VII. Арысқа түскен

Атам мықты балуандар туралы сөз бастағанда «Арысқа түскен» деген тіркесті қосып айтатын. Мен осы сөз тіркесін әдеби кітаптардан кездестірмедім, басқалардың аузынан да естімеппін.

Менің ойымша «арысқа түскен» бір ауылдың немесе бір ру елдің шеңберінен асып кеткен айтулы ас, дүбірлі тойларда болатын белдесулерді айтатын болу керек. Ілиястың атақты «Құлагер» дастанында суреттеген «Сағынайдың асы», сол аста бақ сынасқан екі балуанды «арысқа түскен» деп айтуға болатын шығар.

Атам мен 19 жасымда арысқа түстім деп отыратын. Біздің құлақ түре қалғанымызды байқап әңгімені арыдан бастайтын.

Мен Ақжайлауға 14 жасымда қара күзде келдім. Бораннан Елен алып кетіп еді. Оның менен 4 жас үлкендігі бар. Бір қыс бірге ертіп жүріп жұмысқа баулыды. Келер жылдан бастап жеке кәсіп іздеуге кірістім. Жалдамалы жұмыс істейміз. Мен жұмыс берушіні өз қалауымша таңдайтындай жағдайға жеттім. 16-ға толғанда астымда әбзәлімен атым, 18-ге толғанда кішкене болса да басымда баспана пайда болды. Ендігі бар арманым қолыма апамды алып келу еді. Ол үшін көктемді тосу керек. Көктемде 19-ға толдым. Ертісті өтіп апамдар да көшіп келді. Сол күні мен де жеттім. Апама ойымды айттым, жарықтық ойланып қалды. Сәлден соң «Балам асықпа, түбі сен айтқандай болады, кезі келгенде өзім айтам» деп тұрып кетті. Бұл әңгімені енді қозғама дегенін іштей түсіндім.

Өгей әкемнің маған деген ықыласы өзгергендей, немере ағаларым да жоқ жерден ши шығарып маған ұрынғандарын қойған сияқты. Астымдағы атыма, ер-тұрманыма қызыға қарайды. Ауылда біраз еру болып қалдым.

Сондай күндердің бірінде мына Шұбараттың үстінде бір ауылда той болады деген хабар алдық. Апамдар Қызылкезеңде отырған. Немере ағаларым Атшы мен Шідеріге еріп мен де тойға келдім. Екеулері ол кезде елге танымал ақын атанып үлгірген екен. Той иелері бізді қуана қарсы алды. Қазақтың қай тойы күрессіз өткен, белдесуге де кезек келді. Ортаға қою қасты, қысық көз жігіт шықты. Отырғандар мынау торғауыт «Бадамшар» балуан ғой, бұл қайдан жүр деп күбірлесіп кетті. Қарсылас шықпады. Жан-жағыма қарасам, ешкім қозғалар емес. Мен тұрып, шапанымды шеше бастадым. Атшы мен Шідері «өлейін деп тұрмысың, ана Бадамшар мойныңды үзеді деп етегімнен тартып жатыр. Шешінген судан тайынбас, елдің назары маған ауған, енді артқа шегінуге жол жоқ, келіп Бадамшардың қарсысына тұрдым. Біреу: «Ал, бастаңдар!»,- деді дауыстап. Біз ұстаса кеттік. Қарсыласымның ыңғайы оң жамбасы ма деп қалдым. Ұстаса сала, жамбасына алмақшы болып жанталасты. Байқағаным қолының қаруы, дене күші менен артық емес сияқты. Тағы да бір жамбасына алмақ болып ыңғайлана бергенде, жерден жұлып алып иықтап көтеріп алып кеттім. Ел шу ете түсті. Мен екі-үш айналдырып қайтадан тікесінен жерге қоя салдым. Біреулер: «Жауырыны жерге тиген жоқ, қайта күрессін!» деп айғайлап жатыр .Бірақ жаңа ғана жан алып жан беріскен қарсыласым «Тоқтаңдар!» деп белгі берді. Менің қасыма келіп: «Жеңіс сенікі, бала балуан»,- деді. Менің жаңа тебендей бастаған мұртыма көзі түскен болуы керек.

