Тарау. Өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік

үлгіге құқық

991-бап. Өнертабысты, пайдалы модельді, өнеркәсіптік үлгіні құқықтық қорғау талаптары

2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

1. Өнертабысқа құқықтар - инновациялық патентпен немесе патентпен, ал пайдалы модельге және өнеркәсіптік үлгіге құқықтар патентпен қорғалады.

2. Жаңа, өнертапқыштық деңгейi бар және өнеркәсiпте қолдануға болатын техникалық шешiм құқықтық қорғау берiлетiн өнертабыс болып танылады.

3. Жаңа және өнеркәсiпте қолдануға болатын өндiрiс құралдары мен тұтыну заттарын конструкторлық орындау құқықтық қорғау берiлетiн пайдалы модель болып танылады.

4. Бұйымның сыртқы түрiн белгiлейтiн, жаңа, түпнұсқалық және өнеркәсiпте қолдануға болатын көркемдiк-конструкторлық шешім құқықтық қорғау берілетін өнеркәсіптік үлгі болып танылады.

2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

5. Инновациялық патент және патент алу құқығы туындайтын өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптiк үлгiге қойылатын талаптар, мемлекеттiк уәкiлеттi органның (бұдан әрi - патенттiк органның (ұйымның) оларды беру тәртiбi заң актiсiмен белгiленедi.

6. Патентке қабiлетi жоқ техникалық шешiмдердiң, өндiрiс құралдары мен тұтыну заттарын конструкторлық орындаулардың, бұйымдардың көркемдiк-конструкторлық шешiмдерiнiң тiзбесi заң актiлерiмен белгiленедi.

2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 992-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

992-бап. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалану құқығы

1. Патент иесiнiң өнiмдi қорғалған шешiмдердi қолдану арқылы өндiру, инновациялық патентпен немесе патентпен қорғалған технологиялық процестердi өз өндiрiсiнде қолдану, қорғанған шешiмi бар бұйымдарды сату немесе сатуға ұсыну, тиiстi бұйымдарды импорттау құқықтарын қоса алғанда, инновациялық патентпен немесе патентпен қорғалған өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi өз қалауы бойынша пайдалануға айрықша құқығы болады.

2. Осы Кодекске немесе басқа заң актiлерiне сәйкес патент иесiнiң құқықтарын бұзу болып табылмайтын пайдалану жағдайларын қоспағанда, басқа адамдардың өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi патент иесiнiң рұқсатынсыз пайдалануға құқығы жоқ.

3. Патенттелген өнертабысты, пайдалы модельдi немесе өнеркәсiптiк үлгiнi қолданып жасалған бұйымдарды рұқсатсыз жасау, қолдану, импорттау, сатуға ұсыну, сату, азаматтық айналымға өзгедей енгiзу немесе осы мақсатпен сақтау, сондай-ақ өнертабысқа инновациялық патентпен немесе патентпен қорғалатын әдiстi қолдану немесе тiкелей өнертабысқа берiлген инновациялық патентпен немесе патентпен қорғалатын әдiс арқылы дайындалған бұйымды азаматтық айналымға енгiзу не осы мақсатпен сақтау патент иесiнiң айрықша құқығын бұзу болып танылады.

Өзгеше дәлелденбейiнше бұйым патенттелген әдiспен жасалған болып саналады.

2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 993-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

993-бап. Патентке және инновациялық патентке берiлетiн құқыққа билiк ету

Патентті және инновациялық патентті алуға құқық, өтiнiмдi тiркеуден туындайтын құқықтар, патенттi және инновациялық патенттi иеленуге құқық, және патент пен инновациялық патенттен туындайтын құқықтар басқа тұлғаға толығымен немесе iшiнара берiлуi мүмкiн.

994-бап. Авторлық құқық

1. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң авторына авторлық құқық және өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптiк үлгiге арнайы ат қою құқығы берiледi.

2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

2. Авторлық құқық және өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптiк үлгiге басқа да жеке құқықтар қорғау құжатына негiзделген құқықтардың туындаған кезiнен бастап пайда болады.

3. Өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсiптiк үлгi авторына заң актiлерi арнайы құқықтарды, әлеуметтiк сипаттағы жеңiлдiктер мен артықшылықтарды бекiтiп бере алады.

4. Өтiнiмде автор ретiнде көрсетiлген тұлға өзгеше дәлелденгенше автор болып есептеледi. Дәлелдемелер ретiнде құқық пайда болғанға дейiн орын алған фактiлер мен мән-жайлар ғана тартылуы мүмкiн.

