Тақырып. Қоғамдық өндіріс негіздері

Жоспар

1. Экономикалық ресурстар және өндіріс факторлары

2. Қоғамдық өндіріс факторлары және нәтижелері

3. Жай және кеңейтілген ұдайы өндіріс

1 Өндіріссіз экономика жоқ және әлемдік экономиканы талдамай тұрып, оның негізі болып саналатын өндіріс туралы түсінік болу керек. Материалдық игіліктерді өндіру - адам мен табиғаттың өзара әрекетін, шаруашылық қызметі процесіндегі адамдар арасындағы өзара әрекетін көрсететін адам өмірі мен қоғамның негізі. Өндіріс - адамдардың мақсатты шектеусіз қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызметі. Бұл адамдарды - материалдық, әлеуметтік, интеллектуал-дық ресурстарды пайдалануға итермелейді. Ресурстардың шектеулілігі адам­дар мен қоғамды қанағаттандыру қажеттілік­терін таңдауға итермелейді. Таңдау экономикалық категория ретінде бұл - өндіру, сату және сатып алу болып саналады. Бұл міндет (таңдау) кез келген қоғамда оның әлеуметтік-саяси құрылысына қарамастан қарастырылуы тиіс. Нені өндіру керек – яғни қандай байлық, қандай сапада және қанша өндірілуі тиістігі шектеулі ресурстармен байланысты болады. Қалай өндіру керек - бұл қандай шектеулі ресурс­тар­дан және қандай комбинациялардан, билікті қандай техно­логияның көмегімен өндіру керектігі туралы шешім қабылдайды. Кімге және қанша өндіру керек - бұл адам қажеттілігі шектеулі болған жағдайдағы кімге қанша өндірілген материалдық игіліктерді бөлу проблемасы болып табылады. Мұндай күрделі проблемаларды шешу үшін шаруа­шы­лық субъектілері өзара байланыс пен комбинация негізінде өндірістің негізгі факторлары - жер, еңбек, капи­тал мен субъектілердің кәсіпкерлік қызметіне айналатын өндіріс ресурстарына, адамдардың өндірістік қызметі және табиғат жасаған байлықтар туралы деректерге ие болуы тиіс. Өндіріс ресурстары - бұл тауарлар мен қызметтер жасау процесінде пайдаланатын табиғи, әлеуметтік және рухани күштердің жиынтығы.

Ресурстар төрт түрлі болады:

1. «Табиғи» - өндірісте қолдану үшін әлеуметтік, пайда­лы табиғи күштер мен заттар, олар «таусылатын», «қал­пы­н­а келтіретін» немесе «қалпына келтірмейтін» болып ажыратылады.

2. Материалдық» - бұл өндіріс нәтижелері болып саналатын, адам жасаған инструменттер, машиналар, сарқылатын шикізаттар.

3. «Еңбек» - «әлеуметтік-демографиялық, кәсіптік-біліктілік және мәдени білім беру» параметрлері бойынша бағаланатын еңбекке қабілетті халық.

4. «Қаржылық» - қоғам өндірісті ұйымдастыру үшін ақша қаражаттарын бөлуі болып табылады.

Кез келген қоғамға тән табиғи, материалдық, еңбек ресурстары «базалық» деп аталады. Қаржылық ресурстар өндірістің экономикалық сатысында базалық ресурстарға қосылады, сондықтан да кәсіпкерлік қызмет және ақпаратпен бірге туынды факторларды құрайды. Өндіріс факторлары - бұл өндіріс процесіне ресурс­тардың алуан түрлерін шынайы түрде біріктіруді білдіреді. Ресурстар бір-бірімен өзара байланысты, олардың комбинациясы жағдайында ғана фактор­ларға айналады, сондықтан да өндіріс - алуан түрлі фактор­лардың өзара байланысты әрекеттерінің бірлігі болады. ҒТП-ның дамуымен байланысты ресурстардың саны өсетіндігіне қарамастан, экономикалық теория өндірістің төрт негізгі факторларын: жер, капитал, еңбек, кәсіпкер­лікті бөліп көрсетеді.

