X. Тойбазар ата айтқан хикая

Өткен ғасырдың 70-жылдарының басы. Бір үйде үш студентпіз. Мырзахмет медте, Әбіл екеуіміз Семейдің зооветіндеміз. Жазғы каникулға шығысымен ауылға асығамыз. Жайлаудың саф ауасын сағынамыз. Оның үстіне әкейге қолғабыс етуді өзімізге міндет санайтынбыз.

Әкеміздің төр жайлауы «Ұранқарағай». Көне көз қариялардың айтуы бойынша осы арада сан рулар басын қосып, жиын өткізіп, ұрандап балуандары белдесіп, бәйгелері бақ сынайтын жер екен. Өрісі кең, малға да, жанға да жайлы. Алтайдағы жайлаудың төресі еді. Атам марқұм Ұранқарағай мен Қызылкезеңнің раноты бар деп отыратын. Раноты дегеннің малға жұғымды ерекше шөп пе, әлде өрістің ерекшелігін бейнелейтін тұспал сөз бе мен күні бүгін білмеймін.

Біз келгенде әкеміз бауыры Қабылғажы ағамыз екеуі төр жайлауға жайғасып үлгірген екен. Келісімен шаруаға араласып кеттік. Бізден соң бірер күннен кейін жайлауға қонақтап Тоян ата келді. Тойбазар Қойжұмаұлы, марқалықтарға Тоян Қайымов деген атпен белгілі. Ол кезде жетпісті алқымдап қалған, толық денелі, шоқша сақалды, қараған көзі өңменіңнен өтетін, көпті көрген, көкіректе тоқығаны көп қария еді. Руы Керей, шұбарайғыр, жетім бала, қызыл төңкерісті қуана қарсы алған. Құрбыластарының алды болып ел ісіне араласқан, тарихта белгілі «Лениндік шақырумен» партияға өткен. Алғашқылардың легінде Семей қаласында 9 айлық партия оқу мектебін бітірген. Кейін колхоз төрағасының орынбасары, төраға, ауылдық кеңес жетекшісі, партия ұйымының хатшысы сияқты қызмет атқарған, көпке танымал адам болған. Бізге нағашы еді.

Мен ерте қой өргізіп кеттім. Сағат 9-дар шамасында бурыл биесімен аяңдап өріс басына нағашы ата келді. Екеулеп әңгімелесе жүріп, отардың алдын тоқтатып суға қайтардық. Бір кезде Тоян ата :«Жүр мына кезеңге шығып келейік» деп Ұранқарағайдан Егізтөбеге асатын қырқаны нұсқады. Екеуіміз қабырғалап кезеңнің үстіне шықтық. Бұл жерден төңірек алақанға салғандай көрінетін. Оң жақта айнадай жарқыраған Марқа көлі, алдымызда Егізтөбе, Матабайдың аузы деп аталатын қоныстар. Сәл тыныстап алған соң Тоян ата сөз бастады. «Мынау Егізтөбе, Тоғыз, Балуантасары қарай Қарамола менің талай жүрген жерім. Куйбышев колхозында қой директоры деген жұмыс атқардым. Сонда малшылармен бірге көшіп жайлауға шығатынбыз. Мен саған одан да ертеректе болған бір оқиғаны айтып берейін.

Бұл жай Совет үкіметі орнағанға дейін болған еді. Ақжайлауда орыстың ауқаттылары көп болды. Қазақ азаматтары соларға жалданып жұмыс істейтін. Кейіннен мал-жан құрап жеке жан сақтап кететіндері де болатын. Сол жалдамалылардың ішінде атаң Сарбас, Елен, Қыздан, өзің білетін Хамитов Айтқалидың әкесі Нұрқан, құдаларың Серікбайлар бар еді. Қыстан шығып көктемгі қарбаластан өтіп, малға қыстық азық дайындауды бастағанға дейін қолымыз біраз босап қалатын. Сол кезде осы Матабайдың аузында үлкен той болады деген хабар алдық. Ақжайлаудан тойды қызықтауға он шақты жігіт атқа қондық. Той шынында да анау алдағы жазықта болады екен. Киіз үйлер тігіліпті, қаптаған халық. Біз жеткенше аттарды бәйге жолына шығарып жіберіпті. Аттан түсіп, таныстармен амандық-саулық сұрасып болар мезетте жиналған ел киіз үйлерден оқшаулау, жазықтың көл жақ шеті, анау белегірге қарай беттеді. Біз де солай жақындадық. Балуандар белдесуі басталды. Қалыптасқан дәстүр бойынша балалар, артынан жасөспірімдер күресін тамашаладық. Артынан ересектерге де кезек ккелді. Бір-екі белдесуден соң ортаға ұзын бойлы, сәндеп сақал-мұрт қойған жігіт ағасы шықты. Үстіндегі оқалы шапаны, беліндегі күміс кемер белбеуі, басындағы сусар бөркі бұл адамның қарапайым кісі емес екенін айғақтап тұрғандай. Тек иегі кеудесіне жабысып тұрғандай ма, қазақта бір мойын деген бар, сол бір мойын ба екен, көзге ерекшелеу көрінеді екен.