Байқағаным- екі ағам да есі шығып қуанып жүр. Тойдан кеш қайттық. Жеткенше Шідері мен Атшы мені өлеңге қосты. Менің де көңілім көтеріңкі. Хабар ауылға да жеткен екен. Апам атбайларда қарсы алды. Маңдайымнан сүйіп, «тіл мен көзден сақта» деп күбірлеп дұға оқыды. Тек өгей әкем маған емес өз балаларына қарап «сендердің мына жүрістерің еріккенің ермегі, одан да малға ие болмайсыңдар ма» деп күңк ете түсті. Ренжитін де жөні бар екен, сол күні қойға қасқыр тиіп, екі тоқтыны тамақтап кетіпті. Тойдағы күрестің тартуы деп мінгі, жетекке жаттыққан қоңыр тай ілестіре келгенбіз. Ноқтаның тізгінін әкейдің қолына ұстаттым. Кішкентай кісі еді жарықтық «Сарбас көңіліңе алма, мен аналарға айтып тұрмын. Сен жарадың, әулеттің атын бір шығардың, жаратқан ием үнемі қолдаушың болсын» деп бата берді. Бұл менің әкемнің інісі, бүгінгі өгей әкеден естіген алғашқы және соңғы жақсы тілек еді.

Ертесінде ауылға Бадамшар келді. Әкей мырзалық жасап бір тоқтысын сойып қонақасы берді. Бадамшар өзі торғауыт болғанымен, қазақ арасында көп жүрген, біздің салт дәстүрімізді, тілімізді жақсы білетін, әңгімешіл, ашық-жарқын жігіт екен. Келер күні атқа бірге қондық. Көл жағалай Қаратай ауылдарына бет алдық. Оны танымайтындар кемде-кем. Қай ауылға келмейік, ойын-сауықтың көрігін қыздырып жібереді. Оның ат үстінде көрсететін қимылдары, баршаны таң қалдыратын. Астындағы жаясы тайқазан төңкергендей торы ала да әбден машықтанып алған. Жазықтау алаңды таңдап алып Бадамшар торыала аттың үстінде тікеден тік тұрып шабады, біресе оң жағына, біресе сол жағына құлап, кейде қатарласып жүгіріп, қарғып қайта мініп, неше алуан қимылдар жасайды. Мен бұрын соңды Бадамшардай шебер шабандоз көргенім жоқ. Дастархан басында елдің назары сонда. Қазақ әндерін нақышына келтіріп орындайды. Енді бірде қалтасынан кішкентай аспап алып зың-зың еткізіп, артынша тамағы бүлкілдеп бейтаныс әуендерді бастап кететін. Осындай шақтарда жанарына мұң үйірілгендей болып көрінетін маған. Тек күрескенін қойды. Белдесу десе мені шығаратын. Мен де оны жерге қаратқаным жоқ.

Осылай қызықпен жүргенде шілде өтіп, тамыз да туыпты. Біз де ол кезде туған өлкеден алыстап кетіппіз. Бір күні маған Бадамшар біз мұңғыл жеріндеміз деді. Мен таңданғанымды жасырмадым. Жолай бізге Қаратай елінен тағы да үш жігіт ерген, үшеуі де өнерлі жігіттер еді. Менің сұраулы кейпіме қарап «иә, бұл жерде мұңғылдар көп» деді біреуі. Біз әдетімізден жаңылмадық. Бадамшардың ат үстіндегі өнері, өлең-жыр, соңынан қосылғандардың бірі, есімі Әлім еді, жақ жоқ ақын екен. Таң атқанша жырласа да айтары таусылмайды. Мен алғаш «Алпамыс» дастанын содан естідім. Алпамыстың аты «Байшұбар» сөйледі дегенде «о заманда бұл заман ат сөйлей ме екен» деп күмән айтқанымда, Бадамшар «Сарбас ат сөйлейді, менің торы аламмен тілдескенімді сен әлі байқаған жоқсың ба» деді де ысқырып қалды. Аты кісінеп жауап берді. Көлденеңдеп келіп есік алдына тұра қалды. Бадамшардың осы атты мамағашқа байлағанын көрмеппін. Тізгінді ердің қасына іле сап секіріп түсіп жүре беретін, сенбеске лаж қалмаған.

