Кем Құмарғалидан естіген әңгіме)

Біз ата-ананы сыйлауды, қурметтеуді әкемізден үйрендік десек, артық айтқандық емес. Атамыз өмірден озғанда, мен 9-шы сынып оқушысы едім. Сәуір айының басы болатын. Хабарды естісімен Теректіден Қарашілікке велосипедпен шығып, түнгі 11-лер шамасында жеткенмін. Әкемнің мені құшақтап жылағаны есімде.

Ол кезде ата-ананың бала үшін қандайлық қымбат екенін жете түсінбегенде болармын. Атамның көзі барында әкем екеуінің қарым-қатынасына онша мән бермеппін. Кейін біз есейдік, отау көтердік, ұрпақ өрбіттік, өмірге ойлы көзбен қарап жақсымен жаманды айыратын кезге жеткенде, әкеміздің өз ата-анасына деген қурметіне, сүйіспеншілігіне тәнтті болғанмын. Марқұм әкесі туралы сөз бастаса жанарына жас тұнатын. Ал атам өмірден өткен соң қолына алған анасын жас баладай күтетін. Жолаушылап келгенде ең алдымен апам жатқан бөлмеге кіріп сол кісінің жағдайын біліп шығатын. Түнде тұрып келіп көрпесін қымтап жатқанына талай куә болғанмын. 90 жастан асқан әжемізді соңғы сапарға өз қолымен аттандырып салды. Жаназаға жиналған жамағаттың артында қалып егіліп жылағаны көз алдымда.

1998 жылы үкіметтің солақай шешімімен Марқакөл ауданы жабылған соң кенже бауырымыз Ғабиттің қолындағы әке-шешем облыс орталығына қоныс аударды. Көпке дейін көндіге алмай жүрді. Ауылға жиі келгіштейтін. Сондай келістерінің бірінде, қолың тисе атаң мен апаңның басына барып келейік деді. Ерте көктем болатын екеуіміз жолға шықтық.

Жолай әртурлі әңгіме айтып келе жатып, сөз ата-анамен бала арасындағы қатынас жайына тірелді. Мен сөз кезегі келгенде бала ата-ана алдында мәңгілік қарыздар , анаңды Мекеге үш рет арқалап апарсаңда қарызыңнан құбылмайсың деген бекер айтылмаған ғой дегенімде. Әрине, бірақ бұрынғылардан мынадай да сөз қалған. Атаның атын атандырмай сүйек сындырмай ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірсе бала әкенің алдындағы борышын толығымен ақтайды деген. Ал ана алдындағы борыш, өтелмес борыш.

Әкеміз өмірінде осы қағидатты берік ұстанған жан. Жар құлағы жастыққа тимей жүріп бәрімізді оқытты, баршамыздың басымызға отау тікті. Анасын жас сәбидей әлпештеді. Осы қасиеттерді ұрпағының бойына сіңіруде тырысты.

Зират басына келген соң ең алдымен атамның басына барып ұзақ тұрды. Айналып шығып мені қасына шақырып саманнан жиналған қоршауды нусқап «40 жыл болды сол қалпы тұр, тіпті кейінірек цементен турғызған кейбір қоршауларда жарылып құлағалы қалыпты. Қайран әкем, қара нарым осы қорғанға қарап, сенің алынбас қамалдай нар тұлғаңды, қайратыңды көргендеймін » деп, көзіне жас алды.

Артынан атама, апама, өмірден ерте озған ерке бауыры Қабылғажы ағамызға арнап аят оқыды.

Жол қысқарсын деген оймен қайтып келе жатып «аға (әкемді «аға» дейтінмін) атам туралы ойыңызда қалған, өзіңіз куә болған бір әңгіме айтыныз» дедім. Сәл ойланып барып төмендегідей әңгімелеп кеткен еді.

