Тәжірибелік сабақтардың сұрақтары

1. Гомеостазды қолдауда бөлу үрдістерінің мәні. Тері бөлу мүшесі ретінде.

2. Тер бөліну механизмдері.

3. Несеп жасалу үрдістері.

4. Нжасалудың жүйкелік және гуморалдық механизмдері.

5. Несеп жиналу механизмдері. Несеп шығару.

6. Гомеостаз параметрлерін қолдауда бүйректердің мәні. Бүйректердің бөлмейтін қызметтері.

7. Бүйректер қызметтерін зерттеу әдістері.

Жаттықтырушы тапсырмалар

1. Қандай мүшелер бөлу қызметтеріне ие?

2. Адамда тер бөліну механизмін сүреттеңіз.

3. Бүйректерде қай жерде қан фильтрацияланады?

4. Капсулаларда капиллярлар шумақтарынан қандай заттар фильрацияланады?

5. Екінші несеп жасалғанда қандай заттар қан арнасына реабсорбцияланады? 6. Бастапқы және екінші несеп жасалуының мөлшерін көрсетіңіз.

7. Бүйректердің бөлмейтін қызметтерін атаңыз.

 


Ішкі секреция бездері физиологиясы

Мақсаты: Жалпы организмге, оның ішінде, жүйе, мүше, тін, жасуша, организмнің қоршаған ортамен байланысын ескере отырып жасушаның құрылымдық элементтерінің даму динамикасына гормондар мен биологиялық белсенді заттардың әсер ету механизмін оқып үйрену.

Тапсырмалары. Оқып үйрену:

- жалпы организмге гормондар мен биологиялық белсенді заттардың әсері мен әсер ету механизмін;

- организм қызметтерін реттеудегі жүйке мен гумаральды жүйелер байланысын.

Негізгі түсініктер

7.1. Гормондардың жалпы қасиеттері.Организмнің қызметтерін реттеуге жүйке жүйесінен басқа, эндокринді жүйені құрайтын биологиялық белсенді заттар комплексі де қатысады.

Гормондар (грекше hormao – қозғалысқа келтіремін) реттеу жүйесіне түскен түрлі сигналдарға жауап ретінде жасушалардан өндіріліп бөлінетін химиялық заттар. Көптеген гормондар арнайы бездік құрылымы бар жасушалардан бөлінеді (16-сурет).

16-сурет. Негізгі эндокриндік бездер: 1 – аталық бездер, 2 –бүйректер , 3 – бүйрекүсті бездері, 4 – қалқанша маңы бездері, 5 – қалқанша безі, 6 – эпифиз, 7 – плацента, 8 – аналық бездер, 9 – ас қорыту жолдары, 10 – ұйқы безі, 11 – айырша безі, 12 – гипофиз.

 

Гормондар өндіретін бездердің дамуын, құрылысы және қызметтерін, сонымен қатар өндірілу механизмі мен организмге әсерін зерттейтін ғылым эндокринология деп аталады ( грекше endon – ішке, krino – бөлу) бұл бездер өзінің өнімін шығарушы өзектер арқылы емес, тікелей қан мен лимфаға бөлуіне байланысты. Гормондардың жасушаларға әсері, жасуша мембранасында нақты бір гормонға қабылдаушы рецептордың болуына байланысты.

Гормондардың әсер ету механизмінің төрт негізгі бағыттарын бөліп көрсетуге болады: метаболикалық (зат алмасуға әсері); морфогенетикалық (пішін қалыптасу, дифференциялау, өсу қарқындары артады); кинетикалық (белгілі бір іс-әрекетті қосу); коррекциялау (мүшелер мен тіндердің қызмет қарқынын).

Көпшілік гормондар химиялық табиғатына байланысты пептидтер (белоктар) тобына жатады. Одан басқа, стероидты және аминқышқылдарының туындылары бар. Гормондар әсерінің бағытына қарай екі топқа бөлінеді: анаболизмдік және катаболизмдік. Анаболизмдік гормондар анаболизмді ынталандырады, яғни заттардың синтезін және олардың қорда жиналуын (мысалы, өсу гормоны, инсулин, андрогендер, эстрогендер). Катаболизмдік гормондар катаболизмді күшейтеді, яғни зат алмасуды, организмде энергия жасалуы мен жұмсалуын арттырады (тироксин, адреналин және т. б. ). Гормондардың спецификалық әсері клетка мембраналарында оларға арналған рецепторлардың болуында.

Гормональды реттелудің ерекшеліктері: биологиялық белсенді қосылыстар әр жасушаға енуі мүмкін; жүйке ұшынан бөлінетін медиаторларға қарағанда әсер ету спекторы ауқымды; олар жасушаға ұзағырақ әсер етеді.

Гормондар қанда бос күйінде, немесе плазма белоктарымен байланысқан күйде, немесе қан пішінді элементтерімен байланысқан күйде кездеседі. Гормондар белоктармен байланысқан кезде белсенділігін жоғалтады, сонымен бірге қандағы ферменттер гормонға ыдыратушы әсерін тигізе алмайды.

Эволюция процесі барысында бір немесе бірнеше гормон өндіре алатын жасушалар анықталған. Мұндай жасушалар жеке безді құрайды: гипофиз, эпифиз, қалқанша және қалқанша маңы бездері, бүйрекүсті бездері, жыныс бездері, ұйқы безі. Олар басқа жасушалар арасында да болуы мүмкін (бас миында, айырша безде, жүректе, бүйректерде, ас қорыту жолдарында). Ішкі секреция бездерінің ішінде өзіндік эндокриндік және аралас секрециялы бездері де бар (ұйқы безі, жыныс бездері), олардың ас қорыту сөлі ферменттерін, жыныс жасушаларын бөлетін шығарушы өзектері бар. Бірақ бұл мүшелерден де гормондар тікелей қан немесе лимфаға бөлінеді.

Қазіргі кезде ішкі мүшелер мен бас миы тіндерінде шашырап жатқан жасушаларда түзілетін гормондар саны, ішкі секреция бездерінде түзілетін гормондар санынан кем емес. Бұл жасушалар бірыңғай диффузды эндокринді жүйеге біріктірілген, олар өз кезегінде APUD-жүйесіне кіреді ( ағыл. Amine Precursor Uptake Decarboxylase – амин алды заттарын ұстап алу және декарбоксилдеу: бұл жасушалар пептидтерден басқа биогенді аминдерді де синтездейді). Олардың гормондары пептидтер болып табылады, әсіресе олардың көпшілігі аминқышқылдық құрамы жағынан бір-біріне жақын.

Көптеген гормондардың қандағы концентрациясы тұрақты емес. Ол бір жағынан бездерде гормондардың түзілуі мен бөлінуінің қарқынына байланысты, екінші жағынан – гормондардың ыдырау және шығарылу жылдамдығына. Гормондардың қаннан жартылай шығарылу уақыты (Т 1/2) 4 тәулікте – тироксинде бір сағатқа дейін – стероидтарда, бірнеше минут – инсулинде, вазопрессинде, катехоламиндерде және секунд – нейромедиаторлар мен пептидтерде. Кейбір гормондардың бөлінуі кезеңді түрде болады.

