Жаттығу жұмыстары мен тапсырмалар

 

Қайран, Бетпақдала, құлазып қалдың-ау!

Сонау жылдары, дәл осы уақытта Бетпақдалада ығы-жығы болып жатар едi. О да бiр қызық дәурен екен ғой. Жер қайысқан малмен қоса ақбөкендер де Сарыарқаға бет алатын. Машинамен ызғытып келе жатқаныңда табанын жел кеулеген мыңдаған жануарлар алдыңды орағыта кесiп өтетiн. Жанасып кеткен малшылар бiрiн-бiрi қонаққа шақырып, мәре-сәре болып қалатын. Көлденеңi үш жүз шақырымдық Бетпақдалада өмiр дегенiң осылай қайнап жатушы едi.

Қазiр сол дала құлаққа ұрған танадай тып-тыныш мүлгiп жатыр. Топырағына мал тимегелi қашан! Елсiз құлазып жатқан даланың түсi ызбарлы, суық. Демiн iшiне тартып, тымырайып жатыр. Бұрынғыдай жер қайысқан отар-отар киiк те кездеспейдi. Оны жауыз адамдар ата-ата тауысқан. Анда-санда бiрен-саран киiк қана көз ұшынан көрiнiп, жанын қоярға жер таппай безе жөнеледi. Бетпақдаланың сұрқы кеткен. Оның осы келбетiн көрiп тұрып бұрынғы даналардың «Ел жағалай қонбаса, бетегелi бел жетiм» деген сөзi еске түседi. Қаптаған мал кетсе бел құлазымағанда қайтедi?

(Д.Шалқарбаев, Ә.Қожагелдиев //Атамекен)

1. Мәтіннен қос сөздерді, біріккен сөздерді теріп жазыңыздар, талдау жасаңыздар.

2. Төмендегі қос сөздердің түсініксіз сыңарына этимологиялық талдау жасаңыздар.

Жора-жолдас, бала-шаға, сүйек-саяқ, бірен-саран, аяқ-табақ, келін-кепшік

2. Қазіргі кезде қысқарған сөздерді тауып, олармен сөйлем құрастырып жазыңыздар.

 

 

СӨЖ-ге арналған бақылау тапсырмалары:

Негізгі, туынды түбір. Біріккен сөз. Қос сөз. Қысқарған сөз. Күрделі сөз.

 

Сөз таптары.

Зат есім деп заттың, заттық ұғымсның атын білдіретін сөздердің тобы аталады: адам, ағаш, әке, шеше, гүл, мал, шөп, ет, ірімішік, уақыт, ақыл, мінез, ар, ұят т.б.

 

Жалқы және жалпы есімдер

Бір затқа ғана берідген атауды жалқы есім дейді: Ахмет, Алмас, Әсет, Алматы, Қазақстан, Шымкент, Ақмола, Ақтөбе, Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеті, Орта Азия, Балқаш, Ертіс т.б.

Жалқы есімдер бас әріппен жазылады: Ақтөбе, Жамбыл, Іле, Келес, Есіл, Алатау т.б.

Бір түрлі көп заттың аты жалпы есім деп аталады: ағаш, адам, қала, мемлекет, ауыл, өзен, көл, көше, мектеп, институт, университет т.б.

Жалпы есімдер кіші әріппен жазылады: аудан, тау, тас, бидай, құм, қайың т.б.

 

Зат есімнің жіктелуі

Зат есім баяндауыш қызметінде қолданылғанда жіктеледі. Зат есімге жіктік жалғаудың толық түрі жалғанады. Зат есімнің бәрі жіктеле бермейді. Жіктелетін зат есімдерге адам аттары, туыстық атаулар, мамандық аттары жатады: Сәулемін, нағашыңмын, дәрігерсің т.б.

Орыс тілінде зат есімге жіктік жалғауы жалғанбайды, тек етістік қана жіктеледі.

Зат есімнің жіктелу кестесі

Жақтары Жекеше Көпше
1-жақ 2-жақ 2-жақ сыпайы 3-жақ   Мен мұғаліммін Сен мұғалімсің Сіз мұғалімсіз Ол мұғалім Біз мұғалімбіз Сендер мұғалімсіңдер Сіздер мұғалімсіздер Олар мұғалім

 

Көмекші есімдер

Көмекші есімдер деп лексикалық мағынасынан айырылған, дербес сөздердің мағынасын нақтылау үшін қолданылатын дерексіз мағыналы жәрдемші сөздер деп аталады. Көмекші сөздер: алд, арт, үст, аст, қас, маң, жан, бой, іш, сырт, бет, орта, түп, шет, бас, жақ т.б.

Көмекші сөздер дербес сөздерге тіркесіп, олардың жетегінде бірге қолданылып, бір сөздің қызметін атқарады. Дербес сөз бен көмекші есім дербес сөздің ілік септікте, көмекші есімнің тәуелдік жалғауда тұруы арқылы байланысады: үйдің жаны, терезенің алды, бөлменің іші, қаланың маңы, ауылдың сырты т.б. Көмекші есім жеке қолданылмайтын болғандықтан, үнемі дербес сөзбен байланыстыратын тәуелдік жалғауымен қолданылады.

 

Сын есім – заттың сындық белгісін білдіретін сөз табы. Сондықтан ол зат есімнің алдынан ешбір қосымшасыз келіп тіркесіп сөйлемде анықтауыш қызметін атқарады. Орыс тілінде сын есім өзі тіркесетін зат есімнен род, септік формалары арқылы жекеше, көпше байланысады. Мысалы, асыл мұра, әсем ән, жақсы кітап, қызық әңгіме т.б.

Сын есім қолданыста заттық мағынаны да білдіре алады, ол сын есімнің заттануы деп аталады.

Сын есім сөйлемде анықтауыш, пысықтауыш, баяндауыш қызметін атқарады: Кәрі ағаш иілмейді. Жаңа сыпырғыш жақсы сыпырады. Қисықтың көлеңкесі де қисық.

