Сақтаудың жекелеген түрлерi

784-бап. Ломбардта сақтау

1. Затты ломбардта сақтау шарты ломбардтың атаулы сақтау түбiртегiн беруiмен ресiмделедi.

2. Ломбардқа сақтауға өткізілетін зат тараптардың келісуі бойынша, осы тектес және сапасы сондай затқа, оны сақтауға қабылдау кезі мен жеріндегі саудада әдетте белгіленетін бағаларға сәйкес бағалануға тиiс.

3. Ломбард сақтауға қабылдаған затты оның осы баптың 2-тармағына сәйкес жүргiзiлген толық бағасының сомасына қарай жүк берушiнiң пайдасына сақтандыруға мiндеттi.

785-бап. Ломбардтан талап етiлмеген зат

1. Жүк берушi затты қайтарып алудан жалтарған жағдайда ломбард оны үш ай бойына сақтауға мiндеттi. Бұл мерзiм өткен соң ломбард талап етiлмеген затты осы Кодекстiң 781-бабының 2-тармағында белгiленген тәртiппен сатуы мүмкiн.

2. Затты сатудан түскен сомадан сақтағаны үшiн ақы және ломбардқа тиесiлi өзге де төлемдер өтеледi. Қалған соманы ломбард сақтау түбiртегінiң иесiне оны көрсетуі бойынша қайтарады.

786-бап. Құндылықтарды банкте сақтау

1. Банк бағалы қағаздарды, қымбат металдарды, тастарды және өзге де құндылықтарды, сондай-ақ құжаттарды сақтауға қабылдай алады.

2. Құндылықтарды банкте сақтау шарты банктiң жүк берушiге атаулы сақтау құжатын беруiмен ресiмделедi, оны көрсету банктiң жүк берушiге немесе оның өкiлiне сақтаудағы құндылықтарды беруi үшiн негiз болып табылады.

3. Жеке банк сейфiн (сейфтiң ұясын, сақтауға арналған бөлек үй-жайды) пайдалану арқылы құндылықтарды сақтау шарты банктiң құндылықтарды сақтауға қабылдау жөнiнде iс-әрекет жасауы және жүк берушiге сейфтiң кiлтiн, жүк берушiнiң сәйкестендiрме карточкаларын, көрсетушiнiң сейфтi ашу мен одан құндылықтарды алу құқығын куәландыратын өзге де белгi немесе құжат беруi жолымен жасалады.

4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жүк берушi кез келген уақытта сейфтен құндылықтарды алуға, оларды қайта қоюға, сақтаулы жатқан құжаттармен жұмыс iстеуге құқылы. Банктiң бұл орайда жүк берушiнiң құндылықтарды алғандығын және қайтарғандығын есепке алуға құқығы бар.

5. Жүк берушi сейфтегi құндылықтардың бiр бөлiгiн, оның ішінде уақытша алған жағдайда банк құндылықтардың қалған бөлігінің сақталуына жауапты болады.

6. Осы бапта белгiленген құндылықтарды банк сейфiнде сақтау ережелерi банк өз сейфін (сейфтің ұясын, сақтауға арналған бөлек үй-жайды) мүліктік жалдау талабымен басқа тұлғаға пайдалануға берген жағдайда қолданылмайды.

787-бап. Көлiк ұйымдарының сақтау камераларында сақтау

1. Көлiк ұйымдарының қарамағындағы сақтау камералары жол жүру құжаттарының болуына қарамастан жолаушылардың және өзге де азаматтардың заттарын сақтауға қабылдауға мiндеттi. Көлiк ұйымдарының сақтау камераларында сақтау шарты жария шарт деп танылады (осы Кодекстiң 387-бабы).

2. Заттардың сақтау камерасына (автоматты камерадан басқа) қабылдануын растап жүк берушiге түбiртек немесе нөмiрлi жетон берiледi. Түбiртек немесе жетон жоғалған жағдайда сақтау камерасына өткiзiлген заттар жүк берушiге бұл заттардың оған тиесiлi екендiгiне дәлелдер көрсетуi бойынша берiледi.

3. Сақтау камерасына өткiзiлген заттардың жоғалуынан, кем шығуынан немесе бүлiнуiнен жүк берушi шеккен залалдардың сомасы, егер заттарды сақтауға өткiзу кезiнде оған бағалау жүргiзiлген болса не егер тараптар өтелуге тиiстi залалдардың сомасына қатысты келiсiмге келген болса, жүк берушiге тәулiктiк мерзiмде төленедi.