Әлден соң тамағын бір кенеп алып «Уа, жамағат, бүгін біздің тойымызға Сарбас балуан келді деп естідім. Сіздердің рұқсаттарыңызбен атақты балуанды белдесуге шақырсам ба деп тұрмын» деді. Ыбыр-сыбыр көбейіп кетті. Жанымда отырған бала жігіттің «Мынау Есімбек батырдың өзі ғой» дегенін құлағым шалып қалды.

Сары ағаң менімен қатарлас отырған. Қарасам төмен тұқырып тобылғының сынығымен жер шұқып отыр екен. Ар жағында бірі тізерлеп, екіншісі малдас құрып Нұрқан мен Серікбай отырған. Олар да Сәкеңе қарай береді. Аталарыңда үн жоқ. Тыныштықты Серікбай бұзды. Кейін ол да мықты күрескер болды, ел арасында «Ақ балуан» деген атпен талай мәрте мерейімізді асырған. Сол Серікбай Сәкеңе қарап «Есебі сіз қарсы болмасаңыз мен шығайын» деді. «Есебі» деген сөз ол кісінің мәтелі еді. Сәкең де жалт қарады. Қолын Серікбайдың иығына салып жоқ, өзім деп орнынан тұрды. Сырт киімін шешіп, белбеуін мығымдап қайта байлады да Есімбек батырдың қарсы алдына барып тұрды. Сәлемдесті ғой деймін. Менің байқағаным бойлары шамалас екен, тек Сәкең иықты, кеудесі кең болып көрінді. Бұрылып артына бізге қарады. Көзінен бір жалын жарқ еткендей болды. «Сарбастың ақ сайтаны қозды» деді Нұрқан. «Иә, Алла» деп малдас құрып отырған мен көтеріліп тізерлей отырдым. Айқас басталып кетті. Сәкең қолы қарсыласының жонына сақ ете түсті, Есімбек батыр кескен теректей етбетінен түсті. Ал Сарыағаң сол есін жидырмаған қалпы, тұрмақ болып тыпырлап жатқан Есімбекті жерден бір қолымен жеңіл көтеріп алып айналдыра бере атып келіп жіберді. Біз орнымыздан ұшып-ұшып тұрдық. Жаңағы күрес алаңқайының көл жақ шетінде жауын суы жырған арық болған екен. «батырымыз» соған барып кептеліпті. Ешкім жанына бармады, оның әлденеден ауырсынып жатқаны құлағымызға жетті. Сәкең жылдам басып қарсыласының қасына барды да, сәлден соң дауыстап бізді шақырды. Тағы да Серікбай тұра жүгірді. Екеулеп көтеріп ортаға алып келді. Есімбектің оң аяғының қызыл асығы тұсынан қан дірдектеп тұр екен. Ел шу ете түсті. «Ойбай пышақ салып алыпты» деп жатыр. Бағанадан бері қимылсыз тұрған батырдың нөкерлері аттарына қарғып мініп, сойылдарына жармасты. Біз де кермедегі аттарымызға ұмтылдық. Ортада Сәкеңмен Есімбек батыр ғана калды. Бір кезде «доғарыңдар» деген зор дауыс саңқ ете түсті. Біз еріксіз мойын бұрдық. Дауыс Есімбектікі екен. «Сарбаста кінә жоқ, егер кінә болса ол менде. Сәкеңді құрметпен қарсы алмай, асқақтап ортаға шақырған мен. Палуан өзіңе рахмет, тәубәмді есіме бір түсірдің. Қара жерді табаныммен басқанмен қадір-қасиетін шыр етіп жерге түскен кездегідей арқаммен, жауырынммен сезіндім, асқақтап, аспандап кетсең де өзіңнен зор шықса топ етіп бір күні жерге түсетініңді түсіндім. Өзімнің және мына жігіттерімнің көрсеткен сөкет қимылдарына кешірім өтінемін. Белдесудегі бәйгең басқа, ал мынау менің астамшылық әрекетімнің өтеуі болсын деп күміс белбеуін кездігімен шешіп Сары ағаның беліне байлады. Халық батырдың бұл қимылын қошаметпен қарсы алды. Сол кезде Сәкең батырға қарап, маған бір ауыз дат айтуға рұқсат беріңіз деді. Барлығымыз тына қалдық. «Киіз үйдің белдеуі кетсе туырлығы желге ұшар, батырдың белінен белбеуі кетіп, кездігі түссе айбыны қашар» деген. Мен бұл сиыңызды алуға батылым бармай тұр. Белбеу де, соған ілінген кездік те сіздің беліңізге жарасады. Айбынды, айбарлы болып жүргеніңіз мына еліңізге керек. Ал мен үшін үлкен сый сіздің көптің алдында мен туралы айтқан жылы лебізіңіз» – деп қолындағы кемер белбеуді батырдың беліне қайта орады. Жайшылықта сөзге сараң Сәкеңнің тауып айтқан уәжіне бәріміз тоқтадық.

