Леуметтанудың құрылымы мен білім деңгейлері

 

Әлеуметтанудың құрылымына, оның таным, білім деңгейлеріне анықтама беру үшін алдымен "құрылым", "деңгей" деген ұғымдарға анықтама берген жөн.

Құрылым деп біртұтас әлеуметтік құбылыстар мен процестерді құрайтын элементтер мен бөліктердің ішкі мазмұны мен өзара орналасуын айтамыз.

Қандай да бір ғылым болмасын, оның белгілі бір құрылымы болады. Бұл құрылым сол ғылымның қоғамда алдына қойған міндеті мен атқаратын қызметіне байланысты анықталады. Әлеуметтану ғылымының құрылымы мына жағдайлармен түсіндіріледі:

Біріншіден, әлеуметтану әлеуметтік өмірді бейнелеу, түсіндіру, үғындыру білімдерін қалыптастырып, әлеуметтік зерттеу теориясын, әдістемесін, әдістерін, талдау тәсілдерін жасап, қоғамның даму мәселелері мен әлеуметтік өмір туралы әр түрлі деңгейде теориялық қорытындылар жасайды.

Екіншіден, әлеуметтану қоғамдық және әлеуметтік құбылыстар мен үдерістерді өзгерту, қайта құру мақсатында оларға жоспарлы, әрі тиімді жолдар мен құралдарды ұсыну арқылы ықпал етіп, әлеуметгік мәселелерді талдап зерттейді. Сонымен қатар, қоғам өмірінің түрлі салаларында орын алатын қайшылықтардың себептерін ашып, оларды шешуге байлансты ұсыныстар мен кеңестерді береді. Бұл әлеуметтанудың қолданбалы саласын құрайды.

Ал әлеуметтанудың теориялық және қолданбалы салаларының айырмашылығы олардың зерттейтін объектісі мен зерттеу әдісіне байланысты емес, жалпы әлеуметтанудың ал­дына қойған мақсаты мен міндеті арқылы ғылыми немесе практикалық мәселелерді шешуіне байланысты ажыратылады.

Теориялық немесе фундаменталды әлеуметтану барлык қоғамдық, гуманитарлық ғылымдардың ілгері дамуына жол ашады. Оның социологиялық зерттеулер арқылы зерттелетін құбылыс пен үдерістер туралы жаңа ақпараттар мен мәліметтер алуына кең мүмкіндіктері бар. Қолданбалы әлеуметтану нақты социологиялық зерттеулердің көмегімен теориялық негізгі мәселелерді дәлелдеуге тырысады. Бұлардың негізінде бағалы, құнды кеңес, нұсқаулар, ұсыныстар, болжаулар жасалады.

Жоғарыда айтылғандардан біз әлеуметтік білімнің құрылымы теория мен практиканың бірлігінен тұратындығын түсіндік.

Теориялық зерттеулер әлеуметтік болмысты, қоғам өмірінің жалпы даму тенденцияларын, әлеуметтік құбылыстар мен процестердің мәнін, табиғатын, себеп-салдарларын ғылыми тұрғыдан терең түсінуге мүмкіндік береді.

Эмпирикалық (яғни, практикалық) зерттеулер нақтылы құбылыстар мен процестер туралы жаңа мағлұмат, ақпраттарды алуды статистикалық талдау, нақты социологиялық зерттеу әдістерін (яғни, сауалнама, сұрыптау, бақылау, құжаттарды талдау, сараптау, үлгілеу, тестілеу т.б.) қолдану арқылы іске асырады. Ал, теориялық зерттеулер абстрактілі философиялық әдістерді (яғни, талдау мен синтез, логикалық және тарихи, индукция және дедукция, абстрактыліден нақтылыққа шығу т.б.) қолдану арқылы іске асырылады.

