Мердiгерлiк туралы жалпы ережелер

616-бап. Мердiгерлiк шарты

1. Мердiгерлiк шарты бойынша бiр тарап (мердiгер) екiншi тараптың (тапсырысшының) тапсырмасы бойынша белгiлi бiр жұмысты атқаруға және белгiленген мерзiмде оның нәтижесiн тапсырысшыға өткiзуге мiндеттенедi, ал тапсырысшы жұмыс нәтижесiн қабылдап алуға және оған ақы төлеуге (жұмыстың бағасын төлеуге) мiндеттенедi. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жұмыс мердiгердiң тәуекелiмен орындалады.

2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, мердiгер тапсырысшының тапсырмасын орындау әдiстерiн дербес айқындайды.

3. Мердiгерлiк шартының жекелеген түрлерiне (тұрмыстық мердiгерлiк, құрылыс мердiгерлiгi, жобалау немесе iздестiру жұмыстарына мердiгерлiк, ғылыми-зерттеу, тәжiрибелiк-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға мердiгерлiк), егер осы Кодекстiң бұл түрлер туралы ережелерінде өзгеше белгіленбесе, осы параграфта көзделген ережелер қолданылады.

4. Мердiгерлiк шартының жекелеген түрлерi бойынша қатынастар осы Кодекспен қатар мердiгерлiк шартының жекелеген түрлерi туралы заң актiлерiмен де реттеледi.

617-бап. Жұмысты мердiгердiң қарамағында орындау

1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жұмыс мердiгердiң қарамағында: соның материалдарымен, күштерiмен және қаражатымен орындалады.

2. Мердiгер өзi берген материалдар мен жабдықтардың сапасы лайықсыз болғаны үшiн, сондай-ақ үшiншi тұлғалардың құқықтары қосылған материалдар мен құралдарды бергенi үшiн жауапты болады.

618-бап. Материалдардың кездейсоқ жойылу қаупi

Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, мердiгер шартта белгiленген жұмысты тапсыру мерзiмi басталғанға дейiн материалдардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупiн материалдарды берген тарап мойнына алады.

Жұмыс нәтижесiн беру немесе қабылдау уақытын өткiзiп алған кездегi тәуекелдi, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, уақытты өткiзiп алған тарап мойнына алады.

619-бап. Бас мердiгер және қосалқы мердiгер

1. Егер заң актiлерiнен немесе шарттан өзгеше туындамаса, мердiгер шартты орындауға басқа тұлғаларды (қосалқы мердiгерлердi) тартуға құқылы. Мұндай жағдайда мердiгер - тапсырысшының алдында бас мердiгер, ал қосалқы мердiгердiң алдында тапсырысшы болады.

2. Бас мердiгер қосалқы мердiгердiң алдында тапсырысшының мiндеттеменi орындамағаны немесе тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн жауапты, ал тапсырысшының алдында қосалқы мердiгердiң мiндеттеменi орындамағаны немесе тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн жауапты болады.

3. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшы мен қосалқы мердiгер бiр-бiрiншi өздерiнiң бас мердiгермен арадағы шарттарды бұзуына байланысты талаптар қоюға құқығы жоқ.

4. Бас мердiгердiң келiсiмiмен тапсырысшы жекелеген жұмыстарды орындауға үшiншi тұлғалармен шарт жасасуға құқылы. Мұндай жағдайда үшiншi тұлға жұмысты орындамағаны немесе тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн тiкелей тапсырысшының алдында жауапты болады.

5. Егер шарт бiр мезгiлде екi немесе одан да көп мердiгермен жасалса және мiндеттеме нысанасы бөлiнбейтiн болса, мердiгерлер тапсырысшыға қатысты ортақтасқан борышқорлар және тиiсiнше ортақтасқан кредит берушiлер болып танылады. Мiндеттеме нысанасы бөлiнетiн жағдайда, сондай-ақ заң актiлерiнде немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген басқа да жағдайларда мердiгерлердiң әрқайсысы құқықтарға ие болып, тапсырысшыға қатысты өз үлесiнiң шегiнде мiндеттемелердi мойнына алады.