Заттанған сын есім сөйлемнің барлық мүшесі бола береді: үлкенді сыйла, жақсыдан үлгі ал т.б.

 

Негізгі және туынды түбір сын есімдер

Негізгі түбір сын есімдердеп құрамы бөлшектеуге келмейтін негізгі түбір сөз арқылы заттың сындық белгісін білдіретін сөздер аталады: қоңыр, сары, қара, семіз, сұр, аласа, жылы, ірі, кіші, жұқа, қалың т.б.

Туынды түбір сын есімдер деп сөзжасамдық жұрнақ арқылы жасалған сөздер аталады: ойлы, күлкішіл, таудай, сырлас, сөзшең, қысқы т.б.

 

Дара және күрделі сын есімдер

Дара сын есімдер деп құрамы бір ғана сөзден тұратын сындық мағыналы сөздер аталады: әдемі, жақсы, байпақшаң, күлкішіл, ұзын, қоңыр, қызыл, күрең, жасыл, таңғы т.б.

Күрделі сын есімдеп ең кемі екі сөзден құралып, бір сындық ұғымды білдіретін сөздер аталады: күрең қызыл, қара ала, қара сұр, ақ сақалды, түлкі тымақты т.б.

Күрделі сын есімнің жасалу жолдары:

1. Сапа сындарының бір-бірімен тіркесуі арқылы күрделі сын жасалады: қызыл ала, қоңыр күрең, қара сұр, қара көк, көк ала т.б.

2. Сапа сыны мен қатыстық сынның тіркесуі арқылы жасалады: қалың қамысты, ақ қанатты, кең маңдайлы, көк көйлекті т.б.

3. Есім сөз бен қатыстық сын есімнің тіркесі арқылы жасалады: түлкі тымақты (кісі), қос ішекті (домбыра), былғары етікті (жігіт), қасқыр ішікті (азамат) т.б.

4. Сын есімдердің қосарлануы арқылы күрделі сын есім жасалады: үлкен-үлкен, жақсылы-жаманды, үлкен-кіші.

Сан есім – заттың сандық белгісін білдіретін сөз табы. Сан есім зат есімнің алдынан келіп қосымшасыз тіркесіп, сөйлемнің анықтауыш мүшесі болады.

Сан есімдер құрамына қарай дара, күрделі болып бөлінеді. Дара сан есімдер: бір, он, елу, жиырма, тоқсан, жүз, мың. Күрделі сан есімдер: он бнс, алпыс бес, сексен тоғыз, жүз елу сегіз, бір мың бес жүз тоқсан екі, он бес – он алты, жетпіс-сексен т.б. Күрделі сан есімдер сызықша арқылы жазылады.

 

Сан есімнің мағыналық топтары

Сан есім мағынасын қарай есептік, реттік, жинақтық, болжалдық, топтық, бөлшектік болып бөлінеді.

Есептік сан есімдер: он бес, жүз, мың, алпыс, тоқсан т.б.

Реттік сан есім: бесінші, оныншы, екінші, он бесінші т.б.

Жинақтау сан есімі: біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу.

Болжалдық сан есімі: 5-6, 8-9, 40-50 т.б.

Топтау сан есімі: он-оннан, жүз-жүзден, үш-үштен т.б.

Бөлшектік сан есім: оннан бір, онның екісі, мыңның бірі, төрттен үш т.б.

 

Есімдік басқа сөз таптарының орнына қолданылатын жалпы мағыналы сөздерден тұрады. Мысалы, Қасым келді дегеннің орнына – Ол келді, Журналды оқы – мынаны оқы, Алтыннан сұра – одан сұра т.б.

Есімдік бірнеше мағыналық топқа бөлінеді: жіктеу, сілтеу, сұрау, өздік, белгісіздік, болымсыздық, жалпылау есімдіктері.

 

Жіктеу есімдіктері

Жіктеу есімдіктері – үш жақта, жекеше, көпше, анайы, сыпайы түрде қолданылатын есімдіктер. 1-жақ жіктеу есімдіктері мен, біз (жекеше, көпше түрдегі) сөйлеушіні білдіреді. Мен атамды көрген жоқпын. Біз ұстаздарымызды адамгершілік өнегесі үшін жақсы көретінбіз. 2-жақ жіктеу есімдіктері сен, сендер, сіз, сіздер (жекеше, көпше, анайы, сыпайы түрде) тыңдаушыны білдіреді. Сен ғой енді базарға бармаймын дейсің. Сіздің үй де осы саршұнақтың ішіне ұқсай ма? Сендер кімсіңдер? Сіздер кешікпеңіздер (С.Жүнісов). 3-жақ жіктеу есімдіктері сөйлеушіден, тыңдаушыдан бөгде адамды білдіреді: Ол тұңғыш рет ашына сөйледі. Оларға алма алдым (С.Жүнісов).

Жіктеу есімдігінің септелуі

Атау – мен, сен, ол

Ілік – менің, сенің, оның

Барыс – маған, саған, оған

Табыс – мені, сені, оны

Жатыс – менен, сенен, онын

Шығыс – менен, сенен, онан

Көмектес – менімен, сенімен, онымен

 

Сілтеу есімдіктері

Сілтеу есімдігі сілтеу, нұсқау, көрсету мағынасын білдіреді. Сілтеу есімдіктеріне бұл, сол, ол, осы, сона, ана, анау, мына, мынау, сонау, осынау, әне, міне деген сөздер жатады.

Сілтеу есімдігінің септелуі

Атау – бұл, осы, ана

Ілік – бұның, осының, ананың

Барыс – бұған, осыған, анаған

Табыс – бұны, осыны, ананы

Жатыс – бұда, осында, анада

Шығыс – бұнан, осыдан, анадан

Көмектес – бұнымен, осымен, анамен

 

Сұрау есімдігі

Сұрау есімдігі сұрақ мағынасын білдіреді. Сұрау есімдігі: кім? Не? Қай? Қайсы? Қашаннан? Қандай? Неше? Қанша? Қайда? Қайдан? Қалай? Нешінші? Т.б. Кім? Не? Сұрау есімдігі септеліп қолданылады.

