Оқыту процесін ұйымдастырудағы педагогикалық тәсілдер

 

26. Жалпы білім беру ұйымдары (мектеп, гимназия, лицей) «білім алып үйрену» ұстанымын негізге алады, ол ұстаным бойынша өз бетімен білім алуға ұмтылатын, ынталы, қызығушылығы жоғары, өзіне сенімді, жауапкершілігі мол және зияткерлік тұрғыдан дамыған тұлға қалыптастыру көзделеді.

27. Оқушылардың бойында бұл қасиеттерді қалыптастыру үшін мұғалімдер түрлі технологиялар мен тәсілдер қолданады деп күтіледі, олар:

1) зерттеушілік тәсіл (оқушылар «не білемін, нені білгім келеді, нені білдім» тұрғысынан өз әрекетін талдауға үйренеді);

2) әрекеттік тәсіл (оқушылар оқу әрекетінде меңгерген жаңа білімінің болашақта қажеттілігін түсінеді);

3) дамыта оқыту (оқушылар өзінің іс-әрекетін жоспарлау және басқару жолын үйренеді);

4) уәждеу, қызықтыра оқыту (оқушының оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін «оқыту үшін бағалау» арқылы қолдау жасау);

5) оқушылардың оқу әрекетін жеке, топтық және ұжымдық формада ұйымдастыру (оқушылар бірін-бірі өзара оқытуға, бірін-бірі бағалауға, пікір алмасуға үйренеді);

6) саралай оқыту (оқушыларды деңгейіне, мүмкіндігіне қарай оқыту, қалыптастырушы баға арқылы қолдау).

28. Оқыту қазақ тілінде емес сыныптарда «Қазақ тілі» пәнін оқытуда қолданылатын оқыту стратегиялары мен әдістері:

1) стратегиялар: өзін-өзі басқару, эксперименттік, сын тұрғысынан ойлау, коммуникативтік;

2) технологиялар: шағын топтағы жұмыс (командада), кейс-стади (нақты жағдаяттарды талдау), рөлдік және іскерлік ойындар, модульдік оқыту;

3) әдістер: жеке оқыту, проблемалық оқыту.

29. Басты назар білімге емес, сол білімді қолдану біліктілігіне аударылады. Оқушылардың білім алу барысындағы табыстылығы мен алдағы қадамдарын анықтау үшін оқытудың нақты мақсаттары мен жетістіктер критерийлерін алдын ала белгілеу керек.

30. Оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту. Оқу бағдарламасы мақсаттарының бірі – оқыту қазақ тілінде емес сыныптарда оқитын оқушылардың өзойын, сезімін қазақша білдіруге, танып-білген нәрселерін қазақша санасына түюге, пікір алысуға, оқыған, көрген не білген нәрселері туралы достарымен, үлкендермен өз ойымен бөлісуге, армандары мен мақсаттары туралы ойын еркін жеткізіп айта білуге, репродуктивтік, продуктивтік, проблемалық, шығармашылық жаттығуларды орындата отырып үйрету.

31. Оқыту қазақ тілінде емес сыныптарда оқылатын «Қазақ тілі» пәнінде тыңдалым және айтылым дағдыларын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:

1) қазақ тілінің төл дыбыстарын дұрыс айту үшін артикуляциялық жаттығулар жасау;

2) сөздің лексикалық мағынасын түсіну;

3) тыңдау-көру оқу материалдарын тыңдап, көріп түсіну;

4) сөздік қорды толықтыру;

5) тыңдау-көру материалдарының мазмұнын айту;

6) мәтіннің кейбір оқиғаларын қимылмен, ым-ишарамен көрсету;

7) тыңдалған мәтін мазмұнының желісін суреттер арқылы беру;

8) тыңдалған мәтіндегі негізгі, қосалқы ақпараттарды түсіну;

9) мәтіннің жанрларын анықтау;

10) өздеріне таныс және қызықты тақырыптар бойынша әңгімелесу;

11) белгілі бір тақырыпта пікірталасқа қатысу;

12) жұпта ым-ишара, қимыл-әрекетті пайдаланып, оқиғаны жазуға дайындалу (мысалы, «Бағытталған оқу» және «Бағытталған жазу»);

13) берілген тақырып (сол сабақта оқылған әңгіме, ертегі немесе мысал) бойынша диалог (қуыршақтардың көмегімен) құрастыру.

14) сәлемдесу, қоштасу, кешірім сұрау, алғыс айту, өтініш жасау, таныс және таныс емес адамдармен, жақындары және достарымен, құрдастары және ересектермен, кіші балалармен қарым-қатынас жасауға байланысты шағын рөлдік ойындар;

15) суреттер, бейнематериалдар бойынша әңгімелеу, сипаттау, сахналау.

32. Оқыту қазақ тілінде емес сыныптарда оқылатын «Қазақ тілі» пәнінде оқылым дағдысын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:

1) графикалық сызба арқылы «оқу»;

2) мәтіннен қажетті сөйлемді немесе сөзді тауып оқу;

3) сұрақтар қоя білу және жауап беру;

4) «көзбен оқы» ойыны арқылы оқу;

5) мәтіннен көркем, бейнелі сөздерді тауып оқу;

6) сөздік жұмысы (сөздің мағынасын түсіну);

7) мәнерлеп оқу;

8) рөлге бөліп оқу;

9) оқылған әңгіменің, ертегінің картасын жасау.

33. «Қазақ тілі» пәнінде жазылым дағдысын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:

1) ақпаратты сурет және белгілер/пиктограммалар арқылы беру;

2) каллиграфиялық нормаларды сақтау;

3) сөздердің дұрыс жазылуын (орфографиялық нормаларды) меңгертуге арналған тапсырмалар орындау;

4) мәтіннен сөздерді, сөйлемдерді, қысқа үзінділерді көшіріп жаздыру;

5) мәтіндегі жазылуы қиын сөздерден сөздік құрастыру;

6) сөзден сөйлемдер, сөйлемдерден мәтін құрастырып жазу;

7) шағын хат жазу;

8) есте сақтау арқылы жазу;

9) байқағаны, ұнататын істері, ойындары туралы тірек суреттермен сөйлемдер, шағын мәтін құрастырып жазу;

10) сурет бойынша жазу;

11) өзі құрастырған мәтінін мұғалімнің көмегімен тексеру.