Басқа жеке тұлғалар

 

12-бап. Жеке тұлға ұғымы

Қазақстан Республикасының азаматтары, басқа мемлекеттердiң азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар жеке тұлғалар болып ұғынылады. Егер осы Кодексте басқаша белгiленбесе, бұл тараудың ережелерi барлық жеке тұлғаларға қолданылады.

 

13-бап. Азаматтардың құқық қабiлеттiлiгi

1. Азаматтық құқыққа ие болып, мiндет атқару қабiлетi (азаматтық құқық қабiлеттiлiгi) барлық азаматтарға бiрдей деп танылады.

2. Азаматтың құқық қабiлеттiлiгi ол туған кезден басталып қайтыс болған соң тоқтатылады.

 

14-бап. Азаматтың құқық қабiлеттiлiгiнiң негiзгi мазмұны

Азаматтың Қазақстан Республикасы шегiнде де, одан тыс жерлерде де мүлiктi, соның iшiнде шетел валютасын меншiктенуге; мүлiктi мұраға алып, мұраға қалдыруға; республика аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жер таңдауға; республикадан тыс жерлерге еркiн шығып кетуге және оның аумағына қайтып оралуға; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызметпен айналысуға; дербес өзi немесе басқа азаматтармен және заңды тұлғалармен бiрiгiп заңды тұлғалар құру; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген мәмiле жасасып, мiндеттемелерге қатысу; өнертабыстарға, ғылым, әдебиет және өнер шығармаларына, интеллектуалдық қызметтiң өзге де туындыларына интеллектуалдық меншiк құқығы болуға; материалдық және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқығы болады; басқа да мүлiктiк және жеке құқықтары болады.

 

15-бап. Азаматтың есiмi

2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

1. Азамат тегі мен есімін, сондай-ақ қалауы бойынша - әкесінің атын қоса отырып, өз атымен құқықтар мен міндеттер алады және оларды жүзеге асырады.

2. Заңдар бойынша азаматтардың жасырын түрде құқықтар иеленiп, мiндеттердi жүзеге асыратын жағдайлары немесе бүркеншiк ат (ойдан шығарылған есiмдi) пайдаланатын реттерi көзделуi мүмкiн.

3. Азаматтың туған кезде берiлген есiмi, сондай-ақ есiмiн өзгерту азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы заңдарда белгiленген тәртiп бойынша тiркелуге тиiс.

4. Азамат өз есiмiн заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша өзгертуге құқылы. Есiмiн өзгерту оның бұрынғы есiмiн, жасырып немесе бүркеншiк атпен алған құқықтары мен мiндеттерiн тоқтатуға немесе өзгертуге негiз болмайды.

5. Азамат өзiнiң борышқорлары мен несие берушiлерiне өз есiмiн өзгерткенi туралы хабарлау үшiн қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi және бұл адамдарда оның есiмi өзгертiлгендiгi туралы мәлiметтер болмауынан туған ықтимал зардаптарға тәуекел етедi.

6. Есiмiн өзгерткен азамат өзiнiң бұрынғы есiмiне ресiмделген құжаттарға тиiстi өзгерiстер енгiзiлуiн талап етуге құқылы.

7. Басқа бiр адамның есiмiмен құқықтар мен мiндеттер иеленуге жол берiлмейдi.

8. Азамат өз есiмi оның келiсiмiнсiз пайдаланылған жағдайда, оған тыйым салынуын талап етуге құқылы.

9. Азаматтың есiмiн заңсыз пайдалану нәтижесiнде оған келтiрiлген зиян осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес өтелуге тиiс.

Азаматтың есiмi оның абыройына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн әдiстермен немесе сондай нысанда бұрмаланған не пайдаланылған жағдайда осы Кодекстiң 143-бабында көзделген ережелер қолданылады.

 

2007.12.01. № 224-III ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

16-бап. Азаматтың тұрғылықты жері және заңды мекенжайы

1. Азамат тұрақты немесе көбiнесе тұратын елдi мекен оның тұрғылықты жерi деп танылады.

2. Он төрт жасқа толмаған адамдардың немесе қорғаншылықтағы азаматтардың тұрғылықты жерi олардың ата-анасының, асырып алушыларының немесе қорғаншыларының тұрғылықты жерi болып танылады.

2007.12.01. № 224-III ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды

3. Азаматтың жеке және заңды тұлғалармен, сондай-ақ мемлекетпен қарым-қатынастарында пайдаланатын заңды мекенжайы болады.

Азаматтың тіркелген жері оның заңды мекенжайы болып танылады.

Азаматтарды тіркеу тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайды.

 

17-бап. Азаматтардың әрекет қабiлеттiлiгi

1. Азаматтың өз әрекеттерiмен азаматтық құқықтарға ие болуға және оны жүзеге асыруға, өзi үшiн азаматтық мiндеттер жасап, оларды орындауға қабiлеттiлiгi (азаматтық әрекет қабiлеттiлiгi) кәмелетке толғанда, яғни он сегiз жасқа толғаннан кейiн толық көлемiнде пайда болады.

2. Заң құжаттарында он сегiз жасқа жеткенге дейiн некелесуге рұқсат етiлетiн жағдайда, он сегiз жасқа толмаған азамат некеге тұрған кезден бастап толық көлемiнде әрекет қабiлеттiлiгiне ие болады.

3. Егер заң құжаттарында өзгеше белгiленбесе, барлық азаматтардың әрекет қабiлеттiлiгi тең болады.

 

18-бап. Құқық қабiлеттiлiгi мен әрекет қабiлеттiлiгiнен айыруға және оларды шектеуге жол бермеу

1. Заң құжаттарында көзделген реттер мен тәртiп бойынша болмаса, ешкiмнiң де құқық қабiлеттiлiгi мен әрекет қабiлеттiлiгiн шектеуге болмайды.