Бір күні Бадамшар ертең жол жүреміз, үлкен той болады деді. Ертелеп атқа қондық. Түс ауа үлкен жазыққа шықтық. Салқын самал, көк орай шалғын, көз ұшында көз қарықтырып күнге шағылысқан киіз үй тәрізді биік мен мұндалады. Біразға дейін оның не екенін ұқпаған маған Бадамшар «ол мұздақ, ел «алтын тақия» деп атайды, мұзы қысы жазы ерімейді деді. Көз алдыма Сауырдың мұз қырқасы елестеді. Елді, жерді, апамды сағынғанымды сездім. Қайту керек деген ой келді.

Арғы шеті мен бергі шетіне көз жетпейтін жазық. Шоқ-шоқ болып тігілген киіз үйлер, қаптаған халық. Бадамшарды білетіндер бұдан да табылды. Оның ат үстіндегі ойыны, Әлімнің ән-жыры бізді сыйлы қонақтардың қатарына қосты. Бір күн бұрын бәйге жолына аттарды шығарды, бүгін жетіп ертең сөреден аттамақ. Ел асыға күткен күткен балуандарға да кезек берілді. Ұсақ тойлардағыдай бала-шаға шыққан жоқ. Бір кезде күркіреген дауыс шықты. Алдымыздан дауылпаздың ба, әлде мен естімеген басқа бір аспаппа басқадай бір үн естілді. Ел сілтідей тынды. Біраздан соң ортадағы күрес алаңына жақындап келе жатқан біреулер көзге түсті. Ұзын саны бесеу екен. Орталарында алпамсадай біреу, гүр-гүр етіп жұлқынып қояды. Байқағаным білегіне ұзын шынжыр таққан, келер жақ ұштарында екі-екі жігіттен. Шын-өтірігі белгісіз анау жұлқынса, құлап-тұрып әрең ие болып келе жатқандай кейіп танытады. Алпамсадай пәленің басында үшкір тақия, арқасына ма, мойнына ма бірдеңелерді едірейтіп байлап алған. Ортаға шығып жағалай отырғандарға тап берсе, жұрт жапырыла қашады. Шетте тұрған біреу түсініксіз тілде жағы сембей айғайлап тұр. Жанымдағы Бадамшарға «Анау не деп қақсап тұр» десем, қарсы жақтан, қазақтар тарапынан шығатын балуан бар ма – деп тұр деді. Мен бетіне қарадым. Менің ойымды түсіне қойған ол басын шайқады. Сол кезде артымда тұрғандардың күбірлеп, бұл мұңғылдың жеңілуді білмеген піл палуаны, мұның қолына түскендердің не мойны үзіледі, не белі опырылады дегенін құлағым шалды. Қаным басыма тепті. Сол кезде қасымыздан жанай өткенде әлгі дәудің самайына көзім түсті, ақ бар екен. Шау тартып қалған екен. Бір кезде піл болсаң болған шығарсың деген ой келді маған. (Піл дегені аты ма атағы ма білмедім). Өзімнің ортаға қалай шыққанымды білмеймін. Аруақ көтеріп кетті деп жатады ғой халық, солай да болған шығар. Ал анау болса екі қолымен шым қопарып тіпті құтырып кетті. Менің жаныма қырма сақал жігіт ағасы келіп соңымнан ер деді. Екеуіміз кілемнің үстінде малдасын құрып отырған кең маңдайлы, тік қабақты сұсты ақсақалдың алдына келдік. Дауыстап сәлем бердім. Отырғандар жапа-тармағай сәлемімді алды. Біраз үнсіздіктен кейін ақсақал менен «қай туғансың» деп сұрады. Мен білгенімді тәптіштеп айтып бердім. Келесі сұрағы «нешедесің» болды. Жасымды айтып едім басын шайқап, жан-жағындағыларға қарап: «Жас екенсің, анау алпауыт мерт қылады деп ойламайсың ба» деді. «Өзекті жанға бір өлім, уақытым бүгін таяп тұрса амал жоқ, бағымды сынайын, беріңіз батаңызды» деп алдында тізерледім.