 

Өздік есімдігі

Өздік есімдігіне өз деген есімдік , оның тәуелденген түрлері жатады: өзім, өзің, өзіңіз, өзі, өздерің, өздеріңіз өздері.

 

Белгісіздік есімдік

Белгісіздік есімдік деп белгісіз мәнде айтылатын сөздер аталады. Белгісіздік есімдікке әр, әлде, бір тұлғалары арқылы сұрау есімдіктерінен жасалған сөздер жатады: әркім, әрқашан, әрқалай, әлдеқалай, әлдеқашан, әлдекім, біреу, кейбіреу, қайсыбір, әрбір, бірнеше, бірдеме, әрне, әлдене.

Болымсыздық есімдік

Болымсыз мағынаны білдіретін есімдіктің түрі болымсыздық есімдік деп аталады. Болымсыздық есімдіктерге еш деген тілдік нұсқа арқылы сұрау есімдіктерінен және басқа да сөздерден жасалған, есімдіктер жатады: ешкім, ештеме, ешқашан, ешқайда, ешқайдан, ешқайсысы, ешбір, дәнеңе, дәнеме. Таубайдан үріккендер ешқайда кетпейді. Ештемеге түсінбеген Айтқұлов қала берді (Қ.Жұмаділов).

 

Жалпылау есімдігі

Жалпылау есімдіктері жалпылау мағынасын білдіреді. Жалпылау есімдіктеріне бәрі, бар, барлық, күллі, бүкіл, барша, түгел деген сөздер жатады: Осының бәрін түсіндіріп, жоғарғы жаққа мәселе қоюға болар еді. Мына мен бүкіл ауданға әйгілі адаммын (Қ.Жұмаділов).

 

Етістік –заттың қимыл-әрекетін, қалпын білдіретін сөз табы. Мысалы: Мал жайылып жүр. Студенттер оқиды. Самолет ұшады. Балық жүзеді.

Тұлғасына қарай етістіктер негізгі және туынды болып екіге бөлінеді. Негізгі етістіктер деп әрі қарай бөлшектенбейтін бір морфемадан тұратын етістіктер аталады: кел, оқы жүр, ал, өт, же, бөл, қал, жаз, бөл т.б.

Туынды түбір етістіктер деп негізгі түбір сөзден сөзжасамдық жұрнақ арқылы жасалған, ең кемі екі морфемадан тұратын етістіктер аталады: қыста (қыс+та), достас (дос+тас), ақылдас (ақыл+дас), жырла (жыр+ла), ескір (ес+кір) т.б.

 

Дара және күрделі етістіктер

Дара етістіктер деп бір сөзден тұратын мағыналы етістіктер аталады: кел, отыр, ойна, ағар, сырла, сана, әдеміле, оқы, тыңда, басқар т.б.

Күрделі етістік деп екі мағыналы етістіктен жасалып, біртұтас күрделі қимылды білдіретін етістік аталады: кіріп шық, келіп кет, қайтып кет т.б.

 

Негізгі және көмекші етістік

Негізгі етістік деп лексикалық мағынасы бар, сөйлемнің мүшесі болатын, белгілі сұраққа жауып беретін етістік аталады. Мысалы: Екі қыз аң-таң қағазға төнеді (не істейді?) Жолаушы әнді әлденеше қайталатқызады (не істеткізеді?) Бұл сөйлемдердегі төнеді, қайталатқызады деген лексикалық мағыналы етістіктер сөйлемде бяндауыш қызметін атқарады.

Көмекші етістіктер деп лексикалық мағынасынан айырылған, негізгі етістікке, дербес сөзге, тіркесіп қана оған түрлі грамматикалық мағына қосып, онымен бірге сөйлем мүшесі қызметіне қатысатын етістік аталады. Мысалы: Наз әуенді нәзік ән құлаққа шалынады. Жолаушылар құлақ түрген сайын ән жақындай береді, әуелей түседі (М.Әлімбаев). Бұл сөйлемдегі негізгі етістіктер: береді, түседі. Сөйлем мүшесі қызметіндегі етістіктер: 1) шалынады; 2) жақындай береді; 3) әуелей түседі.

 

Салт және сабақты етістіктер

Салт етістік деп субъектінің өзіне ғана қатысты, басқа затқа жасалмайтын қимылды білдіретін етістіктер аталады: кел, кет, отыр, жат, қайт, қаш, жөнел, ұйықта, шарша, тұр, асық т.б. Мысалы: Ол кісі ауылға кетті (Қ.Жұмаділов). Ол құнан жарыстарда озып жүрді (Қ.Жұмаділов). Мұндағы кету қимылын жасайтын субъекті – кісі, озып келу қиымылын жасайтын – ол.

Сабақты етістік деп объектіге жасалатын қимылды білдіретін етістік аталады: ал, бер, көр, оқы, тыңда, қара, сұра, таны, біл, айт, сал, жар, тапт.б.

Қимылға түсетін объекті табыс септікте тұратын болғандықтан, сабақты етістік үнемі табыс септікте тұрған сөзбен тіркеседі. Мысалы: - Ал, енді, жер дегдісімен Мәлике екеуің тез жетіңдер, балаларды (кімдерді?) қызықтап, тойын (несін?) тойлайық. Салт, сабақты етістіктерді табыс септіктің сұрағымен тіркесу, тіркеспеуіне қарап ажыратуға болады. Сабақты етістіктер табыс септіктің сұрағымен тіркеседі: Нені әкелу? Кімді сыйлау? Нені алу? Кімді шақыру? Салт етістіктер табыс септіктің сұрағымен тіркеспейді: кімді бар, нені келу емес.