620-бап. Жұмыстың орындалу мерзiмдерi

1. Мердiгерлiк шартта жұмысты орындаудың бастапқы және түпкi мерзiмi көрсетiледi. Тараптардың арасындағы келiсiм бойынша шартта жұмыстың жекелеген кезеңдерiнiң аяқталу мерзiмдерi (аралық мерзiмдерi) де көзделуi мүмкiн.

Егер шартта өзгеше көзделмесе, мердiгер жұмысты орындаудың бастапқы және түпкi, сонымен қатар аралық мерзiмдерiнiң бұзылғаны үшiн жауапты болады.

2. Жұмыс орындаудың мердiгерлiк шартта көрсетiлген бастапқы, түпкi және аралық мерзiмдерi шартта көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша өзгертілуі мүмкін.

621-бап. Жұмыстың бағасы

1. Мердiгерлiк шартта орындалуға жататын жұмыстың бағасы немесе оны анықтау әдiстерi көрсетiледi. Шартта мұндай нұсқаулар болмаған және тараптар келiсiмге келмеген жағдайда бағаны тараптарға келтiрiлген қажеттi шығындарды ескере отырып, әдетте осыған ұқсас жұмыстарға қолданылатын бағаларды негiзге алу арқылы сот белгiлейдi.

2. Жұмыстың бағасы смета жасау жолымен белгiленуi мүмкiн.

Жұмыс мердiгер жасаған сметаға сәйкес орындалған жағдайларда смета күшке ие болып, тапсырысшы оны растаған кезден бастап шарттың бiр бөлiгiне айналады.

Жұмыстың бағасы (смета) шамамен алынған немесе тұрлаулы болуы мүмкiн. Шартта басқа нұсқаулар болмаған кезде жұмыстың бағасы (смета) тұрлаулы деп есептеледi.

3. Егер қосымша жұмыс жүргiзу және осы себептен жұмыстың шамамен белгiленген бағасын (шамамен алынған сметаны) елеулi түрде өсiру қажет бола қалса, мердiгер бұл туралы тапсырысшыға уақытылы ескертуге және жұмысты тоқтата тұруға мiндеттi. Жұмыстың бағасын (сметаны) өсiруге келiспеген тапсырысшы шарттан бас тартуға құқылы. Мұндай жағдайда мердiгер өзiне тапсырысшыдан жұмыстың орындалған бөлiгiнiң бағасын төлеудi талап ете алады.

4. Шартта көрсетiлген бағаны (сметаны) өсiру қажеттiгi туралы тапсырысшыға уақытылы ескертпеген мердiгер жұмысқа шартта белгiленген баға бойынша ақы төлеу құқығын сақтай отырып, шартты орындауға мiндеттi.

5. Мердiгер тұрлаулы бағаны (тұрлаулы сметаны) көбейтудi, ал тапсырысшы оны азайтуды, оның iшiнде шартты жасау кезiнде орындалуға тиiс жұмыстардың толық көлемiн немесе бұл үшiн қажеттi шығындарды қарастыру мүмкiндiгi болмаған жағдайда да талап етуге құқығы жоқ.

Шарт жасасқаннан кейiн мердiгер беруге тиiстi материалдар мен жабдықтардың, сондай-ақ оған үшiншi тұлғалар көрсететiн қызметтердің құны едәуiр өскен кезде мердiгердiң белгiленген бағаны (сметаны) көбейтудi, ал тапсырысшы бұл талапты орындаудан бас тартқан жағдайда шартты бұзуды талап етуге құқығы бар.

