Гипергидратация және оның физиологиялық мәні, жою шаралары 1 страница

Организм үшін судың маңызы өте үлкен. Ол көптеген органикалық және бейорганикалық заттарды, газдарды ерітіп олардың тасымалдануын, алмасуын қамтамасыз етеді. Организмнің ішкі ортасын бірімен-бірін және сыртқы ортамен байланыстырады. Ересек адам денесінің 60%-ы, жаңа туған бала организмінің 80%-ы судан тұрады. Судың 70%-ға жуығы жасуша ішінде, 30%-ы оның сыртында орналасқан. Тәулігіне организмге түсетін судың мөлшерімен, одан шығарылатын судың арасында қатаң тепе-теңдік болады. Организмде судың алмасуы электролиттердің алмасуымен тығыз байланыста. Судың алмасуы айналымдағы қанның көлемімен және осмостық қысымның деңгейімен реттелінеді.

Су мен электролиттер алмасуының өзгеруі көптеген ағзалар мен жүйелердің қызметтері өзгеруіне және өмірге қауіп төндіретін гомеостаздың қатты бұзылысы болып есептеледі.

Су мен электролиттер алмасуының барлық бұзылыстары екіге бөлінеді:

· Организмнің сусыздануы (гипогидратация), оның ауыр түрі – эксикоз.

· Организмнің сулануы (гипергидратация).

Олар өз алдына изоосмостық (изотониялық), гипоосмостық (гипотониялық) және гиперосмостық (гипертониялық) болып бөлінеді.

Гиперосмостық гипогидратация – судың электролиттерден басымырақ шығарылуы немесе мұны сутапшылықты гипогидрия деп те атауға болады. Бұндай жағдай терең тыныстың жиілеуінен, сілекейдің көп шығарылуынан және қантсыз диабет, т.б. кездерінде полиуриядан дамуы мүмкін. Бұл кезде жасуша сыртындағы сұйықтың көлемі азаяды, оның осмостық қысымы жоғарылайды. Осыдан су жасуша ішінен оның сыртына ауысады. Жасушаның сусыздануы қатты шөлдеу сезімін шақырады, тіндік нәруыздардың ыдырауын күшейтеді, дене қызуын көтереді, кейде сана-сезімнің болмауына, кома дамуына алып келеді. Дененің құрғап кетуін болдырмау үшін гипогидратация кездерінде организмге сұйық енгізу қажет.

Организмнің сулануы: судың сырттан көп түсуінен, суды сыртқа шығаратын бүйрек қызметінің бұзылысынан немесе осы екеуінің біріккен әсерлерінен болуы ықтимал.

Гипергидратация изоосмостық (изотониялық), гипоосмостық (гипотониялық) және гиперосмостық (гипертониялық) болып ажыратылады.

Изоосмостық гипергидратация – сырттан изотониялық сұйықтарды емдік мақсаттан тым артық енгізгеннен кейін қысқа мерзімде байқалуы мүмкін. Бұндай жағдай жиі існулер кездерінде байқалады.

Гипоосмостық гипергидратация – организмге бірнеше рет қайталап көп су енгізуден дамиды. Әдетте организмге бір рет көп мөлшерде су енгізілсе, ол айтарлықтай өзгерістерге алып келмейді. Бірақ, су алмасуының реттелуі бұзылыстарында аз мөлшерде енгізілген судың өзі гипергидратация дамуына алып келуі мүмкін. Бұндай жағдай клиникада рефлекстік анурия және бүйрек қызметтерінің жеткіліксіздіктері кездерінде байқалады.

Организмде су көп жиналуынан қан сұйылып кетеді. Қанның жалпы көлемі ұлғаюымен қатар, онда нәруыздардың, электролиттердің, гемоглобиннің деңгейлері салыстырмалы түрде азаяды. Эритроциттердің ішіне көп су түсуінен олар еріп кетеді. Гемоглобиннің деңгейі қан сарысуында көбейеді, ол несеппен шығарыла бастайды, гемоглобинурия дамиды. Гемоглобин бүйрек өзекшелерінде тұнбаға ауысып, цилиндрлер құрылуына әкеліп, оларды бітеп қалады. Осыдан несеп шығарылуы төмендейді.

Ми жасушалары ісініп кетуінен, бас сүйек ішінде қысым көтеріледі. Содан қатты бас ауруы, жүрек айну, құсу, тырыспа-селкілдек ұстамалары, кома дамып, организмнің өліміне әкелетін құбылыстар пайда болады.