995-бап. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң тең авторлары

1. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң тең авторларының өзара қатынасы олардың арасындағы келiсiммен белгiленедi.

2. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi жасауға шығармашылық емес жәрдем (техникалық, ұйымдастырушылық немесе өзге де көмек, құқықтарды ресiмдеуге жәрдемдесу және т.б.) тең авторлыққа әкеп соқпайды.

2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 996-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

996-бап. Қызметтік өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер

Қызметкер өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн немесе жұмыс берушiнiң нақты тапсырмасын орындаған кезде жасаған (қызметтiк өнертабыс) өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптiк үлгiге инновациялық патентке, патентке берiлетiн құқықты, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, жұмыс берушi иеленедi.

997-бап. Автордың қызметтiк өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсiптiк үлгi үшiн сыйақы алуға құқығы

Авторға қызметтiк өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсiптiк үлгi үшiн берiлетiн сыйақының мөлшерi, төлеу талаптары және тәртiбi оның және жұмыс берушiнiң арасындағы келiсiммен белгiленедi. Келiсiмге қол жетпеген жағдайда шешiмдi сот қабылдайды. Егер қызметтiк өнертабысты, пайдалы модельдi немесе өнеркәсiптiк үлгiнi жасаудағы автор мен жұмыс берушiнiң үлесiн мөлшерлестiру мүмкiн болмаса, автордың жұмыс берушi алған немесе алуға тиісті пайдасының жартысына құқығы танылады.

2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 998-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

998-бап. Инновациялық патент пен патенттiң Қазақстан Республикасының аумағында қолданылуы

1. Қазақстан Республикасының аумағында уәкілетті орган берген өнертабысқа инновациялық патент, патент, пайдалы модельге және өнеркәсіптік үлгіге патент қолданылады.

2. Шет мемлекет немесе халықаралық ұйым берген патенттер, Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда қолданылады.

3. Егер белгiленген тәртiпте мәлiмденген шешiм тиiсiнше өнертабыстарға, пайдалы модельдерге немесе өнеркәсiптiк үлгiлерге Қазақстан Республикасының заң актiлерi қоятын талаптарға сай келсе, шетелдiк азаматтар мен шетелдiк заңды тұлғалар немесе олардың құқықтық мирасқорлары Қазақстан Республикасында инновациялық патент пен өнертабысқа патент, пайдалы модельге және өнеркәсіптік үлгіге патент алуға құқылы.

2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 999-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

999-бап. Инновациялық патент пен патенттiң қолданылу мерзiмi

1. Инновациялық патент пен патент патенттiк органына (ұйымына) өтiнiм түскен күннен бастап қолданылады және заң актiлерiнде белгiленген талаптар сақталған жағдайда:

1) өнертабысқа инновациялық патент - үш жыл бойы, патент иесiнiң өтiнiшi бойынша бұл мерзiмдi патент органы (ұйымы) ұзартуы мүмкiн, бiрақ екі жылдан аспауы керек;

2) өнертабысқа патент - жиырма жыл бойы;

3) пайдалы модельге патент - бес жыл бойы, патент иесiнiң өтiнiшi бойынша бұл мерзiмдi патент органы (ұйымы) ұзартуы мүмкiн, бiрақ үш жылдан аспауы керек;

4) 2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)

5) өнеркәсiптiк үлгiге патент - он жыл бойы күшiн сақтайды, патент иесiнiң өтiнiшi бойынша бұл мерзiмдi патент органы (ұйымы) ұзартуы мүмкiн, бiрақ бес жылдан аспауы керек.

2. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi қорғау патент органына (ұйымына) өтiнiм келiп түскен күннен бастап қолданылады. Құқықтарды қорғау инновациялық патент немесе патент берілгеннен кейін жүзеге асырылуы мүмкiн. Патент немесе инновациялық патент беруден бас тартылған жағдайда қорғауға алынбаған болып есептеледі.

3. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң басымдығы заң актiлерiнде көзделген тәртiппен айқындалады.

2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 1000-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

1000-бап. Патенттiк құқықтарды беру туралы шарт

Инновациялық патент пен патенттi алуға деген құқықты беру туралы, сондай-ақ инновациялық патент пен патенттi беру туралы шарттар жазбаша нысанда жасалуы тиiс және патенттiк органында (ұйымында) тiркелуге тиiс. Жазбаша нысанның немесе тiркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.