622-бап. Мердiгердiң үнемi

1. Мердiгердiң нақты шығыны бағаны белгiлеу (сметаны жасау) кезiнде есептелгеннен кем болып шыққан жағдайда, егер тапсырысшы мердiгер алған үнем орындалған жұмыстың сапасына терiс әсер еткенiн дәлелдей алмаса, мердiгер шартта (сметада) көзделген баға бойынша жұмысқа ақы алу құқығын сақтайды.

2. Мердiгерлiк шартта мердiгер алған үнемдi тараптар арасында бөлу көзделуi мүмкiн.

623-бап. Жұмысқа ақы төлеу тәртiбi

1. Егер мердiгерлiк шартта орындалған жұмысқа немесе оның жекелеген кезеңдерiне алдын ала ақы төлеу көзделмесе, тапсырысшы мердiгерге жұмыс тиiстi түрде және келiсiлген мерзiмде, не тапсырысшының келiсiмiмен - мерзiмiнен бұрын орындалған жағдайда жұмыстың нәтижесiн түпкiлiктi тапсырғаннан кейiн келiсiлген бағаны төлеуге мiндеттi.

2. Мердiгер заң актiлерiнде немесе шартта көрсетiлген жағдайлар мен мөлшерде ғана аванс не кепiлпұл төлеудi талап етуге құқылы.

624-бап. Ұстап қалу құқығы

1. Шарттың орындалуына байланысты мердiгерге тиесiлi белгiленген бағаны не өзге соманы төлеу мiндетiн тапсырысшы орындамаған жағдайда мердiгердiң жұмыс нәтижесiн ұстап қалуға, сондай-ақ затты өңдеуге берiлген тапсырысшыға тиесiлi жабдықтарды, қолданылмаған материалдардың қалдықтарын және өзiнде тапсырысшының басқа да қалып қойған мүлкін тапсырысшы тиісті сомасын төлегенше ұстап қалуға құқығы бар.

2. Тапсырысшының осы кодекстiң 630-бабында көзделген мерзiм шегiнде байқаған кемшiлiктердi жою жөнiндегi шығындарды жабу үшiн мердiгерге тиесiлi сыйақының бiр бөлiгiн ұстап қалуы шартта көзделуi мүмкiн.

625-бап. Жұмысты тапсырысшының материалдарын пайдалана отырып орындау

1. Мердiгер тапсырысшы берген материалды үнемдеп және есеппен пайдалануға, жұмыс аяқталғаннан кейiн тапсырысшыға жұмсалған материалдар туралы есеп беруге, сондай-ақ олардың қалдықтарын қайтарып беруге не тапсырысшының келiсiмiмен, мердiгерде қалған пайдаланылмаған материалдың құнын ескере отырып, жұмыстың бағасын кемiтуге мiндеттi.

2. Мердiгер тапсырысшы берген материалдардың кемшiлiктерi себептi тиістi дәрежеде орындалмаған жұмыс үшiн, егер ол осы материалдарды тиiстi қабылдау кезiнде оның кемшiлiктердi анықтауы мүмкiн болмағанын дәлелдей алмаса, жауапты болады.

626-бап. Тапсырысшы берген мүлiктiң сақталмағаны үшiн мердiгердiң жауаптылығы

Мердiгерлiк шартты орындауға байланысты мердiгердiң иелiгiне өткен заттарды немесе өзге де мүлiктi өңдеу үшiн тапсырысшы берген материалдардың, жабдықтардың сақталмағаны үшiн мердiгер жауапты болады.

627-бап. Тапсырысшының жұмыстарды орындау кезiндегi құқықтары

1. Тапсырысшы мердiгердiң қызметiне араласпай, кез келген уақытта жұмыстың барысы мен сапасын тексеруге құқылы.

2. Егер мердiгер шартты орындауға уақытылы кiрiспесе немесе жұмысты соншалықты баяу орындап, оны мерзiмiнде аяқтау көрiнеу мүмкiн болмаса, тапсырысшы шарттан бас тартуға және шеккен залалдарын өтеудi талап етуге құқылы.

