Тарау. Міндеттемені тоқтату

 

367-бап. Мiндеттеменi тоқтату негiздерi

1. Мiндеттеме орындалса, талаптан бас тарту төлемi төленсе, борышты есепке жатқызылса, жаңғыртылса, борышты кешiру арқылы борышқор мен несие берушi бiр тұлға болса, орындауға мүмкiндiк болмаса, мемлекеттiк органның құжаты шығарылса, азамат қайтыс болса, заңды тұлға таратылса, толық немесе iшiнара тоқтатылады.

2. Мiндеттеменi тараптардың бiреуiнiң талабы бойынша тек заңдарда көзделген жағдайларда ғана тоқтатуға жол берiледi.

3. Заңдар мен шартта мiндеттеменi тоқтатудың басқа да негiздерi көзделуi мүмкiн.

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 368-бап өзгертілді

368-бап. Мiндеттеменi орындау арқылы тоқтату

1. Мiндеттеме тиiстi дәрежеде орындалғанда тоқтатылады.

2. алып тасталды

 

369-бап. Бас тарту төлемi

Тараптардың келiсiмi бойынша мiндеттеме орындалудың орнына бас тарту төлемiн беру (ақша төлеу, мүлiк беру және т.б.) арқылы тоқтатылуы мүмкiн. Бас тарту төлемiнiң мөлшерiн, мерзiмдерiн және тәртiбiн тараптар белгiлейдi.

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211; 2005.23.12. № 107-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 370-бап өзгертiлдi

370-бап. Мiндеттеменi есепке жатқызу арқылы тоқтату

1. Мiндеттеме мерзiмi жеткен, не мерзiмi көрсетiлмеген немесе мерзiмi талап ету кезiмен белгiленген бiртектес қарсы талапты есепке жатқызу арқылы толық немесе бөлiк-бөлiгiмен тоқтатылады. Есепке жатқызуға бiр тараптың өтiнiшi жеткiлiктi.

2. Мына талаптарды:

1) егер тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша талапқа заңды талап мерзiмiн қолдануға болса және ол мерзiм өтiп кетсе;

2) азаматтың өмірi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы;

3) алимент өндiрiп алу туралы;

4) өмiр бойы асырау туралы;

4-1) егер кредитордың талабы талап ету құқығын басқаға беру шартынан (шарттарынан) туындайтын болса, консервациялау немесе тарату процесінде тұрған банкке қойылатын талаптарды;

5) заңдарда немесе шартта көзделген басқа да жағдайларды есепке жатқызуға жол берiлмейдi.

3. Талап өзгеге өткен жағдайда борышқор жаңа несие берушiнiң талабына қарсы өзiнiң бастапқы несие берушiге керi талабын есепке жатқызуға құқылы.

Егер талап борышқор талап етудi беру туралы хабарды алған кездегi негiзден туындаса және талап мерзiмi оны алғанға дейiн туса, не ол мерзiм көрсетiлмесе немесе талап ету кезiмен белгiленсе, ол есепке жатқызылады.

 

371-бап. Мiндеттеменiң борышқор мен несие берушінiң бiр тұлға болуы себептi тоқтатылуы

Мiндеттеме борышқор мен несие берушi бiр тұлға болуы себептi тоқтатылады.

 

372-бап. Мiндеттеменiң жаңғыртылуға байланысты тоқтатылуы

1. Мiндеттеме тараптардың арасында болған бастапқы мiндеттеменi ауыстыру туралы келiсiммен сол адамдардың арасындағы орындаудың өзге нысанасын немесе әдiсiн көздейтiн басқа мiндеттемемен (жаңғыртылуға байланысты) тоқтатылады.

2. Азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi және алимент төлеу жөнiндегi мiндеттемелерге қатысты жаңғыртылуға жол берiлмейдi.

3. Жаңғыртылу, егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, бастапқы мiндеттемеге байланысты қосымша мiндеттемелердi тоқтатады.