 

Болымды, болымсыз етістіктер

Етістік сөйлемде не болымды, не болымсыз түрде қолданылады. Түбір етістіктер болымды етістіктер болып саналады: кел, ал, кет, тыңда, сына, апар, әкет т.б. Мысалы: Қара бұлттай қаптап, шыр айналып жүр (С.Жүнісов).

Түбір етістіктер тілде болымды түрде болғандықтан, олардан болымсыз етістіктер екі түрлі тәсілмен жасалады: 1) –ма/ме, -ба/-бе, -па/-пе жұрнақтарының етістікке жалғануы арқылы (синтетикалық тәсіл бойынша) болымсыз етістіктер жасалады: ал+ма – алмай, көр+ме – көрмеген, қайт+па – қайтпас, кет+пе – кетпейтін, қаз+ба – қазбас (еді), кез+бе – кезбе т.б. Мысалы: Бірақ бұл қуаныш та ұзаққа бармады. Ешқайда кетпеймін (С.Жүнісов).

2) Етістіктің болымсыз түрі (аналитикалық тәсілмен) емес, жоқ көмекшілерінің етістікке тіркесуі арқылы болымсыз етістік жасалады: көрген емес, келетін емес, келер емес, келмек емес, б) –ған/-ген, -қан/-кен формалы есімшеге жоқ көмекшісі тіркелу арқылы болымсыз етістік жасалады: келген жоқ, айтқан жоқ т.б. Мысалы: Колхоздан шықтым-ау деген Қарабеттің кәперіне де кірер емес. Оспандар трактор айдап, бір күнде тоқтатқан да жоқ (С.Жүнісов).

 

Етіс

Етіс деп қимылдың объекті мен субъектіге қатысын білдіретін етістіктің категориясы аталады. Етіс 5 түрге бөлінеді: 1) негізгі етіс; 2) ортақ етіс; 3) өзгелік етіс;4) ырықсыз етіс; 5) өздік етіс.

Негізгі етіс.Етістің түрлеріне құбылмай тұрғандағы оларды салыстырып ,тұлғасы мен мағынасындағы айырмашылықты айқындайтын етістіктің түбір қалпы негізгі етіс деп аталады: жат, оқы, ойла, әзірле, жақ, келіп кет, кіріп шық, қызмет ет т.б.

Ортақ етіс. Негізгі етістен –ыс, -іс, -с жұрнағы арқылы жасалып, қимылдың бірнеше субъектіге ортақ екенін білдіретін етістің түрі ортақ етіс деп аталады: айт+ыс – айтыс, кел+іс – келіс, жақ+тас – жақтас т.б. Мысалы, Қазір олармен сөйлеспек (сөйлесу – оларға ортақ қимыл). Ол адамдармен танысып жүр (танысу – бірнеше адамға ортақ қимыл).

Өзгелік етіс. Негізгі етістен –тыр/-тір, -дыр/-дір, -ыр/-ір, -т, -қыз/-кіз, -ғыз, -гіз жұрнақтары арқылы жасалып, қимылдың бөгде адам арқылы жасалуын білдіреді: айт+тыр – айттыр, сөйле+ле – сөйлет, жаз+ғыз – жазғыз т.б.

Ырықсыз етіс. Негізгі етістен –ыл (-іл, -л), -ын (-ін, -н)жұрнақтары арқылы жасалып, қимылдың жасаушысы белгісіз болып, қимыл өзінен өзі жасалғандай болып көрінуін білдіретін етістің түрі ырықсыз етіс деп аталады: (орындық) қой+ыл – қойыл(ды), (су) құй+ыл – құйылды, (киім) іл+ін – ілін(ді) т.б. Мұнда орындықты кім қойған, суды кім құйған, киімді кім ілгені белгісіз.

Өздік етіс. Негізгі етістен –ын, -ін, -н жұрнағы арқылы жасалып, қимылдың субъектінің өзіне жасалатынын білдіретін етістің түрі өздік етіс деп аталады: жу+ын – жуын, ки+ін – киін, тара+н – таран, сыла+н – сылан – сылан т.б. Мұнда жуыну, киіну, тарану, сылану қимылын жасайтын да, сол қимылға түсетін де – субъекті.

 

Есімше

Қимыл-әрекетті білдірумен бірге есім сөздің де белгілерін білдіретін етістіктің түрі есімше деп аталады: көрген кісі, алған адам, оқылатын кітап, кірер есік, естір сөз, айтылмақ сөз т.б.

Есімшенің жұрнақтары:

1. –ған, -ген, -қан, -кен: жазған, көрген, айтқан, өткен т.б.

2. –ар, -ер, -р, -с: жазар, берер, сөйлер, айтпас, бермес т.б.

3. –атын, -етін, -итін, -йтін: қалатын, көретін, қарайтын, тілейтін т.б.

4.–мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек:тыңдамақ, естімек, қайтпақ, кетпек, жазбақ, кезбек т.б.

Есімше заттың белгісін білдіргенде, сөйлемнің анықтауыш мүшесі қызметін атқарады: Естілген сөздің жалған болуы мүмкін. Көрген көзде кінә жоқ.

 

Көсемше

Көсемше деп негізгі қимыл-әрекеттің қалай, қайтіп жасалатынын білдіретін етістіктің түрін атайды. Мысалы, қарқылдап (қалай?) күлді, күлімсірей (қалай?) қарайды, қасқайып (қайтіп?) тұра қалды, асықпай (қалай?) сөйлейді т.б.

Көсемше осы қызметте тұрғанда, өзінен кейін ешбір қосымшаны қабылдамайды.

Көсемшенің жұрнақтары:

1. –ып, -іп, -п: барып, көріп, санап, сөйлеп т.б.

2. –а, -е, -й: сыза, қала, көре, санай т.б.

3. –қалы, -келі, -ғалы, -гелі: қайтқалы, кеткелі, тұрғалы, келгелі т.б.