2. Азаматтардың құқық қабiлеттiлiгi мен әрекет қабiлеттiлiгiн шектеудiң заң құжаттарында белгiленген шарттары мен тәртiбiнiң немесе олардың кәсiпкерлiк не өзге де қызметпен айналысу құқығының сақталмауы тиiстi шектеудi белгiлеген мемлекеттiк немесе өзге де органның құжатын жарамсыз деп тануға әкелiп соқтырады.

3. Азаматтың құқық қабiлеттiлiгiнен немесе әрекет қабiлеттiлiгiнен толық немесе iшiнара бас тартуы және құқық қабiлеттiлiгiн немесе әрекет қабiлеттiлiгiн шектеуге бағытталған басқа да мәмiлелер жарамсыз болады, бұған мұндай мәмiлелерге заң құжаттарында рұқсат берiлген реттер қосылмайды.

 

ҚР 02.07.97 ж. № 144-I; 24.12.01 ж. № 276-II ; 2008.10.12. № 101-IV (бұр.ред.қара) Заңдарымен 19-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi

19-бап. Азаматтардың кәсiпкерлiк қызметi

1. Азаматтар, осы Кодексте және өзге заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда заңды тұлға құрмай-ақ кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқылы.

2. Жеке кәсiпкерлердi мемлекеттiк тiркеу өз бетiмен тiркелу сипатында жасалады және жеке кәсiпкер ретiнде есепке алынады.

3. Азаматтардың заңды тұлға құрмай-ақ жүзеге асырылатын кәсiпкерлiк қызметiне, егер заңдардан немесе құқықтық қатынастар мәнiнен өзгеше нәрсе туындамайтын болса, тиiсiнше осы Кодекстiң коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғалардың қызметiн реттейтiн ережелерi қолданылады.

4. Мынадай шарттардың бiрiне сәйкес келетiн:

1) жалданбалы қызметкерлердiң еңбегiн тұрақты негiзде пайдаланатын;

2) кәсiпкерлiк қызметтен салық заңдарына сәйкес есептелген, осы баптың 4-1-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде жеке тұлғалар үшiн белгiленген жиынтық жылдық табыстың салық салынбайтын мөлшерiнен артық жиынтық жылдық табыс табатын жеке кәсiпкерлер мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатады.

Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк тiркеусiз аталған жеке кәсiпкерлердiң қызметiне тыйым салынады.

2008.10.12. № 101-ІV ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды

4-1. Қызметкерлердің еңбегін тұрақты негізде пайдаланбайтын жеке тұлға Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мынадай табыстарды алу кезінде дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы:

1) төлем көзінен салық салынатын табыс;

2) мүліктік табыс;

3) өзге де табыстар.

5. Егер жеке кәсiпкер лицензиялануға тиiс қызметтi жүзеге асырса, оның осындай қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензиясы болуы мiндеттi.

Лицензия лицензиялау туралы заңдарда белгiленген тәртiппен берiледi. Қазақстан Республикасының Үкiметi жеке кәсiпкерлерге лицензия берудiң оңайлатылған тәртiбiн белгiлеуге хақылы.

 

20-бап. Азаматтың мүлiктiк жауапкершiлiгi

1. Азамат өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi бүкiл мүлiкпен жауап бередi, бұған заң құжаттарына сәйкес ақы өндiрiп алуға болмайтын мүлiктер кiрмейдi.

2. Азаматтардың ақы өндiрiп алуға болмайтын мүлкiнiң тiзбесi Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiмен белгiленедi.

 

ҚР 02.07.97 ж. № 144-I Заңына сәйкес 21-бап жаңа редакцияда; 02.03.98 ж. № 211-I; 2006.31.01. № 125-III (бұр.ред.қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 21-бап өзгертілді

21-бап. Жеке кәсiпкердiң банкроттығы.

1. Жеке кәсiпкердiң дәрменсiздiгi (осы Кодекстiң 52-бабы) оны банкрот деп тануға негiз болып табылады.

2. Жеке кәсiпкерлiк банкроттығы осы баптың 4 және 5-тармақтарында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, заңды тұлғалар үшін белгiленген ережелер бойынша ерiктi немесе мәжбүрлi тәртiппен танылады. Жеке кәсiпкердi банкрот деп таныған кезден бастап оны жеке кәсiпкер ретiнде тiркеудiң күшi жойылады.

3. Жеке кәсiпкерге банкроттық рәсiмiн қолданған кезде оның кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес мiндеттемелер жөнiнде несие берушiлерi, егер осындай мiндеттемелер бойынша орындау мерзiмi жетсе, өз талаптарын қоюға хақылы. Аталған несие берушiлердiң осындай тәртiппен мәлiмделмеген талаптары, сондай-ақ конкурстық жиынтықтан толық көлемде қанағаттандырылмаған талаптар күшiн сақтап қалады және банкроттық рәсiм аяқталғаннан кейiн жеке тұлға ретiнде борышкерден өндiрiп алуға қойылуы мүмкiн. Бұл талаптардың мөлшерi борышкердiң банкроттығы процесiнде алынған қанағаттандыру сомасына кемiтiледi.

4. Несие берушілердің талаптары қанағаттандырылғанға дейін конкурстық жиынтықтан сот шығыстары, сондай-ақ олар тағайындалған жағдайда конкурстық және оңалтушы басқарушыларға сыйақы төлеу жөніндегі шығыстар өтеледі. Жеке кәсіпкер банкрот деп танылған жағдайда, оған несие берушілердің талаптарын қанағаттандыру соған тиесілі мүлік есебінен мынадай кезектілікпен жүзеге асырылады:

1) бірінші кезекте алимент өндіріп алу жөніндегі талаптар, сондай-ақ өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу жөніндегі талаптар қанағаттандырылады;

2) екінші кезекте еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдарға еңбекақы және өтемақыларды төлеу, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар бойынша берешектерді төлеу жөніндегі, тұлғаның кірісінен ұсталған міндетті зейнетақы жарналарын, сондай-ақ авторлық шарттар бойынша сыйақылар төлеу жөніндегі есеп айырысулар жүргізіледі;

3) үшінші кезекте несие берушілердің жеке кәсіпкерге тиесілі мүлік кепілімен қамтамасыз етілген талаптары қамтамасыз ету сомасы шегінде қанағаттандырылады;

4) төртінші кезекте салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешек өтеледі;

5) бесінші кезекте заңнамалық актілерге сәйкес басқа да несие берушілермен есеп айырысулар жүргізіледі.