Эндокринді бездердің гормондарды өндіру мен бөлу қызметтері бірнеше жолмен реттеледі.

1. Нейрогенді реттелу. Жүйкелердің гормондардың өндірілуі мен бөлінуіне тікелей әсері (нейрогипофиз, бүйрекүсті бездерінің милы қабаты). Жүйке жүйесі гормондардың белсенділігін жанама – бездегі қан айналым қарқынын өзгерту арқылы реттейді.

2. Гуморальды реттелуі. Субстрат концентрациясының без жасушаларына тікелей әсер еткенде гормондардың бір бөлігі түзіледі, ал оның деңгейін гормон реттейді (кері байланыс).

3. Нейрогуморальды реттелуі гипоталамо-гипофизарлы жүйе арқылы жүзеге асады (тропты гормондар, рилизинг-гормондар – либериндер мен статиндер).

7.2. Гипофиз. Гипофиз сына тәрізді сүйектегі түрік ершігінің гипофизарлы ойығында орналасқан. Түтік арқылы ол гипоталамуспен байланысқан. Оның салмағы – 0, 5-0, 7 г. Анатомиялық құрылысы жағынан бір болғанымен, гипофиз екі бөлікке бөлінеді – алдыңғы (аденогипофиз) жне артқы (нейрогипофиз).

Аденогипофиз ОЖЖ-гі жүйке жолдарымен байланыспаған, оның функционалды белсенділігі гипоталамустың нейрогормондарымен реттеледі. Мұнда гормондардың екі тобы: а) метаболизмдік процестерге және организмнің өсуі мен дамуын реттеуге әсер ететін эффекторлы гормондар, және б) басқа эндокринді бездердің секрециясын реттейтін тропты гормондар.

Өсу гормоны (ӨГ). ӨГ қандағы концентрациясы тұрақты емес және ересек адамда қан сарысуында 3 нг/мл-ден 100 нг/мл ге дейін. Оның қанға бөлінуі терең ұйқы кезінде, бұлшықет жаттығуларынан кейін, гипогликемияда жәнет. б. жағдайларда артады. ӨГ-ның шеміршек тініне өсіру эффекті тікелей және жанама - гормонның бауырға әсері арқылы жүзеге асады. ӨГ-ның әсерінен бауырда өсу факторы немесе соматомедин деп аталатын фактор (қазіргі кезде олардың түрі үштен кем емес) түзіледі. Дәл осы пептидті факторлар әсерінен шеміршек жасушасының пролиферативті және синтетикалық белсенділігі ынталандырылады (әсіресе ұзын түтікті сүйектердің өсу зонасында), сондай-ақ сүйектің сынған жерінде.

Соматомедин әсері басқа пролиферациялық белсенділікті ынталандыратын факторлардың әсеріне жақын, мысалы: фибробластардың өсу факторы, тромбоцитарлы өсу факторы, эндотелиальды өсу факторы, жүйкелердің өсу факторы, тимозин, организмнің түрлі жасушаларынан түзілетін қан түзуді ынталандырушылар. Көрсетілген әр өсу факторына жасуша мембранасында рецепторлары болады, ал олардың әсері екінші аралық затқа байланысты. Өсу факторының түзілу дефекті жасуша пролиферациясының бұзылысына алып келеді.

ӨГ-ның маңызы әсіресе қандағы концентрациясы өсу кезеңінде жоғарылағанда көрінеді. ӨГ-ның осы кезеңдегі агонисті жыныс гормондары болып табылады, олардың бөлінуінің күшеюі бірденнен сүйек өсу процесінің жылдамдығының артуына алып келеді (пубертатты өсудің артуы). Бірақ жыныс гормондары ұзақ уақыт көп мөлшерде өндірілетін болса қарама-қарсы әсер, яғни өсудің тоқтауы байқалады. Адренокортикотропты гормон (АКТГ) бүйрекүсті безінің қыртысты қабатының гормон өндіру қызметін ынталандырады (кортикостероидтардың). Одан басқа, АКТТ тіндер мен органдарға тікелей әсер етеді. АКТГ организмде белоктар синтезін тежеп, ыдырауын арттырады (соматотропиннің антагонисті), капилляр қабырғасының өткізгіштігін төмендетеді. Оның әсерінен лимфа түйіндері, талақ, қалқанша безі кішірееді, қанда лимфоциттер мен эозинофильдер саны азаяды.

Тиреотропты гормон (ТТГ) қалқанша безінің қызметін ынталандырады, көлемі мен қанға толуын, эпителий тінінің өсіп дамуын және гормонның қанға бөлінуін арттырады. Тиреотропин қалқанша без жасушаларында тиреоглобулин белогының түзілуін ынталандырады және тиреоглобулинді ыдыратып одан қалқанша безі гормонының босап шығуын қамтамасыз ететін протеолитикалық ферменттерді активтендіреді.

Гонадотропнты гормондар – фолликулостимулдеуші (ФСГ) және лютеондеуші (ЛГ) ерлерде де әйелдерде де түзіледі. Олар аналықбездің өсуі мен дамуын және шәуетте сперматогенді эпителидің өсуін қалыптастырады. ФСГ-ның әсері әсіресе эмбрионалды кезеңде, яғни фолликулдардың қалыптасу кезінде жоғары болады. Онтогенез барысында аналық бездердің ФСГ мен ЛГ-ға сезімталдығы жыныстық кемелденген шақта жоғарылайды, екі гормонда фолликулдарды пісіп жетілуге және овуляцияға дайындайды, яғни жетілген фолликулдың қабығының жарылып одан аналық жасушаның шығуын қамтамасыз етеді. ЛГ фолликулдың орнында сары дененің түзілуіне ықпал етеді.

Меланоцитостимулдеуші гормон (МСГ). МСГ тері жасушаларында меланин пигментін түзіп терінің қараюына алып келеді. Ересек адамда гипофизде МСГ өте аз мөлшерде табылған. Тері түсін реттейтін гормон ретінде танылған МСГ-нің ролі, дені сау адамда әлі толық анықталмаған, солай болса да кейбір патологиялық жағдайларда жалпы терінің немесе кейбір бөліктерінің қараюымен көрініс береді. МСГ мидың басқа бөліктерінен де табылған. МСГ және соған ұқсас қосылыстардың ұрықтың өсуі мен дамуындағы рольдері жайында да айтылған.

Пролактин сүт бездерінде сүттің түзілуін ынталандырады. Лактацияға дейін сүт бездері әйел жыныс гормондарының әсерінен қалыптасады. Босанғаннан кейін гипофизден пролактиннің бөлінуі артып, лактация яғни, сүт бездерінде сүттің түзілуі мен бөлінуі күшееді. Одан басқа, пролактин лютеотропты әсер (сары дененің қызмет етуін және аналық бездерде прогестерон түзілуін қамтамасыз етеді) көрсетеді. Ерлерде қуық асты безінің өсуі мен дамуын ынталандырады.

