Жай сөйлем, түрлері

Тиянақты ойды білдіретін жеке сөзді немесе сөз тіркесін сөйлем деп атаймыз.

Айтылу мақсатына қарай сөйлемдер хабарлы, сұраулы, бұйрықты және лепті болып төртке бөлінеді.

Белгілі бір оқиға, құбылыс туралы хабарлай айтылған сөйлем хабарлы сөйлемдеп аталады. Хабарлы сөйлемнің соңында нүкте қойылады.

Хабарлы сөйлемді айтқанда, интонация бірте-бірте бәсеңдеп отырады. Мысалы: Ақша ерте заманда пайда болған.Шығындар өндіріс шығындары, үстеме шығындар және көлденең, кездейсоқ шығындар болып бөлінеді.

Бір нәрсе жайында сұрай айтылған сөйлемді сұраулы сөйлем дейміз. Ауызекі сөйлеу стиліне тән пікір алысудың бұл түрі көркем әдебиетте жиі қолданылады. Сұраулы сөйлемнен кейін сұрау белгісі қойылады.

Сұраулы сөйлемдердің жасалуы:

1) ма//ме, ба//бе, па//пе сұраулық шылаулары;

Жиналыс басталды ма? Анықтама алдың ба?

2) кім, не, қашан, қайда, қалай, қайтіп кімді, нелер т.б. сұраулық есімдіктері;

Абай қашан туылды? «Абай жолы» роман-эпопеясын кім жазды? Теңге тарихы туралы не білесің?

3) шығар, болар, қайтеді деген көмекші етістіктері сұраулық интонациямен айтылғанда;

Сендер биыл өндірістік іс-тәжірибеге баратын шығарсыңдар? Біліміңді тағы сынап көрсең қайтеді? Бұл әңгімені Жәнібек те естіген болар?

4) Ше демеулігі баяндауыштың құрамына ену арқылы.

Менің атым –Салтанат, өзіңнің атың ше?

Сұраулы сөйлемнің кеңінен тараған екі түрі бар. Бірі – ашық сұрақты сұраулы сөйлем. Мұнда айтушы өзінің білмеген нәрсесі жөнінде сұрақ қояды. Мысалы: жақында қандай шығарма оқыдың? Қазақстанда қанша облыс орталығы бар? Сені еліміздің болашағы ойландырады ма?

Сұраулы сөйлемнің екінші бір түрі – риторикалық сұрақты сұраулы сөйлем. Мұндайда әлденені білу үшін ғана емес, бір нәрсе жөнінде мұқату үшін, сондай-ақ болымды жайды айту үшін де сұрақты түрде айтылады, жауап күтілмейді. Мысалы: Баянауыл сияқты жерді кім сүймейді? Жастарымыз білімсіз болса елдің болашағы не болмақ? Басшысы болмаған елде елдік бар ма?

Іс-әрекетке итермелеу, орындауға ұмтылдыру мақсатында айтылған сөйлемді бұйрықты сөйлем дейміз.

Бұйрықты сөйлем бұйыру, жекіру мағынасында ғана емес, өтіну мағынасында да айтылады. Бұйрықты сөйлем де ауызекі сөйлеу тіліне тән. Көркем әдебиетте ондай сөйлемдер диалогта жиі кездеседі. Бұйрықты сөйлемдердің айтылу әуені қандай мазмұнда жұмсалуына қарай түрліше болады. Егер бұйрықты сөйлем бұйыру, қатал талап мағынасында жұмсалса ол көтеріңкі дауыс екпінімен айтылады, ал егер тілек, кеңес мағынасында жұмсалса, бәсең дауыспен айтылады. Мысалы: Шолпан! Тоқта деймін! Тарт қолыңды!

Тоқташы, балам! Қолыңды тарта қойшы.

Адамның көңіл-күйін, әр түрлі эмоциялық сезімін (қуану, таңдану, аяу, сүйсіну, ренжу, қорқу, сескену,ызалану, жалыну, жирену т.б.) білдіру үшін жұмсалатын сөйлемдер лепті сөйлемдер деп аталады. Лепті сөйлемнен кейін леп белгісі қойылады. Мысалы:

- Түу, сіз қызық адам екенсіз!

- Жасаған-ау, мұндай да сұлу табиғат болады екен ғой!

- Па, шіркін, мына атқа мінер ме еді! Қандай тамаша көл мынау!

Тек тұрлаулы мүшелерден тұратын сөйлемді жалаң сөйлем дейміз. Мысалы: Өміржан тоқтай қалды. Кейінгілер қуып жетті. Салтанат, сенбісің? Анауың кім? Біз он едік. –Уа, бауырым, амансың ба? Мен таныдым.. Бұл – композитор. Ымырт жабылды. Ауылдың маңы тым-тырс.

Тұрлаулы мүшелерден басқа, тұрлаусыз мұшелердің қатысуымен жасалған жай сөйлемнің түрін жайылма сөйлем деп атаймыз. Мысалы: Олар орманға қарай жөнелді. Біз күзет орнына бара жатырмыз. Зор денелі біреу окоптың ішінде дүрбімен алдыңғы жақты шолды. Оның қасында қысық көзді біреу телефонмен бірдеңені былдырлап айтып жатыр. Біз Ұлы жеңістің салтанатты мерекесіне әзірленудеміз.