4. –қанша, -кенше, -ғанша, -генше: қайтқанша, өткенше, болғанша, білгенше.

 

Тұйық етістік

Тұйық етістік қимылдың атын білдіреді. Тұйық етістік етістіктің түбіріне –у жұрнағы жалғану арқылы жасалады: бару, келу, кету, беру, алу, көру, сөйлеу, тыңдау, әкелу, әперу, апару т.б. Тұйық етістік жаққа, шаққа түрленбейді, зат есімнің жалғауларын қабылдап, оның категорияларының түрленуі бойынша түрленеді, көптік, тәуелдік, септік жалғауларын қабылдайды: келу, келудің, келуге, келуді, келуде, келуім, келуің, келуі, барулары, баруларына т.б.

 

Рай категориясы

Қимыл-әрекеттің шындық өмірге қатысын білдіретін категория райдеп аталады. Әр сөйлеуші қимылдың шындық өмірге қатысын өз білігі, өз түсінігі бойынша білдіреді. Мысалы, ол кеше келген. Балам аман болғай еді. Бұл сөйлемдерде қимылдың шындық өмірге түрлі қатысы берілген.

Қимылдың шындық өмірге қатысы, оған сөйлеушінің көзқарасы түрлі болуына байланысты рай да бірнеше түрге бөлінеді: ашық рай, бұйрық рай, шартты рай, қалау рай.

Бұйрық рай

Қимылды жасауға қозғау салу, бұйыру, әмір ету, тілек айту сияқты мағыналарды білдіретін етістіктің категориясы бұйрық рай деп аталады.

Бұйрық рай жасайтын арнайы қосымша жоқ, бұйрық мағына түбір етістіктің өзінде беріледі.

Ал бұйрық мағынаның кімге бағытталғанын білдіру үшін етістіктің түбіріне тікелей жіктік жалғауы жалғанады. Бұйрық райға жалғанатын жіктік жалғауы басқа райларда қолданылмайды. Сондықтан оны бұйрық райдың арнайы жіктік жалғауы деп санауға болады. Бұйрық райдың жіктік жалғауының басқа жіктік жалғаулардан өзіндік ерекшелігі бар:

1) бұйрық райдың жіктік жалғауы тікелей жалғанады, басқа жіктік жалғаулары түбір етістікке тікелей жалғана алмайды;

2) бұйрық райдың жіктік жалғауының екінші жақ жекеше түрінде қосымшасы жоқ, ал оның сыпайы және көпше түрлерінің және қалған жақтардың қосымшалары бар. Басқа жіктік жалғаулардың 3-жағы ғана қосымшасыз нольді форма арқылы беріледі.

Бұйрық райдағы етістік екі морфемадан тұрады: 1) түбір морфема; 2) жіктік жалғау: Біз бар-айық. Сендер кел-іңдер.

Бұйрық райдың болымсыз түрі екі түрлі жолмен жасалады:

1) синтетикалық тәсіл бойынша етістіктің түбіріне –ма, -ме болымсыздық жұрнағы қосылады: ал-ма-сын, бар-ма-йық, -кет-пе-ңіздер т.б.

2) аналитикалық тәсіл бойынша түбір етістікке –ушы болма аналитикалық формасы қосылып, қимылды жасауға тыйым салу мағынасы жасалады: кел-уші болма, айт-ушы болма, көр-уші болмаңдар.

Қалау рай

Қалау рай қимылдың жасалуын сөйлеушінің қалайтынын, тілейтінін білдіреді. Мысалы:Оның оқығысы келеді. Ол тез келсе екен. Оның арманы орындалғандай еді. Осы сөйлемдердің баяндауышы болып тұрған оқығысы келеді, келсе екен, орындалғандай еді етістіктері қимылдың жасалуын субъекті, сөйлеуші қалайтынын, тілейтінін білдіріп тұр.Жасалуы: Етістік+(-ғы, -гі, -қы, -кі)+тәуелдік жалғауы/кел етістігі. Біздің сабақ оқығымыз келді. Сенің үйге қайтқың келе ме?

Шартты рай

Бір қимылдың жасалуының екінші қимылдың жасалуына шарт болуын білдіретін етістіктің түрі шартты рай деп аталады: Адам көп оқыса, көп біледі. Мұнда көп білудің шарты көп оқу болып тұр.

Шартты рай етістіктің түбіріне –са, -се жұрнақтары және одан кейін жіктік жалғауының қысқа түрінің жалғануы арқылы жасалады. Мен оқы-са-м, түсінемін; сен біл-се-ң, айтасың т.б.

Шартты райлы етістік қолданылған сөйлем, шартты бағыныңқылы құрмалас сөйлем.

Ашық рай

Ашық рай қимылдың шындық өмірге мезгілдік қатысын білдіреді. Қимылдың шындық өмірге мезгілдік қатысы етістіктің шақ категориясы арқылы көрінеді. Шақ категориясының көрсеткіштері арқылы ашық рай мағынасы беріледі. Шақ көрсеткіштерінен бөлек ашық райды жасаушы көрсеткіштер жоқ.

 

Етістіктің шақ категориясы

Шақ – етістіктің негізгі категорияларының бірі. Шақ қимылдың жасалып жатқанын, келекшекте жасалатынын, жасалып қойғанын білдіретін категория. Шақ қимылдың жасалу мезгілін (сағатын, күнін) нақты дәл көрсете алмайды. Етістіктің шақ категориясында қимылдың жасалу мезгілі сөйлеушінің хабарлау кезі негізінде белгіленеді. Сөйлеушінің хабар тұрған мезгілі негізгі нүкте (мезгіл) ретінде саналып, қимылдың сөйлеушінің хабарлау кезеңінен бұрын болғаны, хабарлау кезінде болып жатқаны я одан кейін болатынына қарай шақтың түрлері белгіленеді. Шақ үш түрлі: осы шақ, келер, өткен шақ.