Нейрогипофиз гормондарының синтезі гипоталамустың алдыңғы бөлігіндегі супраоптикалық және паравентрикулярлық ядроларында жүреді. Бұл жерде пептидті гормондар - вазопрессин (антидиуретикалық гормон, АДГ) және окситоцин түзіліп, содан соң гипофиздің артқы бөлігіне қан тамыр капиллярларымен байланысқан жүйке өсінділері арқылы түйіршік түрінде тасымалданады. Нейрогипофизде гормондар жиналып, содан соң қан арқылы перифериялық нысана-мүшелерге жеткізіледі.

Вазопрессин (АДГ) физиологиялық концентрацияда негізінен қандағы судың мөлшерін реттейді және бүйрек арқылы сыртқа шығуына көмектеседі (ол организмдегі сұйық ортаның осмолярлығын, қан көлемін реттейді). Егер гормонның қандағы концентрациясы жоғары болса, онда оның тамыр тарылтушы әсері көрініс береді (артериялық қысым деңгейін реттейтін). Гормонның қанға бөлінуіне ықпал етуші сигнал артериялық қысымның немесе қан көлемінің төмендеу. Одан басқа, бұл гормон организмнің антистрессорлық реакцияларына, ауырсынуды қабылдау механизміне қатысады, сондықтан осы сигналдар да оның қанға бөлінуіне әсер етеді.

Окситоцин жатырға жиырылтушы әсер етеді және сүт бездерінен сүттің бөлінуін қамтамасыз етеді. Сүт бездеріндегі жоғары арнамалы миоэпителиальды жасушаларының жиырылуы арқылы сүт бөлінеді.

7.3. Бүйрекүсті бездері. Екі бүйрекүсті безі (оң және сол) бүйректің жоғарғы полюсінде орналасқан. Пішіні жағынан жоғарғы жағы дөңгелек жазылған пирамида секілді, әр қайсысының массасы 5-8 г. Бүйрекүсті безі милы және қыртысты қабаттардан және екі түрлі бездерден құралған.

Қыртысты қабатында үш аймақ: шумақтық (сыртқы), шоғырлы (ортаңғы) және торлы (милы қабат шекарасында). Шумақты аймақ шумақ тәрізді орналасқан майда жасушалардан құралған. Қыртыстың ең кең бөлігі шоғырлы аймағы, ұзынша болып орналасып май тамшыларымен толтырылған ірі ақшыл жасушалардан құралған. Торлы аймағын шоғырланған майда жасушалар құрайды.

Қыртысты қабатынан гормондардың үш тобы бөлінеді: шоғырлы аймақтан глюкокортикоидтар (гидрокортизон, кортизон және кортикостерон), шумақтыдан – минералокортикоидтар (альдостерон, дезоксикортикостерон), торлы аймақтан – жыныс гормондары (андрогендер, эстрогендер, прогестерон).

Глюкокортикоидтар бауырда глюкоза түзілуін ынталандыру арқылы, қандағы қант мөлшерін жоғарылату қабілетіне қарай осылай аталған. Бұл әсері белоктар ыдырауы күшейгенде аминқышқылдарынан глюкозаның түзілуі - глюконеогенез процесінің нәтижесінде дамиды. Одан өзге әсері майдың қордан шығарылуы жоғарылатып оны АТФ түзуге қолдану.

Глюкокортикоидтар және АКТГ жүйке жүйесіне де әсер етеді (қоздырады, ұйқысыздық, эйфорияға алып келеді).

Минералокортикоидтар организмде минералдар және су алмасуын реттейді. Белсенділігі жоғары гормон альдостерон. Альдостеронның әсерінен бүйрек түтікшелерінде натрий реабсорбциясы артады және калий реабсорбциясы төмендейді, ал бұл өз кезегінде организмде натрий мен хлордың ұсталуына және калий мен сутек иондарының сыртқа шығарылуының артуына алып келеді. Сонымен қатар қан тамырлар тонусын реттейді және артериалық қысымды жоғарылатады.

Глюкокортикоидтар және минералокортикоидтар бөлінуін реттеуге гипоталамус және гипофиз қатысады ( АКТГ түзу арқылы). АКТГ-ның өндірілуі қандағы кортикоидтардың деңгейіне байланысты (теріс кері байланыс механизмі арқылы) және гипоталамустық рилизинг-гормонға.

Қыртыс қабатындағы жыныс гормондары ерте балалық кезеңде жыныс мүшелерінің дамуында және жыныс бездерінің секреторлық қызметінің әлі толық жетілмеген кезінде, екіншілік жыныс белгілерін қалыптастыруда маңызды роль атқарады. Одан басқа, эстрогендер антисклеротикалық әсер етеді (әсіресе әйелдерде). Жыныс гормондары (әсіресе андрогендер) организмде белок алмасуына оның синтезін күшейту арқылы әсер етеді.

Милы қабаты (милы заты) синусоидты капиллярлармен бөлінген ірі дөңгелек немесе көп бұрышты жасушалар жиынтығынан құралған. Бүйрекүсті безінің милы қабаты организмді энергиямен қамтамасыз ететін метаболизмдік әсері бар адреналин және норадреналин өндіреді (катехоламиндер). Организмде негізгі энергия көзі глюкоза болғандықтан, катехоламиндер бауыр мен бұлшық еттерде гликогеннің ыдырауына ықпал етеді. Сонымен қатар, бауырда протеолизді және май тінінде липолизді ынталандырады. Бұл да өз кезегінде организмді энергиямен қамтамасыз етуге көмектеседі. Әсіресе осы көрсетілген метаболизмдік процесстер стресс жағдайларында маңызды роль атқарады. Одан басқа, стресстік факторлар әсерінен катехоламиндердің бөлінуі күшееді, ол өз кезегінде жүрек қызметін күшейтеді, ішкі мүшелердегі қан тамырларын тарылтады және бұлшық еттердегі қан тамырларды кеңейтеді, ас қорыту жолдарының перистальтикасын төмендетеді, бронхтарды кеңейтеді. Осы өзгерістер стресс факторларымен күресу үшін организмге жағдай жасайды.

Катехоламиндердің стресс-реакцияларына қатысуы, милы қабатта гормондар өндірілуі симпатикалық жүйке жүйесінің преганглионарлы талшықтары арқылы реттелуімен байланысты (іш құрсақтық симпатикалық жүйке). Сондай-ақ реттелуі гипоталамустың артқы ядроларының қатысуымен де жүзеге асады.

7.5. Қалқанша безі. Қалқанша безі мойында көмейдің алдыңғы бетінде орналасқан, салмағы 20-30 г. Бездің паренхимасы көпіршіктерден – фолликулдардан тұрады. Әрбір фолликул лимфа және қан тамыр капиллярларының қалың торымен қоршалған. Фолликулдың ішінде қалқанша без гормонынан тұратын қою және сілемейлі коллоиды бар (тиреоглобулин). Фолликулдардың қабырғасында тироциттер мен базальды мембрана арасында, сондай-ақ фолликулдар арасында ірі ақшыл парафолликулярлы жасушалар орналасқан (С-жасушалары).

Қалқанша бездің фолликулдарында аминқышқылы тирозиннен екі йодталған гормон: трийодтиронин (Т3) және тетрайодтиронин (Т4) түзіледі. Парафолликулярлы жасушалардан кальцитонин гормоны түзіледі. Екі типті гормондардың белсенділігінде, өндірілуінің реттелуінде айырмашылықтары бар.

