Бап. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурс

1. «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымына орналасуға конкурс мынадай түрлерден тұрады:
1) азаматтар арасындағы жалпы конкурс;
2) мемлекеттік қызметшілер арасындағы ішкі конкурс.
2. Конкурс мынадай бірқатар жүйелі кезеңдерді қамтиды:
1) конкурс өткізу туралы хабарландыруды жариялау;
2) конкурсқа қатысуға ниет білдірген адамдардан құжаттар қабылдау;
3) мемлекеттік органның конкурстық комиссиясын не бірыңғай конкурстық комиссияны құру;
4) конкурсқа қатысушылардың құжаттарын белгіленген біліктілік талаптарына сай болуы тұрғысынан қарау;
5) конкурсқа қатысушылармен мемлекеттік органның конкурстық комиссиясы өткізетін әңгімелесу;
6) мемлекеттік органның конкурстық комиссиясының қорытындысы.
Конкурс өткізудің тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Орталық мемлекеттік органдарда, ведомстволарда және олардың аумақтық бөлімшелерінде конкурс өткізу кезінде хабарландырулар орталық мемлекеттік органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында жариялауға жол беріледі.
Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда конкурс өткізу туралы хабарландырулар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағына таралатын мерзімді басылымдарда жариялауға жол беріледі.
Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) құрылған жағдайда хабарландырулар өзі соның құрылымында тұрған мемлекеттік органның интернет-ресурсында да орналастырылады.
4. Егер конкурс «Б» корпусының уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына өткізілсе, осы шарт конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілуге тиіс.
5. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушының «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымына орналасуға құқығы бар. Тағайындау құқығы бар лауазымды адам оны жарияланған мемлекеттік лауазымға қабылдауға мiндеттi. Бұл ретте Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптар сақталуға тиiс.
6. Конкурстық комиссияның шешiмiне қатысты уәкілетті органға не сотқа шағым жасауға болады.

Бап. Жалпы конкурс

1. Жалпы конкурс «Б» корпусының бос немесе уақытша бос төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымына, сондай-ақ осы Заңның 29-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда төменгі лауазым болып табылмайтын өзге де бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу үшін өткізіледі.
2. «Б» корпусының төменгі болып табылмайтын өзге де бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін жалпы конкурс орталық атқарушы органда не оның ведомствосында уәкілетті органмен келісу бойынша, ал орталық мемлекеттік органның немесе оның ведомствосының аумақтық бөлімшесінде не жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органда уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша өткізіледі.
Осы Заңның 29-бабында көзделген ішкі конкурс өткізу жөніндегі талаптардың сақталмауы жалпы конкурс өткізуден бас тартуға негіз болып табылады. Келісу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Жалпы конкурсқа қатысуға тест рәсімдерінен алдын ала өткен және уәкілетті орган белгілеген мәндерден төмен емес нәтижелері бар азаматтар жіберіледі.
Тест нәтижелеріне шағым жасау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Мемлекеттік қызметке кіру кезінде конкурстық комиссия Қазақстан Республикасы азаматтарының қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық кеңестер, үкіметтік емес ұйымдар жұмысына қатысқанын, волонтерлік, қайырымдылық қызметті жүзеге асырғанын ескереді.
4. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері қорытынды бере отырып, азаматтардың жеке қасиеттерін бағалауды жүргізеді. Азаматтардың жеке қасиеттерін бағалауды жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды. Азаматтардың жеке қасиеттерін бағалау нәтижелерін конкурстық комиссия шешім қабылдау кезінде ескереді.

Бап. Ішкі конкурс

1. «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін мемлекеттік орган осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізеді, оған оның ведомствосының, аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері де, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметiнің құқықтық негіздерін, сондай-ақ оның жұмысын ұйымдастыру тәртібiн белгілейтін заңда айқындалған өзге де адамдар қатысуға құқылы.
Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) немесе бірыңғай конкурстық комиссия құрылған жағдайда ішкі конкурс аталған қызмет немесе комиссия солар үшін құрылған мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында өткізіледі.
2. Конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылар болмаған кезде барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізіледі.
«Б» корпусының бос немесе уақытша бос болып табылатын төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін ішкі конкурс өткізілмейді.
3. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылар болмаған жағдайда осы Заңның 28-бабына сәйкес жалпы конкурс өткізіледі.
4. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары көмекшілерінің немесе кеңесшілерінің, баспасөз хатшыларының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен, атқаратын мемлекеттік лауазымынан бір мезгілде босата отырып, басқа мемлекеттік органдардан ауысу тәртібімен орналасуға жол беріледі. Аталған адамдардың мемлекеттік органның, аумақтық бөлімшелерін қоса алғанда, оның ведомствосының ішінде одан әрі ауысуына жол берілмейді.
«Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілмей, ауысу тәртібімен орналасу Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған тәртіппен өзге де жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкін.
Уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің келісімі ауысудың шарты болып табылады.
5. Адам мемлекеттік әкімшілік қызметтен шығарылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, егер ол өзге де жеке және заңды тұлғалармен еңбек қатынастарында тұрмаған болса, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге шықпаса, ішкі конкурстың қорытындылары бойынша «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға құқылы.
Мұндай жағдайларда осы адамға міндетті арнайы тексеруден өту туралы, сынақ мерзімін белгілеу туралы және кірістері мен өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы декларацияны өзінің бұрынғы жұмыс орны бойынша тапсырған жағдайда оны ұсыну туралы талаптар қолданылмайды.