Жаратқан ием жар болсын

Еліңді жерге қаратпа

Сыналар сәтке жолықсаң

Намысыңды жоғалтпа –деп бастап, ұзақ бата берді, ар жағы есімде жоқ. Бетімді сипап қайтадан ортаға беттедім. Менімен бірге 3-4 жігіт те ортаға шықты. Солар келісіп жүріп дәудің беліне белбеу байлатты, шынжырдан босатты. Бір-бірімізге тап бердік. Әлгі үйдей пәленің маған беймәлім, тағы бір сыйы бар екен, жақындай бергенде бетіме топырақ шашып жіберді. Бағана шым қопарып жүргенде алақанында жасырған болуы керек. Оң көзім түк көрмей қалды, сол көзім де бұлдыр. Оң қолыммен көзімді сүртіп, сол қолымды алға соза бердім. Ол созған қолымды қолтығына қысты да, өзінің оң қолымен кеңірдегіме жармасты. Бұл енді балуандар белдесуіне ұқсамай бара жатты. Таразыда өмір мен өлім тұрды. Жан бермек емес, мен енді сол қолымды алдыға созып ананы кеудеден итермекші болып жанталастым. Қолымның саусақтары қолтығына өтіп бас бармағым тура бұғанасының үстіне түсті. Бар күшімді салып, басып қалдым, күтір ете қалды. Кеңірдектегі қол да босап сала берді. Осы кезде жас парлаған оң көзімді аштым. Анау маған тағы ұмтылғандай болып көрінді. Оң қолым арқасындағы желбіретіп байлағанға ілінді, екінші қолыммен ашасынан алып «Я, аруақ» деп басымнан асырып көтеріп алып жерге сылқ еткізіп тастай салдым, бейшара сұлқ қалды. Халық ду ете түсті. Кімдер екенін білмеймін, көтеріп алып кетті. Ел тынышталған кезде мені қайта ақсақалдың алдына әкелді. Ол менің қолымды алып: «Балам өнеріңе ел риза. Алаштың намысы үшін туған ұл екенсің» ,- деді. Артында тұрған жігіт ағасына: «Балуан мен серіктері күтусіз, сый-сияпатсыз қалмасын» деп әмір етті. Бізді арнайы дайындаған үйге әкеліп түсірді. Қарсы алушылардың дені жастар. Мұндай ортада Бадамшар мен Әлімнің жұлдызы жоғары. Кеш жаттық. Түсімде апамды көрдім. Қырындап жер ошаққа от жағып отыр екен. «Апа, апа» десем естімейді. Өз даусымнан өзім шошып ояндым. Қайтуға бекем бел будым. Ертеңінде ел ағасы шақырды. Таңғы асты сол үйден іштік. Ақсақал жаймен сөз бастады.

