Естімейтіндерді оқытудың билингвистикалық әдісі

Естімейтіндердің әлеуметтік - мәдени қоғамының мүшесі болып саналатын азаматтардың қызығушылықтары мен құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Естімейтін адамдардың тілдік мәдениетінің басты белгісі – күнделікті өмірде, достарымен қарым – қатынаста ұлттық тілдегі жесттерді қолдану болып табылады. Екі тілді естімейтін тұлға (ағылшынша Ві; - Ві;) - таным және қарым - қатынас үшін ұлттық тілдегі жестті және сөйлеу тілін қолданатын адам.

Жесттік сөйлеу тілінің лингвистикалық негіздерін зерттеу оны пән ретінді оқыту әдістемесін жасауға мүмкіндік берді: екі бағыты бөліп көрсетіледі. Бірінші бағытың аясында жесттік сөйлеу тілін шеттілі ретінде оқыту әдістері, мазмұны жасалды. Екінші бағыт аясында жесттік сөйлеу тілін естімейтін тұлғалардың «ана тілі» ретінде оқыту іске асырылады.

Естімейтіндерді оқытудың билингвистикалық әдісінің мақсаты – есту кемістігінің және жеткіліксіз дамыған ауызша сөйлеу тілінің салдарынан өзін кемсітпейтін, еркін жеке тұлға тәрбиелеу.

Билингвистикалық оқыту әдісінің жақтастары балалар туылғаннан кез келген тілді сөздік және жесттік тілді меңгеруге бейім келеді деп есептейді: тілді меңгерудегі басты алғышарттарға балалардың сақталған маторикасы мен моторлы дағдыларын дамыту жатады. Жесттік сөйлеу тілін психологиялық және психолингвистикалық зерттеу нәтижесінде жесттік сөйлеу тілін жақсы меңгеру ауызша сөйлеу тілін меңгеруді жеңілдететінін дәлелдеген.

Жесттік сөйлеу тілінің лингвистикалық негіздерін зерттеу кезінде жесттік сөйлеу тілін пән ретінде оқыту мәселелері айқындалды. Осы зерттеулерге байланысты екі бағыт анықталды. Бірінші бағыт Г.Л. Зайцеваның ойынша жесттік сөйлеу тіліне шет тілді оқытқан сияқты оқыту керек дейді. Екінші бағытты ұстанушылар (Т.П. Давиденко, В.В. Ежова) естімейтіндерге жесттік сөйлеу тілін «туған тілі» ретінде оқыту керек деп санайды.

Қазіргі таңда билингвистикалық мектептер мен балабақшалар көптеген елдерде ұйымдастырылған – Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Голландия, Дания, Канада, Швейцария, Финляндия және т.б. Швеция мен Норвегияда естімейтіндерді жесттік сөйлеу тілі арқылы оқыту мемлекеттік саясат болып табылады.

Мәскеуде 1992 жылдан бастап естімейтін балаларға арналған билингвистикалық гимназия жұмыс істейді. Жаңа педагогикалық жүйені ендіру мен оның іс әрекетін Г.Л. Зайцева бақылап отыр. Бізде Қазақстанда аталған бағыт арнайы оқыту жүйесіне ендірілімеген.

 

3. Аналық мектеп әдісі.

Аталған әдіс еститін адамдармен еш қиындықсыз сөйлеу арқылы қарым – қатынас жасауға қабілетті толыққанды жеке тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған.

Еститін балалар мен естімейтін балалардың танымдық және сөйлеу тілінің дамуы жалпы заңдылықтарға бағынады. Айырмашылық тек естімейтін балалардың сөйлеу тілін естіп қабылдауының және сөйлеу арқылы қарым – қатынас жасау дағдысының қалыптасу қарқынында байқалады. Сонымен қатар сөйлеу арқылы қарым – қатынас жасау дағдысының қалыптасуы естудің жоғалту деңгейінен гөрі, отбасы жағдайында оқыту мен тәрбиелеуді ұйымдастыруға байланысты.

Естімейтін баланың сөйлеу тілі қалыпты баланың сөйлеу тілінің даму заңдылықтарына сай дамуы үшін, өзінің және өзіне айтылған ересек адамдардың айтқанын түсінуге мүмкіндік жасау керек.

Э.И.Леонгард естудің зақымдалуының салдарын жоюға бағытталған ұзақ уақыт бойы арнайы педагогикалық көмектің қажеттісін айтып, осындай көмектің бағдарламасын жасап, практикаға ендірді (1966).

Есту қабілеті зақымдалған балаларды оқыту мен тәрбиелеудің тиімділігінің басты шарттарына ерте жастан диагностикалау (өмірінің алғашқы күндері мен алғашқы апталары) және ерте жастан естуді протездеу (диагноз анықтала салысымен).

Диагноз анықтала салысымен есту аппаратын тағу есту – артикуляторлы байланыстың қалыптасуына әкеледі. Жақсы таңдалған есту аппараты және оның жұмыс режимінің дұрыс таңдалуы – есту қабілеті зақымдалған балаға арнайы көмек көрсетудің басты шарты болып табылады.

Диагноз анықтала салысымен мақсатты бағытталған үйде тәрбиелеуге кірісу керек. Отбасында тәрбиелеу арнайы маманның басшылығымен жүзеге асады. Сөйлеу ортасын құру туралы, сөйлеу арқылы қарым – қатынас жасау керектігі туралы ата – аналарға ұсыныстар беріледі. Осы әдісте сурдопедагогпен ата – аналар баланы абилитациялаудың тең құқылы қатысушылары болып табылады.

Аналық мектеп жүйесінің басты мақсаты – есту қабілеті зақымдалған балаға мүгедек ретінде емес, толыққанды тұлға ретінде қарау болып табылады.

Э.И.Леонгард және оның ізбасарлары (Е.А.Иванова, Е.Г.Самсонова) сөйлеу тілін меңгерудің кезеңдерін анықтаған:

1 – кезең баланың сенсорлық белсенділігін қамтамасыз ету. Демек, баланың күнделікті өмірінде әртүрлі дыбысталулар, баланың қосарланып айтуына әсер ететін буындар, сөз тіркестері, былдыр сөздер т.б. көп болуы керек.

2 – кезең баланың сөйлеу тәжірибесін жаңа жағдай құра отырып кеңейтуге бағытталған. Осы уақытқа дейін жиналған қоршаған орта туралы дыбыстарынан бастап, жеке сөздерден, екі – үш сөзді фразаларды қолдана бастауға көшуде бейнеленеді.

3 – кезең баланың толық диалог құра алуын қамтиды. Естімейтін баланың сөйлеу тілі қалыпты баланың сөйлеу тілінің дамуынан, әсіресе лексика мен грамматиканы меңгеруінде шамамен екі жылдай артта қалады. Ал нашар еститін балалардың сөйлеу тілінің дамуы 1 жыл көлемінде артта қалады.

4 – кезең жалпы білім беретін ортада еститін балалармен қатар тиімді оқуы үшін қажетті деңгейде ана тілін меңгеруін қамтиды.

Оқыту барысында балаларда сөйлеу тілін есту – көру арқылы қабылдау қалыптасады, ал өз кезегінде айналадағы адамдардың айтқанын жоғары деңгейде түсінуді қамтамасыз етеді.