Тұрлаулы мүшелерден құралған сөйлемді жақты сөйлем дейміз. Жақты сөйлемдердің 1)бастауышы айтылады немесе 2)бастауышын баяндауыш арқылы оңай тауып алуға болады.

1.Абай әкесінің жауабын ғана білмек еді. Құнанбай үндеген жоқ. Күн жылынды. Алматы – бас қала, Астана – жас қала.

2.Енді қорықпаймын. Қайта беріңіз.саған әкелгізіп отырмын. Сыбағаны Күңкеге әкеліп отырғанымыз жоқ.

Кейбір сөйлемдер қимыл иесін дәл көрсетпей, іс-әрекеттің белгісіз субъектіге тән екендігін білдіріп тұрады. Мұндай сөйлемдер белгісіз жақты сөйлемдер болады. Белгісіз жақты сөйлемдерде назар тек іс-әрекетке аударылады. Көбінесе сөйлеу тілінде кездеседі. Олардың баяндауыштары ІІІ жақ, ауыспалы осы шақ формасында және өткен, келер шақтық, ІІІ жақтық тұлғалы етістіктер мен есімшелер болады: Оған электр жарығын пайдаланды. Ол кезде көмірді қауғамен тартатын.

Кейде баяндауышы ІІ жақтық жіктік жалғауда айтылған сөйлемнің бастауышы болмай, баяндауыш үш жаққа бірдей ортақ мағынада жұмсалып, жалпылама жақты сөйлем жасалады. Мысалы

(Сен) Ұлық болсаң, кішік бол.

(Ол) Ұялмас бетке талмас жақ береді.

(Сен) Көп тыңда, аз сөйле.

(Сен) Осы таза ауаны кеудеңді толтыра жұта бергің келеді.

Тек баяндауыш тұрлаулы мүше негізінде құрылған, бастауышы жоқ сөйлемді жақсыз сөйлем дейміз. Жақсыз сөйлемдердің баяндауышы күрделі болып, мынадай тұлғаларда кездеседі.

Күрделі баяндауыштың негізгі сыңары барыс септік жалғаулы тұйық етістіктен, көмекші сыңары болымды болымсыз тұлғалы бол етістігінен жасалады. Оған алыс жол жүруге болмайды.

Күрделі баяндауыш -қы, -кі, -ғы, -гі жұрнақты тәуелденген келкөмекші етістігінің тіркесуі арқылы жасалады. Оспанның теріс істеріне менің көнгім келмеді.

Күрделі баяндауыштың негізгі сыңары барыс септік жалғаулы тұйық етістіктен, көмекші сыңары тура кел тіркесінен жасалады. Енді сізге айтуға тура келді.

Атау не барыс септік тұлғалы тұйық етістікке керек, жөн, мүмкін, лайық, жақсы модаль сөздері келіп күрделі баяндауыш жасайды. Болған оқиғаны жасырмай шынын айту керек. Соғыс ардагерлерімен қайта кездесуіміз мүмкін.

Күрделі баяндауыш –ып, -іп, -п, -ар, -ер, -са тұлғалы етістіктерге болетістігінің тіркесіп келуі арқылы жасалады. Зәбірмен, зілмен мені жеңіп болмайды. Жиенді олай қумас болар.

Сөйлем құрамында ойға қажетті мүшелердің түгел болуы толымды сөйлем деп аталады. Толымды сөйлемдердің негізгі белгісі: айтылуға тиісті мүшелері түгел қатысады және басқа сөйлемге тәуелді болмай, дербес айтыла береді. Мысалы: Мұратбек сөйлеп отыр. Бұл тұста Мұратбектің ойын Ләйлә да қостады. Ләйлә Зейнепке қызыға қараушы еді.

Ойды жеткізуге тікелей қатысы бар тұрлаулы мүшелердің бірі кейде екеуі де айтылмаған сөйлемді толымсыз сөйлем дейміз. Толымсыз сөйлемде әдетте жиі түсірілетін мүше, әдетте – бастауыш. Толымсыз сөйлемнің жасалу жолдары: 1) өзара желілес сөйлем тобында; 2) диалог жағдайында.

1) Әкесі төрт-бес кісімен (баласын) шығарып салған. Шығарып тұрып (әкесі) мынаны айтқан: «Балам, (сен) алысқа, айтысқа жастай аттандың, (сен)

Ұрын аттандың».

2) Есік алдында Тоқабай кездесті.

-(сіз) Қайдан жүрсіз, Тоқа?!

-(мен) Елден (жүрмін) балам.

-(Тоқа) Мезгілсіз (бұл) қай жүріс?

Іс, оқиғаны баяндамай, атап қана тұратын сөйлемді атаулы сөйлем деп атаймыз. Атаулы сөйлемдер көбінесе атау септік тұлғалы зат есімнен жасалады. Атаулы сөйлемдер көркем әдебиетте табиғатты, құбылысты суреттеуде, адамның ішкі сезімін беруде жиі қолданылады. Мысалы:Түнерген кеш. Баяу ескен қоңыр жел. Шаңқай түс.