5. Банкрот деп танылған борышкер несие берушiлермен есеп айырысып болғаннан кейiн кәсiпкерлiк қызметке байланысты қалған мiндеттемелердi орындаудан босатылады, бұған банкрот деп жарияланған адамның азаматтардың өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жауапты болатын талаптары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жеке сипаттағы өзге де талаптар қосылмайды.

 

22-бап. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандардың әрекет қабiлеттiлiгi

1. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар мәмiлелердi ата-анасының, асырап алушыларының немесе қорғаншыларының келiсiмiмен жасайды. Мұндай келiсiмнiң нысаны заңдарда кәмелетке толмағандар жасайтын мәмiле үшiн белгiленген нысанға сай келуге тиiс.

2. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар өздерiнiң табысына, стипендиясына, өзге де кiрiстерiне және өздерi жасаған интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне өз бетiнше билiк етуге, сондай-ақ тұрмыстық ұсақ мәмiлелер жасасуға құқылы.

3. Жеткiлiктi негiздер болған жағдайда қорғаншылық және қамқоршылық органы кәмелетке толмаған адамның өз табысына, стипендиясына, өзге де кiрiстерiне және өзi жасаған интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне өз бетiнше билiк ету құқығын шектеуi немесе ол құқықтан айыруы мүмкiн.

4. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар осы баптың ережелерiне сәйкес өздерi жасаған мәмiлелер бойынша дербес жауапты болады және өздерiнiң әрекеттерiнен келтiрiлген зиян үшiн осы Кодекстiң ережелерi бойынша жауап бередi.

 

2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 22-1-баппен толықтырылды

22-1-бап. Кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке

қабілетті деп жариялау (эмансипация)

1. Жасы он алтыға жеткен кәмелетке толмаған адам, егер ол еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін болса немесе ата-анасының, асырап алушыларының немесе қамқоршысының келісімімен кәсіпкерлік қызметпен айналысатын болса, толығымен әрекетке қабілетті деп жариялануы мүмкін.

2. Кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау (эмансипация) ата-анасының екеуінің де, асырап алушылардың немесе қамқоршысының келісімімен қорғаншы және қамқоршы органның шешімі бойынша не ондай келісім болмаған жағдайда соттың шешімі бойынша жүргізіледі.

3. Эмансипацияланған кәмелетке толмаған адам, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес ие болу үшін жас шектеуі белгіленген құқықтар мен міндеттерді қоспағанда, азаматтық құқықтарға ие болады және міндеттерді (оның ішінде өзінің зиян келтіруі салдарынан туындаған міндеттемелер бойынша) мойнына алады.

Ата-аналар, асырап алушылар мен қамқоршы эмансипацияланған кәмелетке толмаған адамның міндеттемелері бойынша жауапты болмайды.

 

23-бап. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандардың әрекет қабiлеттiлiгi

1. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар үшiн мәмiлелердi, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың атынан ата-анасы, асырап алушылары немесе қорғаншылары жасайды.

2. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар өздерiнiң жасына лайықты, жасай салып орындалатын тұрмыстық ұсақ мәмiлелердi өз бетiнше жасауға құқылы.

 

24-бап. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының кәмелетке толмағандардың мәмiле жасауына және кәмелетке толмағандар үшiн мәмiле жасауға келiсiмi

Заң құжаттарында кәмелетке толмағандардың мәмiле жасауына және кәмелетке толмағандар үшiн мәмiле жасауға қорғаншылық және қамқоршылық органының алдын ала келiсiмi талап етiлетiн жағдайлар белгiленуi мүмкiн.

 

25-бап. Кәмелетке толмағандардың банкiлерге салымдар салу және салымдарға билiк ету құқығы

1. Кәмелетке толмағандар банкiлерге салымдар салуға және өздерi салған салымдарға дербес билiк етуге құқылы.

2. Он төрт жасқа толмаған кәмелетке толмағандардың атына басқа бiреудiң салған салымдарына олардың ата-анасы немесе өзге де заңды өкiлдерi билiк етедi, ал он төрт жасқа толған кәмелетке толмағандар өздерiнiң атына басқа бiреу салған салымдарға өз бетiнше билiк етедi.

 

26-бап. Азаматты әрекет қабiлеттiлiгi жоқ деп тану

1. Жүйке ауруы немесе ақыл-есiнiң кемдiгi салдарынан өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе не iстегенiн бiлмейтiн азаматты сот әрекет қабiлеттiлiгi жоқ деп тануы мүмкiн, соған байланысты оған қорғаншылық белгiленедi.

2. Әрекет қабiлеттiлiгi жоқ деп танылған азаматтың атынан мәмiлелердi оның қорғаншысы жасайды.

3. Әрекет қабiлеттiлiгi жоқ адам сауығып кеткен немесе денсаулығы едәуiр жақсарған жағдайда сот оны әрекет қабiлеттiлiгi бар деп таниды, бұдан кейiн одан қорғаншылық алынады.