3. Егер жұмыстың орындалу барысында оның тиiстi дәрежеде орындалмайтыны анық болса, тапсырысшы мердiгерге кемшiлiктердi жою үшiн қисынды мерзiм белгiлеуге және мердiгер белгiленген мерзiмде ол талапты орындамаған жағдайда шарттан бас тартуға не жұмысты түзетудi мердiгердiң есебiнен үшiншi тұлғаға тапсыруға, сондай-ақ залалдарын өтеудi талап етуге құқылы.

4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшы жұмысты өзiне өткiзгенге дейiн кез келген уақытта мердiгерге тапсырысшының шарттан бас тартқаны туралы хабарлама алғанға дейін орындаған жұмысы үшiн ақы төлеп, мердiгерлiк шарттан бас тарта алады. Тапсырысшы мердiгерге орындалған жұмыс үшiн төленген бағаның бөлiгi мен барлық жұмыс үшiн белгiленген бағаның арасындағы айырма шегiнде шарттың тоқтатылуынан келтiрiлген залалды өтеуге де мiндеттi.

628-бап. Мердiгер тапсырысшыға ескертуге мiндеттi мән-жайлар

1. Мердiгер:

1) тапсырысшы берген материалдардың, жабдықтардың, техникалық құжаттаманың немесе өңдеуге берiлген заттың жарамсыздығы немесе сапасыздығы;

2) оның жұмысты атқару әдiсi туралы нұсқауларын орындаудан тапсырысшы үшiн болуы ықтимал қолайсыз салдарлар;

3) орындалатын жұмыс нәтижелерiнiң жарамдылығына немесе берiктiгiне қауiп туғызатын не оны мерзiмiнде аяқтауға мүмкiндiк бермейтiн мердiгерге қатысты емес өзге де мән-жайлар анықталған жағдайда тапсырысшыға дереу ескертiп, одан нұсқау алғанға дейiн жұмысты тоқтата тұруға мiндеттi.

2. Осы баптың 1-тармағында аталған мән-жайлар туралы тапсырысшыға ескертпеген, не ескертуге жауап алу үшiн қисынды мерзiмнiң аяқталуын күтпестен немесе жұмысты тоқтата тұру туралы тапсырысшының уақытылы нұсқауына қарамастан жұмысты жалғастырған мердiгердiң өзiне немесе өзi тапсырысшыға тиiстi талаптар қойған кезде аталған мән-жайларға сiлтеме жасауға құқығы жоқ.

3. Егер тапсырысшы осы баптың 1-тармағында аталған мән-жайлар туралы мердiгер тарапынан уақытылы және негiзделген ескерту алғанына қарамастан, қисынды мерзiмде жарамсыз және сапасыз материалды ауыстырмаса, жұмысты орындау әдiсi туралы нұсқауды өзгертпесе немесе жұмыстың жарамдылығына немесе берiктiгiне қауiп төндiретiн мән-жайларды жою үшiн басқа да қажеттi шаралар қолданбаса, мердiгер шарттан бас тартуға және оның тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарды өтеудi талап етуге құқылы.

629-бап. Тапсырысшының жәрдем көрсетуi

1. Тапсырысшы мердігерлiк шартта көзделген көлем мен тәртiп бойынша мердiгерге жұмыстың орындалуына жәрдем көрсетуге мiндеттi.

Тапсырысшы бұл мiндеттi орындамаған жағдайда мердiгер бос тұрыс не жұмыстың орындалу мерзiмiн ауыстыру не жұмыстың бағасын көтеру туғызған қосымша шығындарды қоса алғанда, келтiрiлген зиянды өтеудi талап етуге құқылы.

2. Мердiгерлiк шарт бойынша жұмысты орындау тапсырысшының iс-әрекетiнiң немесе қателiктерiнiң салдарынан мүмкiн болмаған жағдайларда мердiгер жұмыстың орындалған бөлiгiн ескере отырып, өзiне белгiленген бағаны төлетiп алу құқығын сақтайды.