Өндіріс факторларының нарығы ресурстарға деген сұраныс өндірістік қайталама сипатын білдірсе де, сұраныс пен ұсыныс әртүрлі субъектілер арасындағы шектеулі ресурстарды бөлуді реттейді. Дегенмен, түпкі тұтыну үшін өнім неғұрлым қажет болса, осы ресурстарға деген сұраныстар да солғұрлым жоғары болады. Барлық ресурстар өндіріске белгілі бір комбинацияларда, өзара толықтыру және өзара алмастыру түрінде ғана қатысады. Машинкалар мен құрал-жабдықтарды табиғи (жанды) еңбекпен, оған керісінше ауыстыруға болады, ал табиғи материалдарды - жасанды еңбекпен ауыстыруға болады. Сондықтан да ресурстар бағасының өзгеруі, әрқашанда өзге ресурстар бағасының өзгеруіне әкеліп соғады. Жер өндіріс факторы ретінде өндірістік процесте бүкіл пайдаланылатын табиғи ресурстарды білдіреді. Бірсыпыра салаларда (аграрлық пен өндіруші және т.б.) жер тікелей шаруашылық жүргізу объектісі еңбек «заты» мен «құралы» ретінде түсіндіріледі. Одан өзге, «жер» өндіріс факторы қызметінде меншік объектісі ретінде қатысады. Капитал - өндіріс факторлары жүйесіндегі материал­дық және қаржылық ресурстар. Еңбек - тікелей өндіріс процесімен айналысатын халықтың белсенді бөлігі. Кәсіпкерлік - «еңбек» факторының бір түрі, табысты өндіріс ұйымдастыру қабілеті, нарық конъюктурасын басқара білу, тәуекелге бару және экономикалық пробле­ма­­ларды шешу.Нарықтық экономикада өндірістің әрбір факторы оның меншік иелері арқылы көрсетілген, сондықтанда, өндіріс «қоғамдық процесс» саясатына ие болады және меншік иелері арасындағы қарым-қатынас арқылы өндіріс факторларын көруге болады. Өндірістің әрбір факторы өзінің иесіне кіріс әкеледі: капитал-пайда, жер-рентаға, еңбек-еңбекақыға, кәсіпкерлік-кіріс алуға. Қоғам­дық жиынтық өнім мен табыс алудағы әрбір фактордың қосқан үлесінен шығара отырып, оның иесі өзінің орнын табады және қоғамдағы шектеулі ресурстарға иелік жасайды.

 

2 Кез-келген ұлттық экономикалық жүйе екі саладан: материалдық өндіріс аясындағы салалардан және материалдық емес салалардан қалыптасатын экономиканың сала­лық құрылымдарының жиынтығынан тұрады. Бірінші топтағы салаларға мыналар жатады: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік пен байланыс, сауда мен қоғамдық тамақтандыру және т.б. Екінші топқа кіретіндер: мәдениет, білім және ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, тұрмыстық қызмет көрсету және т.б. Функционалдық және салалықтан өзге аймақтық немесе аумақтық экономикалық құрылым болады. Нақ­ты аймақтық экономика ел аумағындағы бүкіл экономи­калық объектілердің жиынтығын білдіреді. Экономикалық аудандар құрылымына, нақтылы ауданның жекелеген сала кәсіпорындарының, оның табиғи ресурстарымен, жол қатынастарымен және экономикалық-географиялық жағдайларымен үйлесетін шаруашылық кешендерін немесе аумақтық-өндірістік кешендерін құрайды. Макроэкономикалық мақсаттарды шешетін экономи­калық өсу негізінде қоғам мүшелерінің өмірлік қызметінің оңай жағдайларын қамтамасыз етуі ұлттық экономиканың мақсаты болып саналады.