 

27-бап. Азаматтың әрекет қабiлеттiлiгiн шектеу

1. Спирт iшiмдiктерiне немесе есiрткi заттарға салыну салдарынан өзiнiң отбасын материалдық жағынан ауыр жағдайға ұшыратқан азаматтың әрекет қабiлеттiлiгiн сот Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiнде белгiленген тәртiп бойынша шектеуi мүмкiн. Оған қамқоршылық белгiленедi. Ол тұрмыстық ұсақ мәмiлелердi өз бетiнше жасауға құқылы. Басқа мәмiлелер жасауды, сондай-ақ табысын, зейнетақысын және өзге де кiрiстерiн алуды және оларға билiк етудi ол тек қамқоршысының келiсiмiмен ғана жүзеге асыра алады.

2. Азамат спирт iшiмдiктерiне немесе есiрткi заттарға және нашақорлыққа салынуды тоқтатқан жағдайда сот оның әрекет қабiлеттiлiгiне қойылған шектеудiң күшiн жояды. Сот шешiмiнiң негiзiнде азаматқа белгiленген қамқоршылықтың күшi жойылады.

 

28-бап. Азаматты хабар-ошарсыз кеттi деп тану

1. Егер азаматтың тұрғылықты жерiнде ол туралы бiр жыл бойы деректер болмаса, мүдделi адамдардың арызы бойынша сот оны хабар-ошарсыз кеттi деп тануы мүмкiн.

2. Хабар-ошарсыз кеткен азамат туралы соңғы деректер алынған күндi анықтау мүмкiн болмаған жағдайда жоқ адам туралы соңғы деректер алынған айдан кейiнгi айдың бiрiншi күнi, ал бұл айды анықтау мүмкiн болмаған жағдайда келесi жылғы бiрiншi қаңтар хабар-ошарсыз кетудiң басталған күнi деп есептеледi.

 

29-бап. Хабар-ошарсыз кеткен адамның мүлкiн сақтау

1. Хабар-ошарсыз кеттi деп танылған адамның мүлкiне сот шешiмiнiң негiзiнде қорғаншылық белгiленедi. Осы мүлiктен хабар-ошарсыз кеткен адам асырауға мiндеттi адамдарды асырауға қаражат берiледi және хабар-ошарсыз кеткен адамның салықтар мен басқа да мiндеттемелер бойынша берешегi өтеледi.

2. Мүдделi адамдардың арызы бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органы мүлiктi сақтау және басқару үшiн хабар-ошарсыз кеткен адамның тұрған жерi туралы соңғы деректер алынған күннен бастап бiр жыл өткенге дейiн де қорғаншы тағайындай алады.

 

30-бап. Хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы шешiмнiң күшiн жою

Хабар-ошарсыз кеттi деп танылған адам келген немесе оның тұрған жерi белгiлi болған жағдайда сот оны хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы және оның мүлкiне қорғаншылық белгiлеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.

 

31-бап. Азаматты өлдi деп жариялау

1. Егер азаматтың тұрғылықты жерiнде ол туралы үш жыл бойы деректер болмаса, ал егер ол өлiм қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын жағдайларда алты ай бойы хабар-ошарсыз жоғалып кетсе, мүдделi адамдардың арызы бойынша сот оны өлдi деп жариялауы мүмкiн.

2. Соғыс қимылдарына байланысты хабар-ошарсыз жоғалып кеткен әскери қызметшi немесе өзге адам соғыс қимылдары аяқталған күннен бастап кемiнде екi жыл өткеннен кейiн өлдi деп жариялануы мүмкiн.

3. Өлдi деп жариялау туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күн өлдi деп жарияланған адамның өлген күнi болып есептеледi. Өлiм қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын жағдайларда хабар-ошарсыз жоғалып кеткен адам өлдi деп жарияланған реттерде сот бұл адамның шамамен қаза тапқан күнiн оның өлген күнi деп тануы мүмкiн.

4. Адамды өлдi деп жариялау туралы заңды күшiне енген сот шешiмiнiң негiзiнде азаматтық хал актiлерiн жазу кiтаптарына оның өлгенi туралы жазба жасалады. Бұл жазбаның нәтижелерi де нақты өлiм туралы жазбаның нәтижелерi сияқты болады.

 

32-бап. Өлдi деп жарияланған адамның тiрi оралуынан туындайтын жағдайлар

1. Өлдi деп жарияланған адам тiрi оралған немесе оның тұрған жерi белгiлi болған жағдайда сот тиiстi шешiмнiң күшiн жояды.

2. Азамат өзiнiң қай уақытта оралғанына қарамастан, кез келген адамнан азамат өлдi деп жарияланғаннан кейiн сол адамға тегiн көшiп, сақталып қалған мүлкiн қайтарып берудi талап ете алады.

3. Егер өлдi деп жарияланған адамның мүлкiн оның заңды мұрагерi үшiншi бiр адамдарға берiп, олар мүлiктiң сатып алу бағасын адам тiрi оралған кезге дейiн толық төлемеген болса, төленбеген соманы талап ету құқығы тiрi оралған адамға көшедi.

4. Өлдi деп жарияланған азаматтың мүлкi ақысы төленетiн мәмiле бойынша өзiне көшкен адамдар оған бұл мүлiктi қайтаруға, ал оларда мүлiк жоқ болған жағдайда, егер мүлiктi алған кезде олар өлдi деп жарияланған азаматтың тiрi екендiгiн бiлгенi дәлелденсе, мүлiктiң құнын өтеуге мiндеттi.

5. Мүлiктi иелiктен шығарушы адам өлдi деп жарияланған адамның мүлiктi иелiктен шығару кезiнде тiрi екендiгiн бiлген болса, мүлiктi қайтарып беру немесе оның құнын өтеу мiндетiн мүлiктi алушымен бiрге мойнына алады.

6. Егер өлдi деп жарияланған адамның мүлкi мұрагерлiк құқық бойынша мемлекетке өтiп, сатылып кеткен болса, адамды өлдi деп жариялау туралы шешiмнiң күшi жойылғаннан кейiн оған мүлiктiң құн төленетiн күнгi нарықтық бағасы ескерiле отырып, оны сатудан түскен сома қайтарылады.