630-бап. Тапсырысшының орындалған жұмысты қабылдауы

1. Тапсырысшы мердігерлiк шартта көзделген мерзiмде және тәртiппен орындалған жұмыстың нәтижесiн мердігердiң қатысуымен қарауға және қабылдауға, ал шарттан жұмысты нашарлататын ауытқулар немесе жұмыста өзге де кемшiлiктер анықталған жағдайда бұл туралы мердiгерге дереу мәлiмдеуге мiндеттi.

2. Жұмысты қабылдау кезiнде ондағы кемшiлiктердi анықтаған тапсырысшы, егер актiде не қабылдауды куәландыратын өзге де құжатта ол кемшiлiктер не оларды жою туралы кейiн талап қойылу мүмкiндiктерi айтылған жағдайда ғана оларға сiлтеме жасауға құқылы.

3. Жұмыстың нәтижесiн тексерусiз қабылдаған тапсырысшы оны қабылдаудың әдеттегi әдiсi кезiнде анықталуы мүмкiн жұмыс кемшiлiктерiне (көрiнеу кемшiлiктер) сiлтеме жасау құқығынан айрылады.

4. Жұмыс нәтижесiн қабылдағаннан кейiн әдеттегi қабылдау әдiсi кезiнде анықталуы мүмкiн емес (жасырын кемшiлiктер), оның iшiнде мердiгер қасақана жасырған шарттан ауытқуды немесе өзге де кемшiлiктердi анықтаған тапсырысшы олар анықталғаннан кейін қисынды мерзiмде бұл туралы мердiгерге хабарлауға мiндеттi.

5. Тапсырысшы анықтаған жасырын кемшiлiктер туралы мердiгерге хабарлау үшiн шектi мерзiм - бiр жыл, ал үйлер мен ғимараттарға байланысты жұмыстарға қатысты, сондай-ақ жұмыс түрiне тәуелсiз мердiгердiң қасақана жасырған кемшiлiктерiне қатысты - жұмысты қабылдаған күннен бастап үш жыл болып табылады.

Заң актiлерiнде немесе шартта неғұрлым ұзақ мерзiмдер (кепiлдiк мерзiмдер) белгiленуi мүмкiн.

Егер шартқа сәйкес тапсырысшы жұмысты бөлiп-бөлiп қабылдаса, осы тармақта белгiленген мерзiм жұмыстың нәтижелерiн тұтасымен қабылдаған күннен басталады.

6. Тапсырысшы мен мердігердің арасында орындалған жұмыстың кемшіліктері немесе олардың себептерi жөнiнде дау туған кезде тараптардың кез келгенiнiң талап етуi бойынша сараптама тағайындалуға тиiс. Сараптама шартты бұзушылық немесе мердiгердiң iс-әрекетi мен анықталған кемшiлiктердiң арасында себептi байланыстар жоқ екенiн анықтаған жағдайларды қоспағанда, сараптаманы өткiзу жөнiндегi шығындарды мердiгер көтередi. Бұл жағдайларда сараптама жөнiндегi шығындарды оны тағайындауды талап еткен тарап, ал егер сараптама тараптардың арасындағы келiсiм бойынша тағайындалса - екi тарап тең көтередi.

7. Тапсырысшы орындалған жұмыстың нәтижелерiн қабылдаудан жалтарған жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, мердiгер шартқа сәйкес жұмыс тапсырысшыға өткiзуге тиiстi күннен бастап бiр ай өткен соң және тапсырысшыға бұдан кейiн екi мәрте ескерткеннен кейiн жұмыстың нәтижесiн сатуға, ал алынған соманы мердiгерге тиесiлi барлық төлемдердi шегерiп, нотариус депозитiне тапсырысшының атына салуға құқылы.

