Химиялық лабораторияда өртке қарсы жасалатын алғашқы көмек

2.1. Жеңіл балқитын, жанғыш ұшқыш химиялық реактивтермен жұмыс жасаған кезде өртке қарсы ережелерді міндетті түрде сақтау қажет.

2.2. Лабораторияның кіретін және шығатын есіктері барлық уақытта бос болуы қажет.

2.3. Сығылған газ жиналған балондар арнаулы тіреуішке қамытпен бекітіліп, белгілі бір жерде сақталады.

2.4. Химиялық реактивтер жиналған складта отпен ашық түрде жұмыс жасауға болмайды.

2.5. Егер өртке қауіпті зат сақталған бутылка немесе шыны ыдыс сынып қалса, онда сынықтарды жинамас бұрын ағып жатқан сұйықтың үстін топырақпен көму керек. Содан соң шыны сынықтарын сақтықпен жинап, сұйық сіңген топырақты ағаш күрекпен күреп тастау керек.

2.6. Мұнай өнімдерімен ластанған киіммен пештің, ашық түрде жанып тұрған оттың қасына баруға болмайды.

2.7. Зертханада өрт болған жағдайда оны тез арада еш қорықпай, үрейленбей электр қондырғыларын электр көздерінен, газдан ажыратады және барлық ауа келетін жерлерді есік, терезелерді ауа келмейтіндей етіп бітейді. Содан соң өрт сөндіргіш немесе құм және от алмайтын зат сіңірілген арнайы маталарды қолданады.

2.8. Мұнай өнімдерінен шыққан өртті сөндіру үшін оған су құюға болмайды. Себебі олар суда ерімейді, оның бетінде жылжи жайылып, өрт көлемін ұлғайтады.

2.9. Егер қайнап тұрған ерітінді стол немесе еденге төгілсе, оның үстіне құм себу керек. Лабораторияда өрт сөндіруші заттар ыңғайлы, оңай жерде тұру қажет.

Жарақат алған кезде жасалатын алғашқы көмек

3.1. Жараны қолмен ұстауға, сумен жууға болмайды. Оны алдымен иодпен сүртіп, стерильденген дәкемен байлау керек. Жай ғана кесіп кеткен жағдайда жараны калий, марганец қышқылдарының әлсіз ерітіндісі немесе сутегі пероксидімен жуып, тоқтату қажет.

3.2. Қолдың немесе беттің терісіне қышқыл тиген кезде, оны тез арада көп мөлшерлі ағын сумен жуып,соңынан спирт ерітіндісімен сүртіп, 3 % калий перманганатымен өңдейді.

3.3. Негіздермен күйген кезде теріні көп мөлшерлі ағын сумен жуып, 3 % калий перманганатымен өңдейді.

Уланған жағдайда жасалатын алғашқы көмек

4.1. Улы газдармен уланған жағдайда адамды тез арада далаға шығарып, таза ауамен дем алдыру керек. Егер уланған адам есінен танып жатса, онда адамды жасанды жолмен дем алдырып, нашатыр спиртін иіскету немесе 3-5 тамшы тамызу керек.

4.2. Аммиакпен уланған кезде таза ауаға шығарып, ыстық су буымен дем алдыру керек. Броммен уланған жағдайда аммиак иіскету керек.

4.3. Қышқыл немесе сілті көзге шашыраған болса, көзді бөлме температурасындағы сумен жуып, дәрігерге көріну қажет.

4.4. Егер мышьяк, сынап қосылыстарымен және циан тұздарымен уланған болса,оны тез арада дәрігерге апарған жөн.

4.5. Сұйық химиялық ерітінділермен уланған кезде ең алдымен асқазанды сүт өнімдерімен жуу қажет.

Зертханалық жұмыс журналын толтыру

1. Күні;

2. Зертханалық жұмыстың аты және номері;

3. Жұмыс жасау реті;

4. Реакция теңдеулері, прибор схемасы, есептеулер, графиктер және кестелер;

5. Қорытынды.

 

Зертханалық жұмыс №2

Тақырыбы: Бейорганикалық қосылыстардың маңызды кластары.

Жұмыстың мақсаты:Бейорганикалық қосылыстардың кластарының химиялық қасиеттерімен танысу, реакция теңдеулерін жазу.

Жалпы мағлұматтар:Барлық бейорганикалық күрделі заттар өздерінің құрылысы мен жалпы ұқсас қасиеттеріне қарай төрт негізгі кластарға бөлінеді, бұлар: оксидтер, негіздер, қышқылдар, тұздар деп аталады.

Оксидтер деп екі элементтен тұратын, оның бірі оттегі болатын күрделі заттарды айтады.

Негіздер деп металл катионымен бір немесе бірнеше гидроксид аниондарынан тұратын күрделі заттарды айтады.

Қышқылдар деп, құрамында бір немесе бірнеше сутек катиондары және қышқыл қалдығы аниондарынан тұратын күрделі заттарды айтады.

Тұздар деп, құрамы металл катиондарынан және қышқыл қалдықтарының аниондарынан тұратын күрделі заттарды айтады.