Адам қажеттіліктерін бастапқы және қайталама қажеттіліктерге бөледі. Бірінші қажет­ті­ліктерге жататындар - тамақ, сусын, киім, түс және т.б. Екіншіге - адамның рухани, жеке қызметімен байла-нысты қажеттіліктер - өзін-өзі айқындау, білім беру, өнер-дегі, ойын-сауықтағы, қоғамдық құрмет қажеттіліктері. Адам, қоғам қажеттіліктері өзгеріссіз қалмайды, олар адамзат өркениетінің эволюциясымен қоса дамып отырады және қоғамдық өндіріс құрылымы - материалдық және материалдық емес деп айқындайды. Шектеулі ресурс­тардан жасалған материалдық және материалдық емес байлықтар бір тауарды, бір қызметті, бір өндіріс түрін таңдауды білдіреді. Сондықтан да экономикада не сатып алынады сол ғана талданбай, сонымен бірге неден бас тартады солар да талдауға жатады. Ресурстардың шектеулігі жағдайында адамдардың, кәсіпорын мен қоғамның әл-ауқат деңгейі бірқалыпты болу үшін қолда бар ресурстарды тиімді жұмсауға мүмкіндік беретін дұрыс таңдау жасау маңызды болып саналады. Бұған әрбір мүмкін варианттардан алынатын пайданы салыстыру арқылы қол жеткізуге болады

Экономикалық даму - бұл өзіне сандық және сапалық өсуді біріктіретін экономикалық, әлеуметтік, саяси және өзге де факторлардың тұтастай кешенінің өзара байла­нысты әрекеті. Қазіргі экономика ХІХ ғасырдың соңын­дағы экономикадан өзгеше көрінеді, өйткені меншік қатынастарында ұлттық табысты бөлуде маңызды өзгеріс­тер болды, әлеуметтік қорғау саясаты мен ұлттық эконо­миканы мемлекеттік реттеу саясаты пайда болып қалыптасты. Экономикалық даму процесін дұрыс түсіну үшін экономиканың барлық өзара байланыстарымен және өзара алмастырушылықтарымен, яғни ұдайы өндіріс про­цесі­мен байланысын қарастыру қажет. Қоғамдық ұдайы өндіріс өзінің дамуында төрт сатыдан тұрады: өндірістің өзінен, бөлуден, айырбас пен тұтынудан. Бұл сатылар бір-біріне жалғасып қана қоймай, уақыт ағыны сияқты болып тұрады. Өндіріс нақты заттай өнім жасайды: өндіріс құрал­да­ры және тұтыну заттары. Бұл - машиналар, құрал-жабдық­тар, нан, ет, маталар, киім, яғни адамның өмір сүруіне және дамуына қажеттердің барлығы. Жыл ішіндегі өнімдерді бөлу сол елде үстемдік ететін меншік қатынастары мен экономикалық жүйеге сәйкес жүзеге асырылады. Мысалы: нарықтық механизм арқылы немесе орталықтандырылған түрде бөлу арқылы. Айырбас (айналым) еңбек бөлінісі және мамандану негізінде жүзеге асырылады, сондықтан да, бұл біртұтастық бір формада өзінің еңбек нәтижесін қажетті өнімдер үшін екінші формада берудің мүмкін жолдары болып табылады. Бұл - «ақ­ша-тауар» немесе «тауар-ақша» схемасы бойынша сатып алу - сату актісі болып саналады. Экономика дамуының бұрынғы, сол сияқты қазіргі кезеңдерінде «тауар-тауар» (баспа-бас айырбас) айырбасы болуы мүмкін.