8. Егер тапсырысшының орындалған жұмыс нәтижелерiн қабылдаудан жалтаруы жұмысты тапсыруды кешiктiруге әкеп соқса, дайындалған (өңделген) затқа меншiк құқығы өткiзiлген кезден тапсырысшыға көштi деп танылады.

631-бап. Мердiгерлiк нысанасы жойылған немесе жұмысты аяқтау мүмкiн болмаған жағдайдағы тараптар арасындағы есеп айырысу

Егер мердiгерлiк нысанасы оны тапсырғанға дейiн кездейсоқ жойылса немесе жұмысты аяқтаудың мүмкiн болмауы тараптардың кiнәсiнен болмаса, мердiгердiң жұмыс үшiн сыйақы талап етуге құқығы жоқ.

Егер мердiгерлiк нысанасының жойылуы немесе жұмысты аяқтаудың мүмкiн болмауы тапсырысшы жеткiзген материал кемшiлiктерiнiң немесе оның жұмысты орындау әдiсi туралы өкiмдерiнiң салдарынан болса, не тапсырысшы орындалған жұмысты қабылдаудың мерзiмiн өткiзiп алғаннан кейiн болса, оның үстiне мердiгер осы Кодекстiң 628-бабы ережелерiн сақтаған болса, мердiгер жұмыс үшiн сыйақы алу құқығын сақтап қалады.

632-бап. Жұмыстың сапасы

1. Мердiгер орындаған жұмыс шарт ережелерiне, ал олар болмаған немесе толық болмаған жағдайда - әдетте тиiстi тектес жұмысқа қойылатын талаптарға сай болуы тиiс.

2. Егер заң актiлерiнде немесе оларда белгiленген тәртiпте мердiгерлiк шарты бойынша орындалатын жұмысқа мiндеттi талаптар көзделсе, кәсiпкер ретiнде iс-әрекет етушi мердiгер жұмысты осы мiндеттi талаптарды сақтай отырып орындауға мiндеттi.

Мердiгер белгiленген мiндеттi талаптармен салыстырғанда, сапаға қойылатын неғұрлым жоғары талаптарға сай келетiн жұмысты орындау мiндетiн шарт бойынша өзiне алуы мүмкiн.

633-бап. Жұмыс сапасына кепiлдiк

1. Заң актiлерiнде немесе шартта мердiгердiң тапсырысшыға жұмыс сапасына кепiлдiк беруi көзделген жағдайда мердiгер тапсырысшыға бүкiл кепiлдiк мерзiмiнiң iшiнде осы Кодекстiң 632-бабының талаптарына сай болуға тиiс жұмыс нәтижесiн беруге мiндеттi.

2. Жұмыс нәтижесiнiң сапасына кепiлдiк, егер шартта өзгеше көзделмесе, жұмыс нәтижесiн құрайтын барлық элементтерге қолданылады.

634-бап. Кепiлдiк мерзiмiн есептеу тәртiбi

Егер мердiгерлiк шартта өзгеше көзделмесе, кепiлдiк мерзімі орындалған жұмыс нәтижесiн тапсырысшы қабылдаған немесе қабылдауға тиiс болған кезден басталады.

635-бап. Мердiгердiң жұмыс сапасының тиiстi дәрежеде болмауы үшiн жауапкершiлiгi

1. Егер жұмысты мердiгер шарттан жұмысты нашарлататын ауытқулармен немесе оны шартта көзделген не шартта тиiстi ережелер болмаған кезде - әдеттегi пайдалану үшiн оларды жарамсыз ететiн өзге де кемшiлiктермен орындаса, заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбегендiктен, тапсырысшы өз таңдауы бойынша мердiгерден:

1) қисынды мерзiмде жұмыстың кемшiлiктерiн өтемсiз жоюды;

2) жұмыс үшiн белгiленген бағаны мөлшерлес азайтуды;

3) тапсырысшының кемшiлiктердi жою құқығы шартта көзделсе, өзiнiң оларды жоюға шыққан шығыстарын өтеудi талап етуге құқылы.