1001-бап. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалануға лицензиялық шарт

1. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалануға лицензиялық шарт пен қосалқы лицензиялық шарт жазбаша нысанда жасалады және патенттiк органында (ұйымында) тiркелуге тиiс. Жазбаша нысанның немесе тiркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.

2. Лицензиялық шарттың мазмұны осы Кодекстiң 966-бабында жазылған талаптарға сәйкес келуге тиiс.

1002-бап. Ашық лицензия

1. Патент иесi кез келген тұлғаға өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалануға лицензия (ашық лицензия) алу құқығын беру туралы патенттiк органына (ұйымына) өтiнiш бере алады.

2. Ашық лицензияны пайдалануға ниет бiлдiрген тұлға патент иесiмен төлем туралы шарт жасасуға мiндеттi. Мұндай шарттың талаптары туралы дауларды сот шешедi.

Ашық лицензияға құқық беру туралы патент иесiнiң өтiнiшi қайтарып алуға жатпайды.

2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 1003-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

1003-бап. Инновациялық патент пен патентті бұзғаны үшін жауапкершiлiк

Патент иесiнiң талабы бойынша инновациялық патент пен патентті бұзу тоқтатылуы тиiс, ал оны бұзушы патент иесiне өзi келтiрген залалдарды өтеуге мiндеттi (осы Кодекстiң 9-бабы). Патент иесi келтiрiлген залалдың орнына тәртiп бұзушыдан өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi заңсыз пайдалану салдарынан алынған кiрiстi өндiрiп алуға құқылы.

2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 1004-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

1004-бап. Оған дейiн пайдалану құқығы

1. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң басымдық алған күнiне дейiн Қазақстан Республикасының аумағында автордан тәуелсіз жасалған соған ұқсас шешімді адал ниетпен пайдаланған немесе осыған қажеттi дайындықтар жасаған кез келген тұлға пайдалану көлемiн кеңейтпестен оны әрi қарай тегiн пайдалану құқығын сақтайды.

2. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi басымдық алған күнiнен кейiн, бiрақ өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптік үлгiге инновациялық патент немесе патент беру туралы мәлiметтер ресми жарияланған күнге дейiн адал ниетпен пайдалана бастаған тұлға патент иесінің талап етуi бойынша одан әрi пайдалануды тоқтатуға мiндеттi. Алайда мұндай тұлға патент иесiне өзiнiң осындай пайдалануы нәтижесiнде келтiрiлген залалды өтеуге мiндеттi емес.

1005-бап. Патент иесiнiң құқықтарын шектеу

Патент иесiнiң құқықтарын шектеу негiзi, патенттi тоқтату (жою) талаптары, оны жарамсыз деп тану, оның қолданылуын тоқтату, лицензияларды мәжбүрлеп беру және патенттердi мәжбүрлеп иелiктен алу заң актiлерiмен белгiленедi.

53-тарау. Селекциялық жетістіктерге құқық

2005.22.11. № 90- III ҚР Заңымен 1006 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

1006-бап. Өсiмдiктердiң жаңа сорттарына және жануарлардың жаңа тұқымдарына құқықты қорғаудың талаптары

1. Өсiмдiктердiң жаңа сорттарына және жануарлардың жаңа тұқымдарына құқық (селекциялық жетiстiктер) патент берiлген жағдайда қорғалады. Патент арқылы патент иесiнiң селекциялық жетiстiктердi, оның басымдығын пайдалануына және селекционердiң авторлығына айрықша құқықты куәландырады.

Өсімдік шаруашылығында жасанды жолмен немесе сұрыптау жолымен алынған және оны қолда бар өсiмдiктер сорттарынан ерекшелендiретiн бiр немесе бiрнеше шаруашылық белгiлерi бар өсiмдiк сорты селекциялық жетiстiк деп танылады.

Мал шаруашылығында адам жасап шығарған және оны осы түрдегi жануарлардың өзге тұқымдарынан айыруға мүмкiндiк беретiн генеологиялық құрылымы мен қасиетi бар және бiр тұқым ретiнде көбейту үшiн сан жағынан жеткiлiктi тұқым, яғни шығу тегi ортақ жануарлардың саны көп тұтас тобы селекциялық жетiстiк деп танылады.