1945 жылы қыс ауыр болды. Желтоқсанның ортасында бір отар қоймен Баушаға көшіп келдік. Елдің тұрмысы ауыр. Мен 14 жастамын, атама (әкем әкесін ата дейтін) еріп қой соңынан қалмаймын. Малды жаяу жайамыз. Өріске барғанға дейін шешем өз қолымен тігіп, қарағайдың қабығымен бояп берген сары тонымды отар ішіндегі көк ісектің үстіне таңып қоям. Өрісте мал байыздаған кезде шешіп киіп алам. Атам тәңертең отардың алдында, кешке артында. Бұл ереже ауыспайды. Неге бұлай десем әкем «қасқыр таңғы қойдың алдын, кешкі қойдың артын аңдиды» деп, мені қорқытып қояды. Баушаға көшіп келген соң Шығаншиде туратын атамның ескі танысы Шакер келіп қонақтап кетті. Аттанарда атама қарап «Сәке, малыңды Ақтүбек сайының қарсы бетіне өткізіп алма,төменгі қыстақта (аты есімде қалмапты) пәленше деген бұзық мал қыстатып отыр, соғысқа қатысқан, қан көрген, өзі көрінгенге ұрынып жүретін адам. Зияны тиып журмесін» деді. Сол куннен бастап менің мазам кетті. Жанталасып қарсы бетке мал өткізбегенге тырысам. Менің балалық түсінігімде соғысқа қатысқан, қан кешіп жауды жеңген адам мықтының мықтысы, батырдың батырындай көрінген. Жаза тайым мал ары өтсе әлгі адам атамды да, мені де оп-оңай жоқ қылатындай бойымды бір үрей билеп алды.

Аяқты мал тұрама, бір күні малдың алды қарсы бетке өтіп кетті. Мен жанталасып солай жүгірдім. Сол кезде артжағымнан«күркіреген» дауыс шықты. Қолында ұзын таяғы бар, шапанының алды ашық, етегі желпілдеп еңгезердей біреу айғайға салып жүгіре басып келе жатыр екен. «Қорқанға қос көрінеді» дегендей, әлгі адам маған ертегінің алыптарындай көрінді. Атама қарай жүгірдім. Марқұмның бір әдеті, мал өріске жеткен соң, биіктеу жерді тандап алып, тастың үстіне шапанын бүктеп төсеп жан-жағына биіктен қарап отыратын. Өрге қарай жүгіру оңайма, атама менен бұрын қиғаштап әлгі дәу жетті. Келе сала жағасына жармасты. Атам орныннан да тұрған жоқ. Әлде анау тұруға мұрша бермеді ме, білмеймін. Бітті, өлтірді деп жылап жібердім. Аяғым тайып кетіп, екпетімнен құлап, еңіске бір талай сырғанап барып жандәрмен басымды көтерсем, әлгі алыбым тізерлеп қалыпты. Арамыз бар болғаны 50-60 қадамдай ғойдеймін. Мен аңтаңмын, манағы күркіреген дауыс жоқ, атамның жағасын да босатыпты. Сол мезетте атам өзі отырған жалпақ тастың бір шетіне қарай сырғып «кел отыр мында » деп, әлгі адамға қолын ұсынды. Дәуім кішірейіп қалған сияқты, сүйретіле орнынан тұрып, атамның тізесін баса, оң жағына жайғасты. Атам қалтасынан шақшасын алып ана кісінің алақанына насыбай салып жатыр. Содан екеуі қас қарайғанша әңгімелесті. Кешке бір-бірін көптен білетін ескі таныстардай қимай қоштасты.

2-3 күннен соң ауылға Шәкер ақсақал соқты.Келе сала «ойпырай Сәке, ана пәлеге не істеген едің. Өзін жібектей есілтіп қойыпсың ғой» деді. Мен не болғанын қазір айтар деп атама қарадым «Ее, жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше, деген. Жолығып екеуіміз біраз әңгімелестік. Тегі, өзі жаман адам болмады » деп жауап берді. Кейін екеуінің сол кездесуін ойша талай көз алдымнан өткіздім. Келе сала атамның жағасына жармасқанда ол кісі де кеңірдекке қол салғанын көзім шалып қалған. Мен сүрініп кетіп құлап, басымды қайта көтерген кезде тізерлеп қалғаны, атамның қолы батып кеткен болуы керек шамасы. НағашыаталарыңСәкеңнің оң қолында бес жігіттің қаруы бар деуші еді. Сол рас шығар. Осылай әкем әңгімесін тәмәмдәді, Теректіге де келіп кіргенбіз.