Біздің бабаларымыз бұл өңірге ертеректе келген екен. Осында өсіп-өндік. Біз атадан 7 ағайындымыз. Бүгін Аллаға шүкір, жетеуіміз жеті ауылмыз. Аруақ қолдап, жаратқан ием жебеп, біреуден алда, біреуден кейін тірлік кешіп жатырмыз. Мына берілген ас атадан жалғыз6 осыдан 10 жыл бұрын 94 жасында дүниеден озған әкемізге арналған. Жалпы біз мұңғыл ағайындармен тату көршілерміз. Әрқайсысымыздың өз ұстанымымыз, салт-дәстүрлеріміз бар. Жайшылықта сырт көзге бізде айырма жоқтай. Себебі тегіміз бір, киіз туырлықтармыз ғой (осы сөз тіркесін де атамнан ғана естідім). Тек осындай дүбірлі жиындарда кімнің-кім екенін еске алып бәсекелесіп қалатынымыз бар. Кеше артық айтқандық емес, исі қазақтың намысы сынға түсті. Арысқа түсуге қанқұйлы Онқа келеді деген жоқ едік. Біздің үміт артқан оғландарымыз онымен ұстасуға жүректері дауаламады. «Ел ерге, ер жерге қарады» деген осы да. Кеше жалғызбын деп ең, мен де ұрпақсыз емеспін, осы елде қал, бала бол, басыңа үй, бауырыңа жар салайық. Бұдан былай жалғыздық көрмессің» деді.

Ақсақалдың сөзі мені біраз ойға жетеледі, көз алдыма қырындап отырып маған мойын бұрмаған апам келді. «Рахмет ақсақал, елде жалғыз апам қалған. Түнде түсімде көрдім, налып жүрген сияқты. Сізге, хан көтерген еліңізге мың рахмет. Араларыңызда өзімді шын мәнінде елдің азаматы екенімді сезіндім. Сізді бір көргеннен кеудемде бір жылылық ұялады, артыңыздан ерген ел бақытты, рұқсат болса мен бүгін жүрмекшімін» дедім. Ақсақал «өзім де осылай айтарыңды біліп едім. Балуанның жолға шығуына жағдай жасаңдар» деп әмір етті. Сол күні түс ауа атқа қондық. Аттанғалы жатқанда қасыма Бадамшар келді. Кешеден бері өзі бір түрлі болып жүрген. «Екеуіміз біраз жолдас болдық. Осы аз уақыттың ішінде туғанымдай болып кеттің. Менің саған ішімдегі бір сырды айтуым керек. Оны өзіммен бірге алып жүргеніме 19 жыл болды. Менің әкем кешегі өзің белдескен Оңқаның қолынан мерт болып еді. Ол кезде мен 5 жаста едім. Отбасымыз тозып кетті. Осы 19 жыл ішінде жатсам тұрсам кек қайтару ойымнан кетпеді. Сол кекті тәңірім сенің қолыңмен қайтарды. Ол енді оңбайды, мойнында талай боздақтың қаны бар. Сендерше айтқанда Алланың берген алал күшін, арамдыққа пайдаланып келіп еді. Мен қаламын, осында кішкентай қарындасым мен шешем қалған, соларды іздеп табуым керек, қош бол» – деді. Мен шұғыл шешім қабылдадым. Алдымызда бір үйір жылқы. Әлімге және елден еріп келген екі жігітке таңдаған бір-бір жылқы ұстаңдар дедім. Ат жалында өскен азаматтарға асауды құрықтау қиын болып па? Әп-сәтте үшеуі үш қылқұйрықты ноқталап жетекке алды. Қалған жылқыны қайырып, Бадамшардың алдына салдым. «Менің бұл жылқыларды елге жеткізуім екіталай. Ал сен апаңмен, қарындасыңа құр қол барғаның жарамас» дедім. Алдымызда ұзақ сапар, біз жолға түстік. Екі кезең асқан соң артымыздан кісінеген жылқының даусы шықты. Бізге қарай құстай ұшып келе жатқан сары байталға көзіміз түсті.

Сары байтал туралы әңгімені кейін айтамын. Мен елге келгенде Төртуыл ауылдары қайта басып етекке түскен екен. Апаммен Қарағашта кезіктім. Өзі де дайын екен. Ақжайлауға алып келдім. Әкенің аялы алақанын көргенім жоқ. Өле-өлгенше апамның көңіліне көлеңке түсірмеуге тырыстым. Бұл қолымнан келді ме, келмеді ме білмеймін деп атам тоқтаған болатын.