Гиперосмостық гипергидратация – теңіз суын ішуге мәжбүр болғанда, көп гипертониялық сұйықтар енгізгенде байқалады.

 

Көптеген бүліністердің, соның ішінде өміоге қауіпті жағдайлардың, себебі болып электролиттер алмасуының бұзылыстары есептеледі. Өйткені олар тағамның қажетті бөлшектері болып табылады және организмнің қалыпты тіршілігін, яғни гомеостазын, оның дамуын қамтамасыз етеді. Электролиттер осмостық қысымды, қышқылдық-сілтілік үйлесімділік жағдайды, судың жасуша ішінде және оның сыртындағы кеңістіктер арасында бөлінісін қалыпты деңгейде ұстап тұруға ұатысады. Сонымен ұатар олар жүйкелік-еттік қозу үрдістерінде аса маңызды орын алады және ет талшықтарының жиырылғыштығына ықпалын тигізеді. Электролиттердің алмасуы басқа заттардың (нәруыздардың, көмірсулардың, т.б.) алмасуларымен өзара тығыз байланыста. Міне сондықтан, организмнің әртүрлі гомеостаздық көрсеткіштердің қалыпты деңгейде сақталуы электролиттер алмасуының жағдайына тікелей байланысты болады.

 

Енді маңызды электролиттердің алмасуының бұзылыстарына тоқтасақ.

 

Натрий алмасуының бұзылыстары қанда оның көбеюімен (гипернатриемия) немесе азаюымен (гипонатриемия) көрінеді.

 

Гипернатриемия – қандағы натрий мөлшерінің 145 ммоль/л-ден астам көбеюі. Ол мына жағдайларда байқалады:

 

· Тұзды заттарды артық қабылдағанда, мәселен, тағаммен, сілтілі минералды суды көп ішкенде, ас тұзының гипертониялық ертіндісін артық енгізгенде;

 

· Натрийдің организмнен шығарылуының бұзылуы кезінде, мәселен бүйрек қызметі жеткіліксіздігінде және глюкокортикоидтарды ұзақ уақыт бойы қабылдағанда;

 

· Альдесторон артық өндіріліп шығарылғанда, өйткені ол нефрон өзекшелерінде, асқорыту жолдарында, сілекей және тер бездерінде натрийдің қанға кері қайта сіңірілуін күшейтеді.

 

Гипернатриемияның нәтижесінде қанның және басқа биологиялық сұйықтардың осмостық қысымы көтеріледі. Бұл кезде жүйкенің және бұлшықеттердің өозымдылығы артады, сол себептен, гиперкинезиялық бұзылыстардан бастап, тырыспа-селкілдек сияқты жағдайлар пайда болады. Өйткені жасушалардың ішінде натрий иондарының көбеюінен қозымды тіндердің қозу шегі төмендейді. Сонымен қатар, жоғары дәрежелі жүйке қызметі бұзылады: адамда қорқыныш, үрей сезімі күшейеді, көңіл-күйдің жабырқауы пайда болады. Гипернатриемияның ерекше көрінісі болып артериялық қысымның көтерілуі есептеледі.

 

Гипернатриемияны емдеу. Осы мақсатпен көк тамырға физиологиялық ерітінді немесе 5% глюкоза ерітіндісін жібереді. Бұл кезде глюкоза алмасуға тез ұшырайды, ал су қанды сұйылтады. Ауыр жағдайларда гемодиализ немесе бүйректен тыс қанды тазарту тәсілі қолданылады.

 

Гипонатриемия – қандағы натрий мөлшерінің135 ммоль/л-ден төмен болуы. Ол нағыз немесе шынайы және салыстырмалы немесе салдарлық болып екі түрге бөлінеді. Нағыз гипонатриемия мына жағдайларда байқалады:

 

· Тағаммен ас тұзы аз түскенде, мысалы, ашығу, тұзсыз диета қабылдаған кездерінде;

 

· Натрийді несеппен, термен немесе ішек сөлімен көптеп сыртқа шығарғанда;

 

· Альдестерон гормонының аз өндіріліп шығарылған кезінде, мәселен Аддисон ауруы кезінде;

 

· Сульфаниламидтер және олардың туындылары – салуретиктерді (диакарб, дихлотиазид) ұзақ мерзім бойы қабылдағанда кездеседі. Өйткені олар натрийдің несеппен бірге шығарылуын күшейтеді.