Осы шақ

Осы шақ қимылдың сөйлеушінің хабарлау кезінде болып жатқан не үнемі болып тұратын дағдылы қимылды білдіреді. Мысалы: Мен тыңдап отырмын. Құс ұшады. Адам сөйлейді. Осы шақтың түрлері: 1) нақ осы шақ; 2) ауыспалы осы шақ.

Нақ осы шақ. Нақ осы шақ қимылдың сөйлеуші хабарлап тұрғанда, болып жатқанын білдіреді. Нақ осы шақтың дара және күрделі түрі бар.

Нақ осы шақтың дара түрі тек лексикалық мағынадағы отыр, жатыр, тұр, жүр етістіктеріне жіктік жалғаудың тікелей жалғануы арқылы жасалады: мен отырмын, сен жатырсың, сіз тұрсыз, сендер жүрсіңдер.

Нақ осы шақтың күрделі түрі лексикалық мағыналы етістікке –п отыр, -п жатыр, -п тұр, -п жүрформанттарының тіркесуі арқылы және бұл форманттарға жіктік жалғаудың толық түрінің тікелей жалғануы арқылы жасалады. Мысалы: оқы-п отыр-мын, мен көр-іп жатыр-сың, сіз ал-ып тұр-сыз, сендер біл-іп жүр-сіздер.

Ауыспалы осы шақ. Ауыспалы осы шақ қимылдың үнемі болып тұратынын білдіреді: ол оқып отырады, келіп жүреді, балық жүзеді т.б. Ауыспалы келер шақтың мағынасы контексте көрінеді.

Ауыспалы осы шақ етістіктің түбіріне –а, -е, -й жұрнағы жалғанып, одан соң жіктік жалғаудың толық түрі жалғану арқылы жасалады.

 

Келер шақ

Келер шақ қимылдың сөйлеушінің хабарлаған кезінен кейін болатын қимылды білдіреді: Ол ертең келеді, өлең айтады, би билейді.

Келер шақ үш түрлі: 1) ауыспалы келер шақ, 2) болжалды келер шақ, 3) мақсатты келер шақ.

 

Ауыспалы келер шақ.Ауыспалы келер шақ – келешекте жасалатын қимылды білдіретін, шақ жасаушы қосымшасы, басқа шақтарда да қолданылатын шақтың түрі.

Ауыспалы келер шақтың қосымшалары:

1.–а, -е, -й: (ертең) кел-е-мін, (кешке) кет-е-сің, (бүгін) қайт-а-мыз, (тойда) жырла- й-сыз т.б.

2. –атын, -етін, -итін, -йтін: бар-атын (екен), кел-етін (сияқты) т.б.

Келер шақтың бұл түрінің болымсыз түрі 2 түрлі жолмен жасалады:

1) Синтетикалық тәсіл бойынша –ма/-ме жұрнағы арқылы жасалады: келмейтін (көрінеді), айтпайтын (сияқты) т.б.

2) Аналитикалық тәсіл бойынша емес болымсыздық көрсеткішінің тіркесуі арқылы жасалады: келетін емес, баратын емес, айтатын емессің т.б.

Ауыспалы келер шақтың мағынасы контекске байланысты.

Ауыспалы келер шақтың жақ мағынасы жіктік жалғауының толық түрі арқылы беріледі.

Болжалды келер шақ. Болжалды келер шақ қимылдың келекшекте болу, болмауын болжалды, сенімсіз түрде білдіреді: келер, келмес, айтармын, айтпассың т.б.

Болжалды келер шақ етістіктің түбіріне есімшенің –ар, -ер, -р, -с қосымшасы жалғану арқылы жасалады: бар-ар, кет-ер, сана-р, санама-с, білме-с т.б.

Болжалды келер шақтың болымсыз түрі –ма, -ме жұрнағы, немесе емесболымсыз көрсеткішінің тіркесуі арқылы жасалады: келме-с, барма-с, барар емес, кетер емес т.б.

Болжалды келер шақтың жақ мағынасы жіктік жалғаудың толық түрінің жалғануы арқылы беріледі: мен келермін, сен келерсің, сіз келерсіз, ол келер.

 

Мақсатты келер шақ. Мақсатты келер шақ қимылдың келешекте жасалуын сөйлеушінің мақсат ететінін білдіреді: оқымақпын, кетпекпін, алмақсың, бермексіз т.б.

Мақсатты келер шақ есімшенің –мақ/-мек жұрнағының түбірге жалғанып, одан кейін жіктік жалғауының толық түрінің жалғануы арқылы жасалады: қайт-пақ-пын, кез-бек-піз, қал-мақ-сың т.б.

Мақсатты келер шақтың болымсыз мағынасы аналитикалық тәсіл бойынша емес болымсыз көмекшісінің тіркесуі арқылы берілуі де кездеседі: Бірге тумақ бар, бірге өлмек жоқ (Мақал).

 

Өткен шақ

Өткен шақ қимыл-әрекеттің сөйлеушінің хабарлаған кезінен бұрын болатынын білдіреді: Ол кеше келген, жұмыс бітті, кітап оқитынмын.

Өткен шақ үш түрлі: 1. бұрынғы өткен шақ; 2. жедел өткен шақ; 3. ауыпалы өткен шақ.

Ауыспалы өткен шақ болып өткен, дағдыға айналған қимыл-әрекетті білдіреді: мен айтатынмын, біз ойнайтынбыз т.б. Ауыспалы өткен шақ етістіктің түбіріне –атын, -етін, -итін, -йтін жұрнақтары жалғанып, одан соң жіктік жалғаудың толық түрі жалғану арқылы жасалады.

Ауыспалы өткен шақ –атын, -етін, -итін, -йтін, -ушы, -уші жұрнақтары жалғанған етістікпен еді көмекші етістіктің тіркесуі арқылы да жасалады: айтатын еді, айтушы еді.