Тиреоидты гормондардың қандағы деңгейі тұрақты, бірақ гипофиздің тиреотропты гормонының бөлінуі ұйқтау алды сағаттарында артады, ал түнгі уақытта біртіндеп төмендейді. Сонымен қатар, маусымдық температуралық өзгерістерге байланысты гормонның белсенділігі өзгеріп отырады.

Тиреоидты гормондар дамушы жасушалардың дифференциялануына қатысады, ал дифференцияланған жасушаларда зат алмасуын реттейді. Әсіресе бұл гормондардың транскрипция и трансляция процестеріне қатысуы организм үшін маңызды (жасушалар дифференциялануы және белок синтезі). Адам неғұрлым жас болған сайын, гормонның маңызы арта түседі. Бұл гормон жеткіліксіздігі кезінде көрініс береді. Эмбриональдық немесе ерте постнатальды кезеңде қалқанша безінің гипофункциясы ми дамуының кешеуілдеуімен (кретинизм) және бойының өспеуімен көрініс береді. Ересек адам организмінде тироксин өндірілуінің бұзылуы зат алмасу процесстерінің бұзылысымен, жылу өндіру процесстерінің өзгеруімен көрінеді (калоригенді әсері): гипофункциясында – науқас тоңады, гиперфункциясында – жылу өндірілу артады.

Тирокальцитонин гормоны (кальцитонин) қалқанша безде С-жасушаларымен өндіріледі және организмде кальций алмасуын реттейді. Қанда кальций концентрациясы жоғарылағанда, кальцитонин секрециясының күшеюі әсерінен сүйектерде кальций мөлшері артады. Басқаша айтқанда, бұл гормон сүйектердің минералдануына жағдай жасайды, қандағы кальций мөлшерін төмендетеді, сол арқылы организмде кальций қорын сақтайды. Ол қалқанша маңы бездерінің гормоны - паратгормонға антогонист.

7.5. Қалқанша маңы бездері. Кішкентай екі жұп без (жоғарғы және төменгі) қалқанша безі бөліктерінің артқы бетінде орналасқан. Олардың жалпы салмағы

0,1-0,35 г. Қалқанша маңы бездерінде белоктық паратгормон түзіледі (ПТГ), ол қалқанша безінің кальцитонин гормонының антагонисті ретінде организмде кальций мен фосфор мөлшерін төмендетеді. Қан плазмасындағы кальций концентрациясының төмендеуі бөлінуін, ал жоғарылауы – синтезделген гормонның ыдырауына алып келеді. Кальций концентрациясының төмендеген кезінде паратгормонының синтезінің жоғарылауы қалқанша маңы бездері жасушаларының пролиферациясының ынталануына байланысты. Сондықтан бездің кез-келген созылмалы тітіркенуі кезінде оның гипертрофиясы дамиды. ПТГ бөлінуінің ынталануы катехоламиндер әсерінен де болады (кальций деңгейі төмен болса да).

7.6. Ұйқы безі. Ұйқы безі аралас бездерге жатады. Мұнда ас қорыту сөлі түзілуімен қатар, қанға бөлінетін гормон да түзіледі. Бездің эндокринді бөлімі капиллярларға бай жасушалар шоғырынан құралған диаметрі 100-300 мкм панкреастық аралшықтардан тұрады. Аралшықтардың жалпы саны 1-2 млн. Аралшық жасушалары мембранамен жабылған көптеген түйіршіктерден тұрады. Оның ішінде көп бөлігін инсулин бөліп шығаратын бета-жасушалары (60-80%) құрайды. Сонымен қатар, глюкагон өндіретін альфа-жасушалары (10-30%), және соматостатин өндіретін дельта-жасушалары (около 10%) бар.

Инсулин – қанда глюкоза деңгейін реттейтін полипептид. Инсулин өндірілуін ынталандыратын негізгі фактор глюкоза және аз мөлшерде манноза мен лейцин. Инсулиннің түзілуіне – СТГ, глюкагон, адреналин гормондары да әсер етеді. Инсулиннің қанға бөлінуі глюкоза деңгейінің төмендеуіне алып келеді. Инсулиннің әсер ету механизмі жасуша мембранасындағы рецептормен байланысуымен анықталады. Рецепторлардың жиілігі, гормондардың рецепторға байланысы секілді тұрақты емес. Сонымен, рецептордың инсулинге сезімталдығы ашыққан кезде жоғарылайды, ал гормонның қандағы концентрациясы жоғарылағанда керісінше күрт төмендейді.

Гормонның негізігі әсер ету механизмі, глюкозаның трансмембраналық тасымалын күшейту арқылы, жасушалармен глюкозаның жұмсалуын арттыру, сәйкесінше ол глюкозаның қандағы концентрациясының төмендеуіне алып келеді. Бұл әсер әсіресе бауыр мен қаңқа бұлшық еттерінде көрініс береді. Бауырда инсулин глюкозадан гликогеннің түзілуін арттырады, ал егер жоғары концентрацияда болса гликогенді ыдырататын ферменттің әсерін тежейді. Гормонның бауырға әсері тамақ қабылдаған соң күшееді, оның арқасында глюкоза қаннан тез арада қорға өтеді. Бауыр жасушаларында гликоген мөлшері артып кетсе, инсулиннің әсерінен глюкозадан май түзіледі. Қаңқа бұлшық еттеріне түскен гликоген түзуге (егер бұлшық ет жиырылмаса) немесе бұлшық ет жұмысы кезінде АТФ түзу үшін пайдаланылады.

Инсулиннің жеткіліксіз өндірілуі қант диабеті ауруына алып келеді. Бұл жағдайда глюкозаның жасушаға түсуінің бұзылуына байланысты тіндер қаннан глюкозаны толық мөлшерде ала алмайды да, глюкоза көп мөлшерде қанда жиналады (гипергликемия) және несептің құрамында глюкоза пайда болады.

Глюкагон инсулиннің негізгі физиологиялық антагонисті болып табылады да, оның бұл әсері инсулин жеткіліксіздігі кезінде көрініс береді. Глюкагон бауырға гликогеннің ыдыратуын ынталандыратын (гликогенолиз) фактор ретінде әсер етіп, тез арада қандағы глюкоза концентрациясын арттырады. Осы гормонның әсерінен белок пен липид ыдырауы ынталанып, түзілуі тежеледі.

Аралшықтың дельта-жасушаларынан түзілетін полипептид соматостатиннің жартылай ыдырау кезеңі өте қысқа (5 минутқа жақын). Инсулиннің бөлінуін ынталандыратын факторлар соматостатин бөлінуіне де әсер етеді. Бұл гормон инсулин, глюкагон, және өсу гормондарының бөлінуін тежейді. Бұл гормонның негізгі әсері де осымен байланысты.

Сонымен, Лангерганс аралшығындағы жеке жасушалар арасында тығыз байланыс бар: инсулин альфа-жасушалардың секреторлық белсенділігін төмендетеді, глюкагон бета- және дельта-жасушалардың секрециясын ынталандырады, ал соматостатин альфа- және бета-жасушалардың белсенділігін тежейді.