Құрал-жабдықтар, реактивтер:

1. Пробиркалар; Мыс сымы, темір шеге;

2. Күміс, мыс нитраттары, Аммоний бихроматы; Алюминий сульфаты;

3. Күкірт қышқылы, тұз қышқылы;

4. Магний оксиді, мыс (ІІ) оксиді; Натрий, барий хлоридтері; Натрий гидроксиді;

5. Кальций карбонаты; Фенолфталеин.

Жұмыстың жасалу реті:

Оксидтерді алу

Тәжірибе 1. Мыс сымын от жалынында қыздырыңдар. Сымның бетінде қандай өзгеріс болды? Мыс ауаның құрамындағы қай газбен әрекеттеседі? Химиялық реакцияның теңдеуін жазыңыз.

Реакцияға түскен және реакциядан шыққан заттардың атын атаңдар.

Тәжірибе 2. Пробиркаға 5-6 тамшы AgNO3 ерітіндісін құйып, оның үстіне сондай мөлшерде NaOH ерітіндісін тамызыңдар. Тұнбаға қандай зат түсті?

Тұнбаның үстіндегі ерітіндіні төгіп тастап, тұнбаның өзін қарайғанша ақырындап қыздырыңдар. Реакция теңдеуін жазыңыз.

Тәжірибе 3. Фарфор табақшасына 4-5 түйір Cu(NO3)2 салып, оны плиткада қыздырыңыз. Бұл тұз ыдырағанда екі түрлі оксид түзіледі. Бұл қандай оксидтер? Реакция теңдеуін жазыңыз.

Тәжірибе 4. Темір қасыққа (NH4)2Cr2O7 аммоний бихроматын салып, спирт жалынында қыздырыңдар. Бұл тұздың ыдырауының әсерінен қандай заттар пайда болады? Реакция теңдеуін жазыңыз.

Негіздерді алу

Тәжірибе 5. Пробиркаға 5-6 тамшы алюминий хлориді ерітіндісін құйыңыз, оның үстіне натрий гидроксидінің ерітіндісін қосыңыз. Қандай зат тұнбаға түседі? Тұнбаны екі пробиркаға бөліп, бірінші пробиркаға NaOH, екіншісіне H2SO4 құйыңыз. Екі пробиркадағы тұнбалардың еріп кететіндігіне назар аударыңыз. Реакциялардың теңдеуін жазыңыз.

Тәжірибе 6.Пробиркаға магний оксидінің ұнтағын салып, үстіне аз ғана су құйыңыз. Пробиркадағы заттарды араластырыңыз. Пайда болған ерітіндінің үстіне 2-3 тамшы фенолфталеин тамызыңыз. Реакция теңдеуін жазыңыз.

Ышқылдарды алу

Тәжірибе 7. Пробиркаға кальций карбонатын СаСО3 салып, оның үстіне концентрленген тұз қышқылын құйыңыз. Іле-шала пробирканы газ шығатын түтігі бар тығынмен тығындаңыз. Газ шығатын түтіктің ұшын басқа стақандағы дистильденген суға батырыңыз. Қандай құбылысты байқауға болады?

Химиялық реакцияның теңдеуін жазыңыз.

Тұздарды алу

Тәжірибе 8. Пробиркаға 5-6 тамшы күміс нитратының ерітіндісін және сондай мөлшерде ас тұзының ерітіндісін құйыңыз. Нені бақыладыңыз? Реакция теңдеуін жазыңыз.

Тәжірибе 9. Пробиркаға 10-20 тамшы күкірт қышқылының ерітіндісін құйып, оның үстіне мыс оксидін салыңыз. Пробирканы қыздырған кезде көгілдір ерітінді түзіледі. Бұл қандай қосылыс? Реакция теңдеуін жазыңыз.

Тәжірибе 10. Пробиркаға 5-6 тамшы барий хлориді ерітіндісін құйып, оның үстіне 5-6 тамшы күкірт қышқылын қосыңыз. Ақ түсті тұнбаның түзілгенін көріңіз. Реакция теңдеуін жазыңыз.

Тәжірибе 11. Таза темір шегені немесе скрепканы мыс сульфатының ерітіндісіне батырыңдар. Ерітіндінің түсі ағарғанша абайлап қыздырыңдар.

1-2 минуттан кейін шегені алып, қараңыз. Шегенің бетінде қандай өзгеріс болды? Реакция теңдеуін жазыңыз.

Тапсырма:

1. Реактивтерді таңдап алу.

2. Зертханалық жұмысты жасау.

3. Реакция теңдеулерін жазу.

Зертханалық жұмысқа әдістемелік нұсқаулар:

  1. Бірімжанов Б, Нұрахметов Н. Жалпы химия. Алматы «Ана тілі», 1992ж.
  2. Ахметов Н.С. Общая и неорганическая химия. М. «Высшая школа», 2001г.
  3. Практикум по неорганической химии под ред. Воробьева А.Ф., Дракина С.Н. М., Химия, 1987.

Жұмыста қолданатын негізгі схемалар мен формулалар:

Д.И. Менделеевтің периодтық жүйесі, бейорганикалық қосылыстардың негізгі кластарының арасындағы байланыс көрсетілген сызбанұсқа.

Бақылау сұрақтары:

1. Қышқылдардың аталуы, алынуы, қасиеттері.

2. Негіздердің аталуы, алынуы, қасиеттері.

3. Оксидтердің аталуы, алынуы, қасиеттері.

4. Тұздардың аталуы, алынуы, қасиеттері.