Жалпы, әлеуметтану ғылымында эмпирикалық білім біршама басым болғанымен, бұл сала ғылымның жоғары даму деңгейін көрсете алмайды. Теориялык әлеуметтанудың эмпирикалық білімнің негізіне сүйенетіндігін жоғарыда айтып өттік. Алайда, ғылымның дамуы әр уақытта теориялық білім деңгейінің эмпирикалық білім деңгейінен басым болуын қажет етеді.

Бұл теориялық жөне қолданбалы әлеуметтану бір-біріне қарсы тұрады деген сөз емес , керісінше, олар әруақытта бірлікте болып, бір-бірінің одан әрі дамуына әсер етеді деген сөз.

Сонымен, әлеуметтану ғылымының құрылымын қоғамның және оның әлеуметтік жүйесінің серпінді дамуы мен атқаратын қызметі туралы белгілібір тәртіпке келтірілген мәліметтердің, түрлі фактілердің, көзқарастардың, түсініктер мен ғылыми тұжырымдамалардың жиынтығы деп түсінуіміз керек.

Енді әлеуметтану ғылымының деңгейлеріне келетін болсақ, бұл мәселеге байланысты бірқтар пікірлер бар. Солардың ішінде кең тарағаны бұл ғылымның құрылымын үш деңгейге жіктеп қарастыру. Соған сәйкес әлеуметтанудың құрылымы төмендегідей деңгейлерден тұрады:

1) жалпы социологиялық теориялар;

2) арнайы социологиялық теориялар немесе орта деңгей теориялары;

3) нақты социологиялық зерттеулер.

Жалпы социологиялық теориялар әлеуметтану ғылымы парадигмаларын қалыптастырудың негізі және жоғары деңгейлік теориялары болып есептеледі. Бұл деңгейдегі социологиялық тұжырымдамаларға жоғары дәрежедегі абстракциялау тән және олар қоғам өмірін жалпылама сипаттап, түсіндіруге бағытталады. Сонымен қатар, бұл теорияларда түлі әлеуметтік қауымдастықтардың қалыптасуы, дамуы, өзгеруі мен қызметі, бұқаралық әлеуметтік процестер мен адамдардың белгілібір типке жататын іс- әрекеттері қарастырылады.

Мәселен, қоғам өмірінің жалпы даму заңдылықтарын түсіндіруге бағытталған жалпы социологиялық теорияларға К. Маркстің қоғамдық-экономикалық формациялар туралы теориясы, М. Вебердің әлеуметтік іс- әрекеттер жайындағы теориясы, П.Блау негіздеген әлеуметтік айырбас теориясы, Т. Парсонстың құрылымдық-функционалдық теориясы, П.А. Сорокиннің әлеуметтік стратификация мен әлеуметтік мобильдік теориясы т.б. жатады.

Орта деңгей теориялары деген атауды әлеуметтану ғылымына енгізген Р. Мертон болды. Оның ойынша, орта деңгей теориялары жалпы социологиялық теориялар мен эмпирикалық зерттеулердің арасындағы дәнекерлік рөлді атқаратын ғылыми териялар. Мұндай теориялар социологиялық білімнің жекеленген салалары көлемінде эмпирикалық мәліметтерді қорытындылап, талдауға бағытталған.

Орта деңгей теориялары шартты түрде мынадай үш топқа бөлініп, қарастырылады:

1) әлеуметтік институттар теориялары түрлі әлеуметтік институттар көлеміндегі күрделі әлеуметтік қарым-қатынастар мен байланыстарды зерттейді

(мәселен, отбасы әлеуметтануы, білім мен ғылым әлеуметтануы, дін әлеуметтануы, экономика әлеуметтануы және т.б.);

2) әлеуметтік қауымдастықтар теориялары шағын топтардан бастап әлеуметтік таптарға дейінгі қоғамның құрылымдық бірліктерін зерттейді ( мәселен, шағын топтар әлеуметтануы, қала және село әлеуметтануы, таптар, жіктер әлеуметтануы және т.б.);

3) әлеуметтік процестер теориялары қоғам өмірінде орын алатын түрлі әлеуметтік өзгерістер мен процестерді зерттейді (девианттық мінез-құлық әлеуметтануы, қақтығыстар әлеуметтануы, коммуникациялық процестер әлеуметтануы және т.б.).