7.7. Айырша без(тимус). Тимус төс сүйегінің жоғарғы бөлігінің артқы жағында орналасқан. Жыныстық жетілу кезеңінде тимус максимальды өлшемге жетеді (орташа 37,5 г). 16 жастан кейін тимустың массасы біртіндеп кішірееді ( 50-60 жасқа жеткенде шамамен 13-14 г), бірақ ол қартайған кездің өзінде де толық жойылып кетпейді.

Тимус бірнеше гормондар өндіреді: тимозин, тимопоэтин I, тимопоэтин II және тимустық гуморальды фактор. Оның реттелуі гипоталамо-адрено-гипофизарлы жүйе арқылы жүреді.

Гормондар, оның ішінде тимозин, организмнің қорғаныстық иммунологиялық реакцияларының дамуында үлкен роль атқарады. Олар бөгде денеге организмнің реакциясын қамтамасыз ететін антиденелердің түзілуін ынталандырады. Тимопоэтиндер лейкоциттердің түзілуін ынталандырады. Біз білетіндей, сүйек миының дифференцияланбаған бағаналы жасушалары қан арнасы арқылы тимусқа келеді де осы жерде көбейіп, жасушалық иммунитетке жауапты Т-тәуелді лимфоциттерге дифференцияланады.

7.8. Эпифиз. Эпифиз (сүйелді дене) ортаңғы мидағы төрт төмпешіктің жоғарғы төмпешіктерінің арасындағы жүлгеде орналасқан және аяқшалары арқылы екі таламусқа да жалғанған. Ол дөңгелек пішінді, массасы 0,2 г. аспайды.

Эпифизге тән негізгі әсер, инкреторлы процеске көздің торлы қабатынан түсетін нерв импульсін трансформациялау қабілеті. Эпифизде бірнеше биологиялық белсенді заттар түзіледі, оның ішінде екі маңызды зат: серотонин және оның туындысы - мелатонин (екі қосылыс та триптофан аминқышқылынан түзіледі). Мелатонин мен серотонин қан тамыр жүйесі және ми сұйықтығы арқылы гипоталамусқа түседі, бұл жерде ол рилизинг-гормондардың түзілуіне ықпал жасайды. Одан басқа, мелатонин гипофизге тікелей тежеуші әсер етеді: оның әсерінен гонадотропиндердің, өсу гормонының, тиреотропты гормонның, АКТГ-ның түзілуі тежеледі.

Эпифиз белсенділігі көру сенсорлы жүйесі жолдары арқылы жарықтанумен ғана реттелмейді, сонымен қатар жоғарғы мойын симпатикалық түйіндерінің преганглионарлы талшықтарымен де реттелу жүреді. Соңғысының талшықтарының бір бөлігі эпифиз жасушаларына дейін жетеді. Осы жолмен жарық мелатонин түзілуін тежейді, нәтижесінде серотонин бөлінуі артады. Керісінше, қараңғыда мелатонин түзілуі артады. Сондықтан тәуліктік мелатониннің 70%-ға жуығы 23-тен 7-ге дейін түзіледі. Мелатониннің бөлінуі стресс кезінде де артады.

Мелатониннің жыныс гормондарының өндірілуіне ұстап тұрушы әсері, ер балдарда жыныстық жетілу алдында оның қандағы деңгейінің бірденнен төмендеп кетуімен көрініс береді. Оңтүстік аймақтарда тәуліктің жарық бөлігі көп болғандықтан, бұл аймақтағы жеткіншектерде жыныстық жетілуінің ерте жастан басталуы осымен байланысты болса керек. Бірақ эпифиз ересек адамдардың жыныс гормондарының деңгейіне де әсер етуін жалғастыра береді. Сонымен, әйелдерде мелатонин деңгейінің артуы етеккір циклы кезінде байқалады, ал азаюы- овуляция кезінде. Эпифиздің мелатонин синтездеуші қызметі төмендегенде, жыныс гормондарының қызметі артады.

Эпифиз гормондарының жоғарыда көрсетілген гипоталамо-гипофизарлы жүйе гормондарының өндірілуіне көрсететін әсерінің арқасында, эпифиз организмде «биологиялық сағат» ролін атқарады. Гонадотропты гормондардың, өсу гормонының, кортикотропты және т. б. гормондардың циркадтық (тәуліктік) және маусымдық ритмі көп жағдайда осы гормонға байланысты.

7.9. Жыныс бездері. Ерлер жыныс бездері (ұрық өзегі) – жұп мүше, ұма қалтасында орналасқан. Оның артқы жағына аталық қосымшалары жалғасқан.

Аталық без тығыз дәнекертінді қабықпен қапталған, ішке қарай радиальды бағытта мүшені бірнеше бөлікке бөлетін (100-300) қапталдары бар. Әр бөлігінде ұзындығы 50-80 см 1-2 шәует иірім түтіктері орналасқан және олар сперматогенді эпителимен қапталған. Осы жерде сперматогенез процесі жүреді. Сперматогенді эпители жасушалары арасында Сертоли тірек жасушалары бар. Аталық без қосымшасы жетілген сперматозоидтарға толған түтікшелерден тұрады. Бұл сперматозоидтар қосымшаның шығарушы өзегі арқылы ұрық шығарғыш өзекке келіп құйылады. Шәует түтіктерінің арасында жыныс гормондарын өндіретін Лейдиг жасушалар шоғыры орналасқан.

Әйел жыныс бездері (аналық бездер) – бұл да жұп мүше, ерлер аталық бездері сияқты екі қызмет атқарады: сыртқы секрециялық (аналық жасушаларды түзу) және ішкі секрециялық (гормондар өндіру). Аналық бездің екі ұшы бар: жоғарғы (түтіктік), жатыр түтігіне қараған, және төменгі (жатырлық), аналық бездің меншікті байламы көмегімен жатырмен байланысқан. Аналық без бір қабатты куб тәрізді эпителимен қапталған, оның астында дәнекертіндік қабат бар. Бұл қабаттың ішінде дәнекер тіннен құралған қыртысты заты орналасқан. Қыртысты затта біріншілік, өсіп келе жатқан (жетілетін), кері дамуға ұшыраған (атретикалық) фолликулдар және сары дене орналасқан. Аналық жасушасы бар біріншілік фолликула өседі. Бұл кезде әйел жыныс гормондарын өндіретін фолликулярлы эпители жасушалары қарқынды түрде көбееді. Фолликул пісіп жетілгеннен кейін аналық жасуша шығады (овуляция), ал оның орнында сары дене түзіледі. Аналық бездің милы заты дәнекер тіннен құралған, бұл жерден қан тамырлары мен жүйке талшықтары өтеді.

Жыныс гормондары. Жыныс гормондары өздерінің әсер етуіне байланысты кең спектірлі метоболизмдік гормонға жатады. Ол әртүрлі ағза мен жүйелердің жасушаларына әсер ететін және кейбірлері морфогенетикалық әсерге ие. Алайда бұл гомондардың көбісі нысана мүшеге әсер етеді. Әдетте бұл мүшелерге ұрпақ жалғастыратын мүшелер жатады. Құрылысына қарай жыныс гормондары стероидті және пептидті болып 2 класқа жіктеледі. Гормондардың көбісі стероидтар, олар жасуша ішіне еніп трансляция және транскрипция үрдісіне қатысады.