2. Селекциялық жетiстiктердi құқықтық қорғау талаптары, өсімдік сорттарында және жануарлар тұқымдарына патентті ресімдеу мен беру тәртiбi заң актiлерiмен белгiленедi.

3. Осы тараудың ережелерінде және селекциялық жетістіктерді қорғау туралы заңдарда өзгеше көзделмесе, селекциялық жетiстiктерге құқықтар мен осы құқықтарды қорғауға байланысты қатынастарға тиiсiнше осы Кодекстiң 992-998,1000-1004-баптарының ережелерi қолданылады.

1007-бап. Автордың селекциялық жетiстiк атауын айқындау құқығы

1. Селекциялық жетiстiктiң авторы оның заңдарда белгiленген талаптарға сай келуге тиісті атауын айқындауға құқылы.

2. Қорғалатын селекциялық жетiстiктердi өндiру, ұдайы өндіру, сатуға ұсыну, сату және өткізудің өзге де түрлері кезінде олар үшін тіркелген атауларды қолдану мiндеттi. Өндiрiлген және (немесе) сатылатын тұқымдарға, асыл тұқымды материалға тiркелгеннен өзгеше атау беруге жол берiлмейдi.

3. Тiркелген селекциялық жетiстiктiң атауын оған қатысы жоқ өсiрiлген және (немесе) сатылатын тұқымдар мен асыл тұқымды материалға беру патент иесi мен селекционердiң құқықтарын бұзу болып табылады.

1008-бап. Селекциялық жетiстiк авторының сыйақы алуға құқығы

1. Патент иесi болып табылмайтын селекциялық жетiстiктiң авторы патенттiң қолданылу мерзiмi iшiнде патент иесiнен селекциялық жетiстiктi пайдаланғаны үшiн сыйақы алуға құқылы.

2. Селекциялық жетiстiк авторына сыйақы төлеудiң мөлшерi мен талаптары оның өзi мен патент иесi арасында жасалған шартта белгiленедi. Бұл орайда сыйақының мөлшерi лицензияларды сатудан түскен түсiмдi қоса алғанда, патент иесi селекция жетiстiктерiн пайдаланғаны үшiн алатын жыл сайынғы түсiмдер сомасының кемiнде бес процентi болуға тиiс.

Сыйақы авторға, егер автордың патент иесiмен шартында өзгеше көзделмесе, селекциялық жетiстiк пайдаланылған әрбiр жыл аяқталғаннан кейін алты ай ішінде төленеді.

1009-бап. Патент иесiнiң селекциялық жетiстiкке құқығы

Селекциялық жетiстiк патентi иесiнiң осы жетiстiктi селекциялық жетiстiктердi қорғау туралы заң актiлерiнде белгiленген шекте пайдалануға айрықша құқығы болады.

1010-бап. Патент иесiнiң мiндеттерi

Селекциялық жетiстiк патентiнiң иесi:

1) өндiрiсте пайдалануға жiберiлген сортты, тұқымды айналымға енгiзуге;

2) өсiмдiктiң тиiстi сортын немесе жануарлардың тиiстi тұқымын патенттi қолдану мерзiмi iшiнде сорттың немесе тұқымның сараптама органы белгiлеген ресми сипаттамасында көрсетiлген белгiлерi сақталатындай етiп ұстауға мiндеттi.

1011-бап. Селекциялық жетiстiкке патенттiң қолданылу мерзiмi

Селекциялық жетiстiкке патенттiң қолданылуы патенттiк органға (ұйымға) өтiнiм берiлген күннен басталады және жиырма бес жыл бойына жалғасады.

Селекциялық жетiстiктердiң жекелеген түрлерi үшiн патенттi қолданудың неғұрлым ұзағырақ мерзiмi, сондай-ақ оларды патенттiк органның (ұйымның) ұзарту мүмкiндiгi селекциялық жетiстiктер туралы заң актiлерiмен белгiленуi мүмкiн.

1012-бап. Селекциялық жетiстiктердi пайдалануға жіберу

1. Құқықтық қорғау берiлген (патентi бар) селекциялық жетiстiктер мен өндiрiсте пайдалануға жiберiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзiлгенi туралы мәлiметтердi пайдалануға жол берiледi.

2. Өндiрiсте пайдалануға жiберiлген өсiмдiк сорттары мен жануарлардың тұқымдарын Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзудi шаруашылыққа пайдалылығына мемлекеттiк сынақтың нәтижелерi бойынша, селекциялық жетiстiктерге сараптама мен сынақты басқаратын мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.