Параграф. Арнайы, авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды орындау

96. Арнайы жұмыстар – арнайы техникалық құралдарды және (немесе) тәсiлдердi пайдаланып, жауынгерлiк тапсырманы орындауға бағытталған жеке құрамның iс-қимылдары.

97.Арнайы жұмыстарға:

өрт байланысын ұйымдастыру (бұдан әрi - байланыс);

шақыру орынына (өртке) жарық беру;

құрылымдарды ашу мен бөлшектеу;

биiкке көтерiлу (төмен түсу);

қорғау шараларын орындау;

зардап шеккендерге алғашқы дәрiгерлiк көмек көрсету;

техникалық құралдардың жұмыс iстеуiн қалпына келтiру жатады.

98.Өрттегi байланыс бөлімшелерді басқаруды, олардың өзара iс-қимыл жасауын және ақпарат алысуды қамтамасыз ету үшiн ұйымдастырылады.

99. Басқару байланысы ӨСЖ мен жедел өрт сөндiру штабы, Өрттегі тыл бастығы (бұдан әрі - ТБ), ЖУБ-тары және қажет болған жағдайда өрт сөндіру және авариялық-құтқару автомобилдері арасында орнатылады. Өрттегi байланыс өрт бөлiмдерiн басқару мен олардан өрттегi жағдайды бiлудi қамтамасыз етедi.

100. Өзара іс-қимыл байланысын ЖУБ-тары арасында орнатылады және жауынгерлік учаскелер арасындағы іс-қимылды қамтамасыз етеді.

Өзара іс-қимыл байланысы үшін радиостанциялар, телефон аппараттары, сөйлесу қондырғылары, мегафондар, дауыстап шығарушы жабдықтар, байланысшылар (Б) және өзге де техникалық құралдар пайдаланылады.

101. Ақпарат байланысы ӨСЖ, өрт сөндіру жедел штабы және КҚЖБО (ББП) арасында радиостанциялар мен телефон арқылы орнатылады.

Бұл байланыс КҚЖБО (БКДҚ) немесе ББП және бөлімшелер арасында өрттегі жағдай мен оны сөндіру барысы, қосымша күштер мен құралдарды шақыру туралы өзара ақпараттар, сондай-ақ ӨСЖ талаптарын су өткізу, газ авариялық, энергетикалық, медициналық және өзге қызметтерге жеткізуді қамтамасыз етуге тиісті.

102. Өртте радиобайланыс құралдарын пайдаланған кезде ӨСЖ барлық абоненттердің радио алмасу ережесін сақтауын қамтамасыз етуге міндетті.

103. Қатты түтiндеген және көруге мүмкiншiлiк жоқ болған жағдайда ӨСЖ нұсқауымен жарық көздерiн орнату жүзеге асырылады.

Шақыру (өрт) орнына жарықтандыру үшiн өртке қарсы қызметiнiң қаруларының арнайы өрт автокөлiктерiнiң жарық беру жабдықтарын, содай-ақ осы мақсатқа арналған басқа штаттық құралдарын пайдаланады.

Шақыру (өрт) орнында ӨСЖ нұсқауымен шаруашылық жүргізу объектiсінiң жарық беру жабдықтарын қосымша қолдануға болады.

104. Өртте жарық беру құралдарын орнату төмендегi ережелердi басшылыққа ала отырып жүргiзу қажет:

бiрiншi кезекте адамдарды құтқару жолдары жарықтандырылады;

жарылыс қаупi бар бөлмелерге сырттан терезе арқылы жарықтандырылады, бұл бөлмелерге прожекторларды алып кiру, оларда жану жағдайы болғанда ғана рұқсат етiледi;

қатты түтiндеген, көлемi үлкен бөлмелерге қуатты прожекторлар қойылады, жекелеген жағдайларда олар осы бөлмелерде жұмыс iстеушiлер үшiн бағдар ретiнде орнатылады;

прожекторлар, жалғастырушы муфталар, штепсельдiк ажыратқыштар, жалғастырушы қорапшылар және басқа кабельдердi қосушы құралдар оларға су тимейтiн, сондай-ақ құлайтын құрылымдардан зақымдану қаупi жоқ жерлерге орналастырылады.

105. Ғимараттардың (құрылыстардың) құрылымдарын ашу мен бөлшектеу:

адамдарды құтқару үшiн тиістi жағдай жасау;

құнды мүлiктердi құтқару;

жанудың жасырын ошақтарын табу;

от сөндiргiш заттарды жану аймағына беру және барынша тиiмдi пайдалану;

оттың таралуын шектеу үшiн отқа қарсы ажырату орнын дайындау;

түтiн мен газдарды шығару;

құлау қаупiн болдырмау;

оқпандарды беру үшiн ғимараттың iшiне немесе өрт ошағына өту мақсатында жүргiзiледi.

106. Ғимараттардың құрылымдарын ашу мен бөлшектеу ӨТЖ-ды қолдана отырып, белгiленген жұмыстарды толық орындау үшiн қажеттi шеңберде жүргiзiледi.

Жанудың жасырын ошақтарын табу, түтiндi шығару және от сөндiргiш заттарды қолдану үшiн өрт сөндiру құралдары ашылатын орынға шоғырланып iс-қимылға әзiр болғаннан кейiн құрылымдар ашылады.