Құрылысының метоболизммен байланысының әсерінен стероидты гормондар бір түрден келесі түрге ауыса алады. Бұл үрдіс тек жыныс бездеріне ғана емес бауыр, май және нерв тіндерінде болады. Атауының ерлер және әйелдер деп бөлінуі тек олардың гонадаларында бір гормон екінші гормонға қарағанда көбірек өндірілуімен байланысты. Жыныс жасушаларындағы жыныс гормондарын стимульдеуші бұл гипофиздегі ЛГ ФСГ, бұлардың бөлінуі өз кезегінде гипоталамуста басқарылады. Алайда қандағы жыныс гормондарының деңгейі кері байланыс жүйесімен реттеледі, яғни қанда гормон деңгейі төмен болса –төмендеген, жоғары болса-төмендеген.

Андрогендер-еркек жыныс гормоны. Олар біріншілік және екіншілік жыныстық белгілер дамуына қатысады. Олар тоқтаусыз бөлінеді, бірақ тәуліктік және мезгілдік өзгерістер болуы мүмкін. Ең белсенді андроген ол тестостерон, ол ересек ерлерде ұмадағы Лейдиг жасушаларында орташа жылдамдығы 7мг\тәулік жиілігімен бөлінеді. Ұманың ерекшелігі ондағы гематотестикулярлы барьердің болуы. Оның қызметі гематоэнцефалық барьермен бірдей-осы бездің қызметін бұзатын субстанциялардың қаннан түсуін тежеу. Лейдиг клеткасынан түзілетін тестостерон синтезін гипофиздегі ЛГ басқарады.

Сертоли жасушаларында аз мөлшерде 5-α-дигидротестостерон бөлінеді. Бұл фолликула ынталандырушы гормон (ФЫГ). Осының әсерінен андрогеннен эстроген бөлінуі мүмкін. Жұмыртқа жасушасынын өндірілетін эстрогендер ең алдымен андроген бөлуге қатысады. Алайда ерлердің қанында кездесетін эстрогендер ұмада өндірілмейді, көпшілігі май және нерв ұлпаларындағы андрогендердің әсерінен бөлінеді.

Ұманың тағы бір туындысы простогландиндер. Олар ерлер және әйелдердің біріңғай салалы бұлшықеттерінің қоздырушысы болып табылады. Сонымен қатар простогландиндер ФСГ және ЛГ стимульдеушісі.

Эстрогендер -әйел жыныс гормондары. Оларда андрогендер секілді әйелдердегі біріншілік және екіншілік жыныстық жетілуге қатысады. Эстрогенді негізгі бөлуші эстрадиол. Ол алдымен плацентада бауырдағы эстроннан эстриолаға айналады. Прогестерон сары дене бөледі, оның негізгі қызметі жүктілікті сақтау, оның гормондары жатыр мен сүт безіне бөлінеді.

Алдымен бауырда метоболизм өнімдері ыдырайды, кейін бүйрек арқылы сыртқа шығарылады, осылайша эстроген және прогестеронның түзіледі. Алайда ересек дені сау әйелдің ағзасында тестостерон бүйрек үсті безінде 1, 2 мг/тәулік бөлінеді, бұл кезде жұмыртқа жасушасынан 0, 2-0, 4 мг/тәулік жуық ғана бөлінеді.

Эстрогендердің стимульдеушісі гипофиздегі ЛГ. Фолликул дамуы мен бірмезетте жұмыртқа жасушасынан прогестеронның бөлінуі ФСГ әсерімен жүреді.

Тәжірибелік сабаққа арналған сұрақтар:

1. Қалқанша без құрылысы мен қызметі. Қызметінің бұзылыстары.

2. Ұйқы безінің эндокринді қызметі. Зат алмасудағы оның гормондарының рөлі. Аралшаларының қыметінің бұзылысы.

3. Қалқанша және қалқанша маңы безінің С- клеткаларының минерал алмасудағы рөлі. Эндокринді қызметінің патологиялық өзгерісі.

4. Бүйрек үсті безінің қызметі мен құрылысы, өмір үшін маңызды ағзаларға оның милық және қыртысты затының маңызы.

5. Жыныс бездері. Қызметтік әсері ерлер мен әйелдер гормонында.

6. Гипаталамо-гипофизарлы жүйе . Гипоталамус пен гипофиздің қызметінде нейрондардың байланысы. Гипофиздің гормональді бұзылыстары.

7. Эпифиздің ішкі секрециясы.

Дайындық сұрақтары:

1. Қалқанша бездің гормондары

2. Ағзадағы минерал алмасуын реттейтін гормон

3. Бүйрек үсті безінің милы және қыртысты бөлігінің гормондары қандай қызметті реттейді.

4. Ағзадағы қызметті реттеуде ерлер мен әйелдер гормонының рөлі.

5. Гипофиз гормонының физиологиялық маңызы.


Тест тапсырмалары

1.Ауыз қуысы мен асқазанның рецепторларынан шығатын афферентті импулсьтердің нәтижесінде пайда болатын тойыну кезеңі аталады:

A. метаболикалық

B. шынайы

C. гуморальдық

D. сенсорлық

E. алмасулық

2. Сілекейдегі бактериоцидтік қасиетке ие:

A. лизоцим

B. альфа–амилаза

C. альфа–глюкозидаза

D. муцин

E. липаза

3. Асқазанның басты жасушалары синтездейді:

A. шырышты

B. тұз қышқылын

C. пепсиногендерді

D. гастринді

E. амилазаны

4. Өттің (холекинез) он екі елі ішекке шығуы жүреді:

A. үздіксіз

B. ас қабылдау кезінде

C. асқазан жиырылған кезде

D. қандағы қант мөлшеріне байланысты

E. қандағы оттегінің құрамына байланысты

5. Өттің шығуы мен құрамын тексеру үшін қолданылатын тәсіл:

A. рН–метрия

B. мастикациография

C. дуоденаллды зондтау және холецистография

D. гастроскопия

E. дуоденоскопия

6. Қанға тағам гидролиздік өнімдерінің түсуімен байланысты тойыну сатысы аталады:

A. сенсорлық

B. біріншілік

C. алмасулық

D. секреторлық

E. реттеулік

7. Құсу рефлексін шақыратын рецепторлар орналасқан:

A. тілдің екі бүйірінде

B. тілдің түбірінде

C. тілдің алдыңғы үштен бірінде

D. тілдің ортанңғы үштен бірінде

E. тілдің ұшында

8. Асқазан сөліндегі пепсин гидролиздейді:

A. майларды

B. көмірсуларды

C. белоктарды

D. мукополисахаридтерді

E. гистаминді

9. Панкреастық сөл:

A. қанға қарағанда қышқылдырақ реакцияға ие

B. құрамында трипсин, липаза, амилаза бар

C. өт қышқылының жоғары концентрациясына ие

D. билирубиннің жоғары концентрациясына ие

E. тікелей аш ішекке құйылады

10. Өт пигменттері өндіріледі:

