Когнитивті дағдыларымен вербальды емес зиятының қалыптасқандығын бағалау

Вербальды емес зиятын сапалы тексеруді психолог жүргізеді. 5- жастан асқан балаларға Векслер тестін қолданады. Егер педагогтың психологиялық тексеру нәтижелерін алуға мүмкіндігі болмаса, онда ол баланың есту қабілетінің жағдайын талап етпейтін тек жасерекшелік нормаларына ғана сүйеніп, вербальды емес тапсырмаларды орындау арқылы когнитивті дағдыларының қалыптасқандығының сапасын бағалау жұмысын жүргізеді. Бұл тапсырмаларға мыналар жатады: заттарды түсіне, пішініне, көлеміне қарай топтастыру, жұп суреттерді табу, заттар\суреттерді вербальды емес топтастыру тапсырмаларын орындау( 2-3 суреттер жинағын топтастыру – жануарлар–адамдар, киім–тамақ және т.б.). Мектеп жасына дейінгі балалардың сериялы суреттерге қарап оқиғалардың жүйелілігін анықтау білігі, «бір нәрсе жетіспейді», «4- ші артық» тапсырмаларын орындау. Әрине, бұндай бағалаулар нақты болып табылмайды, дегенмен сурдопедагог операциядан кейінгі реабилитацияны ұйымдастыру үшін баланың танымдық дағдылары туралы мәлімет алады.

Ерте жастағы балалардың таным сферасының жағдайы ойын әрекетімен және заттармен әрекетін – ойыншыққа деген қызығушылығы, ойыншыққа тұрақты назар аудару, ойыншықпен дұрыс ойнау (қуыршақты тербету, тамақтандыру, машинаны сырғанатады, сиырды мөңіретеді), сюжетті рөлді ойындарының дамуы (қызымен анасы болып ойнау, қонаққа бару, т.б.) барысында анықталады.

Мектеп жасына дейінгі балалардың көру назары мен есте сақтауының жағдайын бағалаған дұрыс. Зейін мен есте сақтау зияттың бір бөлігі болып табылады. Осы компоненттердің бұзылысы операциядан кейінгі реабилитацияны ұйымдастыру кезінде кері әсерлері болуы мүмкін.

Эмоционалды–ерік сферасының қалыптасқандығын бағалау

КИ операциясынан кейінгі есту қабілеті мен сөйлеу тілін тиімді дамыту бірнеше жылға созылған қарқынды жұмыс арқылы ғана мүмкін болады. Ол баланың эмоционалды – ерік сферасының қалыптасуымен байланысты жұмысқа қабілеттілік, ұзақ отыра білу сияқты қасиеттерді талап етеді. Ерте жастағы және мектеп жасына дейінгі балалардың эмоционалды – ерік сферасының физиологиялық жетілмегендігі қалыпты жағдай болып табылады. Бірақ, мектеп жасына дейінгі балалар қырсықтанып, педагогтың талабы мен тапсырмаларын орындамаса, сәл қиындық кездессе тапсырманы орындаудан мүлде бас тартса, сабақққа деген қызығушылығын тез жоғалтса, агрессивті болса, онда ол эмоционалды – ерік сферасының жетілуінің тежелуінің белгісі болып табылады. Бұндай бұзылыстар есту қабілеті зақымдалған балаларда жиі кездеседі. Көп балаларда бұл орталық жүйке жүйесінің зақымдалуы салдарынан болады.

Эмоционалды –ерік сферасының дамуының көрсеткішіне ұзақ отыра алу, өз қылығымен эмоциясын бақылай алуы, ересектің айтқанын орындау, сәтсіздікке дұрыс қарау, ересктің көмегін алу және нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылу жатады.

Естімейтін баланың түрлі дағдыларын дамытуда ата–анасының тәжірибесінің болуын бағалау

Кохлеарлы имплантацияның сәттілігі ата – анасымен туыстарының баланың түрлі дағдылары мен ең бастысы, қалдық естуі мен сөйлеу тілін дамыту процесіне қатысуына байланысты. Сол себепті сурдопедагог ата – анасының өз бетінше жұмыс жүргізу тәжірибесінің барлығын анықтау маңызды. Сурдопедагог сабақ кезінде олар нені қалай істеді, қалай баламен жұмыс істеді, солардың бәрін сұрап, тіпті көрсетуін талап етеді. Көп жағдайда ата – аналар балаларымен жұмыс істейді, бірақ, қажетті кәсіби көмекті алмағаны көрініп тұрады. Мысалы, сурдопедагогтың нұсқауымен ата – анасы баланың жалпы таным қабілеттілігін, дактильді сөйлеу тілін дамытады, бірақ кохлеарлы имплантация жасалғаннан кейінгі реабилитацияға қажетті қалдық естуін, сөйлеу тілін, еріннен оқуын, сөздік қор жинау дағдыларын дамыту бағытында жұмыс істемейді.