2. Мердiгер өзi жауап беретiн жұмыстың кемшiлiктерiн жоюдың орнына, тапсырысшыға орындаудың мерзiмiн өткiзiп алу арқылы келтiрген зиянды өтей отырып, жұмысты тегiн қайта орындауға құқылы. Бұл жағдайда тапсырысшы, егер жұмыс сипаты бойынша ондай қайтарып беру мүмкiн болса, оған бұрын тапсырылған жұмыс нәтижесiн мердiгерге қайтарып беруге мiндеттi.

3. Егер жұмыста шарттың талаптарынан ауытқу немесе жұмыстың өзге де кемшiлiктерi елеулi және жоюға келмейтiн болса не анықталған кемшiлiктер тапсырысшы белгiлеген қисынды мерзiмде жойылмаса, тапсырысшы шарттан бас тартуға және келтiрiлген залалдарды өтеудi талап етуге құқылы.

4. Шартта белгiлi бiр кемшiлiктерi үшiн мердiгердi жауаптылықтан босату көзделуi мүмкiн. Егер тапсырысшы кемшiлiктер мердiгердiң кiнәлi iс-әрекетiнiң немесе әрекетсiздiгiнiң салдарынан пайда болғандығын дәлелдесе, аталған ереже қолданылмайды.

5. Жұмысты орындау үшiн материалдар берген мердiгер олардың сапасы үшiн сатушының сапасы лайықсыз тауарлар үшiн жауаптылығы туралы ережелер бойынша жауап бередi (осы Кодекстiң 428-бабы 1-тармағының 1) 3) және 5) тармақшалары).

636-бап. Жұмыс сапасының лайықсыздығы туралы талап арыздар жөнiндегi мерзiмнiң ескiруi

Мердiгерлiк шарт бойынша орындалған жұмыс сапасының лайықсыз болуынан туындаған талаптар үшiн талап арыз қою мерзiмiнiң өтуi тапсырысшы осы Кодекстiң 630-бабында көзделген мерзiм шегiнде мәлiмдеген кемшiлiктер анықталған күннен басталады.

637-бап. Мердiгердiң тапсырысшыға ақпарат беру мiндетi

Мердiгер тапсырысшыға жұмыстың нәтижесiмен бiрге, егер бұл шартта көзделсе немесе ақпараттың сипаты, онысыз жұмыстың нәтижелерiн шартта көрсетiлген мақсаттар үшiн пайдалану мүмкiн болмаса, шарттың нысанасын пайдалануға немесе өзгеше iске асыруға қатысты ақпаратты беруге мiндеттi.

638-бап. Тараптар алған ақпараттың құпиялылығы

Егер бiр тарап шарт бойынша өзiнiң мiндеттемесiн атқарудың арқасында басқа тараптан жаңа шешімдер мен техникалық білiмдер туралы ақпарат, оның iшiнде құқықтық қорғауды пайдаланбайтын ақпарат, сондай-ақ коммерциялық құпия ретiнде қаралуы мүмкiн мәлiметтер алса, оны екiншi тараптың келiсiмiнсiз үшiншi тұлғаларға хабарлауға құқығы жоқ.

Мұндай ақпаратты пайдаланудың тәртiбi мен талаптары тараптардың келiсiмiмен белгiленедi.

639-бап. Тапсырысшыға материалдар мен жабдықтарды қайтарып беру

Осы Кодекстiң 627-бабының 4-тармағының немесе 635-бабының 3-тармағының негiзiнде тапсырысшы мердiгерлiк шарттан бас тартқан жағдайда мердiгер тапсырысшы берген материалдарды, жабдықтарды, өңдеуге берiлген затты және өзге де мүлiктi қайтаруға не оларды тапсырысшы атаған тұлғаға беруге, ал егер бұл мүмкiн болмаса, материалдар, жабдықтар және тапсырысшыдан алынған өзге де мүлiк құнының орнын толтыруға мiндеттi.