Тақырып. Экономикалық дамудың ауытқымалы болуы макроэкономика заңдылығы ретінде

1. Экономикалық цикл, циклдың кейнстік, неокейнстік және монетарлық тұжырымдамалары.

2. Қазіргі циклдық дамудың ерекшеліктері, ұзын толқындар.

Негізгі сөздер: Экономикалық кезең (цикл), дағдарыс, өрлеу, депрессия, тірілу

1. Тұрақсыздық нарықтық экономикаға тән сипаттардың бірі. Оған экономикалық циклды қалыптастыратын өрлеу де, құлдырау да тән. Экономикалық дамудың циклдық заңдылықтарын зерттеу-макроэкономикалық талдаудың құраушы бөлігінің бірі болып табылады. Көптеген зерттеуші экономистер осы рыноктық экономиканың циклдық ауытқуының құпиясы неде деген сұраққа жауап іздеді. Ал, экономикалық цикл дегеніміз-бұл экономикада қысқа және ұзақ мерзім аралығындағы өндіріс, жұмысбастылық және табыс мөлшері деңгейінің үнемі ауытқып отыруы. Экономикалық циклдың болуының себептері: автономды инвестициялардың таусылуы, ақша массасының ауытқуы, негізгі капиталдың жаңартылуы, мултипликатор әсерінің әлсіреуі және көптеген экономистердің пікірлері бойынша ең маңызды себеп – тұтыну мен инвестиция арасындағы ауытқудың болуы. Макроэкономикада экономикалық циклдың интегриалды теориясы жоқ, сол себепті түрлі бағыттар мен мектептердің экономистері циклдың болуының себептеріне әртүрлі көзқараспен тоқталады.

К. Маркс экономикалық цикл мәселесіне алғаш көп көңіл бөлген экономист ғалымдардың бірі болып саналады. Ол циклдың бірін-бірі кезектесе алмастырып отыратын негізгі төрт фазасын бөліп қарастырды.

Экономикалық цикл фазалары: дағдарыс, тоқырау, жандану, өрлеу.

Қазіргі экономикалық әдебиеттерде АҚШ-ның экономикалық зерттеулердің ұлттық бюросында жасалған терминалогия бойынша цикл келесідей фазаларды қамтиды: шың немесе бум, рецессия немесе құлдырау, депрессия және жандану. Экономикалық конъюнктураны сипаттау үшін бір қатар экономикалық көрсеткіштер қолданылады (ЖҰӨ, ЖІӨ, жұмыссыздық деңгейі, жеке табыс, өнеркәсіптік өнімдер көлемі, бағалар деңгейі, т.б.).

Цикл барысында экономикалық параметрлердің өзгеруіне байланысты олар проциклдық, контрциклдық және ациклдық болып бөлінеді.

Қазіргі кезде статистиктер мен экономистер экономикалық конъюнктураға толық, нақты болжамдар жасай алмайды, тек оның жалпы тенденциясын ғана анықтай алады. Себебі экономикалық тұрақсыздық пен саяси қақтығыстар кезінде барлық әсер етуші факторларды есепке алу, ұлттық экономикаға халықаралық ортаның ықпалын анықтау қиын және де даму тенденциясын анықтағанның өзінде фазалардың жүру мерзімін нақты атап, экономикалық саясатты сол өзгерістерге қарай бағыттау мүмкін емес.

Қазіргі қоғамдық ғылымда экономикалық циклдардың бірнеше типі белгілі. Олар, әдетте, осы толқындарды зерттеп, ғылымға енуіне негіз болған экономистердің атымен аталады.

 

Циклдар типі Циклдардың ұзақтылығы Негізгі ерекшеліктері
1. Китчин циклі 2-4 жыл Қор мөлшері→ инфляцияның, жұмысбастылықтың, ЖҰӨ-нің ауытқуы,
2. Жугляр циклі 7-12 жыл Инвестициялық цикл→ инфля-цияның, жұмысбастылықтың, ЖҰӨ-нің ауытқуы
3. Кузнец циклі 16-25 жыл Табыс→ иммиграция→ үй құрылысы→жиынтық сұраныс→ табыс
4. Кондратьев циклі 40-60 жыл Техникалық прогресс, құрылымдық өзгерістер
5. Форрестор циклі 200 жыл Энергия және материалдар
6. Тоффлер циклі 1000-2000 жыл Өркениеттің дамуы

 

2. Қазіргі циклдық дамудың ерекшеліктері. ұзын толқындар.

Нарықтық экономикаға тұрақсыздық, көтерілу және құлдырау қасиеттері тән, ол экономикалық кезеңді қалыптастырады және экономиканың кезеңділігін анықтайды. Экономикалық цикл – бұл дағдарыстар арасындағы мерзім және осы кезде оның төрт фазасы ауысады. Экономикалық өсудің кезеңдік ауытқұын Кейнсиан мектебі акселерат принципімен және мультипликационды-акселерациондық механизмнің әрекетімен түсіндіреді.Ағылшын экономисі Дж. Кейнстің ойынша, цикл фазасының алмасуы күрделі қаржы мөлшерімен байланысты, ол пайда мөлшері мен пайыз (%) мөлшері ара-қатынасымен түсіндіріледі. Дағдарыс сонда ғана болады, егер пайда мөлшері (“шекті тиімділік”) пайыз (%) мөлшеріне дейін төмендесе, онда ол мынаған алып келеді: кәсіпкердің өндірісті дамытуға қаржы салу ниеті жойылады. Қазіргі Дж. Кейнстін ізбасарлары - "неокейнстіктер" - мәселен американ экономисі - Пол Самуэльсон былай дейді: нарықтық экономиканың циклдық сыйпаты ұлттық табыстағы тұтыну үлесінің төмендеуімен және акселератор жеделдету іс-әрекетімен түсіндіріледі.

Қазіргі кезде циклдық дамудың өзіндік ерекшеліктері бар. Олар екінші дүниежүзілік соғыстын, ғылыми-техникалық революцияның әсерінен және мемлекеттің экономикалық ролінін өсуімен туындаған. Экономикалық дағдарыстар тым жиіледі және терендей түсті, сонымен қатар депрессия фазасы ұзақтығының ұлғаюымен ерекшеленді. Мұндай құбылыстар 1974-1975-ші және 1980-1982-ші жылдардағы экономикалық дағдарыстар кезеніңде байқалды. Бұл құбылыстар көптеген индустриалды — дамыған елдердің экономикасын қамтыды. Циклдық теорияны жасауда айырықша орынды Николай Дмитриевич Кондратьев (1892-1938) алады. Экономикалық циклдардың 7-11 жылға созылатындығы белгілі болса, бұдан басқада 48-55 жылға созылатын ұзақ циклдардың бар екендігі белгілі бола бастады.