Кейде орта деңгей теорияларын төмендегідей екі топқа бөліп, қарастыру да кездеседі:

1) арнайы социологиялық теориялар , оларға әлеуметтік мінез-құлық, әлеуметтік өзара ықпалдасу, әлеуметтік даму теориялары жатады.

2) салалық теориялар, яғни, әлеуметтанудың басқа қоғамдық ғылымдармен байланысып, түйіскен жерінде қалыптасып, дамыған экономика әлеуметтануы, саясат әлеуметтануы, құқық әлеуметтануы және т.б. салалар шеңберіндегі теориялар. Егер жалпы социологиялық теориялар тұтас қоғам өміріне байланысты әлеуметтік процестерді зерттеуге бағытталса, салалық теориялар қоғам өмірінің түрлі салаларындағы әлеуметтік процестердің дамуындағы ерекшеліктер мен тенденцияларды қарастырады. Қазіргі уақытта орта деңгей теориялары қоғам дамуының өзекті мәселелерін шешуде дұрыс, нақтылы жауап бере алады.

Нақты социологиялық зерттеулердің қолданбалық сипаты бар. Бұл зерттеулер ғылыми теориялар мен болжамдарды дәлелдеу, немесе теріске шығару мақсатында, сол сияқты қоғам туралы жаңа теориялық білім жинақтауға бағытталады. Сонымен, әлеуметтану ғылымының құрылымы көпқырлы болып келеді және оны үш өлшем тұрғысынан:

а) білімнің қолдану объектісіне байланысты—жалпы және салалық әлеуметтану;

ә) білімнің функциясына қарай—іргелі (фундаменталдық) және қолданбалы әлеуметтану;

б) білімнің деңгейіне қарай — теориялық және эмпирикалық әлеуметтану деп те жіктеуге болады.

Әлеуметтану ғылымның келесідей үш деңгейге бөліп қарастыру да кездеседі:

1) теориялық әлеуметтану;

2) қолданбалы зерттеулер;

3) әлеуметтік инженерия.

Теориялық әлеуметтану мен қолданбалы зерттеулердің атқаратын функциялары мен міндеттеріне жоғарыда тоқталып кеттік. Ал, әлеуметтік инженериянақты әлеуметтік проблемаларды шешуде түрлі технологиялар мен техникалық құралдарды құрастыру және қолда бар технологияларды жетілдіру мақсатымен ғылыми білімдерді іс жүзіне, тәжірибеге енгізуге бағытталады.

Батыстық әлеуметтануда ғылымның деңгейін макроәлеуметтану және микроәлеуметтанудеп те жіктеу бар.

Макроәлеуметтану дүниежүзілік көлемдегі қоғамдық жүйелердің өзара ықпалдасуын, мәдениеттің түрлі типтерін, әлеуметтік институттар мен қоғамдық құрылымдарды, ғаламдық процестер және күделі тұтастық ретіндегі қоғамның даму заңдылықтарын қамтитын әлеуметтанудың саласы. Ол ұзақ мерзім аралығында болатын ірі көлемді әлеуметтік процестер мен құбылыстарды зерттейді.

Микроәлеуметтану әлеуметтік мінез-құлық түрлерін, тұлғааралық қарым-қатынастарды, топтық іс-әрекеттерге ықпал ететін жәйіттерді, тұлғаның әлеуметтенуі және т.б. шағын көлемді, қысқа мерзім ішінде болатын әлеуметтік процестер мен құбылыстарды зерттейді.

Сонымен, жоғарыда айтылғандардан әлеуметтану ғылымының құрылымы мен білім деңгейі көпқырлы, күрделі екендігіне көз жеткіздік.