Есімбек батыр нөкерлерінің бірін шақырып алып балуан мен оның серіктеріне лайықты сый-сияпат көрсетулерін өтінді. Тойдан көтеріңкі көңілмен қайттық. Айбатпақтың жазығына шыға бере Сәкең маған былай деген еді «Әй Тоян Есімбек нағыз батыр екен, жеңілісін ел алдында ашық мойындау соның белгісі емес пе» деді. Мен құптап басымды изедім. Тек әр жерде жанжалға жақын жүретін Елен ғана «Әттегенесі сол қамшы сілтеп құрысымызды жаза алмадық» деп жігіттерді ду күлдірді. Манадан бері сөзге араласпай келе жатқан Нұрқан «Олай болса бір желпініп алайық» деп астындағы атын борбайға бір тартып ызғыта жөнелді. Біз де тізгінді қоя бердік. Жағалаудағы ауылдың иттерін шулатып жазықтың шетіне шығып, Кәтішке еңкейдік. Ар жағында Ақжайлау таяқ тастам жер ғой.

Айтпақшы, ұмытып бара жатыр екенмін ғой, батырдың аяғындағы қан, Сәкең сілкіп жібергенде өкшесі жұқа тастың қырына соғылып жарақат алған екен.

Сол тойда Ноғайжан ақынның жырын Кәрәпілдің әнін тыңдадық. Ноғайжан жырын:

 

Көзіне Ноғайжанның айран тамған

Айырған қос жанардан оттай жанған

Пендеге екі аяқты дес бермес ем

Жаратқан көзімді алып, сөзі қалған – деп бастайды екен. 12-13 жастағы бала жетектеп жүрді» деп әңгімесін аяқтап еді.

Мен осы жазбаларды көшіріп отырып нағашымыз айтқан Ноғайжан ақын Кәрәпіл әнші туралы бұрын естігендерімді есіме түсірдім. Соқыр Ноғайжан ақын Зайсан-Марқа өңірінде жел сөзде ешкімге есе жібермеген ақын болыпты. Қазақта айтыс өнерінің хас шебері. Шөже деген атақты ақын болған. Қараөткелде Балта ақынмен айтысқанда:

Ұры шіркін қорықпайсың бір құдайдан

Бұрыннан салымым бар осындайдан

Соқыр, соқыр, соқыр деп бір қоймадың

Соқыр десең құтылсайшы мына отырған Құнанбайдан – деп қарсыласын сөзге жыққан екен.

1970 жылдары облыстың «Коммунизм туы» газетінде соқыр Еламан деген айтыскер ақын туралы мақала болды. Бұл үшеуін жанардың кемшілігі ғана ұқсастыра ма, әлде үшеуі бір адам ба?

Ал күміс көмей әнші Кәрәпіл кім? Атам бір сөзінде Ертістің ар жағында Кәрібай, бер жағында Кәрәпіл қосылып ән шырқағанда төңіректе қозы көш жерге естіледі екен дегені есімде.

Кәрібай менің пайымдауымша Жылқайдар ішінде Тілеу Қанжабай жыраудың баласы. Олардың мекені бұрынғы Қорған, қазіргі Қалихан аталып жүрген Қара Ертістегі көпірден өткендегі қыстақ. Бүгін ата қонысқа Кәрібайдың немересі, мықты азамат Жекен иелік етуде. Ал сол Қанжабайдан қалған жыр мұра бар ма. Менің бала кезімде Жылқайдар-Мыңбай Жылыбаев Асылхан қария «Қанжабаймен келінінің айтысы» деп тақпақтап отыратын. Ал сол Асылхан қарттың әкесі Жылыбай керемет бақсы болған екен. Жынын шақырып ойнағанда киіз үйдің белдеулері үзіліп, керілген төрт қабат қыл арқан қиылып түседі екен. Жылыбай бәйгеге қобызын қосқан деген де аңыз қалған.