Жедел өткен шақ. Жедел өткен шақ – жақын арада, жуықта болған қимылды білдіреді. Жедел өткен шақ етістіктің түбіріне –ды, -ді, -ты, -ті жұрнағы жалғанып, одан соң жіктік жалғаудың қысқа түрі жалғану арқылы жасалады.

Дара және күрделі түрде қолданылады.

Өткен шақтың бұл түрінің болымсыз түрі синтетикалық тәсіл бойынша –ма, -ме жұрнағы арқылы жасалады: бар-ма-дым, бар-ма-дың, бар-ма-ды.

Бұрынғы өткен шақ. Бұрынғы өткен шақ – бұрын болып өткен қимыл-әрекетті білдіреді.

Бұрынғы өткен шақ қосымшалары:

1. –ып, -іп, -п жұрнағы етістіктің түбіріне жалғанып, одан соң жіктік жалғаудың толық түрі жалғану арқылы жасалады.

2. –ған, -ген, -қан, -кенжұрнағы етістіктің түбіріне жалғанып, одан кейін жіктік жалғауының толвқ түрі жалғану арқылы жасалады.

Бұрынғы өткен шақтың болымсыз түрі 2 түрлі жолмен беріледі.

1. Синтетикалық тәсіл бойынша (-ма, -ме жұрнағы арқылы) жасалады: бармаппын, бармаппыз, бармағанмын, бармағанбыз т.б.

2. Аналитикалық тәсіл бойынша жоқ, емес болымсыздық көрсеткішінің тіркесуі арқылы жасалады: барған жоқ, барған емес, барған жоқсың, барған емессің т.б.

Үстеуіс-қимылдың, амал-әрекеттің белгісін, жай-күйін, мезгілін, мекенін, мөлшерін білдіретін сөз табы. Мысалы: бүгін, төмен, жоғары, әрмен, бірталай т.б. Үстеулер қалай? Қанша? Қашан? Қайда? Қайдан? Леген сұрақтардың біріне жауап береді. Сөйлемде пысықтауыш мүше қызметін атқарады. Кейде зат есім сияқты түрленіп, басқа да сөйлем мүшелерінің қызметін атқарады. Мысалы: Еріншектің ертеңі бітпес.

 

Негізгі және туынды түбір үстеулер

Негізгі түбір үстеулер деп құрамы жағынан бөлінбейтін, негізгі түбір сөз арқылы іс-қимылдың, амал-әрекеттің түрлі белгісін білдіретін сөздер аталады. Олардың қатарына құрамын әрі қарай бөлшектеуге болмайтын мына үстеу сөздер жатады: кеше, ерте, кеш, бұрын, қазір, мана, бағана, әуелі, енді, соңыра, кейін, әлі, жоғары, төмен, ілгері, әрі, бері, әрмен, бермен, шапшаң, жорта, әдейі, қасақана, аса, мүлде, тез, өте тым, ең, нағыз, сәл, үнемі, дереу т.б.

Туынды түбір үстеулер деп басқа сөз таптарынан сөзжасамдық жұрнақтар арқылы, сөздердің бірігуі, қосарлануы арқылы жасалған үстеу сөздер аталады: әзірше, адамша, жазда, қыста, биыл, анда-сандат.б. Туынды түбір үстеулер бірнеше жолмен жасалады:

1. Жұрнақ жалғану арқылы: -ша, -ше, -лай, -лей, -дай, -дей, -тай, -тей, -дайын, -дейін, -шалық, -шама, -шылап, -шілеп, -майынша, -мейінше, -сын, -сін. Мысалы: адамша, ақшалай, бойла, шикілей, қырандайын, түлкідейін, мұншама, соншалық, астыртын т.б.

2. Көнеленген қосымшалар арқылы: а) барыс септік жалғауының көнелеуінен; ә) жатыс септік жалғауының көнелеуінен; б) шығыс септік жалғауының көнелеуінен; в) көмектес септік жалғауының көнелеуінен. Мысалы: жатқа, кешке, алда, күнде, жүресінен, шалқасынан, жайымен, жөнімен.

 

Дара және күрделі үстеулер

Дара үстеулер деп құрамы бір ғана сөзден тұратын, қимыл-әрекеттің түрлі белгілерін білдіретін сөздер аталады: тез, әрең, мұнша, адамша, күздей, осыншама, кенеттен, зорға, босқа т.б.

Күрделі үстеулер деп екі сөзден тұрып, қимыл-әрекеттің бір белгісін білдіретін сөздер аталады: қыстыгүні, бірталай, анда-санда, бостан-босқа т.б. Күрделі үстеулер қимыл-әрекеттің түрлі белгісін я мезгіл, мөлшерін білдіретін сөздердің бірігуі, қосарлануы, тіркесуі арқылы жасалады.

 

Үстеулердің мағыналық түрлері

Үстеулер мағыналарына қарай: мезгіл, мекен, мөлшер, сын-қимыл, мақсат, себеп-салдар, күшейткіш болып бөлінеді.

1. Мезгіл үстеулер: ертең, ерте, қазір, әлі, әуелі, енді, әрдайым, ежелден, биыл, былтыр, енді-енді, бірсігүні, бағана, анада, ертеден, оқта-текте, анда-санда. Сұрақтар: қашан? Қашаннан? Қай уақытта?

2. Мекен үстеулері: әрі, әрмен, ілгері, кейін, бермен, жоғары, төмен, жолшыбай, артта, алда, жол-жөнекей, әріде т.б. Сұрақтары: қайда? (қалай қарай?)

3. Мөлшер үстеулері: сонша, осынша, онша, соншама, оншама, осыншама, соншалық, бірталац, анағұрлым, қыруар т.б. Сұрақтары: қанша? Қаншалық? Қаншама?