 

Салыстырмалы немесе салдарлық гипонатриемия – қанның сұйылуы кезінде болады. Ол мына жағдайларда байқалады:

 

· Суды артық қабылдағанда;

 

· Изотониялық сұйықты емдік мақсатта көп мөлшерде енгізгенде;

 

· Бүйректің несеп шығару қызметі төмендегенде;

 

· Дене ісінуін емдеу кезінде с тінаралық кеңістіктен тамыр ішіне көптеп өткенде.

 

Гипонатриемияның нәтижесінде қанда және басқа биологиялық сұйықтықтарда осмостық қысым төмендейді. Тері мен шырышты қабықтардың құрғауы болып, олардың серпімділігі мен тығыздығы азаяды. Жүрек-тамыр жүйесі қызметінің бұзылыстары тахикардия, артериялық қысымның төмендеуімен, кейде коллапс дамуымен байқалады. Сондай-ақ, гипонатриемия кезінде тәбеттің жоғалуы, судан жеру, жүрек айну, құсу пайда болады, қанттың ішектерде сіңірілуі азаяды.

 

Гипонатриемияны емдеу. Гипонатриемия нәтижесінде пайда болатын бұзылыстарды жою үшін көктамыр ішіне 1-2% ас тұзының ерітіндісін, қан плазмасын, нәруыздар препараттарын жібереді.

 

Ересек адмдардарда калийдің организмдегі жалпы мөлшері 4000 ммоль-дей болады. Ал, мұның 2/3 бұлшық еттерде, 5% сүйек құрамында болады. Организм тәулігіне 2-4 г калий қажет етеді. Калий алмасуының бұзылыстары гипокалиемиямен және гиперкалиемиямен көрінеді.

 

Гипокалиемия – қандағы калийдің мөлшерінің 3,8 ммоль/л-ден төмен болуы. Ол мына жағдайларда пайда болады:

 

· Организмге калий тамақпен, мәселен ашығу кезінде, жеткіліксіз түскенде;

 

· Несеппен, үлкен дәретпен, құсықпен калий көп мөлшерде жоғалтылғанда.

 

Гипокалиемия кезінде жүйкелік-еттік қозымдылық төмендейді, содан бұлшықеттер әлсірейді, тіпті кейде бұлшықеттердің салдануы, асқазан, ішек, қуықтың әлсіздігінен олардың қимылдық әрекеттерінің азаюы, артериялық қысымның төмендеуі байқалады. ОЖЖ қозымдылығы төмендеуден адамды ұйқы басу, көңіл-күйдің бейжайлығы, селқостық, жұмысқа қабілетінің төмендеуі байқалады. Ұзаққа созылған гипокалиемия кезінде жүрек етінде, ішектерде және басқа ағзаларда дистрофиялық өзгерістер пайда болуы мүмкін.

 

Гиперкалиемия деп қандағы калий мөлшерінің 5,4 ммоль/л-ден көп болуын айтады. Ол мына себептерден дамуы мүмкін:

 

· Калийдің тағаммен бірге не калий бромиді, калий хлориді, калий иодиді және басқадай дәрі-дәрмек түрінде организмге артық түскенде;

 

· Калийдің бүйрек арқылы шығарылуы азайғанда;

 

· Тіндердің ыдырауы күшеюінен (жарақат, күйік, тіндердің некрозы, қатты гемолиз), калийдің жасуша ішінен қанға ауысуы ұлғайғанда;

 

· Көп мөлшерде тез арада жылдам қан құйғанда.

 

Бұлшықеттердің әлсіздігі, брадикардия болады.

 

Гиперкалиемия кезінде пайда болатын бүліністерді түзеу жолдары:

 

· Гиперкалиемия дамуына алып келетін негізгі себепкер ықпалды емдеу қажет;

 

· Жасуша аралық сұйықтан артық калийді жасуша ішіне енгізу шараларын қолдану үшін:

 

ü Көктамыр арқылы инсулин қосылған глюкоза ерітіндісі жіберіледі;

 

ü Көктамырға кальций хлоридінің ерітіндісін енгізу тез арада калийдің жүрекке уытты әсерін азайтады, жүректің жиырылу күшін арттырады, аритмияны жояды;

 

ü Көктамырға натрий бикарбонатын енгізгенде калийдің жасуша ішіне енуі күшейеді.