 

Заңды тұлғалар

 

I. Жалпы ережелер

 

33-бап. Заңды тұлға ұғымы

1. Меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкi бар және сол мүлiкпен өз мiндеттемелерi бойынша жауап беретiн, өз атынан мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтар мен мiндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады.

Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуға тиiс.

2. Заңды тұлғаның өз атауы жазылған мөрi болады.

 

11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.12.98 ж. № 320; 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 34-бап өзгертiлдi

34-бап. Заңды тұлғалардың түрлерi мен нысандары

1. Өз қызметiнiң негiзгi мақсаты ретiнде табысын келтiрудi көздейтiн (коммерциялық ұйым) не мұндай мақсат ретiнде пайда келтiре алмайтын және алынған таза табысын қатысушыларына үлестiрмейтiн (коммерциялық емес ұйым) ұйым заңды тұлға бола алады.

2. Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекеттiк кәсiпорын, шаруашылық серiктестiк, акционерлiк қоғам, өндiрiстiк кооператив нысандарында ғана құрылуы мүмкiн.

3. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға мекеме, қоғамдық бiрлестiк, акционерлiк қоғамдар тұтыну кооперативi, қоғамдық қор, дiни бiрлестiк нысанында және заң құжаттарында көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкiн.

Коммерциялық емес ұйым кәсiпкерлiк қызметпен өзiнiң жарғылық мақсаттарына сай келуiне қарай ғана айналыса алады.

3-1. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ғана ұсталатын заңды тұлға тек қана мемлекеттiк мекеме нысанында құрылуы мүмкiн.

4. Заңды тұлғалар бiрлестiк құра алады (осы Кодекстің 110-бабы).

5. Заңды тұлға осы Кодекстiң, заңды тұлғалар нысандарының әрқайсысы туралы Заңның, өзге де заң құжаттары мен құрылтай құжаттарының негiзiнде жұмыс iстейдi.

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңына сәйкес 35-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда; ҚР 16.12.98 ж. № 320-1 Заңымен 35-бап 3-тармақпен толықтырылды

35-бап. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi

1. Заңды тұлғаның азаматтық құқықтары болып, өз қызметiне байланысты мiндеттердi осы Кодекске сәйкес мойнына алуы мүмкiн. Мемлекеттiк кәсiпорындарды қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың азаматтық құқықтары болуы және заң актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызмет түрiн жүзеге асыру үшiн қажеттi азаматтық мiндеттердi атқаруы мүмкiн.

Заң актiлерiнде көзделген жағдайларда белгiлi бiр қызмет түрiн жүзеге асырушы заңды тұлғалар үшiн басқа қызметпен айналысу мүмкiндiгi болмауы немесе шектелуi мүмкiн.

Заңды тұлға тiзбесi заң актiлерiнде белгiленетiн жекелеген қызмет түрлерiмен лицензия негiзiнде ғана айналыса алады.

2. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi ол құрылған кезде пайда болып, оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады. Айналысу үшiн лицензия алу қажет болатын қызмет саласында заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi сондай лицензияны алған кезден бастап пайда болып, ол қайтарып алынған, оның қолданылу мерзiмi өткен немесе заң құжаттарында белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылған кезде тоқтатылады.

3. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ғана ұсталатын заңды тұлғаның (мемлекеттiк мекеме) құқық қабiлеттiлiгi осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен белгiленедi.

 

10.07.98 ж. № 282-1; 2007.12.01. № 225-III ҚР Заңдарымен 36-бап өзгертiлдi

36-бап. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) өздерi құрған заңды тұлғалардың мүлкiне құқықтары

1. Заңды тұлғаның оқшау мүлкiне қатысты оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) мiндеттемелiк және заттық құқықтары болуы мүмкiн.

2. Мүлкiне өз қатысушылары (құрылтайшылары) мiндеттемелiк құқықтарын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық серiктестiктер, акционерлiк қоғам мен кооперативтер жатады.

3. Мүлкiне өз құрылтайшылары меншiк құқығын немесе өзге де заттық құқығын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық жүргiзушi құқығында немесе оралымды басқару құқығында мүлкi бар ұйымдар жатады.

4. Мүлкiне өз құрылтайшылары (қатысушылары) мүлiктiк құқықтарын сақтамайтын заңды тұлғаларға қоғамдық бiрлестiктер, қоғамдық қорлар және дiни бiрлестiктер жатады.

5. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) өздері құрған өзге ұйымдық-құқықтық нысандардағы заңды тұлғалардың мүлкіне құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалады.

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 37-бап өзгертілді

37-бап. Заңды тұлғаның органдары

1. Заңды тұлға заң құжаттары мен құрылтай құжаттарына сәйкес жұмыс

iстейтiн өз органдары арқылы ғана азаматтық құқықтарға ие болып, өзiне мiндеттер қабылдайды.

2. алынып тасталды

2. Заңды тұлға органдарының түрлерi, тағайындалу немесе сайлану тәртiбi және олардың өкiлеттiгi заңдар мен құрылтай құжаттарында белгiленедi.

 

ҚР 15.07.96 ж. № 30-I; 02.03.98 № 211-1; 16.07.99 ж. № 440-1; 24.12.01 ж. № 276-11 Заңдарымен өзгерiстер енгiзiлдi

38-бап. Заңды тұлғаның атауы

1. Заңды тұлғаның оны басқа заңды тұлғалардан айыруға мүмкiндiк беретiн өз атауы болады.

Заңды тұлғаның атауы оның қалай аталатынын және ұйымдық-құқықтық нысанын көрсетудi қамтиды. Ол заңдарда көзделген қосымша мағлұматты қамтуы мүмкiн.