Өрттiң таралуына тосқауыл қою мақсатымен өртке қарсы ажырату орнын құру жөнiндегi жұмыстар от ажырату орнына жеткенге дейiн аяқталуы керек.

107. Ғимараттың құрылымын ашу және бөлшектеу кезiнде құрылымның көтеру қабiлеттiлiгiн бәсеңдетпеу және олардың құлауына жол бермеу, жылу жүретiн және газ жүретiн магистралдарды, сондай-ақ электр жүйелерi мен электр қондырғыларын зақымдамау үшiн қажеттi барлық шараларды қолдану керек.

Құрылымдарды жоғарыдан лақтырған кезде олардың түсетiн орнын тексеру және қоршау қажет.

108.Түтінмен күресу үшін өртке қарсы қорғану жүйелерін, түтін жойғыш өрт көліктері мен түтін сорғыштар және желдеткіштер мен брезенттік бөгеттерді қолдану қажет.

109. Адамдарды, мүлiктердi құтқару, күштер мен құралдарды шоғырландыру, өрт сөндiргiш заттарды, басқа да жұмыстарды атқару үшiн жоғарыға көтерiлу (түсу) ұйымдастырылады.

Ғимарттардың (құрылыстың) көшiру жолдары мен құралдарын, сондай-ақ осы Жарғының 52-тармағында көрсетiлген құтқарудың техникалық құралдарын пайдаланып, жоғарыға көтерiлу (түсу) iске асырылады.

Жеке құрамды жоғарыға көтеруге арналған құтқарудың техникалық құралдарының орнын өзгерту, жеке құрамды ескерткеннен кейiн жүргiзiледi.

110. Жауынгерлiк iс-қимылды жүргiзудiң қауiпсiз жағдайларын және тапсырманы табысты орындауды қамтамасыз ету үшiн қорғану шараларын орындау ұйымдастырылады.

Қорғану шараларын орындау барысында белгiленген тәртiп бойынша жабдықтар, механизмдер, технологиялық аппараттар, электр, вентиляция және аэрациялық қондырғылар, жылу, газбен жабдықтау, канализация, объект iшiндегi транспорт жүйелерi және басқа да өрт орнындағы жоғары қауiп-қатер көздерi ажыратылуы (қосылуы), ал керек кезiнде демонтаж жасалуы мүмкiн.

111.Жоғары кернеуде тұрған электр қондырғыларын ажыратуды (токсыздандыруды) объектінің немесе елді мекеннің энерго қызметінің маманы дербес немесе ӨСЖ нұсқауы бойынша жүргізеді.

Кернеу 380 А астам электр жабдығын ажыратуды стандарттық ажырату құрылғыларын (ажыратқыштар, сақтандырғыштар және т.б.) пайдалану мүмкін болған жағдайда өртке қарсы қызметтің жеке құрамы жүргізеді. Қажет болған жағдайда желіні басқа тәсілмен ажырату мүмкін болмаған кезде 220 В артық аспайтын фазалық кернеудегi электр сымдарын кесу арқылы ажыратуға болады. Электр сымдары мен басқа да тоқ жүретiн элементтердi, егер олар:

өрт сөндiруге қатысушыларға қатер төндiрсе;

жаңа өрт ошақтарының пайда болуына ықпал етсе;

жауынгерлiк iс-қимылға кедергi жасаса, ӨСЖ нұсқауы бойынша жеке құрам ажыратады.

Техника қауiпсiздiгi ережесiнiң талаптарын сақтап және технологиялық үрдістің ерекшелiгiн есепке алып, ажырату командирдің басшылығымен жүргiзiледi. Бұл ретте ӨСЖ электроэнергияның ажырау орнына қауіпсіздік постын орналастырады немесе ерекше жағдайларда жеке құрам жетіспеу кезінде «Қосуға болмайды! Адамдар жұмыс істеуде!» тыйым салу белгісін орнатуды қамтамасыз етеді.

Өрт объектісін электрмен жабдықтаудан ажыртатудың мүмкіндігі болмаған жағдайда, энергия қызметтерімен әрекет ету нұсқауына сәйкес, егер де технологиялық процесс тоқтаусыз өндірісті көздемеген болса, бүкіл ауданның электрмен жабдықтаудан ажырауын талап ету қажет.

112. Жеке құрамның зардап шеккендерге алғашқы дәрiгерлiк көмек көрсетуi регламенттеушіқұжаттармен белгiленген тәртiп бойынша орындалады. Осы мақсатта және керектi жағдайда, жеке тыныс алу органдарын сақтайтын құралдар, алғашқы медициналық көмек көрсететiн жабдықтар және басқа да осыған бейiмделген құралдар қолданылады.

113. Техникалық құралдардың жұмыс iстеуiн қалпына келтiру - өрт орнында кiдiруге болмайтын уақытша жөндеу жұмыстарын және өрт техникаларын, жабдықтарын, ӨТЖ-н, басқару және байланыс құралдарын техникалық күтiмнен өткiзу болып табылады. Көрсетiлген жұмыстарды ұйымдастыру өрттегi тылға жүктеледi.