 

Артық калийді сыртқа шығару жолдарын сергіту қажет. Ол үшін:

 

ü Зәрайдатқылар (фуросемид, т.б.) қолданылады;

 

ü Альдестерон дәрілері пайдаланылады;

 

ü Энтеросорбенттер ішек сөлдерінен калийді байланыстырып үлкен дәретпен сыртқа шығарады;

 

ü Гемодиализ қолдануға болады;

 

ü Бүйрек үсті безінің жеткіліксіздігі кезінде оның гормондары қолданылады.

 

Хлор алмасуының бұзылыстары натрий мен калийдің алмасуының бұзылыстарымен байланысты болады. Хлор алмасуының бұзылыстары гиперхлоемиямен және гипохлоремиямен көрінеді.

 

Гиперхлоремия – деп қан сұйығында хлордың 108 ммоль/л-ден астам болуын айтады. Ол мына себептерден дамиды:

 

· Тамақпен және сусындармен ас тұзын артық пайдаланғанда;

 

· Бүйрек қызметі жеткіліксіздігі кезінде;

 

· Қанның қоюлану кезінде;

 

· Ұзақ іш өтулер кездерінде гидрокарбонат аниондары үлкен дәретпен көптеп шығарылып кеткенде.

 

Гипохлоремия – деп қан сұйығында хлордың мөлшері 96 ммоль/л-ден төмендеп кетуін айтады. Ол мына себептерден дамуы мүмкін:

 

· Хлор организмнен көптеп шығарылып кетуінен. Мәселен, толастамайтын құсу кезінде асқазан сөлімен көп хлор сыртқа шығарылады;

 

· Ацидоз, ісігу, іш шемені кездерінде хлор қаннан көптеп тіндерге ауысады;

 

· Толық ашығу, тұзсыз диета қабылдау кездерінде организмге хлор аз түсуінен.

 

Ересек адам организмінде кальцийдің мөлшері 1 кг дене массасына шаққанда 20 г болады, ал фосфордың қандағы мөлшері 34,5 мг%. Кальций мен фосфор сүйек тінінің негізгі құрамына енеді. Олардың организмдегі жалпы мөлшерінің 98%-ы сүйек пен тістердің үлесіне тиеді.

 

Кальций алмасуының бұзылыстары гипокальциемия және гиперкальциемия деп аталатын екі түрде кездеседі.

 

Гипокальциемия деп иондалған кальцийдің қандағы мөлшері 2 ммоль/л-ден төмен болса немесе 8,5 мг%-тен аз болуын айтады. Ол мына жағдайларда байқалады:

 

· Қалқаншасерік бездерінің гипофункциясы кезінде;

 

· Кальцитонин өндіріліп шығарылуы күшейгенде;

 

· Аш ішек арқылы кальцийдің сіңірілуі азаюы кезінде;

 

· Д гиповитаминозы кезінд кальцийдің ішектерде сіңірілуі төмендейді;

 

· Өт ішекке түспеуі (ахолия) кезінде Д витамині сіңірілмейді және тағамдық заттардың ферменттермен ыдыратылуы бұзылады.

 

Гипокальциемияның көріністері:

 

· Тұрақты гипокальциемия жүйкелік-еттік қозымдылықтың көтерілуіне және сіңірлердің тартылып құрысуына алып келеді. Осыдан аяқ басының, қол ұштаының, көмейдің, беттің, т.б. бұлшықеттерінің сіңірлері тартылады. Осындай жағдайды тетания дейді. Оның жеңіл дәрежелерінде жасырын тетания байқалады. Ол иықтың бұлшықеттерін қолмен қысқанда саусақтардың сіңірі тартылып қалуы «акушердің қолы» (Труссо әйгіленімі), бет жүйкелерінің өтетін аймағын балғамен тықылдатқанда бет еттерінің тартылып қалуы (Хвостек әйгіленімі), т.б. түрлерінде көрінеді;

 

· Кейбір дене мүшелерінің ұйып қалу сезімі байқалады.

 

Гипокальциемияны емдеу жолдары. Бұл гипокальциемияның даму себептеріне және пайда болатын бүліністердің түріне байланысты. Көптеген жағдайларда гипокальциемия қалқаншасерік бездерінің қызметі әлсіреуіне немесе жоғалуына байланысты болғандықтан орнын толтырарлық гормондық емнің аса маңызды мәні бар. Қазіргі кезде паратгормон немесе паратиреоидин кеңінен қолданылады. Гипокальциемиялық тетания ұсиамасын емдеу үшін көктамырға хлорлы кальций, кальций глюконаты немесе лактаты жіберіледі, сонымен қатар Д витаминінің препараттары, дигидротахистерол пайдаланылады.