Заңды тұлғаның атауы оның құрылтай құжаттарында көрсетiледi.

Заңды тұлғаның атауында заң талаптарына немесе қоғамдық мораль қалыптарына қайшы келетiн аттарды, егер жеке адамдардың есiмдерi қатысушылардың есiмдерiне сәйкес келмесе не қатысушылар бұл адамдардың есiмiн пайдалануға олардан (олардың мұрагерлерiнен) рұқсат алмаса, олардың есiмдерiн пайдалануға жол берiлмейдi.

2. Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаның атауы заңды тұлға тiркелгеннен кейiн оның фирмалық атауы болып табылады. Заңды тұлға белгiлi бiр фирмалық атауымен заңды тұлғалардың бiрыңғай мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiледi.

Заңды тұлғаның фирмалық атауды тек қана өзi пайдалануға құқығы бар. Бөтен бiр фирмалық атауды заңсыз пайдаланатын тұлға фирмалық атаудың құқық иесiнiң талап етуi бойынша мұндай атауды пайдалануды тоқтатуға және келтiрiлген залалдың орнын толтыруға мiндеттi.

Заңды тұлғаның фирмалық атауды пайдалануға байланысты құқықтары мен мiндеттерi заңдарда белгiленедi.

3. алынып тасталды

4. Мемлекеттiк органдар болып табылмайтын заңды тұлғалардың фирмалық атауларында, қызмет көрсету таңбаларында, тауар таңбаларында, Қазақстан Республикасының заң актілерiнде, Президентi мен Үкiметi актiлерiнде белгiленген Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының ресми атауларына сiлтемелердi пайдалануға тыйым салынады.

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 39-бап жаңа 3-тармақпен толықтырылды

39-бап. Заңды тұлғаның тұрған жерi

1. Заңды тұлғаның тұрақты жұмыс iстейтiн органы тұрған жер оның тұрған жерi болып танылады.

2. Заңды тұлғаның тұрған жерi оның құрылтай құжаттарында почталық толық мекен-жайы жазылып, көрсетiледi.

3. Үшiншi тұлғалармен қарым-қатынаста заңды тұлға өзiнiң нақты мекен-жайының бiрыңғай мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзiлген мекен-жайға сәйкес келмейтiнiне сiлтеме жасауға құқығы жоқ. Бұл орайда үшiншi тұлғалар заңды тұлғаға мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзiлген мекен-жайына да, нақты мекен-жайына да почталық және өзге де хат-хабарлар жiберуге құқылы.

 

ҚР 16.05.03 ж. № 467-II Заңымен 40-бап толықтырылды (бұр. ред. қара)

40-бап. Заңды тұлғаның құрылтайшылары

1. Заңды тұлғаны бiр немесе бiрнеше құрылтайшы құруы мүмкiн.

2. Мүлiктi меншiктенушiлер не олар уәкiлдiк берген органдар немесе жақтар, ал заң құжаттарында арнайы көзделген реттерде өзге де заңды тұлғалар заңды тұлғаның құрылтайшылары бола алады. Бұл орайда, мүлiктi шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығымен иеленетiн заңды тұлғалар меншiк иесiнiң немесе ол уәкiлдiк берген органның келiсiмiмен басқа заңды тұлғалардың құрылтайшылары бола алады.

3. Заңды тұлғаның құрылтайшылары, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы заңды тұлғаның құрылтайшылары болып табылмайтын оның басқа қатысушыларынан қандай да бiр артықшылықтарға ие бола алмайды.

 

15.07.96 ж. № 30-I; 19.06.97 ж. № 132-1; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 22.04.98 ж. № 221-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ; 2008.04.07 № 54-ІV (бұр.ред. қара); 2009.08.12 № 225-ІV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 41-бап өзгертiлдi

41-бап. Заңды тұлғаның құрылтай құжаттары

1. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, заңды тұлға өз қызметiн жарғысы және құрылтай шарты негiзiнде, немесе eгep заңды тұлғаны бiр тұлға құрған болса, жарғысы және заңды тұлға құру туралы жазбаша түрде ресiмделген шешiмi (жалғыз құрылтайшының шешiмi) негiзiнде жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда, коммерциялық ұйым болып табылмайтын заңды тұлға ұйымдардың осы түрi жөнiндегi жалпы ережелер негiзiнде iс-әрекет жасай алады.

Шағын, орта және ірі кәсiпкерлiк субъектiсi болып табылатын заңды тұлға өз қызметiн Қазақстан Республикасының Үкiметi мазмұнын белгiлейтiн үлгi жарғының негiзiнде жүзеге асыра алады.

2. Заңды тұлғаның құрылтай шарты жасалады, ал жарғысын құрылтайшылары бекiтедi. Егер коммерциялық ұйымның құрылтайшысы бiр адам болса, құрылтай шарты жасалмайды.

3. Коммерциялық емес ұйым мен мемлекеттiк кәсiпорынның құрылтай құжаттарында заңды тұлға қызметiнiң мәнi мен мақсаты белгiленуге тиiс.

Шаруашылық серiктестiгi, акционерлiк қоғамы мен өндiрiстiк кооперативтiң құрылтай құжаттарында олардың қызметiнiң мәнi мен мақсаттары көзделуi мүмкiн.

4. Құрылтай шартында тараптар (құрылтайшылар) заңды тұлға құруға мiндеттенедi, оны құру жөнiндегi бiрлескен қызмет тәртiбiн, оның меншiгiне (оралымды басқаруына) өз мүлкiн беру және оның қызметiне қатысу ережелерiн белгiлейдi. Егер осы Кодексте немесе заңды тұлғалардың жекелеген түрлерi туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шартта құрылтайшылар арасында таза табысты бөлудiң, заңды тұлға қызметiн басқарудың, оның құрамынан құрылтайшылардың шығуының шарттары мен тәртiбi де белгiленедi және оның жарғысы бекiтiледi.

