолданылады; 3. Теңіздің тамағы деген мағынада.

Сөйтіп, сөз алдымен тура мағынаны білдіреді. Мұны сөздің тура, яғни тұрақты мағынасы деп те атаймыз. Сөздің тура мағынасы болуы да мүмкін. Сөздің ауыспалы мағынасы заттың құбылыстың немес сол заттың белгісінің ұқсастығын білдіруден, олардың өзара тығыз байланысынан келіп туады. Өйткені зат деген нәрсе күрделі нәрсе. Сондықтан оның белгілері өте көп. Осы белгілердің бірі екінші бір затқа ұқсас болып келуі мүмкін. Сол ұқсастық белгінің бірі екінші затқа-ауыс мағына болады. Мәселен, аң сөзін алсақ, соның бір белгісі - ол жыртқыш аң; екінші белгісі – ашулы; қайратты, долы деген мағына; үшінші – лас, кір. Міне соңғы екі мағына тура мағынадан алынған белгі – ауыс мағыналар. Ал бір сөзде бірнеше мағынаның болуы көп мағыналық делінеді.

 

Омоним

Омоним – деген термин гректің – біркелкі бірдей, «онума»- ат атау деген сөзінен алынған. Сонда бұл термин біркелкі, бірдей атау дегенді, яғни, дыбысталуы бірдей, бірақ мағынасы әр басқа дегенді білдіреді. Дыбысталуы, жазылуы, естілуі бірдей, ал мағыналары басқа-басқа сөздерді омоним дейміз. Мысалы, 1. Жаз – зат есім, жаз – етістік, жаз - жай (дастарханды); жаз - емде, сауықтыр. 2. Ер – батыр, жомарт, ер- еркек, ер адам, күйеу; атқа салатын ер; ер –етістік.

Омонимдер сөздің көп мағыналылығына ұқсас. Бірақ сөздің көп мағынылылығы болу мен омонимдер – екеуі екі басқа. Омонимдер де, сөздің көп мағыналылығы да мағыналары жағынан бір-біріне жақын болса, сөздің көп мағыналылығы, ал сөздер бір-бірінен қашық болса; онда оның омоним болғаны. Мысалы, бас – деген сөзді алсақ, бұл көп мағыналы сөз; біріншіден – адамның дене мүшесі; екіншіден – іс-әрекет, құбылыстың алғашқы басталу жері, көзі, үшіншіден – төбе, я таудың, ағаштың жоғарғы жері; төртінші – басқарушы. Мұнда бұл сөз – көп мағыналы сөз. Өйткені бұл сөздің мағыналарының арасындағы байланыс үзілмеген. Ал, егер сөздердің арасында мұндай байланыс болмаса, онда ол омоним болады. Мәселен, бас - адамның дене мүшесі; бас - етістік: Бұл екеуінің арасында ешқандай байланыс жоқ.

Омонимдердің түрі қазақ тілінде өте мол. Сондай-ақ, олардың жасалуы да алуан түрлі. Соның кейбіреуіне ғана тоқталайық.

1. Түбір сөздерден болған омонимдер.

Жүз: Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей осал алмас (Абай). ІІ. Жүз:Мен өскелі жүз жыл болды, әлі жүз жыл жасаймын (С.Е.). ІІІ. Жүз: Не болайын, тез болайын, ақ жүзіңді көрейін (Абай). ІVЖүз: Екі аққу ақ күмбездей суда жүзіп, сұңқылдар қанатыман суды сызып (С.М.)

І.Түс: Күн түс болды. ІІ. Түс: Түсінде самолетке отырды. ІІІ. Түс: Поездан жүгін құшақтап, жас жігіт түсті. ІV. Түсі: Үсті-басы ақ қырау, түсі суық (Абай).

2. ІІ. Басқа тілден енген сөздер тілдегі сөздерге омоним болады:

І. Мата (зат есім); ІІ. Мата – етістік, мата – араб сөзі.

І. Сап – сапқа тұру, қатарға тұру. ІІ. Бір нәрсенің басы. Алғашқы сап араб сөзі.

Мақта - әрі зат есім, әрі етістік. Бұл да араб тілінен енген зат есім.

3. Туынды омонимдер.

І. Жабырын – сын есім. ІІ. Жабырын – етістік.

І. Саулық – зат есім – амандық, есендік. ІІ. Саулық – зат есім – қозылы қой.

І. Қулық – зат есім – айлакерлік, арамдық. ІІ. Қулық – зат есім – алғаш рет құлындаған бие.

 

Синонимдер

Синонимдер кем дегенде, екі сөзден болады. Одан да көп сөз болуы мүмкін.

Синоним – айтылуы, естілуі, жазылуы әр келкі, мағыналары бір-біріне жақын сөздер.

І. Екі сөз сырт формасы мүлдем басқа болып келіп, синонимдер жасалады: адам – кісі; ел – халық; алыс – қашық; әдейі – қасақана, үлкен – зор, надан – топас, нану – сену т.б.

ІІ. Кейде синонимдік қатарға енген сөздердің бірді-екілі дыбыстарында ғана өзгеріс болып келеді: мағлұмат – мәлімет.

ІІІ. Түбірлерге қосымшалар қосылып, негізгі түбір мен туынды түбір біріне-бірі синоним болады: жара-жарақат, ағын – ағыс, ық – ықтасын, қап – қапшық, келін – келіншек. Синонимге тән негізгі бес түрлі белгі бар: а) синонимдер кемінде екі сөз болуы керек; ә) синонимдерге енетін сөздердің мағыналары үйлес, жақын, мәндес болуы керек; б) синонимдер үнемі бір сөз табынан болуы керек; в) синонимдер белгілі бір сөз табына тән грамматикалық тұлғада тұруы шарт; г) бірін-бірі ауыстыратын синонимдер сөйлемнің бір-ақ мүшесінің қызметін атқаруы керек.

Синонимдер әр түрлі жолмен жасалады: а) түрлі жұрнақтар арқылы жасалған синонимдер. Мысалы, малшы – бақта-шы, көмекші – жәрдем-ші, өнім – түсім, құрдас – теңдес; таяныш – сүйеніш т.б. ә) Өзге тілден ауысқан сөздер арқылы жасалған синонимдер: ілгек – ілгіш – күршек, тәулік – сөтке, қожайын (хозяин) – қожа – ие; теңге (деньги) – сом, кір (гиря) – таразы, сырнай – керней – гармонь; склад – қойма – қамба. б) Жергілікті говорлар арқылы жасалған синонимдер: шекілдеуік – күнбағар – айқабақ – пісте, жұмыртқа – тұқым – ләйек, тайынша – торпақ – тана – баспақ, шылапшын – ілеген – шылаушын – кірлен – самаржам, шымшуыр – қысқаш – аташ – мәстемір – жәмке – шаттауық - әтешқұр.

Синонимдер негізінен үш сөз табынан жасалады. Мысалы:

Зат есім Сын есім Етістік

кескін қайғылы айту

пішін уайымды жеткізу

бейне мұңды сөйлеу

мүсін қасіретті хабарлау

қапалы

 

Сондай-ақ синоним қатары үстеулерден де болуы мүмкін. Мысалы:Жақып бұл хабарды шапшаң жеткізді. Жақып бұл хабарды тез жеткізді. Жақып бұл хабарды дереу жеткізді. Жақып бұл хабарды жедел жеткізді.