 

Гиперкальциемия – кальцийдің қандағы мөлшері 2,7 ммоль/л-ден немесе 10,3 мг%-тен астам жоғарылауы. Ол төмендегі себептерден дамиды:

 

· Организмге кальций тұздары артық түсуінен. Мәселен, қанға кальций тұздары көп енгізілгенде, Д гипервитаминозы кезінде ол ішектер арқылы артық сіңірілгенде;

 

· Кальцийдің несеппен сыртқа шығарылуы азаюынан.

 

Көріністері:

 

· Ішек-қарын жолдарының бұзылыстарынан тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, құсу, іш қату, іштің ауруы және т.с.с. құбылыстар байқалады;

 

· Сүйектерде қуыстар пайда болып, остеопороз дамиды;

 

· Са көптеп несеппен шығарылады. Са-дің ұзақ мерзім несеппен бірге көптеп шығарылуы бүйрек пен несеп жолдарында тас байлануларына мүмкіндік етеді;

 

· Рухани-жүйкелік бұзылыстардан парасаттың жоғалуы, көңіл-күйдің тұрақсыздығы, тез шаршағыштық, бұлшықеттердің әлсіреуі және жүйкелік-бұлшықеттік қозымдылықтың төмендеуі байқалады. Содан парезге немесе параличке әкелуі мүмкін.

 

· Кальций мен фосфор алмасуы бұзылыстары салдарларының біріне әртүрлі ағзаларда, мәселен: бүйрек, өкпе және теріде фосфор мен кальций тұздарының жиналып қалуы жатады. Бұл кальциноз деп аталады. Содан бұл ағзалардың қызметтері бұзылады.

 

Емдеу: бұған ең алдымен кальций алмасуының бұзылыстарын туындатқан ауруларды емдеу арқылы қол жеткізеді. Гиперкальциемиясы бар балаларда, кальций алмасуы бүліністерінің белгілері анықталған кездерде Д витаминінің организмге түсуін азайту қажет. Айқын гиперкальциемия кезінде, қаңқаның сүйектенуі бұзылғанда, бүйрек, бұлшықет, тамырларда кальций жиналғанда көктамыр арқылы этилдиаминтетрасірке қышқылының динатрий тұзы енгізіледі. Оның Са иондарымен кешенді қосылыстар құрып, сыртқа шығаратын қабілеті бар.

 

Гипофосфатемия – қан сарысуында фосфор мөлшерінің 2,5 мг%-дан немесе 0,8 ммоль/л-ден азаюы. Ол мыналарға байланысты дамиды:

 

· Ұзақ ашығулар кезінде тамақпен организмге фосфордың аз түсуі;

 

· Организмнен фосфордың несеп арқылы көп мөлшерде шығарылуы;

 

· Ішек-қарын жолдары арқылы фосфаттардың организмнен сыртқа артық шығарылуынан, мәселен, антацидтерді көп пайдаланудан, олар фосфаттарды байланыстырып сыртқа шығарады.

 

Көріністері:

 

· Гипофосфатемия кезінде РНҚ мен ДНҚ түзілуі бұзылады, сүйекке минералдардың жиналуы тоқталады, балаларда мешелдік ауруы, ересектерде сүйектің жұмсаруы (остеомаляция), остеопороз, сүйек сынғыштығы дамиды;

 

· Фосфатурия 100 мг/л-ден астам болады. Бұл кезде науқас адамдардың денесінде парестезия, саусақтардың ұйып қалуы, бұлшықеттерде және жүректе ауыру сезімі болуы, жадының әлсіреуі, тырыспа-селкілдек даму, сананың жоғалуы т.с.с. әйгіленімдер пайда болады.

 

Гиперфосфатемия деп қан сарысуында фосфор мөлшерінің 4,5 мг%-дан немесе 1,45 ммоль/л-ден астам көбеюін айтады. Ол төмендегі жағдайларда байқалады:

 

· Организмге фосфаттарды артық енгізгенде;

 

· Қалқаншасерік бездерінің гиперфункциясы, гипертиреоз кездерінде фосфордың бүйрек өзекшелерінде бастапқы несептен қанға кері қайта сіңірілуі күшейеді;

 

· Бүйрек қызметінің жеткіліксіздігінде фосфордың несепке сүзілуі тежеледі, оның нәтижесінде гиперфосфатемия мен гипофосфатурия пайда болады.

 

АҚ төмендейді. Жүрек қызметінің әлсіреуі болып, жүректен шығатын қан көлемі азаяды.