A. холестериннен

B. гемоглобиннен

C. өт қышқылдарынан

D. лецитиннен

E. муциннан

11. Аш ішекте крахмал мен гликогеннің қорытылуы басталады:

A. трипсиннің әсерінен

B. липазаның әсерінен

C. амилазаның әсерінен

D. энтерокиназаның әсерінен

E. карбоксипептидазаның әсерінен

12. Қандағы глюкозаның қалыпты мөлшері (ммоль/л):

A. 6,6–7,7

B. 3,3–5,5

C. 2,1–3,2

D. 0,5–1,5

E. 8,2–10,3

13. Аштық сезімін туындататын тағам орталығының негізгі құрылымы орналасқан:

A. шүйделік қыртыста

B. гипоталамуста

C. сопақша мида

D. ортаңғы мида

E. құйрықты ядрода

14. Симбиоттық асқорыту сипатталады:

A. азық-түліктің құрамындағы ферменттердің көмегімен іске асырылады

B. макроорганизмде өндірілетін ферменттердің көмегімен іске асырылады

C. ішек микробтарының өндіретін ферменттерінің көмегімен іске асырылады

D. қабырғалық ас қорытумен

E. жасушаішілік лизосомалық ферменттердің көмегімен

15. Асқорыту жүйесінің асқорытулық қызметтеріне жатады, тек біреуінен басқасы:

A. моторлық

B. тағамның химиялық өңделуі

C. эндокриндік

D. секреторлық

E. сіңірулік

16. Қайда орналасқан рецепторлар тітіркенгенде, жұту рефлексі іске асырылады:

A. тілдің бүйірлерінде орналасқан

B. тілдің алдыңғы жағындағы үштен бірінде

C. тілдің түбірінде

D. тілдің ортасындағы үштен бірінде

E. тілдің ұшында

17. Гастриннің жоғары секрециясы шақырады:

A. асқазан сөлі қышқылдығының төмендеуін

B. асқазан сөлі қышқылдығының жоғарылауын

C. гипергликемияны

D. гипогликемияны

E. асқазан моторикасының төмендеуін

18. Ұйқы безі он екі елі ішектің қуысына бөледі:

A. глюкагонды

B. инсулинді

C. соматостатинді

D. трипсиноген, химотрипсиногенді

E. бомбезинді

19. Өттің әсерінен сіңіріледі:

A. моносахаридтер

B. белок гидролизінің өнімдері

C. липидтер мен майда еритін витаминдер

D. минеральдық тұздар

E. қант

20. Тоқ ішектегі жасымықтардың (клетчатканың) гидролизі қандай құрылымның ферментінің әсерінен туындайды:

A. ішек сөлінің

B. ұйқы безінің

C. энтероциттердің

D. ішек микрофлорасының

E. асқазан сөлінің

21. Асқазан сөлінің секрециясын ынталандырғанда асқазаннан қанға өтеді:

A. көбірек бикарбонаттар

B. көбірек сутек иондары

C. бұл иондар тең арақатынаста

D. Clˉ иондары

E. натрий иондары

22. Адамға тән негізгі асқортыудың түрі:

A. аутоликалық

B. симбионттық

C. өзіндік

D. қабырғалық

E. лизосомальдық

23. Асқорытулық емес қызметтер, тек біреуінен басқасы:

A. экскреторлық

B. иммундық

C. эндокриндік

D. астың химиялық (гидролиз) өңделуі

E. эритропоэздің реттелуі

24. Шайнау орталығы орналасқан:

A. қыртыстың шүйде бөлімінде

B. гипоталамуста

C. жұлынның артқы мүйіздерінде

D. сопақша мида

E. төрт төмпешіктің төменгілерінде

25. Асқазаннан тұз қышқылының секрециясын төмендетеді:

A. гастрин

B. соматостатин мен секретин

C. гистамин

D. парасимпатикалық әсерлер

E. еттің сорпасын қабылдау

26. Ұйқы безінің ферменттері:

A. тек панкреастық сөлге секрецияланады

B. тек белоктарды ғана гидролиздейді

C. қанға аз ғана мөлшерде секрецияланады (инкрецияланады)

D. негізінен қабырғалық ас қорытуға қатысады (мембраналық асқорытуда)

E. тек майларды ғана гидролиздейді

27. Хиломикрондар мен жоғары тығыздықты липопротеиндер энтероциттерден тікелей сіңіріледі:

A. қанға

B. лимфаға

C. ликворға

D. синовиальдық сұйықтыққа

E. плевральдық сұйықтыққа

28. Дуоденальдық зондтау кезінде анықталған өттің ең қою порциясындағы лейкоциттердің оғары болуы қай құрылымның қабынуын сипаттайды:

A. бауырішілік өт жолдарының

B. өт қабының

C. он екі елі ішектің

D. ұйқы безінің

E. бауырдың

29. Белоктық алмасуға тереңірек әсер етеді:

A. альдостерон

B. адреналин

C. антидиурездік гормон

D. соматотроптық гормон (СТГ)

E. окситоцин

30. Ішек сөлінің секрециясын ынталандырғанда ішектен қанға сіңіріледі:

A. көбірек бикарбонаттар

B. көбірек сутек иондары

C. бұл иондар тең дәрежеде сіңіріледі

D. Clˉ иондары

E. натрий иондары

31. Аштық орталығы орналасқан:

A. сопақша мидағы кезбе нервтің ядроларында

B. ортаңғы мидың қызыл ядроларында

C. таламустың релейлік ядроларында

D. гипоталамустың латеральдік ядроларында

E. үлкен жарты шарлардың желке қыртысында

32. Сілекей бөлу орталығы орналасқан:

A. гипоталамуста

B. ортаңғы мида

C. сопақша мидың VII және IX жүйкелерінің ядроларында

D. таламуста

E. мидың шүйде бөлімінде

33. Жұту орталығы орналасқан:

A. С3–5 деңгейіндегі жұлынның алдыңғы мүйіздерінде

B. сопақша мида

C. гипоталамустың вентромедиальдық ядроларында

D. ортаңғы мидағы төрт төмпешіктің төменгілерінде

E. мидың шүйделік қыртысында

34. Асқазанға симпатикалық әсерлер:

A. тұз қышқылының секрециясын тежейді

B. М–холинорецепторлар арқылы іске асырылады

C. перистальтиканы белсенділейді

D. тұз қышқылының секрециясын белсенділейді

E. Н-холинорецепторлар арқылы іске асырылады

35. Ең қою өт кездеседі:

A. бауыр мен өт қабында

B. өт қабында

C. бауырда

D. аралас өттің құрамында

E. бауыр мен аралас өттің құрамында

36. Аш ішектен көмірсулар мен белоктардың гидролиздік өнімдері сіңіріледі:

A. лимфаға

B. ликворға

C. қанға

D. синовиальдық сұйықтыққа

E. плевральдық сұйықтыққа

37. Дуокрининнің өндірілетін орны мен жасушаларын көрсетіңіз:

A. Асқазанның антральді бөліміндегі G-жасушалары

B. Азқазан мен аш ішектің проксимальді бөліміндегі Р-жасушалары

C. Аш ішектің S-жасушалары

D. Аш ішектің І-жасушалары

E. Аш ішектің ЕС1-жасушалары

38. Бомбезиннің физиологиялық әсерлері:

