XIV. Тұрсынбай ақсақалдың әңгімесі

 

Үш теректінің бойы, Қарашілік, Қарой Жарболды руының ата мекені. Кейінге аңыз болып аты жеткен, тек Жарболды ғана емес бүкіл Төртуыл Қожамбет пір тұтқан үш әулие Жәнібек, Түктібай, Түрікпен, қара қылды қақ жарған Құмырсқа би туралы әңгімелер күні бүгін ел аузында. Үлкендердің айтуы бойынша арғы бетте де үш болыс Жарболды мекендейді екен.

Теректіде Ұлы Отан соғысының ардагері Тұрсынбай атты ақсақал болған еді. Еті тірі пысық жігіт, хат танып, есеп-қисапқа жүйріктігімен көзге түсіп, өз замандастарының алдыңғы легінде әр түрлі қызметке араласқан, көпке танымал, елге құрметті адам болған. 49 жасында дүниеден озды, кейін Тұрсынбай ақсақалдың қызы Сәулемен отау көтердік.

Менің апам Әнәпия сол Жарболды руынан болатын. Тұрсынбай ақсақал ертеректе атамды жезде деп ара-тұра жұмыс бабымен жүргенде қонақтап кететінді. Осылайша бір келгенде төмендегі әңгімені айтқан еді.

12-13 жастағы баламын. Колхоздардың ұйымдастырыла бастаған кезі. Ортадағы малға шөп дайындайтын бригадаға жұмысқа кірдім. Мені маяшыларға қосты. Бригадада 3 үлкен жігіт, күпәне таситын атқа мінетін екі бала және сол күпәнәларды жіберетін 2 әйел адам бар. Үлкеніміз, басшымыз Сәкең. Ертең жұмысқа кірісеміз деген күні жездем мына Табыты жақтағы сайға түсіп кетті. Түс ауа сайдан ағаш сүйреп шықты. Алғашында мұны неғылайын деп жүр десем, ағаш айыр жасамақшы екен. Көз байланғанға дейін қолға алған ісін бітірді. Формасы ағаш айырға келгенімен, мені таңқалдырғаны оның үлкендігі еді. Үш саласының әр бірінің ұзындығы 1,5 метр шамасында болуы керек. Ақырын қозғап көрсем мен көтеретіндей сайман емес екен.

Құлағы нашар еститін атам «мынау не айтып отыр» деп сөзге араласты. Түсекең «сені жамандап отырмын балаларға» деп дауыстады. Атам мұртын бір жыбыр еткізіп «60 жыл баққан апайыңды алып кетпес шығарсың» деп, екеуі біраз күліп алды. Тұрсынбай ақсақал әңгімесін әрі жалғастырды. Ертеңінде мая салуға кірістік. Алдымен отаудың орнын соғады, содан кейін барып үстін шығарады. Міне осы тұста жездем ағаш айырын іске қосады. Күпәнәлар 1,5 центнерден кем емес. Сәкең іліп алды да көтеріп қоя салады. Әп-сәтте отаудың үстін шығару керек болады. Екі жігіттің бірі үстіне шығады. Ал Сәкең кәдімгі «стогомет». Осылайша тынымсыз кешке дейін, ертеңінде, оның ертеңінде, 5-ші күні екі жігіттің бірі құлап түсті. Күн өткен дедік те қойдық. Оның орнына дембелше келген, қара торы жігітті қосты. Есімі Әбден болды ғой деймін. Екі күннен кейін екіншісі құлады. Енді бәрі түсінді, олардың құлағанына мына Сәкеңнің кінәлі екенін. Түс әлетінде жиналыс болды, бастық «Жігіттерден Сәкеңмен жұмыс істейтінкім бар?» деп жар салды. Кейін мына Табытыда тұрды Қабанбай деген ақсақал, ол кезде жас жігіт мен деп сайланып шықты. Сол мықтының әуселесі 6-ақ күнге жетті. Одан кейін бастық тізім жасап жігіттерді екі күннен жіберетін болды. Әбден деген мықты екен, жұмыс ертең аяқталады деген күні кешке Сәкең станға арқалап келді.