Құрылтай шартына құрылтайшылардың келiсуi бойынша басқа да ережелер енгiзiлуi мүмкiн.

4-1. Жалғыз құрылтайшының шешiмi мүлiктердi меншiкке беру (шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару) шарттарын және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де шешiмдердi қамтуға тиiс.

Жалғыз құрылтайшының - заңды тұлғаның шешiмiн Қазақстан Республикасының заңдарына және осы заңды тұлғаның жарғысына сәйкес оның осындай шешiм қабылдауға құқығы бар органдары қабылдайды.

5. Заңды тұлғаның жарғысында: онда оның атауы, тұрғылықты орны, оның органдарын құру тәртiбi және олардың құзыретi, оның қызметiн қайта құру мен тоқтату ережелерi белгiленедi.

Егер заңды тұлғаны бiр адам құрса, онда оның жарғысында мүлiктi құру және кiрiстердi бөлу тәртiбi де белгiленедi.

Жарғыда заңдарға қайшы келмейтiн басқа да ережелер болуы мүмкiн.

6. Бiр заңды тұлғаның құрылтай шарты мен жарғысы арасында қайшылықтар болған жағдайда:

1) егер олар құрылтайшылардың iшкi қатынастарына қатысты болса, құрылтай шартының;

2) егер олардың қолданылуы заңды тұлғаның үшiншi тұлғалармен қатынастарында маңызы болса, жарғының ережелерi қолдануға тиiс.

7. Барлық мүдделi адамдар заңды тұлғаның жарғысымен танысуға құқылы.

 

ҚР 15.07.96 ж. № 30-I; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара) ; 2006.05.06 № 146-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 42-бап өзгертiлдi

42-бап. Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және

қайта тiркеу

1. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, заңды тұлға әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркеуден өтуге тиiс. Мемлекеттiк тiркеу тәртiбi заңдарда белгiленедi.

2. Мемлекеттiк тiркеу деректерi, соның iшiнде коммерциялық ұйымдар үшiн фирмалық атауы заңды тұлғалардың бiрыңғай мемлекеттiк регистрiне енгiзiледi.

3. Заңды тұлға мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап құрылды деп саналады.

4. Филиалдар мен өкiлдiктер заң құжаттарында белгiленген тәртiппен тiркеледi.

Филиалдар мен өкiлдiктер атаулары өзгерген жағдайда қайта тiркелуге жатады.

5. Заңды тұлға құрудың заңда белгiленген тәртiбiн бұзу немесе оның құрылтай құжаттарының заңға сәйкес келмеуi заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркеуден бас тартуға әкелiп соқтырады. Заңды тұлға құрудың тиiмсiздiгiн желеу етiп тiркеуден бас тартуға жол берiлмейдi.

Мемлекеттiк тiркеуден бас тартқаны, сондай-ақ мұндай тiркеуден жалтарғаны үшiн сотқа шағым берiлуi мүмкiн.

6. Заңды тұлға мынадай жағдайларда:

1) жарғылық капиталының мөлшерi азайтылған;

2) атауы өзгергенде;

3) шаруашылық серiктестiктерiндегi қатысушылардың құрамы өзгергенде (шаруашылық серiктестiгi қатысушыларының тiзiлiмiн жүргiзудi бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегі қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серiктестiктерiн қоспағанда) қайта тiркелуге тиiс.

Аталған негiздер бойынша құрылтай құжаттарына енгiзiлген өзгерiстер заңды тұлға қайта тiркелмейiнше жарамсыз болып табылады.

Құрылтай құжаттарына басқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген ретте заңды тұлға бұл туралы тiркеушi органды бiр айлық мерзiмде хабардар етедi.

 

15.07.96 ж. № 30-I; 2005.23.12. № 107-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 43-бап өзгертілді

43-бап. Филиалдар мен өкiлдiктер

1. Заңды тұлғаның тұрған жерiнен тыс орналасқан және оның мiндеттерiнiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн, соның iшiнде өкiлдiк мiндетiн жүзеге асырушы оқшау бөлiмшесi филиал болып табылады.

2. Заңды тұлғаның тұрған жерiнен тыс орналасқан және оның мүдделерiн қорғау мен өкiлдiгiн жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, оның атынан мәмiлелер мен өзге құқықтық әрекеттер жасайтын оқшау бөлiмшесi өкiлдiк болып табылады.

3. Филиалдар мен өкiлдiктер заңды тұлға болмайды. Бұларға өздерiн құрған заңды тұлға мүлкi берiледi және оның бекiткен ережелерi негiзiнде жұмыс iстейдi.

4. Қоғамдық бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) басшылары қоғамдық бiрлестiктiң жарғысында және оның филиалдары немесе өкiлдiктерi туралы ережеде көзделген тәртiппен сайланады.

Дiни бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) басшылары дiни бiрлестiктердiң жарғысында және оның филиалы немесе өкiлдiгi туралы ережеде көзделген тәртiппен сайланады не тағайындалады.

Өзгеше нысандағы заңды тұлғалардың филиалдарды мен өкiлдiктерiнiң басшыларын заңды тұлға уәкiлдiк берген орган тағайындайды және оның сенiмхаты негiзiнде жұмыс iстейдi.

 

11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 16.12.98 ж. № 320-1; 04.11.99 ж. № 472-1; 20.05.03 ж. № 417-II; 2006.20.02. № 127-III ( бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 44-бап өзгертiлдi

44-бап. Заңды тұлғаның жауапкершiлiгi

1. Арнайы қаржы компанияларынан, құрылтайшы қаржыландыратын мекемелерден, мемлекеттiк мекемелерден және қазыналық кәсiпорындардан басқа заңды тұлғалар өз мiндеттемелерi бойынша өздерiне тиесiлi барлық мүлiкпен жауап бередi.