 

Емдеу жолдары:

 

· Туындатқан себепкер ықпалды емдеу;

 

· Изотониялық ерітінділер, қан плазмасын немесе плазманы ауыстыратын заттарды енгізу.

 

Адам организмінде 3-5 г темір болады, оның 50%-ы гемоглобинің гем молекуласында орналасқан. Темір сонымен қатар бұлшықеттерде миоглобин молекуласының және тотығу-тотықсыздандыру үрдісіне қатысатын ферменттердің құрамына кіреді. Ер адамдарға күніне 0,6 мг темір қажет, ал әйелдердің мұқтаждығы бұдан 30-60% көп, өйткені оларда темірдің физиологиялық шығыны көп болады. Темірдің ішекте сіңірілуі тұтас организмнің осы элементке мұқтаждығына байланысты болады. Сол себептен анемиясы бар науқастарда, сау адамдарға қарағанда темірдің сіңірілуі көбірек болады. Темір жеткіліксіздігі диетада бейорганикалық фосфор көп мөлшерде болғанда пайда болады. Себебі, темір бейорганикалық фосформен нашар еритін қосындылар түзеді. Сонымен қатар темір жеткіліксіздігі, ішектегі қабыну үрдістерінің ферритиндік реттеу жолының бұзылуымен қабаттас болғанда да пайда болуы мүмкін. Егер үш валентті темір организмге артық түсетін болса, онда қан плазмасы және тіндерде темңр қорға жиналады, яғни гемосидероз пайда болады. Бүл ішкі ағзалардың (бауырдың, т.б.) қызметтерінің бұзылыстарына алып келеді.

 

Инфузиялық терапия (лат. infusio – құю) – қанға әртүрлі көлем мен концентрацияда ерітінділер құю әдісі. Бұл реанимациялық шаралар қатарына жатады, ерітінділерді парентералды жолмен енгізеді. ИТ жасушаішілк және жасушасыртылық су және электролиттер алмасуының бұзылуы нәтижесінде пайда болған патологияларды коррекциялау және оның алдын алу үшін жасалады.

 

Бет терісін күту

Ол 3 түрлі шарадан тұрады: 1. Теріні тазалау; 2. Теріні нәрлендіру; 3. Теріні қорғау. Теріні майлануына қа-рай: бірқалыпты тері, құрғақ тері, майлы тері деп бөледі. Бірқалыпты тері құрғақ немесе майлы теріге қарағанда кү-тімді көп қажет етпейді. Таңертең бет жуу терімен қатар бүкіл ағзаны сергітеді, ширатады, еңбекке қабілеттілікті күшейтеді. Мұндайда ыс-тық судың пайдасы мол. Өйткені ыстық су теріні жақсы тазалайды, майын арылтады, алайда ұдайы ыстық сумен жуғанда терінің қан тамырлары кеңейіп кетеді де тері босап, болбырап қалады. Сол себепті бетті бөлме температурасы жылылығындай сумен жуған жақсы. Немесе, ыстық, суық сумен алма кезек жуып тұрыңыз.

Майлы теріге оның май бездерінің аса көп май түзуі тән. Май артық түзілсе, май бездері тармақтарының жолын бітейді, содан бет терісінде камедондар деп аталатын қара дақтар пайда бола бастайды. Оны болдырмау үшін тері са- ңылауларының (көздері-нің) кеңеюіне көңіл бө-лу қажет. Майлы тері қалыңдау және қатқылдау. Майлы теріні күнде жылы сумен, иіс сабынмен жуады. Бет терісі аса майлы болса, оны күніне 2 рет жуған дұрыс.

Құрғақ тері – жұқа, тегіс, нәзік. Оған күн көзі, жел, аяз, су, сабын тез әсер етеді. Жас кезінде құрғақ теріні тазартып, оған сұйық крем жағады. 25 жасқа дейін бет терісіне нәр беретін майлы кремдерді жақпайды. Егерде теріге сабын әсер етіп, ол тырысса, қызар-са, түлесе, сабынды пайдаланбайды. Бет терісіне су да қоздырғыш әсер етсе, суды былайша жұм-сартады: 1 литр суға ½ стақан сүт немесе бір шымшым ас содасын араластырады. Бет терісін күн көзінен қорғау үшін басқа етегі жалпақ қалпақ киеді, ашық түсті жұқа орамал тартады, қара көзіл-дірік тағады, күн көзінен қорғайтын кремді де бет-ке жағып алуға болады.