 

3 Ұдайы өндіріс процесінде әлемдік шаруашылықтың дамуымен, өндіріс құралдары мен тұтыну заттарының артық бөлігі соған бағытталатын, экономикалық ресурстар сарқылып алынатын сыртқы орта үлкен рөл атқарады. Экономиканы басқару жүйесі өндіріс, бөлу, айырбас және тұтыну арасындағы өзара байланысты және келісімді жүзеге асырады. Ұдайы өндіріс процесінде: өндірістің материалдық-заттық факторларын ұдайы өндіру, жұмыс күшінің ұдайы өндірісі және өндірістік қатынастар ұдайы өндірісі сияқты әлеуметтік экономи­калық аспектілер үлкен маңызға ие. Қоғамдық капиталдың бұл үш жағы оның тұтастай ұдайы өндірісін қамтамасыз етеді. Олардың ең болмағанда бірінде ұдайы өндіріс болмаса - тұтастай түрде ол жоқ деген сөз. Ұдайы өндіріс жай (қарапайым) және кеңейтілген форма­ларда жүзеге асырылуы мүмкін. Жай ұдайы өндіріс сол көлем мен санды бұрынғы өндірісті қалпына келтіру. Бұл, яғни қоғам барлық жаңадан өндірілген өнімді (қосым­ша) тұтынуға жұмсайды. Кеңейтілген ұдайы өндіріс - тұрақты түрде ауқымы өсіп отыратын, материалдық игіліктер мен қызметкердің өндірістегі белгілі-бір пропорциясы сақталып отыратын, яғни қоғамдық өнім бөліктері: өндіріс құралдары мен жұмыс күші, сондай-ақ өндіріс құралдары өндірісі мен тұтыну заттары арасындағы тепе-теңдік сақталатын, өндіріс процесі.

Нарықтық экономиканың негізгі мәселелерін шешу үшін жиынтық қоғамдық өнімді өткізу қажет, яғни кәсіп­керлердің бүкілі өз өнімдерін сата алатын, содан соң қажетті өндіріс құралдары мен жұмыс күшін алатындай болуы қажет. Сонымен, бір мезгілде кәсіпкерлер мен жұмыскерлердің өздеріне қажетті тұтыну заттарын сатып ала алатындай болуы тиіс. Егер екі құрылымдық бөлімшелердің кәсіпкерлері, жинақтау үшін қосымша капитал табатын болса, ол орын­да­латын болады, яғни өндірісті ұлғайту екі жолмен: капи­тал­ды шоғырландыру және орталықтандыру жолымен шеші­леді. Мұндай қажеттілік жинақтауды жүргізе отырып, өз әріптестерін бәсекелестік күресте жеңу үшін туын­дай­ды.

Өндірісті екі жолмен ғана кеңейтуге және дамы­ту­ға болады, өндіріс факторларын көбейтумен - экстенсивті түрде немесе өндіріс техно­логия­сын жақсартумен интенсивті түрде.

Негізгі капитал - бұл өндірісте тікелей қатысатын және өзінің құнын жаңадан жасалатын өнімге бөліктер бойынша ауыстыратын өнімді капиталдың (ғимарат, құрылыс, машиналар, өзге еңбек құралдары) бөлігі. Айналым капиталы - бұл өндіріске тұтастай қатысатын және өзінің құнын жаңа жасалатын өнімге бірден ауыстыратын өнімді капиталдың (шикізат, қосымша материалдар, жұмыс күші және т.б.) екінші бөлігі. Пайдалану процесінде негізгі капитал физикалық және моральдық тозуға ұшырайды. Физикалық тозу - негізгі капиталдың оларды ұзақ уақыт және интенсивті пайдалануы нәтижесінде өзінің тұтыну құнын жоғалту процесі, сондай-ақ ыстықтың, ылғалдың, суықтың, желдің және т.б. табиғат күштерінің әсерімен тозуы. Моральдық тозу - негізгі капитал жаңа машиналар өндірісі және жабдықтар шығарудан өзінің құнын жаса­ла­тын өнім құнына ауыстыруымен ғылыми-техникалық прогрестің тигізген салдары.