Мен жұмыста өзін де, өзгені де аямайтын бұл кісідей ешкімді күні бүгін көргенім жоқ деп Түсекең тоқтаған болатын.

Осы тектес әңгімелерді атамның замандастарының аузынан талай естідім. Марқұм жақын жездеміз Қарқымбай ақсақал «соғыс жылдары Керегетаста жалғыз өзі күрек ашып екі отар қойды қыстан алып шықты деп отыратын. Ал атамның немере ағасы Елен «Сарбас тартпамен күніне 1,5-2,0 гектар жерді еркін түсіріп кететін. ол кезде алғашқы шыққан ат машиналары да сол көлемде шөп жығушы еді. Шөп шабу науқаны басталғанда орыстың байлары оған таласып қалатын дегенін өз құлағыммен естігенмін. Теректіде Мұқаш молда деген ақсақал болды. Сол кісі де атамды жезде деп отыратын. Атам дүниеден озғанда жаназасында болса, хатымын түсірген. Артынан бірер күн еру болды. Сол күндердің бірінде атаммен бірге тобылғы дайындағанын еске алды. Ол кезде Теректінің тұрғындары отқа тобылғы жағады екен. Атам алғашқы күндері, бейтаныс жұмыстың ыңғайын таба алмай мандытпапты. Ал жылда қолдары жаттыққан Мұқаш ақсақалдар күніне 100 бауға дейін байлайды екен. Төрт-бес күннен кейін ол кісі бізге көресіні көрсетті деді ақсақал. Сәкең күніне 180-200 бау байлап кетіп жүрді.

Аталарың күресте ғана балуан емес, жұмыста да балуан болатын деген еді.

Теректілік Арғынбаев Мәнәп ақсақалдан да бір қызық әңгіме естіген едім. 6-шы сыныпта мен көршілес үйде тұрып оқыдым. Көктемде бір күні сабақтан келе жатсам қария қорғанның сыртында ұзын орындықта отыр екен. Өтіп бара жатып сәлем бердім. Ол кісі кімнің баласысың деді, Сарбастың дедім. Мырзахмет екеуіміз өзімізді атаның баласы деп санайтынбыз.

«Оо, Сәкеңді білем ғой, қалай ол кісі әлі тың ба?» деді. Содан кейін маған бері кел деп жанына шақырып алып өзінің Сары атаммен бір жолыққаны туралы былайша әңгімелеп берген болатын.

Мен жіпсериеде (живсырье болуы керек) жұмыс істейтінмін. Пар ат шеккен арбамен Матабайдан сары май, брынза алып келе жатқанмын. Саланойдың қабырға жолында арбаның дөңгелегі арыққа соғылғанда салмақтан қанаты сынып кетіп ішінде 200 кг майы бар ағаш бөшке домалап арбадан түсіп қалды. Маңайда ағаш жоқ, аттарды доғарып арғы сайдан сырғауыл әкелдім. Оны арқанмен қанатқа байлап бекітіп жөндеген соң бөшкені арбаға шығаруға шамам жетпеді. Не істерімді білмеймін, күн кешкіріп барады. Сол тұста Ақжайлау жақ астырттан салт атты бір адам шыға келді.

Жақындап келгенде Сәкең екенін таныдым, қуанып кеттім. Қасыма келіп сәлемдескен соң не болғанын айтпай түсінді, аттан секіріп түсіп бөшкеге беттеді. Мен де тұра ұмтылдым. «Тұра тұр» деді Сәкең. Бөшкенің жанына келіп екі қолымен жерден жеп-жеңіл көтеріп алып, «қалай қоямын ? » деді маған. Менің екі көзім алақандай, былай-былай дей бердім. Әкеліп солқ еткізіп қоя салды. «Ал енді байқап жүр» деп атына отырып ұзай берді. Сол бөшкені, Матабайда астына тақтай қойып 4 жігіт арбаға әрең шығарғанбыз. Сен атаңа тартпапсың» деп сөзін бітірген еді ақсақал.