Баланың ата–анасының КИ нәтижелерін дұрыс бағалауын қалыптастыру және операциядан кейінгі естіп сөйлеу тілін қабылдау реабилитациясын жүргізуге дайындау

Сурдопедагог КИ құрылғысының жұмыс істеу принципін түсіндіруі керек, КИ процессорын қосқаннан кейін есту қабілеті қалай дамитынын, қанша уақыттан кейін еститінін, қарапайым сөздер мен фразаларды қашан түсінетінін айту керек. Ерте жастағы балалардың ата – анасына баланың алғашқы кезде естігені жайлы еш белгі бермеуі мүмкіндігі, қырсық болып, тез шаршауы мүмкін екендігін түсіндіру керек. КИ көмегімен есту қабілетін дамытуға қолайлы факторлар туралы айту керек. Ата – аналарға «есту» мен «сөйлеу тілін түсіну» арасында үлкен айырмашылық барын түсіндіру керек. Бала КИ көмегімен ақырын дыбыстарды естуді тез үйренеді, бірақ, сөйлеу тілін түсіну үшін көп жылдарды қажет етеді, тіпті мүлде түсінбеуі де мүмкін.

Ата –анасымен, туыстарымен операциядан кейінгі реабилитацияны тұрғылықты жерінде ұйымдастыру барысын талқылау керек. Кей жағдай ата –анасына жұмысын ауыстырып, қоныс аударуларына тура келеді. Бұл өте қиын шешім болғандықтан, ата –анасы ойланып, өздері қабылдаулары керек. Ата – анасы ұзақ уақытты естіп сөйлеу тілін қабылдау жұмысын жүргізуге қажетті жағдайды жасау керек.

Кохлеарлы имплантты қолданудың тиімділігін бағалау

КИ көмегімен барлық естімейтін балалар ақырын дыбыстарды да ести алады, бірақ барлығы сөйлеу тілін түсіне алмауы мүмкін. КИ қолдану тиімділігі яғни, КИ көмегімен бала естіп сөйлеу тілін түсіне ала ма, КИ қаншалықты оның өмірін жақсартуға көмектеседі деген сұрақтар КИ жасау қажет пе деген мәселені шешеді. Тиімділігін бағалау баланың жақындарында имплантацияның нәтижесін дұрыс күтуді қалыптастыру үшін маңызды болып табылады.

КИ қолданудың жоғарғы тиімділігі мыналар арқылы сипатталады:

1. Сөйлеу тілін түсінуді үйренуі мүмкін. Егер бала оған неғұрлым тезірек үйренсе, тиімділігі соғұрлым жоғары.

2. Егер сөйлей білген болса, онда сөйлеп үйренеді.

КИ қолданудың жоғары тиімділігі туылғаннан естімей қалған балаларға 3 жасқа дейін КИ жасалса және сөйлеу тілі қалыптасу кезінде естімей қалған балаларда көрінеді.

КИ қолдану тиімділігінің төмендігі мыналармен сипатталады:

1. Баланың КИ көмегімен сөйлеу тілін түсінуі өте шектелген.

2. Сөйлеп үйрену мүмкіндігі шектелген.

3. КИ қолданудан бас тартуы мүмкін.

КИ тиімді қолдану әр баланың жеке ерекшелігіне байланысты. Барлық балалардың КИ тұрақты қолданып, естіп қабылдауын дамыту жұмысын сурдопедагог немесе жақындары жүйелі жүргізсе, өмір сапаларын жақсартуды қамтамасыз ететінін ескеру маңызды. Көп жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, тіпті КИ қолданудың тиімділігі ең төмен балалардың өзінде жүйелі жұмыс нәтижесінде қоршаған дыбыстарды таниды, жиі қолданатын сөздер мен фразаларды тану дағдылары дамиды, сөйлеу тілін дамыту барысында қарым – қатынас құралы ретінде ауызша сөйлеу тілін қолдану белсенді жүзеге асады.

Ұсынылған әдебиеттер:

1. Андреева Л.В. Сурдопедагогика. - М., 2005.

2. Королева И.В.

3. Таварткиладзе Г.А. Кохлеарная имплантация: Учеб.пособие.- М., 2000.

4. Миронова Э.В., Таварткиладзе Г.А. К вопросу о кандидатах для кохлеарной имплантации в России //Современные проблемы физиологии и патологии слуха. – М., 2001

5. Показания к кохлеарной имплантации // Составители Г.А. Таварткиладзе и др. М., 1995