4. Сын-қимыл үстеулері: әрең, әзер, тез, шапшаң, үнемі, кілт, әрең-әрең, етпетінен, шикәлей, былайша, әлінше, кенеттен, шалқасынан т.б. Сұрақтары: кімше? Неше? Қайтіп?

5. Мақсат үстеулері: әдейі, әдейілеп, жорта, қасақана. Сұрақтары: неліктен? Не үшін?

6. Себеп-салдар үстеулері: бекерге, босқа, жоққа, амалсыздан, құр босқа, тектен-текке, бостан-босқа т.б. Сұрақтары: не себепті? Не себептен? Қалай?

7. Күшейткіш үстеулері: өте, мүлде, тіпті, тым, аса, кіл, кілең т.б.

Толық мағыналы сөздерге тіркесіп көмекшілік қызмет атқаратын сөздер шылауғажатады. Мысалы: сен ғана, сабақтан соң, оқу үшін, телефон арқылы дегенде ғана, үшін, арқылы сөздері көмекшілік қызметте жұмсалған. Шылау сөздер мағыналарына, қызметіне қарай үш топқа бөлінеді: септеулік шылау, демеулік шылау, жалғаулық шылау.

 

Септеулік шылау

Септеулік шылаулар мыналар: үшін, дейін, шейін, кейін, бұрын, әрі, бері, соң, сайын, таман, туралы, арқылы, бірге, қатар, шақты, шамалы, бойы, жөнінде, жайында, аса астам т.б. Септеулік шылаулар өзі тіркесетін сөздің белгілі бір септіке жалғауында тұруын қажет етеді.

Атау септіктегі сөзбен тіркесетін септеулік шылаулар: арқылы, үшін, туралы, жайында, жөнінде, сайын, шамалы, шақты.

Барыс жалғаулы сөзбен тіркесетін септеулік шылаулар: дейін, шейін, тарта, таман, жуық, қарай.

Шығыс жалғаулы сөзбен тіркесетін септеулік шылаулар мыналар: әрі, бері, бұрын, соң, астам, кейін, аса т.б.

Көмектес жалғаулы сөзбен тіркесетін шылаулар: бірге, қатар.

Кейбір септеулік шылаулар бірінің орнына бірі қолданылады. Мысалы: үйге дейін, үйге шейін, жүзге жуық, жүзге тарта т.б.

 

Жалғаулық шылаулар

Жалғаулық шылаулар сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді бацланыстырады. Олар мағыналарына қарай: ыңғайлас жалғаулықтар (және, мен, бен, пен, әрі, да, де, та, те), қарсылықты жалғаулықтар (бірақ, алацда, әйткенмен, дегенмен, болмаса, әйтсе де, сөйтсе де, ал сонда да, әйтпегенде т.б.), талғаулық жалғаулықтар (я, не, немесе, яки, әлде, біресе, кейде), себеп-салдар жалғаулықтар (өйткені, себебі, сондықтан, сол себепті, сол үшін) болып бөлінеді.

 

Демеулік шылаулар

Өзі тіркесетін сөзге әр түрлі мағына үстеп, оған түрліше өң беретін шылаулар демеулік шылауларға жатады. Мысалы: - Дүниенің қызығы құс салу екен ғой! – деп бір қойды (Т.Әлімқұлов). Бұл сөйлемде ғой демеулігі сенімділік мағынасын қосып тұр. Демеулік шылауларға ма, ме, ба, бе, па, пе (сұраулық мағыналы демеуліктер), ғой(сенімділік, тілек, жалыныш мағыналы) қана, ғана, (тежеу мағыналы) ақ, ау, ай, да, де, ды, ді, ты, ті, мыс, міс (күшейту, сенімсіздік, кекесін мағыналы). Ақ, ау, ай, ды, ді, ты, ті, мыс, міс әрқашан дефиспен жазылады.

 

Еліктеуіш сөздер.Тілімізде өзге сөз таптарына мағыналық жағынан да, морфологиялық белгілері жағынан да ұқсамайтын сөздер тобы бар. Олар табиғатта кездесетін құбылыстар мен айналаны қоршаған заттардың бір-бірімен қақтығысуынан пайда болған дыбыстарға жан-жануарлардың шығаратын әр қилы дыбыстарына еліктеуден туындайды. Мысалы: жарқ-жарқ, жылт-жылт, гүрс, қорс, тырс, саңқ, у-шу, ырс-ырс т.б. Еліктеу сөздер екі түрлі: дыбыстық еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер.

1. Дыбыстық еліктеуіш сөздерге табиғатағы сан алуан зат пен қүбылыстардың қақтығысынан туатын дыбыстарға немесе жан-жануарлардың дыбыстау мүшелері арқылы шығатын әр түрлі дыбыстарға еліктеу арқылы қалыптасқан сөздер жатады. Мысалы: шаңқ, бырт, қаңқ, дыр-дыр, тарс-тарс, шіңк-шіңк.

2. Бейнелеуіш сөздерге табиғаттағы сан алуан құбылыстардың бейнесін елестеуден пайда болған сөздер жатады. Мысалы: жылт, желп, жалт, жалп-жалп, маң-маң т.б.

 

Одағай.Қазақ тілінде мағыналық жағынан, қызметі жағынан сөйлем құрамына қосылмай, оқшау тұратын сөздер бар. Олар адамның қорқу, қуану, шаттану, ренжу, өкіну, шошыну, таңдану, күйіну т.б. сияқты көңіл-күйін, сезімін білдіреді. Мысалы: - Ойбай, кетті! (Т.Ахтанов). – Уа, не болды? (Б.Майлин). Мұнда ойбай, уа одағайлары сөйлемге шошыну мәнін қосып тұр. Одағайлар мағынасына қарай үш топқа бөлінеді: 1) көңіл-күй одағайлары; 2) жекіру одағалары; 3) шақыру одағайлары. Одағай сөйлем мүшесі болмайды, сөйлемдегі өзге сөздерден үтір не леп белгілері арқылы бөлінеді.