XV. Маренко қарияның әңгімесі

Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында мені Марқакөл ауданы «Қаба» кеңшарына басшылыққа жіберді. Жаз ортасында көшіп бардым. Біраз күн өткен соң жексенбі болатын, аулада көлеңкеде отырғанмын. Сыртқы қақпадан қолында таяғы бар, сақалы белуарына түскен орыс қария кірді. Түрінен, жүрісінен бірталай жасқа келгені көрініп тұр. Сәлемнен кейін менің қасыма келіп отырды да сәл тыныстап алып «Сен кімнің баласысың Сарбастың ба, Тоянның ба» деп сұрады. Мен Сарбас - әкемнің әкесі, Тоян- нағашым» дедім.

«Мен ол екеуін де жақсы танимын, Успенкада бірге өскенбіз, мен Маренко Филиппін» деді. Мен баласын білетінмін. Осы кеңшарда директор болып жүріп жол апатында қаза болған еді. Және Маренколардың үйі бізге көрші екенін, арамызда бір ақ үй бар екенін де білетінмін. «Сенің атаң керемет күшті адам еді, мен Сарбастың Яков Кандауровты атымен қоса көтеріп жыққанын көзіммен көргенмін» деді. Мен айтып беріңіз деп өтіндім. Сәуле шәй қамына кірісті. Филипп қария ақырын сөзін жалғастырды.

Орыстарда «масленница» деген мейрам бар. Ескі салт бойынша қысты шығарып салу, көктемді қарсы алу. Мереке бір аптаға созылатын. Бүкіл ауыл болып мейрамдайтынбыз. Сайқымазақ, неше алуан маска кигендер шығатын көшеге. Мереке аяқталар кезде ауылдың ортасында орнатылған ұзын сырыққа ішіне сабан толтырып мөшек іліп қоятын. Бұл шығар қыстың белгісі деп қабылданатын. Успенкада қазақ-орысы аралас 100-дей жігіт ауқаттыларға жалданып жұмыс істейтін. Солардың ішінде аталарың Сарбас та бар. Олардың барлығы дерлік жаяу. Сол жаяулар ағаш сырықты қоршап алып оған аттыларды жолатпауға тырысатын. Ал аттылардың негізгі мақсаты сырықты құлатып, сабан салынған мөшекті сүйреп әкетіп өртеп жіберу. Ол қыстың кетіп көктем келерінің белгісі болып есептелетін. Атқа ауқаттылардың балалары мінетін. Олар Кандауровтар, Луизиндер, Тарасовтар дегендер еді. Әсіресе Яков Кандауровтың өзі де, астындағы құла аты да мықты еді. Құла алдындағыны тарпып, артындағыны теуіп сырық түбіндегі жігіттерді әрі-беріде быт-шыт қылып қуып жіберетін. Сарбас ондай шуылдаққа көп араласпайтын. Бір жылы Яков тағы құла атымен келіп ойран бастағанда алдына келіп тұра қалды. Құла ат та тік шапшыды. Сарбас атты екі алдыңғы аяғынан ұстап иығымен аттың астына кіре бере көтеріп төрт аяғын көктен келтірді. Атының астынан сүйретіп шығып тап берген Яковты есік пен төрдей жерге лақтырып жіберді. Сырық жайына қалды. Аттылар мен жаяулардың арасында үлкен жанжал басталып кете жаздады. Біз көп едік, бата алмады. Шынын айтсам солардың бәрі Сарбастан жасқанды. Ақыры сырықты өзіміз құлатып, сүйреп апарып сабанды өзіміз өртедік. Сарбас көп сөйлемейтін, ал Тоян өткір еді деп қария әңгімесін бітірген еді. Осындай бір әңгімені Досым ақсақалдан да естіген едім.

1940 жылы Марқакөл ауданы бойынша орыс—қазағы аралас бір топ еңбек озаттары, стахановшыларды Өскемен қаласына әкеліпті. Араларында Сарбас атам, кейін Еңбек Ері атанған Досым Асанов ақсақал болған екен. Сол кісінің айтуы бойынша ашық машинамен Зайсан арқылы спараға шығыпты. Жол бойында бір-екі орыс жігіттері араққа тойып алып қалғандарының мазасын алған көрінеді «Өзі де алпамсадай біреу екен» дейді Досағаң. Сәкең алдыңғы орындықта болатын. Бір-екі бұрылып қарады да үндемей отырған. Бір уақытта әлгі сойқан Сәкеңе соқтықты. Көлігіміз бірталай ағынды суы, аласа көпірі бар өзеннен өтіп келе жатқан еді. Бір сәтте әлгі пәленің аяғы серең етіп, біздің үстімізден асып барып суға шолп ете түсті. Машина да тоқтай қалды. Гүжілдеген орысым жанталаса жағаға ұмтылды. Бірге келе жатқан басшымыз да сойқандардың қылығына ыза болып келе жатқан болуы керек бұл қалай деп сұрамады. Екіншісі бүк түсіп ортамызға тығылды. Ана байғұс сүйретіліп көлікке зорға отырды. Содан қалаға жеткенше жағын ашқан жоқ. Өскеменге келген соң «Сәке ана орыс суға батып кетеді деп ойламадыңыз ба?» деп сұрағанымда. Су таяз ғой, көпірдің төменгі жағында жылқылар суда бауырлап қана тұрды емес пе. Жалпы орыстар сушыл келеді» дегенде екеуіміз біраз күліп алғанбыз» деп ақсақал мырс етіп бір күліп алып әңгімесін аяқтаған еді.

XVI. Ақтүбектегі айқай шал