4. Заттар сақтау камерасына арнайы ережелерде немесе тараптардың келiсiмiнде белгiленген шектердегi мерзiмге өткiзiледi. Көрсетiлген мерзiмде талап етiлмеген заттарды сақтау камерасы тағы да үш ай бойына сақтауға мiндеттi. Бұл мерзiм өткен соң талап етiлмеген заттар сатылуы, ал сатудан түскен сомалар осы Кодекстiң 181-бабына сәйкес бөлiнуi мүмкiн.

788-бап. Ұйымдардың киiмiлгiштерiнде сақтау

1. Егер затты сақтауға өткiзу кезiнде сақтағаны үшiн сыйақы беру айтылмаған болса, ұйымдардың киiмiлгiштерiнде сақтау тегiн болады деп ұйғарылады.

2. Сақтаушы заттың киiмiлгiште сақтауға қабылданғанын растап, жүк берушiге заттың сақтауға қабылданғандығын растайтын нөмiрлi жетон немесе басқа да таңба бередi.

3. Киiмiлгiшке өткiзiлген зат жетонды көрсеткен адамға берiледi. Бұл ретте сақтаушы жетонды көрсетушiнiң затты алуға өкiлеттiгiн тексеруге мiндеттi емес. Алайда сақтаушы жетонның оны көрсеткен адамға тиесiлi екендiгiне күмән келтiрсе, затты жетон көрсетушiге қайтаруды тоқтата тұруға құқылы.

4. Сақтаушы жүк берушi жетонды жоғалтып алғанда да киiмiлгiштен затты беруге құқылы, бiрақ оның киiмiлгiшке зат өткiзгендiгi фактiсi немесе оның жүк берушiнiкi екендiгi күмән тудырмауы немесе жүк өткiзушi оны дәлелдеуi керек.

789-бап. Қонақүйде сақтау

1. Қонақүй сақтаушы ретiнде, онда тұратын адамның қонақүйге енгізген ақшасын, өзге де валюталық құндылықтары мен бағалы қағаздарын қоспағанда, жоғалу мен бүлiну дүлей күштiң, заттың өз ерекшелiктерi салдарынан не тұратын адамның өзiнiң, оның қасында жүргендердiң немесе оған келушiлердiң кiнәсiнен болған жағдайлардан басқа кезде, бұл туралы ерекше келiсiм жасамай-ақ, заттың жоғалғаны немесе бүлiнгенi үшiн жауап береді.

2. Қонақүй ақшаның, өзге де валюталық құндылықтар мен бағалы қағаздардың жоғалғаны үшiн олар сақтауға қабылданған жағдайда ғана жауап бередi.

3. Қонақүйде тұратын адам өз затының жоғалғанын немесе бүлiнгенiн байқаған бойда бұл туралы дереу қонақүй әкiмшiлiгiне мәлiмдеуге мiндеттi. Бұлай жасамаған жағдайда қонақүй заттың сақталмағаны үшiн жауапкершiлiктен босатылады.

4. Қонақүй мұндай жауапкершiлiктi өзiне алмайтындығы туралы хабарлама бергенмен, онда тұратындардың заттарын сақтау жөнiндегi жауапкершiлiктен босатылмайды.

5. Осы баптың ережелерi мейманханаларға, демалыс үйлерiне, санаторийлерге, жатақханаларға және осы сияқты ұйымдарға, сондай-ақ ұйымға келушi азаматтардың сыртқы киiмдерiн, бас киімдерiн және өзге де заттарын сақтау үшiн арнайы орын бөлінген ұйымдарға қатыста да қолданылады.

790-бап. Даулы заттарды сақтау (секвестр)

1. Секвестр туралы шарт бойынша затқа деген құқық жөнiнде араларында дау туған екi немесе бiрнеше адам даулы затты даудың шешiлуi бойынша соттың шешiмi не дауласып жүрген барлық адамның келiсуi (шарттық секвестр) бойынша бұл зат кiмге берiлсе, соған қайтаруды мiндетiне алатын үшiншi адамға бередi.

2. Даулы зат соттың шешiмi бойынша секвестр тәртiбiмен сақтауға берiлуi мүмкiн (сот секвестрi).

Сот секвестрi бойынша сақтаушы сот тағайындаған адам да, дауласушы жақтардың өзара келiсуi бойынша белгiленген адам да болуы мүмкiн. Екi жағдайда да, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, сақтаушының келiсiмi талап етiледi.

3. Секвестр тәртiбiмен сақтауға қозғалатын да, қозғалмайтын да заттар берiлуi мүмкiн.