A. Гастриннің секрециясын ынталандырады, өт қабының жиырылуын және ұйқы безінен ферменттердің, энтероглокагонның шығуын күшейтеді

B. Холецистокинин-панкреозиминнің антагонисті, аш ішектің, ұйқы безі мен бауырдың пролиферациясын қамтамасыз етеді; көмірсулар мен липидтердің алмасуына қатысады

C. Асқазан сөлінің мөлшерінің және сөлдегі қышқылдықты бәсеңдетеді

D. Асқазан секрециясы мен моторикасын тежейді

E. Ішектің моторикасын, сілекейдің шығуын күшейтеді, инсулиннің босауын тежейді

39. Секретиннің физиологиялық әсерлерін табыңыз:

A. Ұйқы безінен бикарбонаттар мен судың секрециясын, бауырдың, Бруннер бездерінің, пепсиннің секрецияларын күшейтеді; асқазанның секрециясын тежейді

B. Асқазанның белсенділігін тежейді, асқазан сөліндегі К+ санын төмендетіп, Са2+ санын арттырады, асқазан мен ішектің моторикасын тежейді

C. Ұйқы безінің ферменттерінің секрециясын тежейді, гастриннің босауын, асқазан моторикасын күшейтеді

D. Холецистокининнің әсерін тежейді, қан тамырлар мен өт қабының бірыңғай салалы еттерін босаңсытады

E. Инсулин мен глокагонның шығуын тежейді

40. Холецистокинин-панкреозиминнің (ХЦК-ПЗ) өндірілетін орны мен жасушаларын көрсетіңіз:

A. Аш ішектің І-жасушалары

B. Аш ішектің ЕС1-жасушалары

C. Ұйқы безінің Д2-жасушалары

D. Аш ішектің К-жасушалары

E. Аш ішектің дистальді бөліміндегі N-жасушалары

41. Энтероглокагонның физиологиялық әсерлерін табыңыз:

A.Асқазанның секреторлық белсенділігін тежейді, асқазан сөліндегі К+ санын төмендетіп, Са2+ санын арттырады, асқазан мен ішектің моторикасын тежейді

B. Ұйқы безінің ферменттерінің секрециясын тежейді, гастриннің босауын, асқазан моторикасын күшейтеді

C. Аш ішек бүрлерінің ырғақты жиырылуын ынталандырады

D. Көмірсулардың қанға шығуын қамтамасыз етеді, асқазан мен ішектердің секрецияларын, асқазан мен ішектердің моторикасын тежейді

E. Асқазаннан тұз қышқылының өндірілуін тежейді, пепсиннің шығуын ынталандырады, ұйқы безінің секрециясын, өттің бөлінуін, ішек секрециясын белсенділейді

42. Мотилиннің өндірілетін орны мен жасушаларын көрсетіңіз:

A. Аш ішектің проксимальды бөлігіндегі ЕС2 - жасушалары

B. Аш ішектің ЕС1- жасушалары

C. Аш ішектің проксимальды бөлігіндегі және ұйқы безіндегі L-жасушалары

D. Ұйқы безіндегі Д2 –жасушалары

E. Аш ішектің S-жасушалары

43. Гастроингибирлеуші пептидтің (ГИП) физиологиялық әсерлері:

A. Тұз қышқылы мен пепсиннің шығуын, гастриннің босауын, асқазан моторикасын тежейді, тоқ ішек секрециясын қоздырады

B. Ішектердің моторикасын, сілекейдің бөлінуін күшейтеді, инсулиннің шығуын тежейді

C. Асқазанның секреторлық белсенділігін тежейді, асқазан сөліндегі К+ санын төмендетіп, Са2+ санын арттырады, асқазан мен аш ішектің моторикасын тежейді

D. Ұйқы безінің ферменттерінің cекрециясын тежейді, гастриннің шығуын күшейтеді, асқазан моторикасын қоздырады

E. ХЦК-ПЗ антагонисті, ішектердің кілегей қабатының, ұйқы безі мен бауырдың пролиферациясын күшейтеді

44. Асқазандағы тұз қышқылының секрециясының тежелуі, глюкагонның шығуының күшеюі қай гормонның физиологиялық әсеріне сай келеді:

A. Нейротензиннің

B. Энкефалиннің

C. Гастриннің

D. Мотилиннің

E. Р-субстанциясының

45. Ұйқы безі ферменттерінің секрециясы тежелуі, гастриннің шығуының күшеюі, асқазан моторикасының қозуы қай гормонның физиологиялық әсеріне сай келеді:

A. Энкефалиндердің (эндорфиндердің)

B. Гастриннің

C. Гастронның

D. Энтероглюкагонның

E. Мотилиннің

46. Аш ішектің ЕС1-жасушасынан өндірілетін гормон:

A. Р-субстанциясы

B. ХЦК-ПЗ

C. Энкефалиндер

D. Панкреасты полипептид

E. Дуокринин

47. Он екі елі ішектің ЕС1-жасушасынан өндірілетін гормон:

A. Вилликинин

B. Инсулин

C. Гистамин

D. Мотилин

E. Гастрон

48. Энтероглюкагонның физиологиялық әсерлері табыңыз:

A. Асқазанның секреторлық және моторлық белсенділігін тежейді

B. Заттардың жасуша мембраналарынан транспортталуын ынталандырады, глюкозаның жұмсалуын және гликогеннің түзулін қамтамасыз етеді

C. Асқазан секрециясының мөлшерін және асқазан сөліндегі қышқылдықты төмендетеді

D. Асқазаннан пепсиннің секрециясын және ұйқы безінің секрециясын қоздырады, асқазанның эвакуациясын жеделдетеді

E. Ұйқы безі ферменттерінің секрециясын тежейді, гастриннің шығуын күшейтеді, асқазанның моторикасын қоздырады

49. Серотонин өндіретін жер мен жасушаларды көрсетіңіз:

A. Асқорыту түтігі ЕС1, ЕС2-жасушалары

B. Он екі елі ішек ЕС1-жасушалары

C. Аш ішектің І-жасушалары

D. Аш ішектің S-жасушалары

E. Ұйқы безінің Д2-жасушалары

50. Асқазан мен ұйқы безі сөлдерінің шығуын ынталандыратын, капиллярларды кеңейтетін, асқазан мен ішектердің моторикасына белсенділік беретін гормонды анықтаңыз:

A. Гистамин

B. Вилликинин

C. Гастрин

D. Энтероглюкагон

E. ХЦК-ПЗ

51. Көмірсуларды белсенділейтін, асқазан мен ұйқы безінің секрецияларын тежейтін, асқазан мен ішектердің мотрикасын тежейтін гормон:

A. Глюкагон

B. Серотонин

C. Соматостатин

D. Вазоактивті интестинальды пептид (ВИП)

E. ХЦК-ПЗ

52. Бульбогастронның өндірілетін орны мен жасушалары:

A. Асқазанның антральды бөлігіндегі G-жасушалары

B. Аш ішектің дистальды бөлігіндегі N-жасушалары