Мекеме мiндеттемелер бойынша өз билiгiндегi ақшамен жауап бередi. Олар жеткiлiксiз болған жағдайда мекеменiң мiндеттемелерi бойынша оның құрылтайшысы жауапты болады.

Мемлекеттiк мекеме өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өз билiгiндегi ақшамен жауап бередi.

Мемлекеттiк мекеме ақша жеткiлiксiз болған жағдайда оның мiндеттемелерi бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе тиiстi жергiлiктi атқарушы орган жауапты болады. Шарттық мiндеттемелер бойынша жауапкершiлiк заңдарға сәйкес мемлекеттiк мекеменi ұстауға арналып бекiтiлген сметаның шегiнде туындайды.

Қазыналық кәсiпорын өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өз билiгiндегi ақшамен жауап бередi.

Қазыналық кәсiпорында ақша жеткiлiксiз болған жағдайда оның мiндеттемелерi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметi немесе тиiстi әкiмшiлiк аумақтық бiрлiк субсидиарлық жауаптылықта болады. Шарттық мiндеттемелер бойынша жауапкершiлiк мемлекеттiк кәсiпорын туралы заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен туындайды.

Мемлекеттік мекемелермен жасалатын азаматтық-құқықтық мәмілелер Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен тіркелуге тиіс.

Мемлекеттік мекемелер жасасатын, бюджет қаражатын жұмсау көзделмейтін азаматтық-құқықтық мәмілелер тіркелуге жатпайды.

Мемлекеттік мекемелердің азаматтық-құқықтық мәмілелеріне ақы олар тіркелгеннен кейін төленуге жатады.

Арнайы қаржы компаниясы өз міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жауап береді.

2. Заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесi оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал заңды тұлға заңды тұлғаның құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, бұған осы Кодексте, өзге заң актiлерiнде не заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көзделген жағдайлар қосылмайды.

3. Егер заңды тұлғаның банкроттығы оның құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесiнiң iс-әрекетiнен туындаған болса, заңды тұлғаның қаражаты жеткiлiксiз болған жағдайда құрылтайшы (қатысушы) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесi несие берушiлер алдында субсидиарлық жауапкершiлiкте болады.

4. Заңды тұлға үшiншi тұлғалардың алдында заңды тұлғаның органы құрылтай құжаттарында белгiленген өз өкiлеттiгiн асыра пайдаланып қабылдаған мiндеттемелерi бойынша жауап бередi, бұған осы Кодекстiң 159-бабының 11-тармағында көзделген жағдайлар қосылмайды.

 

19.06.97 ж. № 134-I; 18.12.00 ж. № 128-II; 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара); 2006.20.02. № 127-III ( бұр. ред. қара); 2009.30.12. № 234-ІV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 45-бап өзгертілді

45-бап. Заңды тұлғаны қайта құру

1. Заңды тұлғаны қайта құру (қосу, бiрiктiру, бөлу, бөлiп шығару, өзгерту) оның мүлкiн меншiктенушiнiң немесе меншiк иесi уәкiлдiк берген органның, құрылтайшылардың (қатысушылардың) шешiмi бойынша, сондай-ақ заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында уәкiлдiк берiлген органның шешiмi бойынша, не заң құжаттарында көзделген реттерде сот органдарының шешiмi бойынша жүргiзiледi. Заңдарда қайта құрудың басқа да нысандары көзделуi мүмкiн.

Заңды тұлға - жинақтаушы зейнетақы қорын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, Сақтандыру төлем­дерiне кепiлдiк беру қорын, арнайы қаржы компаниясын қайта құру Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру, сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi, Сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру қоры және секьюритилендіру туралы заңнамасында көзделген ерекшеліктер ескерiле отырып жүзеге асырылады.

Акционерлiк қоғамдарды қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының акционерлiк қоғамдар туралы заң актiсiнде белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып жүзеге асырылады.

2. Қайта құру ерiктi түрде немесе ықтиярсыз жүргiзiлуi мүмкiн.

3. Заң құжаттарында көзделген реттерде ықтиярсыз қайта құру сот органдарының шешiмi бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн.

Егер заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi, ол уәкiлдiк берген орган, құрылтайшылар немесе заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында қайта құруға уәкiлдiк берiлген органы заңды тұлғаны қайта құруды сот органының шешiмiнде белгiленген мерзiмде жүзеге асырмаса, сот заңды тұлғаның басқарушысын тағайындайды және оған осы заңды тұлғаны қайта құруды жүзеге асыруды тапсырады. Басқарушы тағайындалған кезден бастап заңды тұлғаның iсiн басқару жөнiндегi өкiлеттiк соған ауысады. Басқарушы сотта заңды тұлғаның атынан әрекет етедi, бөлу балансын жасайды және оны заңды тұлғаны қайта құру нәтижесiнде туындайтын құрылтай құжаттарымен бiрге соттың бекiтуiне бередi. Аталған құжаттарды соттың бекiтуi жаңадан пайда болған заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу үшiн негiз болады.

4. Заңды тұлға, бiрiктiру нысанында қайта құрылатын реттердi қоспағанда, жаңадан пайда болған заңды тұлғалар тiркелген кезден бастап қайта құрылған деп есептеледi.

Заңды тұлғаны оған екiншi бiр заңды тұлғаны бiрiктiру жолымен қайта құрған кезде, заңды тұлғалардың мемлекеттiк регистрiне бiрiктiрiлген заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылғандығы туралы жазба жасалған кезден бастап олардың бiрiншiсi қайта құрылған деп есептеледi.

 

46-бап. Заңды тұлғаларды қайта құрған кездегi құқықты

мирасқорлығы

1. Заңды тұлғаларды қосқан кезде олардың әрқайсысының құқықтары мен мiндеттерi өткiзу құжатына сәйкес жаңадан пайда болған заңды тұлғаға ауысады.