Республика Президентiн қызметiнен мерзiмiнен

Бұрын босату, кетiру

 

ҚР 2007.19.06. № 265-III Конституциялық заңымен 26-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

26-бап. Республика Президентiн қызметiнен мерзiмiнен бұрын босату, кетiру

1. Президент науқастануына байланысты өзiнiң мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетсiздiгi дендеген жағдайда Конституцияда белгiленген тәртiппен Парламенттiң шешiмi арқылы қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн.

2. Президент өзiнiң мiндеттерiн атқару кезiнде жасаған iс-әрекетi үшiн тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда, яғни соғыс не қарулы қақтығыс кезiнде жау жағына шығып кету, шет мемлекеттiң Республикаға қарсы дұшпандық әрекетiн жүзеге асыруына көмектесу арқылы көрiнген Қазақстан Республикасының сыртқы қауiпсiздiгi мен тәуелсiздiгiне нұқсан келтiру немесе әлсiрету мақсатында әдейi жасаған жағдайда, жауап бередi және бұл үшiн Конституцияда белгiленген тәртiппен Парламент оны қызметiнен кетiруi мүмкiн.

3. Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы мәселе ол Парламенттiң немесе Парламент Мәжілісінің өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату жөнiнде мәселе қарап жатқан кезеңде қозғалмайды.

ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен 27-бап жаңа редакцияда

27-бап. Қазақстан Республикасының Президентi өкiлеттiгiнiң ауысуы

1. Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылған немесе кетiрiлген, сондай-ақ ол қайтыс болған жағдайда Республика Президентiнiң өкiлеттiгi қалған мерзiмге Парламент Сенатының Төрағасына ауысады; Сенат Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған жағдайда ол Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасына ауысады; Мәжiлiс Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған жағдайда ол Республиканың Премьер-Министрiне ауысады. Өзiне Республика Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған адам тиiсiнше Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының немесе Премьер-Министрдің өкiлеттiгiн доғарады.

2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша өзiне Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған адамның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтыруларға бастамашы болуға құқығы жоқ.

V тарау

Азақстан Республикасы Президентiнiң қызметiн

Амтамасыз ету

28-бап. Республика Президентiнiң қызметiн мемлекеттiк қамтамасыз ету

Республика Президентi мен оның отбасы мүшелерiн қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және күзету республикалық бюджет есебiнен жүзеге асырылады.

29-бап. Республика Президентiнiң жалақысы және еңбек демалысы

1. Республика Президентiнiң жалақысы заңдарда белгiленген тәртiппен анықталады.

2. Республика Президентiне жыл сайын қырық бес күнтiзбелiк күн мерзiмiне ақылы еңбек демалысы берiледi.

ҚР 06.05.99 ж. № 378-1 Конституциялық заңымен 30-бап толықтырылды

30-бап. Республика Президентiн қамтамасыз ету

1. Республика Президентi қызметiнде болған кезеңге осы қызметке сайланған тұлға Республика аумағында резиденциялармен, Республика астанасында қызмет пәтерiмен және мемлекеттiк саяжаймен қамтамасыз етiледi.

2. Республика Президентi арнайы мақсаттағы автокөлiкпен, арнайы жабдықталған ұшақтармен және тiкұшақтармен, сондай-ақ арнайы жабдықталған көлiк құралдарының өзге де түрлерiмен қамтамасыз етiледi.

3. Республика Президентi мен оның отбасы мүшелерiне тұрғын үй және көлiк қызметiн көрсетудi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Iс Басқармасы, сондай-ақ өздерiнiң құзыретiне сәйкес Республика Президентiнiң Күзет қызметi және Ұлттық қауiпсiздiк комитетi қамтамасыз етедi.

4. Республика Президентi мен оның отбасы мүшелерiне медициналық, санаторий-курорттық қызмет көрсетудi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Iс Басқармасы қамтамасыз етедi.

5. Арнайы байланыс құралдарымен қамтамасыз етудi Республика Президентiнiң Күзет қызметi жүзеге асырады.

5-1. Республика Президентi қызметiнiң бүкiл кезеңiне Республика Президентiнiң жеке кiтапханасы мен жеке мұрағаты құрылады және қалыптастырылады.

31-бап. Республика Президентiн күзету

1. Республика Президентiн күзету Республика Президентiнiң Күзет қызметiне жүктеледi.

2. Республика Президентiнiң зайыбы (жұбайы) және Президентпен бiрге тұратын басқа да отбасы мүшелерi күзетiлуге тиiс.

32-бап. Республика Президентiнiң Әкiмшiлiгi

Республика Президентiнiң Әкiмшiлiгi мемлекеттiк орган болып табылады, оған мыналар жүктеледi:

1) Республика Президентiнiң қызметiн қамтамасыз ету;

2) Республика Президентiн елдегi iстiң жайы туралы уақтылы әрi толық хабардар етiп отыру;

3) Республика Президентiнiң шешiмдерiн сөзсiз және тыңғылықты орындау және олардың орындалуын бақылау;

4) Мемлекет Басшысы белгiлейтiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.

ҚР 2007.19.06. № 265-III Конституциялық заңымен 33-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

33-бап. Республика Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші органдар, мекемелер мен ұйымдар

1. Республика Президентінің конституциялық өкілеттіктерін жүзеге асыру және оның қызметін қамтамасыз ету мақсатында Қауіпсіздік Кеңесі және өзге де консультативтік-кеңесші органдар, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы, Жоғары Сот Кеңесі, Республика Президенті жанындағы өзге де мекемелер мен ұйымдар құрылады.

2. Республика Президенті:

1) Қауіпсіздік Кеңесінің және өзге де консультативтік-кеңесші органдардың, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының, Жоғары Сот Кеңесінің құрамын айқындайды, Республика Президенті жа­нындағы өзге де мекемелер мен ұйымдарды құрады;

2) консультативтік-кеңесші органдардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Жоғары Сот Кеңесінің, Республика Президенті жанындағы өзге де мекемелер мен ұйымдардың басшы лауазымдағы адамдарын тағайындайды;

3) Қауіпсіздік Кеңесі және өзге де консультативтік-кеңесші органдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Республика Президенті жанындағы өзге де мекемелер мен ұйымдар туралы ережелерді бекітеді;

4) тоқсан сайын Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының және өзге де консультативтік-кеңесші органдардың басшы лауа­зымдағы адамдарының осы органдар жұмысы туралы есептерін, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесі Төрағасының есептерін тыңдайды.

3. Республика Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші органдар аппараттарының, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесі аппараттарының қызметкерлері Республика Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері болып табылады.

VI тарау