 

373-бап. Борышты кешiру

Несие берушi борышқорды мойнына алған мiндеттерiнен босатқанда, егер бұл несие берушiнiң мүлкiне қатысты басқа адамдардың құқықтарын бұзбайтын болса, мiндеттеме тоқтатылады.

 

374-бап. Орындауға мүмкiндiк болмағандықтан мiндеттеменiң тоқтатылуы

1. Егер мүмкiндiктiң болмауы борышқор жауап бермейтiн жағдайлардан туындаса, орындауға мүмкiндiк болмағандықтан мiндеттеме тоқтатылады. Бұл ереженiң күшi ақшалай мiндеттемелерге қолданылмайды.

2. Тараптың өзi де, екiншi тарап та мiндеттеменi орындауға жауап бермейтiн мән-жайдан тарап мiндеттеменi орындай алмайтын ретте, егер заңда немесе шартта өзгеше көзделмесе, бiр тараптың екiншi тараптан мiндеттеменi орындауды талап етуге құқығы жоқ. Бұл орайда мiндеттеменi орындаған әрбiр тарап орындалғанды қайтаруды талап етуге құқылы.

3. Борышқор несие берушiнiң әрекеттерi кiнәсiнен мiндеттеменi орындауға мүмкiндiк болмаған жағдайда несие берушiнiң одан мiндеттеме бойынша атқарғанын қайтаруды талап етуге құқығы жоқ.

 

375-бап. Мемлекеттiк органның құжаты негiзiнде мiндеттеменiң тоқтатылуы

1. Егер жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарды қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың құжат (жария құжат) шығаруы салдарынан мiндеттеменi толық немесе iшiнара орындау мүмкiн болмаса, мiндеттеме толық немесе тиiстi бөлiгiнде тоқтатылады. Осының салдарынан залал шеккен тараптар осы Кодекске сәйкес олардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.

2. Мiндеттеменiң тоқтатылуына негiз болған жария құжат белгiленген тәртiп бойынша жарамсыз деп танылған жағдайда, егер тараптардың келiсiмiнен немесе мiндеттеменiң мәнiнен өзгеше жағдай туындамайтын болса және мiндеттеменiң орындалуына несие берушiнiң мүдделiгi жоғалмаса, мiндеттеме қайтадан қалпына келтiрiледi.

 

376-бап. Азаматтың қайтыс болуымен мiндеттеменiң тоқтатылуы

1. Егер мiндеттеменi орындау борышқордың жеке өзiнiң қатысуынсыз жүргiзiлмейтiн болса не мiндеттеме басқаша түрде борышқордың жеке басымен ажырамастай байланысты болса, борышқордың қайтыс болуымен мiндеттеме тоқтатылады.

2. Егер мiндеттеменi орындау несие берушiнiң жеке өзiне арналса, не мiндеттеме басқаша түрде борышқордың жеке басымен ажырамастай байланысты болса, несие берушiнiң қайтыс болуымен мiндеттеме тоқтатылады.

377-бап. Заңды тұлғаның таратылуымен мiндеттеменiң тоқтатылуы

1. Таратылған заңды тұлғаның мiндеттемесiн орындау заңдармен басқа заңды тұлғаға (азаматтың өмiрi мен денсаулығына зиян келуi салдарынан туындаған мiндеттемелер бойынша) жүктелген жағдайлардан басқа реттерде, мiндеттеме заңды тұлға (борышқор немесе несие берушi) таратылғанда тоқтатылады.

2. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарды қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қызметiн тоқтату немесе оларды қайта құру осы органда борышқор болған мiндеттемелердi тоқтатуға әкелiп соқтырмайды. Егер тиiстi органдардың қызметiн тоқтату немесе оларды қайта құру туралы шешiмде өзгеше көзделмесе, көрсетiлген мiндеттемелердi орындау қарамағында бюджет қаражаты бар органға жүктеледi.